Жұма, 19 Сәуір 2024
Анық 7133 0 пікір 6 Қазан, 2015 сағат 12:53

ДАРХАН КӘЛЕТАЕВ – НАҚТЫ СӨЗ БЕН ІСТІҢ АДАМЫ

Vlast.kz сайтында «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарушы директоры Дархан Кәлетаевтың «Я много доверяю людям» деген атпен сұхбаты шықты. Әдеттегідей бұл сұхбат та желідегі ұйқылы-ояу атмосфераға жан бітіріп, қызу талқыға түсіп жатыр. Комментарий берушілердің мына мәселеде пікірлері бір ауыздан шыққандай: сұхбат берушінің сөзі шынайы, ойы өткір, позициясы айқын. Мұны Кәлетаевтың көзге көрінетін, «көрінбейтін» оппонентерінің өзі де мойындап отыр.
Дарханға адвокаттың керегі жоқ. Бірақ, әлеуметтік желіге шолу жасап отырып, оның танымалдығы негізінен орыстілді контент арасында екенін байқадық. Тіпті, кейбіреулердің «Асфальтта өскен, қазақ тілін білмейтін, қазақ жанын түсінбейтін Дархан Калетаев сияқтылар» деген тіркес езуімізге күлкі үйірді. Оны біраз жылдан бері білетін адам ретінде пікірімді білдіргенді жөн көрдім.

Дархан Кәлетаев қарапайым қазақ ауылында, қазақ отбасында өскен. Қазақ болғанда да жан-дүниесімен, болмысымен, тілі-ділімен кәдімгі дәстүрлі қазақ. Сондықтан шығар, ол қызметін сонау 90-жылдары, Алматыда, Тіл комитетінде қатардағы маман болып бастаған. Содан бері оның қызметі мемлекеттегі идеологиямен, тіл, дін, мәдениет саласымен байланысты. Содан бері ол өз ұстанымынан танған жоқ.
Және бір-екі мысал. Естеріңізде болар біраз жыл бұрын билік елге танымал, мемлекетшіл азаматтарды қызметке тартты. Соның арқасында мемлекеттің дамуына, ұлттың оянуы мен өркендеуіне бағытталған игілікті жұмыстар атқарылды. Мемлекеттегі ұлт, кадр саясатына, мемлекеттік идеологияға қатысты қадау-қадау жобалар жасалды. Осының басы-қасында Дархан Аманұлы жүргенін біреу білсе, біреу білмейді.
Сол жылдары мемлекет тарапынан жүргізілген сауатты идеологиялық саясаттың арқасында қазақ ақпарат кеңістігінде де жаңа үміт, тың серпілістер басталғандай болатын. Жаңа идеялар, жаңа адамдар, жаңа басылымдар пайда болды. Осы уақытта біз қызмет істеген «Жас қазақ» газеті де елдің шынайы ықыласына бөленді. Ал, осы басылымды жауып тастағысы келген, журналистерін атып тастағысы келген адамдардың болғанын, сондай қиын сәттерде Дархан Аманұлының қолдауы мен қорғауын барынша сезінгенімізді бүгін ғана айтып отырмыз. Қазіргі қазақ ақпарат құралдарының басында отырған біраз редактор мұндай мысалдардың сан алуанын айтып береріне мен кепіл. Мұны да біреу білсе, біреу білмейді.
Д.Кәлетаев «Нұр-Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалған күні-ақ қазақстандық ақпарат құралдары жетекшілерімен кездескені, сол қызметінде жүріп біраз уақыт Қазақстандағы саяси сахнаның басты спикері болғаны ұмыта қойған жоқпыз. Ол саяси сахнаның спикері болып қана қойған жоқ, партияның жұмысына жан бітірді, оппозицияны келісімдер үстеліне отырғызды, конструктивті диалогтарға жол ашты.
Зиялы қауыммен де етене тіл табысты, әдебиет, өнер, мәдениет қайраткерлерінің бірде дос-бауырына, бірде қамқоршысына айналды. Кейде бір танымал азаматтардың, бизнесмендердің кімге не беріп, не қойып жатқанын санамалап отыратын әдетіміз бар ғой. Дәкеңнің қолдау-көмегі осылардан көп болмаса аз емес. Біреу біліп, біреу білмес, бірақ мұны Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин ағамыздан арда досымыз Маралтайға дейін біледі.
Күні кеше дүниеден өткен, қазақтың ұлы ақыны Фариза апамыздың Германияға ем алуға бара жатқандағы «Дархантайға сәлем де, жақсылықтар ұмытылмайды" деп өзіне тән кесектікпен айтылған кесімді сөзі әлі менің құлағымда.
Дәкеңнің соңғы уақыттағы қызметі де елдің көз алдында. Ұлттық спорт түрлерін дамытуға қаржы тауып шапқылағаны, Паралимпиялық қозғалыстың, қазақстандық мүмкіндігі шектеулі спортшылардың жағдайын оңдағаны, «Астана» велокомандасы, «Астана» футбол командасы, «Астана арландары», «Барыс» - мұның бәрі халықтың игілігі, қуанышы, бірақ осының артында басқарушы ретіндегі Дархан Аманұлының да маңдай тері жатқанын ешкім білмесе де спорт журналистері айтар.
Паралимпиялық ойындардан кейін өмірі жарытып сыйақы алып көрмеген спортшыларымыздың астына мүгедектік коляскасын емес, бір-бір көлік мінгізгендегі чемпиондарымыздың көзінен тамшылған жас та әлі менің көз алдымда.
Мұның бәрі «Кәлетаев сияқты асфальтта өскен қазақтар» деген сөзден шығып отыр ғой. Дәкеңе қатысты бұл сұрақ енді маңызын жойған шығар деп ойлаймын. Әңгіме осыдан шығып отырса да, негізгі айтпағымыз басқа.
Құдайға шүкір, қазір әлеуметтік желідегі қазақ контенті, қазақ әлеуметі үлкен қоғамдық белсенді күшке айналып келеді. Пассионарлық, прагматикалық табиғаты бар осы күш мемлекетке, ұлтқа, қоғамға адал қызмет ететін кез келген азаматты қолдап, қорғап, жігерлендіріп отырады.
Қарапайым халықтың арасынан, қарапайым қазақтың отбасынан шыққан, қызмет, саясат сахнасындағы ғұмырын тәуелсіздік жылдары бастаған сондай жас саясаткерлердің бірі – Дархан Аманұлы Кәлетаев. Біздікі тек осындай азаматтар білместік пен самарқаулықтың, әділетсіз айыптаудың, тапсырыспен жасалатын шабуылдардың топан суының астында қалып қоймаса екен деген тілек.

Талғат Ешенұлы.

Abai.kz

0 пікір