Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Билік 3993 0 пікір 6 Қазан, 2015 сағат 02:00

ОБЛЫС ӘКІМІ «ҚҰРҒАҚ ПОРТ» АЙЛАҒЫНДАҒЫ АУҚЫМДЫ ІСПЕН ТАНЫСТЫ

Облыс әкімі Амандық Баталов өзінің Жаркент өңіріне келген іссапарын өткен дүйсенбіде таңертең «Ал­тынкөл» теміржол бекетінен бастады, - деп жазады облыстық "Жетісу" газеті.

Облыс әкімі бекет жанында салына бас­таған «Құрғақ порт», Логистикалық және Индустриялық орталықтар құрылысымен танысты. Сапар барысында облыс әкімімен «Қа­зақстан теміржолы» АҚ президенті Асқар Мамин, Пан­фи­лов ауданының әкімі Бердәулет Абдулдаев, теміржол мен құ­рылыс компанияларының жауапты мамандары бірге болды.

Осыдан екі жыл бұрын пай­далануға берілген халық­ара­лық «Алтынкөл» теміржол бекеті мен теміржолшыларға ар­на­лып са­лынған Нұркент қа­ла­шы­ғы­ның ортасындағы мың гек­тар­дан ас­там жерге орын теп­кен «Қор­ғас – шығыс қақ­па­­сы» еркін эко­но­микалық ай­мақ құ­ра­мына те­мір­жол Құрғақ ай­ла­ғы, Логис­ти­ка­лық және Ин­дуст­риялдық орта­лық­тар қам­тыл­ған. Бұдан тыс мұнда бола­шақ­та тұрғын үйлер кешені салын­бақ­­шы. «Қорғас – шы­ғыс қақ­па­сы» арнайы эконо­ми­калық ай­ма­ғы мемлекеттік бағ­дарлама негізінде, еліміздің ин­дуст­риял­ды-инновациялық да­муын же­дел­дету үшін Қазақстан Пре­­зи­дентінің 2011 жылғы 29 қа­ра­­шадағы Жарлығымен құрыл­ды.

Мұндағы149 гектарау­мақ­қа салынатын «Құрғақ порт» ай­ла­ғының еліміздің эко­но­ми­ка­лық дамуы мен халықаралық тран­зиттік әлеуетінің артуына берер берекесі ерекше болмақ. Құрғақ айлаққа Қытай мем­лекеті тара­пынан тар танапты 3, Қазақстан тарапынан кең жо­лақты осынша теміржол же­лісі тартылып, үс­тіміз­дегі жыл­дың шілде айында көрші екі ел бір-бірімен жүк ал­маса бас­тады. Сол сияқты бұл ай­мақта құр­ғақ айлақпен жап­сар­лас­ты­рып189 гектараумаққа Ло­­гис­ти­ка­лық орталық жасалып, ондағы қой­маларда мыңдаған тонна жүк сақталып, сан тарапқа жө­нел­тіледі. Сонымен қатар 230 гек­тар жерге индустриялдық ай­мақ жасауға қазір орын да­йын­­далуда. Яғни, бұл еркін эко­номикалық аймақ қуатты өнді­ріс орындарының өркендеуіне де жол ашпақ. Құрылыс жұ­мыс­­тарына бастапқыда жалпы 227 миллиард теңге жұмсалатын бол­са, оның 150 миллиарды же­ке ин­вес­торлар есебінен қарас­тырылады. Осы алып құры­лыс­тың бәрі айна­ласы екі-үш жыл­да толық қуатында іске қо­сы­лып, мұнда қазіргі бол­жам бо­йын­ша мыңдаған адамға жа­ңа жұ­мыс орны ашылмақшы. «Б­а­­­зис» құрылыс компа­ния­сы­ның жиынжайында «Нұркент бо­ла­шақ­тың қаласы» деген маз­мұн­да өткен кеңесте «Қазақстан те­міржолы» АҚ президенті Ас­қар Мамин «Қор­ғас – шығыс қақ­пасы» еркін эконо­микалық ай­мағында 10 мыңға жуық адам ең­бек етіп, 2020 жылға дейін 50 мың адам жаңа қалаға қоныс­та­натынын айтып өтті. 2035 жылға дейін Нұркентте 100 мың адам тұратын заманның ең озық үл­гі­сінде салынған жас қала бой көтермек.

