Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Мәйекті 6580 0 пікір 4 Қазан, 2015 сағат 21:56

БАЙЛАР ДА ЖЫЛАЙДЫ: ҰЛТТЫҚ БУРЖУАЗИЯ ЖЫРЫ

Тәуелсіздік алғалы қазақ даласында мыңғырған мал айдаған байлар көбейді. Өндіріс ошақтарының тізгінін ұстаған, алыпсатарлықпен тіршілікті ұршықша иірген, тырбанып жүріп тыңайған, астына мінген арғымағын тебініп жүріп теңге жиған ауқаттылар легі аз емес. Бірақ сол қалталыларымыз байыған сайын жылауық болып бара жатқан жоқ па?

«Байдың асын байғұс қызғаныпты» дегендей болмайық. Десек те, қазір бізде ХIX ғасырдың аяғы, XX басындағыдай «сен тұр, мен атайын» дейтін ұлт зиялылары неге жоқ? Бұл ғасырда алтын құрсақты аналарымыз саясат сахнасының үш бәйтерегі – Әлихан, Ахмет, Міржақыптай арыстарды, Жүсіпбек пен Мұхтардай ұлдарды, Әлімхан Ермековтей оғландарды неге дүниеге әкеле алмай отыр? Бәлкім, бізде ұлттық буржуазия қалыптаспай отырған болар. Мәселенің тігісін жазып көрелікші…

Қалтырау

«Ағайының бай болса, шайнағаның май болар» дейді қазақ. Ағайынымыздың бай екені рас, десек те аузымыз әлі де шылқа май­ға тие қойған жоқ. Неге? «Қазақ қате­лесті» дейін десек, бізге қарап «жыланға түк біткен сайын қалтырауық болады» деген баба­ларымыздың сөзі күліп тұрады. Мұның соңы неге апарады? Қазір «Бермесең, бер­мей-ақ қой баспанаңды, Бәрібір таста­май­мын астанамды» («А» әрпін бас әріппен жазуға да болады) деп, Қасым жырына еліткен жастарымыз аз емес. Олардың бір бөлігі жасы ордабұзар 30-ды ораса да, отаға­сы һәм отиесі бола алмай жүр. Енді бір парасы алып шаһарларда екіден-үштен бө­бек­терін ертіп, пәтер жалдап, «пәтерқұл» күй кешуде. Бір қауым жеткіншектер қос-қос­тан дипломын арқалап, арбакешке айнал­ған. Ұлттың жыртығын жамайды деген бір оғлан­дарымыз базар жағалап, енді біреулері Сей­фул­лин сынды қазақ зия­лысы атындағы көшені сағалап күн көруде. «Кіреді итке» (кредит) күн көрген, «кіреді итпен» үй алған, «кіреді итпен» үйленген мың­даған жастар елдің жоғын жоқтайды, елдің мұңын шертеді деп айта аламыз ба? Осындай қалтырап жүріп кіріптар күн кешкен жеткіншек қазақ руханиятына, қазақ саясатының кемел­де­нуіне, қазақ эконо­ми­ка­сының қарқындауына үлес қоса алмақ па? Кей кездері «жастар саясаты» дегенді кон­церт қоюмен таразылап жатамыз. Бұдан бас­қа жол қарастырып көрелікші… Мысалы…

