Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Алашорда 11888 0 пікір 6 Қазан, 2015 сағат 17:03

«АҚЫРЗАМАН КЕЛГЕНШЕ ҚАЗАҚ БҰЛ ЖЕРДЕН АЙРЫЛМАЙДЫ...»

Әбілқайыр хан — сонау ХVІІІ ғасырдың ішінен бастап бүгінге дейін үзіліссіз зерттеліп келе жатқан тұлға. Неліктен оның тұлғасы төңірегінде сан алуан, қарама-қайшы пікірлер айтылады? Әбілқайыртанудағы өзекті мәселелер қандай?
Осы және басқа да сауалдармен біз Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Қазақстан тарихы және өлкетану» ғылыми орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиевті әңгімеге тартқан едік.

«СҰМДЫҚ АУЫР УАҚЫТ…»


— Әбілқайыр хан саясат сахнасына көтерілген кезең — қазақ үшін қандай уақыт еді?
— ХVІІІ ғасырдың басы — халқымыздың азаматтық тарихындағы аса бір күрделі кезең. Бір ру емес, бір тайпа емес, тұтас ұлттың тағдыры қыл үстінде тұрды. Тарихи деректерге сенсек, Қазақ хандығының арғы-бергі тарихында халықаралық жағдайдың дәл осындай шиеленіскен кезі болған емес.
Кешегі маркстік-лениндік кеңес тарихнамасында Қазақ Ордасына толассыз жасалған жоңғар жорықтарына ерекше мән берілді де, патшалық Ресейдің жүргізген астыртын империялық саясатына көп көңіл аударылмады. Сондықтан тарихи шындыққа жету жолындағы ізденістер мен Отан тарихына ұлттық көзқарас қалыптастыру дәуірі енді ғана басталды.
Байқаған жанға орыс отаршылдығының тарихы Әбілқайыр хан заманынан әлдеқашан бұрын басталған. Алтын Орда ыдырап, Шыңғыс хан іргесін қалаған империя құлаған кезде, оған бірнеше ғасыр бағынышты болған орыс жұрты есін жиды. Осы кезде түрік тектес халықтардың Қырым, Қазан, Астрахан, Сібір және басқа хандықтары құрылды. Ресей мемлекеті аталған хандықтарды бірінен соң бірін бағындырып, өзіне бодан етті. Ақыры мысықтабандап Ұлы Даланың шетіне жайғасты. Жайғасып қана қойған жоқ, басып кіріп, Жайық пен Ертіс өзендерінің бойына әскери бекіністерін тізбектете салу арқылы сайын даланы қос бүйірінен сақиналап қоршай бастады. Оның үстіне, патша әкімшілігінің қазақ жеріне шектес жатқан башқұрттарды, Еділ қалмақтарын, Жайық казактарын, Сібір әскерлерін айдап салып, әлсін-әлі соғыс шығаруы, Ресеймен көршілес жатқан Кіші жүздің саяси жағдайын одан әрі шиеленістірді.
Қазақ хандығының ХVIІІ ғасырдың бас кезіндегі саяси жағдайын Әбілқайыр ханның Тевкелевке айтқанынан анық байқауға болады: «Жылдар бойы қоңтайшымен соғысып келемін, оған әлім жетер емес… Оның үстіне, Еділ қалмақтары, башқұрттар, Бұхара және Хиуамен соғыса бастадық. Төрт жағымыздан бірдей жау қоршауында қалдық». Нақ осы кезең туралы Шоқан Уәлиханов былай деп жазған болатын: «ХVIІІ ғасырдың алғашқы ширегі қазақ халқының өміріндегі сұмдық ауыр уақыт болды. Жоңғарлар, Еділ бойының қалмақтары, Жайық казак-орыстары мен башқұрттар тұс-тұстан қазақ ұлыстарын қырғынға ұшыратты, малын айдап әкетті, қазақтарды бүкіл отбасыларымен тұтқындап алды».
Қысқа айтқанда, ХVIІІ ғасырда орталық шығыста халықаралық саясаттың негізгі күші Ресей империясы болды. І Петр Үндістан мен Қытайды, барша Шығыс пен сауда жолдарын иемденуді армандады. Осы мақсатқа жету үшін Орта Азия мен Қазақстан жерін уысында ұстау керектігін жақсы түсінді. Сол мақсатта өзі ұйымдастырған әскери-барлау экспедициялары өте маңызды мәліметтер жинады. Осындайда І Петрдің: «Қырғыз-қайсақ Ордасы — бүкіл Азия елдерінің қақпасын ашатын кілт» деген әйгілі сөзі ойға оралады.
Осы ретте, әбден әлсіреген Қазақ хандығын саяси тұйықтан шығарудың өзіндік жолын іздеген Мұхаммед Қазы баһадүр Әбілқайыр хан қазақ даласында болып жатқан сан алуан қысым мен қысастықтың артында Петербор сарайы тұрғанын сұңғыла саясаткер ретінде дер кезінде байқап, елді сақтап қалу жолында Ресеймен жақындасуға мәжбүр болды.
Бұл қадам — 1710 жылдан Кіші жүз ханы, 1726 жылдан Қазақ жасағының Бас қолбасшысы һәм жоңғарларға қарсы азаттық күресінің жұрт мойындаған көсемі, стратег әрі тактик, саяси тәжірибесі орасан зор Әбілқайыр ханның дипломатиялық айласы.
Қазақ жерінің әр пұшпағын өлермендене қорғаған Әбілқайыр ханның орыс ұлықтарына: «Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті ақыр заман келгенше қазақ халқы бұл жерден айырылмайды. Өйткені мұндай жайлы мекенді олар еш жерден таппайды», — деп ширыға тіл қатуы оның саясатынан басқаша астар іздеуге еш мүмкіндік бермейді.