Аймақ құрылысына қазірдің өзінде қазақстандық 20-дан ас­там құрылыс компаниялары тар­ты­лып отыр. Ал үстіміздегі жыл­дың 19 қазанынан бастап «He­wiett Pa­card», «Toyota», «DHL», та­ғы басқа да әлемге танымал көп­теген ком­паниялар өз тауар­ла­рын осы жер­ден орта Азия мен Батыс Еуро­паға таратпақшы. Бұ­лар негізінен әлем елдеріне озық үлгідегі жеңіл, ауыр авто­кө­ліктер, басқа да құ­рыл­ғылар са­татынын отандаста­рымыз жақ­сы біледі. Ал АҚШ, Жа­пония сияқ­ты шетелдіктер үшін мұ­хит, те­ңізбен жөнелткен жүгі Батыс Еу­ропа мен Орта Азия мем­ле­кет­теріне бір ай мерзімде жүзіп жетсе, Батыс Қытай – Батыс Еу­ропа тран­зиттік теміржолмен жүк бар-жоғы 9 күнде діттеген же­ріне апа­ры­лады.

Жаңа басталған құрылыста қазір «BI - Group», «Базис» , «Kaz SMU -1997» сияқты ірі құрылыс ұйымдары жұмыс атқарады. Аймақ­тағы жалпы құрылыс жұ­мыстарын жүргізуді (бас мер­ді­гер) ағылшын кәсіпкерлері қолға алған. Құрылыстың бас мердігірі «DP WQRLD» компаниясы.

Соңғы жылдары Қорғас пен Пенжім ауылдарының арасында пайда болған «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынты­мақ­тас­тық орталығы», «Алтынкөл» ха­лы­қара­лық теміржол бекеті, Нұр­кент қа­ла­шығы, мемлекеттік «Жұ­мыспен қамту – 2020» бағдар­ла­масы бойынша салынған тұр­ғын­ үйлер, бұрын елсіз жатқан құм­­ды шөлейт аймаққа жан біті­ріп, көргеннің көзін қызық­ты­ру­шы еді. Міне, олар­дың қатарына бос жатқан жер­лерге «Қорғас – шы­ғыс қақ­пасы» еркін эконо­ми­ка­лық аймақ құрылысы сыналап енгізіл­ді. Осы­ның бәрі еліміздің эко­но­микалық әлеуетін еселеп арт­ты­ру­мен қатар, жер­гілікті халық­тың әлеуметтік жағ­дайын жақ­сар­­туға үлкен демеу болмақшы.

Облыс әкімі темір­жол­шы­лар­ға арналып салынған Нұркент қа­лашығының өсу бағытымен та­нысты. Қалашық іргесінен500 гектаржер бөлініп, «Қорғас – шы­ғыс қақпасы» еркін эконо­ми­калық аймаққа қоныс­та­ну­шы­ларға тұр­ғын үйлер салынбақшы. Жиында осы тұрғын үй кешенінің бас жо­басы таныстырылды. Кеңесте «Khor­gos Gateway» ЖШС бас ди­ректоры Карл Гейсен сөз сөй­леп, теміржол арқылы ха­лық­ара­лық жүк та­сы­малы соңғы сегіз ай­да үш есе өс­кенін, «Құрғақ порт» жұмысы бұ­дан әрі жан­да­нып, жүк тасы­малы қар­қын­дай беретінін жеткізді. Сонымен қа­тар ол биыл 100 адам жұ­мыс­қа қабылдап, оларды Ин­дияда оқы­тып, әлемнің барлық «Құр­ғақ порттарының» жұмы­сымен та­ныстырғанын, алда­ғы жы­лы та­ғы 200-ден астам жергілікті жас­тар жұмысқа алы­нып, шетел­дер­де оқытылатынын баяндап өтті.