Алаған қолым береген

Мысалы, біз Мұхтар Әуезов ең алғаш сахналаған «Еңлік-Кебек» қойы­лымындағы Кебек образын сомда­ған, алаған қолы береген Аймағамбетов Ақкен­же бабамызды жақсы білеміз. Ол 1917 жылдан кейін Қазақстанның әлеу­мет­тік ісіне араласып, уездік, облыстық Қазақ коми­тетінің жұмысына қаржылай жәр­дем беріп тұрған. Шыңғыстағы «Та­лап» игілік ұйы­мының құрылтайшысы болып, кейіннен аштыққа ұшыраған Же­тісу, Сырдария қазақтарына азық-түлік, қаражат жағынан көмектескен. Бұл – бір. Екіншіден, «Қазақ» газетінің демеушісі болған Хасен Ақай­ұлы­ның ерен еңбегі ұмытылмақ емес. Үшін­шіден, «Алаш орда» үкіметінің бас Атымтай жомарты Ике Әді­левті еске алыңызшы. Төртіншіден, Алаш партиясынан қаржысын аямаған Ахмет Ишанның жомарт­тығы жайлы аңыз­ға бергісіз ақиқат­ты қалай ұмытасыз? Қазақ­тың «Джон Рокфеллер», «Билл Гейтсіне» айналған, мұндай игілікті, игі істі қолдаған байларымыздың тізімін тағы да тізе беруге болады. Мәселен, 11 мың жылқы айдаған Қаражан (Үкібаев) бай. Ол 1906 жылы Мір­жақып Дулатов түрмеге қамал­ған­да кепілдікке 2500 рубль төлеп, босатып алған. 1918 жылы Мұхтар Әуезов шығарған «Абай» журналының шығынын өз мойнына алған. Ресейдің болашақ патшасы Николай ІІ Омбы қаласына келгенде 1000 жылқыны сыйға тартқан Паң Нұрмұхамбет те алаш­тықтар десе, ішкен асын жерге қойып, қол ұшын созған деседі. Көкшетаулық Айба­сов, Бимұрзин, Мәкенов сынды байлар жайлы да игілікті мысалдар келтіруге болады. Жаһанша Досмұхамедов Сырым батырдың шөбересі Салық Омаровтың көмегімен Мәскеу университетінің заң факультетін бітірген. Әлихан Бөкейханов 1908 жылы сегіз ай Семей абақтысында отырғанда Медеу бай (Оразбайұлы) он құлынды бие байлатып, күнде абақтыға бір саба қымыз бен бір қой сойып, Алаш зиялысының қамын ойлапты-мыс. Соны­мен қатар, елде мектеп ашу ісінде бел сыба­на күрескен Есенғұл қажы бастаған Маман байдың балаларының ұлтқа жаса­ған жақсылығы ұмытылмақ емес. Қош!

Не істемек керек?

Бұл – өткен ғасырдың әңгімесі. Кеңестік кезеңде осы байларымызға «феодал», яғни «қанаушы» деген көзқараспен қарап келдік. Ал бұл мысалдар шындығында, ол кезде ұлттық буржуазиямыздың қалып­тас­қанын көрсетеді. Біз ұлттық буржуазия кез келген мемлекеттің тірегі, іргетасы екенін ұмытып бара жатқан сияқтымыз. Ал қазір ше? Ұлттық буржуазиямыз қалыптасып отыр ма?

Айтыс өтеді. Оның санаулы демеушілері бар. Осындай бірлі-жарым байқауларға, аламан жарыстарға қаржылай көмек көрсететін байларды жер-көкке сыйғызбай, жарнамалап жатамыз. Мешіт салғандарға да қызыға қарай­мыз. Бірақ қазақ жастарының болашағы, білім алуы, азамат болып қалыптасуы бағытында кешенді жобалар жоқтың қасы. Сондықтан да жер- жерлерде салынып жатқан мешіттерді, әлеуметтік көмектерді ұлттық буржуазия деңгейін­де іс­телген іс деп айтуға ерте. Олай деу үшін біздегі байлар еліміздегі талантты, талапты жастардың әлеуметтік жағдайын көтеріп, олардың мемле­кет­ке қызмет етуіне септескені жөн. Яғни бізге 30-ға толмай орда бұзған Шоқан, Сұлтан­махмұт, Саттар сынды оғландарымыздың шырағын жағатын ұлттық буржуазия керек. Бар айтпағымыз – осы.

Түйін орнына

Мұхтар Әуезов Ленинградта оқып жүргенде Смағұл Сәдуақасов артынан ақша жіберіп отырған. Әуезов досына жазған хатында осы мәселені жіліктей келе, «Қилы заман» сынды бірқатар шығармалар жазып тастағанын айта­ды. Егер де Смағұл Мұхтарға қол ұшын созба­ғанда классикалық «Қилы заман» повесі өмірге келер ме еді? Осы бір кішкентай ғана мысал бізді ауыр ойларға жетелейді. Бүгінде мем­ле­кет­тік, ұлттық саясатта жастарымыздың арын­дап көрінбеуінің себебі ұлттық буржуазияның қалыптаспағандығынан емес пе екен? Ойланайықшы…

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

0 пікір