Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Елім-ай 9508 0 пікір 2 Қазан, 2015 сағат 14:56

5 Х 200 000 =? МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫНЫҢ НАЗАРЫНА!

Ресей БАҚ-тары 2015 жылғы 5-ақпан, жұма күні "Мы доложили Президенту, что в прошедшем году в стране родилось 1 млн 947 тысяч детишек, такого количества рождений не было еще в истории России… Глава министерства также отметил, что в стране третий год подряд рождаемость сохраняется на уровне 1,9 млн детей" деп қуаныштары қойнына сыймай, аз-кем әуре болысты. Ал бізде ше? Сүйіншілерге сылтау таппай жүрміз.  Ұлттың саны бірнеше жүздік мыңмен ғана «мысық табандап» жылжиды.  Не үшін бұлай? Бұл ретте «бұлайға» бұлдар себеп қайсы? Міне, бүгінгі әңгіме де осы сұрақтарға жауап іздеуге арналмақ…

Осыдан тура екі жыл бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында (БАҚ) осы демография мәселесі  жиі-жиі  қозғалған  болатын. Оған да орынды себеп жоқ емес, нақтырақ айтқанда , 2013 жылы өзбек  ағайындар  ала тақиясын аспанға әлденеше рет атысты. Себебі, бұл жылы өз-ағамыз өздерінің 30 миллионға  жеткенін жарты әлемге жария етті.  Мәселен, 2013 жылы «Жас Алаш»  газетінде  Дилара  Иса  есімді журналистың «Қазақтың өзбектен қай жерi кем?» деген мақаласы жарық көрген. Сол мақалада: «Өзбекстан халқының саны 30 миллионға жеттi. Бұл туралы көршi елдiң статистика агенттiгi хабар таратты. Тәуелсiздiгiн алған жылы Өзбекстан халқының саны 21 миллионға жетпейтiн. Араға 22 жыл салып, 30 миллионды еңсердi. Бұл жетiстiк, әрине. Ал Қазақстан халқының саны 22 жылда, бұрынғы көрсеткiшпен салыстырғанда, әлi бiр адамға көбейген жоқ»  деп ащы да болса шындықтың бетін ашуға тырысқан (Жас Алаш №37 (15807) 14 мамыр, сейсенбі 2013).

Ал осы тақырып төңірегінде әрегідік тоқталып, елдегі демографиялық жағдайдың жай жапсарын  бүге-шүгесіне дейін талдап жазып жүрген журналист  Фазылбек  Әбсаттарұлының  бұл тұстағы жазбасы да әріптесіміз Дилараның айтқан ақиқатымен астарлас. Анығында, сол мақаласында Әбсаттарұлы: «Қазақстан өзінің дамуын Өзбекстан сияқты елдермен салыстырып қарқынды дамып жатқанын жиі айтады. Енді сол биліктің әдетіне салып халық санағын да Өзбекстанмен салыстырып көрсек. Өзбекстанның халық саны 1991 жылы  20 млн. 708 мыңды құраса,  2012 жылғы 1-қазандағы дерек бойынша  29 млн. 874  мың болған екен. Биылғы жылдың соңына қарай 30 млн.ға жететінін ескерсек 22 жылда Өзбекстан 10 млн-ға көбейеді. Ал Қазақстан 22 жылда бұрынғы 17 млн-ға жетеді. Халық саны ең басты саясат екенін, елдің даму көрсеткіші екенін ескерсек, біздің осы күнге дейінгі әлеуметтік-экономикалық жетістіктерімізге күдіктер ұялайды» деген еді .

Әрине, бұл жерде статистиканың жалпақ санына қарап, өспедік, өнбедік десек сәл-пәл үстірттік болар. Оның үстіне, биылғы жылы тележурналистермен кездесу барысында Елбасының: «…Кезінде тәуелсіздік алған тұста 1991-1995 жылдар аралығында  Қазақстаннан  3,5 млн. халық көшіп кетті. Сол көрсеткіш бойынша халық саны 14 млн-ға дейін түскен. Қазіргі уақытта, қайта қалпымызға келіп жатырмыз. Оның ішінде 1 млн-нан астам қандастарымыз сырттан келіп жатыр…» дегенін  көңілге жамап-жасқап алғанбыз.