Облыс әкімі Амандық Баталов «Қорғас – шығыс қақ­па­сы» еркін экономикалық айма­ғы­ның құрылыс басындағы сапарын аяқ­таған соң, аудан халқының бас­қа да тіршілік тынысымен таныс­ты. Облыс басшысы өткен жы­лы жер­­гілікті диқандарға берген уә­десі бойынша Пенжім ауы­лын­да­ғы №6 және №1 қырманның күр­­делі жөн­деуден өткізіліп, ас­фальт­талғанын көрді. Қырманда жүгері өсіретін қожалықтардың же­тек­шілерімен әңгімелесті. Жү­ге­рішілер өздерін толғандырып жүрген біраз мәселелерді облыс әкі­міне жет­кіз­ді. Бұрын ұзақ жыл­дар бойы шар­уашылықтың бас агрономы қыз­метін атқарған, білгір жүгеріші, еңбек ардагері Ақзам Марипов осы ауылдағы екі қырманды күрделі жөн­деу­ден өт­кізуге көмектескені үшін обл­ыс әкіміне ауылдас­тары­ның ал­ғы­сын жеткізді. Сонымен қатар жүз­де­суде жүгері өсіруші диқан­дар­дың өндірістік басты проб­ле­ма­лары егістік суаратын су жол­да­рын қайта жөндеу, жүгері дәнін кеп­тіретін зауыттар салу, жеңіл­дікпен берілетін тыңайт­қыш­тар­дың кө­ле­мін ұлғайту сияқты ма­ңыз­ды мә­се­лелерді жеткізді.

Үстіміздегі жылы жаркенттік диқандар жалпы 25412 гектар­дан астам алқапқа жүгерінің әртүрлі сұрыптарын өсірді. Қа­тар­дағы та­уар­лы жүгерімен бір­ге еліміздің солтүстік, шығыс ай­мақ­тарын тұ­қымымен қамта­ма­сыз ететін өңірде «дала аруы­ның» элиталық тұ­қым­дық түр­ле­рі де мол егілген бола­тын. Сон­дай қуатты қожа­лық­тар­дың бірі, осы Пенжім ауыл­дық округін­дегі «Қожамбердиев. А.» ЖШҚ. Об­лыс басшысы аталған қожалық ком­байндары орақ салған алқапқа ке­ліп, егін жинау нау­қанының ба­рысымен танысты. Бұл қожа­лық биыл 500 гектардан астам жерге қатардағы жүгері сұрып­тарын өсі­ріпті. Орақ түскен алқап­тағы жү­ге­рінің «Тұлпар» атты сор­­тының гек­тарынан орта есеп­пен 10 тон­надан собықты жүгері жинал­ға­нын қожалық агрономы Алым­жан Гашимов облыс бас­шысына мақ­танышпен жеткізді.

Облыс басшысы Кішішыған ауылының іргесінде егін орағы қы­зу қарқын алған «Ернар» ЖШҚ механизаторларына да ат басын бұрды. Қожалық төрағасы Тасқын Жа­парқұл биыл сатып алып, нау­қанға қосқан Ресейлік «Век­тор» ком­байнының ерек­ше­лігін баян­дады. Бұл техника ал­қап­тан орған жүгері собығының бір­ден дәнін уатып жинайды. Пі­сіп-жетіліп, уатылып жиналған дән алқаптан бірден «крахмал - сір­не» зауытына жөнелтіледі. Сөй­тіп қожалық еңбеккерлерін қыр­­манға тасып, сұрыптап, кеп­тіру сияқты басы артық жұ­мы­с­тан құтқарады. Дән «крахмал - сірне» зауытына 22 пайыз ылғал­дылықпен өткі­зіліп, кептіру це­хын­­да құрға­ты­лады.

Сапар соңында Жаркент «крах­­мал - сірне» зауытының биыл пайдалануға берілген жү­гері дәнін кептіру цехның жұ­мы­сымен танысып, зауыт ең­бек­керлері қанша жүгері дәнін өң­деп ұқсататынын кәсіпорын бас­шысы Закир Кузиевтен сұрап білді. Жалпы 9,5 миллион евро ақшасына салынған жаңа құ­рыл­ғы зауыттың жүгері дәнін қа­былдау ауқымын ұлғайтпақ. Өткен жылы бұл зауыт жар­кент­тік ди­қандардан 30 мың тон­на «дала аруының» дәнін қа­был­дап ұқсатса, биыл бұл көр­сет­кіш екі есе өспек. Сөй­­тіп, бұл кәсіп­орын­­ның өнім өң­деу ау­қы­мы ке­ңіп, оған қо­сымша жан-жақтан мал мен құсқа қуатты жем ізде­гендер қатары көбейіп, «да­ла ар­уының» дәніне сұра­ныс ар­тып келеді.

Панфилов ауданы

Abai.kz

 

0 пікір