Жұма, 21 Маусым 2024
Жөн-ақ 5091 0 пікір 6 Қазан, 2015 сағат 14:50

ҚАУІП ҚАЙДАН? ҚАУІПТІҢ БӘРІ - "ЕРКЕТОТАЙДАН"...

Кейінгі кездері байлық пен билік еркінсіп кетсе, ал оған белгілі бір шектеу қойылмаса елге де, қоғамға да зор қасірет әкелетіндігі соқырға таяқ ұстатақандай анық байқалады.  

Әсіресе, басшылықта отырған дөкейлердің балаларының заң-зәкөн атаулыға мұрын шүйіре қарап,  қарапайым адамдарды құрт-құмырысқа есебіне жатқызып, ойына келгенін істеуі кім-кімді де алаңдатпай қоймайды. Өткенде аса қымбат машинаға мініп алып, жас жігіттер мен қыздарды қуалап жүріп басқан Мақсат Үсенов дегеннің қылығы талай жұрттың жағасын ұстатты.


Бейнетаспаға түсіп қалғандықтан ғана жеңіл-желпі жазамен құтылған ол сабазың арада азғана уақыт өтпестен тағы бір су жаңа көлікпен жол ережесін тағы да өрескел бұзады. Әкесі үлкен лауазымды қызметте болған соң, оның ақшасының құдіреттілігі сенген соң ойына келгені істейді де... Мұндайда атамыз қазақ «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» дегенді қалайша тауып айтқан десеңізші.

Жаман әдет жұққыш келеді емес пе, екінші бір сабазыңа алған сусынының дәмі ұнамай қалып, сатушы жап-жас қызды іштен мықтап тұрып бір теуіп, сұлатып салады. Кімнен сескеніп, неден қорқады, әкесі білдей бір Қазақстан Республикасы Премьер-министрі канцеляриясының бас инспекторы Болат Төрегелдиев болса. Бейне бір бастықтың баласына әдейі дәмі жаман сусын құйып беріп, жамандық ойлағандай өршелене ұмтылатындығын қайтерсің. Оған қой деудің орнына қасындағы нақсүйері — жап-жас бойжеткен дым болмағандай, қызыға қарап тұрады. Ол да сірә бір мықтының еркесі шығар.


Мұны аз десеңіз, жақында бір тойға баруға қамданған еркетотай Астананың көшесінде, дәлірек айтқанда Ақорданың дәп жанында көше тәртібін, жол ережесін өрескел бұзып, ойына келгінін жасап, ойқастап жүреді. Тіпті есіргені соншалық, көлікті кейін айдап, жұрттың зәресін ұшырады, Бұл да осал емес,  Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полициясы комитеті төрағасының білдей бір орынбасары Бақытжан Балташевтың баласы болып шығады.

Біз неге мұның бәрін жіпке тізгендей етіп айтып отырмыз. Өйткені пәленің бәрі тәрбиеде, дұрысырақ айтқанда теріс тәрбиеде жатыр. Қазақта «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді. Яғни бала көргенін істейді. Ал көргені не? Көргені ылғи бір жең ұшынан жалғасу, заң атаулыны белден бір басып, қай мәселені де ақшамен, парамен шешу. Қызметтегі тамыр-таныстық, бармақ басты, көз қысты принципі, төмендігіні менсінбей, жоғарыдағыға құлдық ұру. Үлкен бір лауазымды иеленсең немесе қалтаң ақшадан қампиып жүрсе, сен бәрінен де жоғары тұрасың, саған ешкімнің де әлі келмейді, демек, ойыңа келгенді істей бер, түк те болмайды. Міне, осындай сорақылықты көріп өскен бала не ісейді? Адам басады, біреудің қаршадай қызын іштен тебеді, көшедегі машиналарды құмырысқа құрлы көрмей, жол ережесін қолдан жасап алады. Мұны қазекемнің «Кедей бай болсам дейді, бай құдай болсам дейді» деген мәтелімен бір-ақ түйіндеуге болады.

 Алайда айтайын дегеніміз тіпті бұл да емес. Санамызды сандалтқан мына бір ой - әлгіндей бетімен кеткен еркетотайлардың әкелерінің бұл сорақылықтарды баласының бір еркелігіне балап, одан дұрыс қорытынды шығара қояды деуге мүлдем сенбеймін. Иә, әлгілердің әкелері қызметінен кетті. Дегенмен, күні ертең мұндай шектен шыққандық қайталанбасына кім кепілдік бере алады. Өйткені мықтылардың еркелерінің жаңағыдай қылығы жаман үрдіске айналып бара жатқан сыңайлы. Оған кім тоқтау сала алады? Ал егер жаңағыдай бассыздықтар бейнетаспаға түспей қалса ше? Онда «Жабулы қазан жабулы күйінде» қалатындығы айдан-анық емес пе?  Мұны бір деңіз. Екіншіден, ең бастысы әлгі дөкейлердің аузынан баласының бұл ісіне қынжылған, жұрт алдына шығып ерке баласынан қорлық көріп, зардап шеккендерден кешірім сұраған әкені көрмедік. Оны айтасыз, Бақытжан Балташев баласының тойына бірге бармағандығына, сөйтіп оның қылығын бақыламағандығына өкінеді. Баласының мұндай заңсыздығынан кейбіреулердің машина астына түсіп, мертігіп қалатындығына өкінбейді, сол кезде қасында болмағандығына налиды. Жарайды, сол жолы құдай сақтар, әкесі тоқтау салар. Оу, күні ертең мұндай оқиғаның қайталанбасына кім кепілдік бере алады? Еркетотайлар кімнен қымсынып, кімнен айылын жиыпты?

Мінекей, бізді қызметінен түсіп қалған кешегі лауазым иелерінің баласының қылығына ұялып, өткеннен сабақ алып, қорытынды жасай алмайтындығы ойландырады. Демек, күні ертең сізді біреу теуіп жатса немесе қымбат машинамен басып кетсе, еш таңқалмассыз.

Мұратбек Дәуренұлы, Қостанай

Abai.kz

0 пікір