Нәтижесінде, жаңағы барлық арифметикалық өрнектің қосындысын 2013 жылдың  1-наурыздағы 16 млн. 953 мың адамнан азайтып көріңізші? Өсім бар ма? Бар. Бірақ көңіл көншітпейді, тым баяу. Мұны сол журналистермен кездесуінде Назарбаевтың өзі де ептеп мойындаған. Онда Ел президенті: «Таиланд елі алғаш тәуелсіздік алған кезде халқы 16 млн. болса, қазір 65 млн-ға жеткен. Бар болғаны 40-50 жылдың ішінде халық санының өсімі айтарлықтай өскен. Біздің елдегі 2050-жылға жоспарлаған бағдарламада 2020-жылға қарай халқымыздың саны  20 млн-ға жетсе екен деп ойлағанмын…» - дегені бар.

Мұндайда, «ойлағанмын» деп қай кезде, қалай айтуды білетін жұрт:«Күпіршілігіне күмәні бар екен-ау» дескен жалтақтасып. Ел де, Елбасы да күмән қылмай қайтсін, қыр астында қылп берген 2020 жыл да жиырма маусымда-ақ жетеді. Биылғы 1-қарашадағы ел халқының саны небәрі 17 миллион 377 мың ғана. Осы орайда, Статистика комитетінің (СК) төрағасы  Смайыловтың солақай статистикасына ден қойсақ,  елімізде биылғы жылы 368 мың сәби дүниеге келген көрінеді. Алайда, сол 368 мыңнан  СК басшысы Әлиханның өзі мәлімдеген 120 мыңдық орташа өлім көрсеткішін азайтып, одан қалған 248 мың адамнан шетелге кеткен 30 мың (28868) адам мен кесірлі заңның кесірінен осы жылы елге орала  алмай  қалған 20 мың қандастың қосындысын кемітсеңіз  200 мыңдық өсім көрсеткіші қалады. Ал осы екі жүз мыңды «қыр астындағы» бес жылға (2015-2020)  көбейтіп көр… Көрдіңіз бе, бір-ақ миллион. Елдің де, Елбасының да күмәні расталады. Бұған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму (ДСЖӘМ) министрі Тамара Дүйсенованың тың мәлімдемесін қосып қойыңыз. Министр Дүйсенова келтірген болжамға сәйкес, 2030-жылға қарай, Қазақстан халқының саны 20,3 млн. адамды құрайтынға ұқсайды.

Құдайдың «құзіретін» қолына құп алып, болжап баққан Тамара ханымға сенер болсақ, осыдан 15 жыл өткенде ғана  Ел президентінің 2020-жылға артқан үміті ақталатын көрінеді.  Ел халқы  2030-жылы  қазіргіден  3 миллионға, орташа  есеппен 15 жылға бөлсең  жылына бар болғаны 200 мыңға өседі екен (осындайда біздің жоғарыдағы келтірген 200 мыңды құрайтын есебіміз алдамаған болып шығады).

Егерде, ДСЖӘМ басшысының «сәуегейлігіне» сенбес болсаң,  манағы СК төрағасы Әлихан Смайыловқа да ара-тұра жүгінуге болатындай. Себебі ол да  дап-дайын «көріпкел».  Сол Әлекеңнің айтуынша  2015-жылдан бастап  Қазақстандағы бала туу саны төмендей бастайды екен. Оның себебі «90-жылдардағы демографиялық дағдарыс кезіндегі дүниеге келген балалардың репродуктивті жасқа түсуі» делінген.

Болжамда  «2014-жыл  тәуелсіз  Қазақстан  тарихына  бала  туу көрсеткіші бойынша рекорд орнатылған жыл болып енуі бек мүмкін» деседі. Өйткені, елімізде осы жылдың алғашқы жартысында-ақ дүниеге 198 мың сәби келген.

Сонда  2014-жылдың  жарты  жылдығындағы  бұл  198 мың сәби алба-жұлба демографиямыздың қай жыртығын жамағандай?  Егерде  Әлекең айтқан  әлгі  шындық  расталса, 2015- жылдан  кейін  осы «198 мың сәби туған жыл» дейтін аты бар  рекордты  медет  тұтсаң – тұт, тұтпасаң  өзің біл!

