Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Әдебиет 6430 0 пікір 2 Қазан, 2015 сағат 13:54

ОЯНЫП КЕТКЕН АҚ СӘУЛЕ

Бұл күндері парсы елінің астанасы Теһран шаһарында дипломатиялық қызметте жүрген дарынды жас Дәуірбек Құдабайұлы (суретте) өзінің «Оянып кеткен ақ сәуле» өлеңдер жинағын сыйға тартқанда, екіұдай сезімде болғанымыз рас. Алдымен, көңілді тулатқан әсерлі толқыныс пен үмітті қуаныш – қатар жүрген әріптесіңнің төл туындысы, өлеңдер жинағы, күнделікті ұзақ-сонар құрғақ қағаздардан болмысы бөлек, бітімі биік, сырлы, сазды дүниенің мезгіл сайын сиреп бара жатқан сүйінішті тартуы; екіншісі – беймәлім өкініш, түсіндіруі қиын уәжсіз уайым, өйткені, әркімнің маңдайына біте бермейтін ақындық талант иесінің  елден, туған топырақтан алыста, өзі жазғандай «қоңыр кештерін, құба таңдарын» сағынып жырақта жүруінде.

Жинақтың  мұқабасына көзіміз түскеннен-ақ, нәзік сырға толы лириканы іздеуіміз табиғи, әрине. Расында, үмітіміз адастырмайды. Сонау бала кезінен бастап туған ошағынан алыста, орта мектепті Алматыда оқыған Дәуірбектің кейінгі жылдарда да бірде оқу, бірде қызмет ретімен шет жерлерде көбірек жүруінен болар, оның тұла бойына сағыныш дейтін асыл да салмақты сезімнің берік орнағанын байқаймыз.

Ол «бейбастыққа селт етпей жүре алмаған, әділеттің жолында ұрандаған әкесін, таусылмас дастаны әжесін, ақ сарайға қоңыр мұңын қондырған жасыл бақты, боз даланы боздатқан қаздарды, сырлы түндерін, келер күндерін» иә, балаң жүрегінен мәңгілік ыстық орын алған қастерлі құндылықтардың баршасын сағынады және кеудесіне ұялаған «сағынышты Құдайдың берген бағы» деп қабылдайды. Ақындық сезімнің аңдауға көне бермейтін өзгешелігі, құпияға толы қуаты осында болса керек. Жадыңа «мен сені сағынғанда... қарамай дауылдарға, жауындарға, қарсы қарап жүзетін ағындарға» ұлы Мұқағалидың қыран бейнесі бірден оралуы да содан, бәлкім.

Жинақтың атауын иеленген «Оянып кеткен ақ сәуле» өлеңінен алғашқыда табиғат, анығында махаббат лирикасын күткен едік. Ал енді,

«Қош келдің, сәулем аяулы!

Азаттығым-ау, төрге өтші

Күйіңе бөлеп баянды,

Алашты мынау тербетші...

 

Тарихтан жетіп ертеңге

Ой алып көшкен ақ әуле.

Көктеген күлден өртеңдей

Оянып кеткен ақ сәуле», -

деген шумақтарды оқып, осынау тың теңеуге,  Алаш жұртымыз ұзақ тарихында талай аласапырандарды артқа тастап қол жеткізген ұлы тәуелсіздігіміздің оянған ақ сәулеге баланған пәлсапалық тұжырымға тұщынып, айрықша күй кешкеніміз кәміл. Иә, халқымыздың азаттығы санадан, ойдан һәм жүректен ешқашан жоғалмаған, бір кезеңдерде ғана уақытша жасырынғандай күй кешкен мәңгілік өшпейтін ақ сәуле, асыл нұр емес пе! Олай болса, осынау өлең жолдарынан оқырман ақындық ұшқыр ойдың саяси, әлеуметтік ұстаныммен ұштасуының сәтті үлгісін байқар еді. Поэзия әлеміне аттанған жас ақынның жыр жинағының өн бойынан біз іздену, өсу үстіндегі суреткердің әсерлі жыр шумақтарын, ойлы өлең жолдарын көп кездестіреміз.    

Жинаққа енгізілген өлеңдер мен поэмалардың бірнеше тақырыпқа бөлінуі айналаны, табиғатты, қоғамдық құбылыстарды сезіну, қабылдау ерекшелігіне орай адамның, ақынның әрбір ахуалдағы көңіл-күйі, жан-дүниесінің сыр бөлісуі, әлбетте, жырланып отырған жайтқа байланысты көзқарасы мен ұстанымын жариялауы деп қабылданады. Ел өміріндегі елеулі өзгерістің барлығына, әсіресе әлеуметтік алаңдағы кейбір әділетсіздіктер мен келеңсіздіктерге алдымен ақынның үн қататыны бағзыдан аян. Пікіріміздің бір дәлелі ретінде, халқымыздың талай жақсылары мен жайсаңдарын тәрбиелеп шығарған Аматыдағы әдеби мектеп-интернаттың тағдыры туралы:

«Бар Алаштың ұлына ұя болған мектеп бұл,

Болашақтың қыранына қия болған мектеп бұл.

Ғимараты бұзылғанмен, осы маңда шашылған

Білім дәні түлектердің көкейінде көктеп тұр», -

деп, түлеп ұшқан қасиетті ұясының қиратылғанына ұстаздарымен бірге жаны шырқыраған Дәуірбек әлдекімдердің тек қана байлық пен дүние қуушылықты көздеген бейшара парықсыздығына ащына тұра, бәрібір тамырлы үміті мен діңгекті сенімін паш етеді. Қазірде келбеті күн сайын қатыгезденіп бара жатқан заманда қастерлі, аяулы ұғымдардың, жұртшылық үшін рәміздік мәні бар қастерлі орындардың жер бетінен жоғалуы жақсылықтың нышаны емес, әрине. Өркениетті қоғамда өткен кезеңдермен, елдің тарихымен тікелей сабақтас, бүгінгі һәм кейінгі ұрпақтардың жадыдан айырылмауына себепкер құнды жәдігерлердің барлығы көздің қарашығындай сақталып, қайта түлетіліп, жаңғырып тұрса керек. Ендеше, ақын жүрегін жаншыған өрескел әрекеттерге оқырманның да бойы мұздап, ішкі қарсылығы күшейе бермек.       

Әрбір адам, азамат үшін оның жеке әрі әлеуметтік өмірінде басты арналарды құрайтын: ізгілік құндылықтар, бауырмалдық сезім, сағыныш күй, туған топырақ, тәуелсіздік, ана тілі, ел өміріндегі айтулы құбылыстар, Отаныңмен мақтану, замандастарыңның ерлігін әспеттеу, ұлттық болмысыңды биіктету, рухты жаңғырту сынды ұлы мұраттармен тақырыптық және мазмұндық жағынан үндестік тапқан дпиломат, ақын Дәуірбек Дүйсебаевтың «Оянып кеткен ақ сәуле» жинағына енген өлең-жырлары оқырманның көңіл сәулесін де жандандырып жадырата түсетіндігін айтқанымыз абзал. Жырақта жүрсе де жыр әлемінің жалынан қол үзбеген әріптесіміздің жаңа биіктерден көріне беруіне кәміл тілектеспіз!

 

Мұхтар Кәрібай

Abai.kz 

0 пікір