Неге бұлай? Бұл біздің әу баста тақырыпқа тұздық болған сұрағымыздың мақала алдындағы  кейіп-кескіні еді. Бақсақ, осы сұраққа бұл аралықта біраз жауап тапқанға ұқсаймыз. Бұл ретте ел демографиясы төңірегінде топталған топ-топ түйткілді айтпай қалуға тіптен қақымыз жоқ!

Мүмкін, «анау айтқандай» репродуктивті жасқа түскеніміздің де өз «әлуәйі» бар шығар. Алайда, одан  бөлек  әсіре  өлім-жітім  мәселесі  ел демографиясын  едәуір  есеңгіретіп  тұрғаны  белгілі.

Бұның ішінде алабөтен айта кетеін жәйт,елімізде он жылда (2002-2012) жол көлік апатынан 32 мың адам көз жұмған. Былай қарасаңыз, қазіргі аудандардың көбінің орташа  халық  саны  30-40 мың айналасында. Өкінішке орай, біз осы «32 мыңдық» көрсеткішпен мөлшері әр он жылда бір аудан халқын  жоғалтып  келеді  екенбіз. Тіпті тоғыз жыл бойы жалғасқан Ауған соғысының өзінде 15 мыңдай  сарбаз  қаза  тапқан  деседі…

Ол-ол ма, тілсіз жау от пен суды айтпағанда, елдің бүгінгі медицинасы да бүтін елдің басынан қайғы бұлтын арылтуға қауқарсыз. Халық медицинаға сенбейді (әлеуметтік сауалдар 80 пайыз халықтың ел медицинасына сенбейтінін, соның салдарынан ел азаматтары   шетел  асып  емделу  үшін 200 милион  шығындайтынын  айтады. Ресми   ақпараттар  сапасыз медициналық қызмет көрсету фактілері бойынша бұдан бұрын 352 қылмыстық іс тіркелгенін  растайды). Сол себепті , сапасыз медициналық көмек кесірінен жыл сайын қаза болатындардың саны жылдық өлім көрсеткішінің жартысынан астамын құрайтыны айтылып жүр. Мәселенки, басқасын айтпағанның өзінде, бір кезде Ұлттық арнаның таңғы «Таңшолпан» бағдарламасында  СПИД-ке  қарсы  күрес  орталығының  маманы  Тоқтарұлы Еркінбектің елді шошытқандай қылып осы дерт бойынша  20000-нан артық адамның тіркелгенін айтуы тегіннен-тегін емес.

Бұл манағы жол апатымен қосқанда демографияға салқыны тиген тағы бір түйткіл. Үшінші  мәселені  ҚР  Инженерлік  академиясының  мүше-корреспонденті, профессор Амангелді  Момышевтің баспасөз бетіндегі дәлме-дәл дәйекті сөзі арқылы берер болсақ: «… бүгінде біздің елде ажырасушылар көп. Бір жылда құрылған некенің  30-35 пайызы ажырасуға дейін  барады екен. Біз бұған  жастарды  кінәлаймыз. Олар неге ажырасады? Себебі, әлеуметтік жағдайы төмен, баспана жоқ, жалақы мардымсыз. Осыдан келіп ажырасудың үлесі артып отыр. Ал ажырасқаннан кейін қайта қосылушылар мүлде  жоқ  десе болады.Сосын бізде жасанды түсік жасату көптеп кездесетін болып жүр» деп, біздің  айтпақшы болған ел өсіміне кері әсерін тигізіп отырған үшінші мәселе  «жанұялық  жырды» айтқан болатын…

P.S. Сонымен әр жыл сайын Қазақстан халқы шамамен 200 мыңға өсіп отырса, алдағы 5 жылда еліміздегі жалпы жан саны 1 миллион адамға көбейтін көрінеді. Сонда, 2020 жылы Қазақстан халқы 20 миллионға қалай жетпекші? Бәлкім, бұл мәселені алыстағы ағайын-жұртты елге оралту арқылы шешуге болатын шығар? Мысалы,  ҚХР-дағы 1,5 миллион қазақ көшіп келіп6 демографияға үлес қосып кеп жіберсе?..  Осы сұраққа аса мәртебелі Мәжіліс төрағасы - Қабиболла Жақыпов мырза не дер екен?

 

Қозыбай ҚҰРМАН 

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3516