ЖАУДЫҢ ЖАЛҒАН ЖАЗБАСЫ


— Әбілқайыр — қазақ хандары арасында тарихшылар назарын ең көп аударған тұлғалардың бірі. Зерттеушілердің арасынан кімдерді Әбілқайыр бабамыздың тарихтағы орнын, халқына еткен қызметін әділ түрде айқындады деп білесіз?
— Иә, бұл тарихшылар мен ғылыми-көпшіліктің қаламы ешқашан суымаған тақырып десек қателеспейміз. Біздіңше, оның бірнеше себептері бар. Негізгі екеуіне ғана тоқталайын: біріншіден, қалай болғанда да, Әбілқайыр хан тұсынан бастап қазақ-орыс қарым-қатынастары өзгеше бағытқа бұрылып, бұрынғыға ұқсамайтын жаңа мәнге ие болды. Осы тұстағы оның жүргізген саясатына ерекше мән берілгені сондай, тарихи зерттеулерде Әбілқайыр ханның қоғамдық-саяси қызметі тек Қазақстанның Ресейге қосылуы тұрғысында ғана сараланды.
Ал екінші себебін Әбілқайыр ханның бірегей құбылыс екендігінен, ұлылығы мен тарихи болмысының күрделілігінен іздеу керек. Ұлы қолбасшылық даңқын алты алаш ардақ тұтқан, өзгеге ұқсамайтын меритократиялық қасиеттерімен дараланған көреген саясаткер Әбілқайыр ханның тарихи болмысын ғылыми негізде толық жүйелеу, зерделеу және сараптау ісі өз заманынан күні бүгінге дейін үзіліссіз жалғасып келеді.
Қазан төңкерісіне дейінгі Мейер, Лобысевич, Красовский сынды дворяндық-буржуазиялық ағымдағы орыс тарихшылары Әбілқайырды «баққұмар», «мансапқор» десе, екінші жағынан, осы кезең туралы еңбектер жазған келесі бір орыс тарихшылары — Петр Рычков, Алексей Левшин, Александр Добросмыслов және басқалары оны саясаткер, жеке тұлға ретінде жоғары бағалаған.
1943 жылы шыққан «Көне дәуірден біздің кезеңімізге дейінгі Қазақ ССР тарихы» оқулығында: «… өз халқын сатқан авантюрист Әбілқайыр хан өз билігін сақтап қалу үшін патша өкіметінің көмегіне сүйенді. Тек қана өзінің қара басының қамын ойлай отырып, ол патша өкіметінің Қазақ даласындағы халыққа қарсы саясатын жүргізуші басты тірегіне айналды», — деп еш дәлелсіз байлам жасалуы былай тұрсын, Әбілқайырдың жеке басына адамның жаны түршігетін негізсіз айыптар тағылды.
Бірқатар тарихшыларымыз осындай біржақтылықтың шылауында кетіп, қайткенде де қазақ даласын отарлауды алдына мақсат етіп қойған Ресей империясы Орынбор әкімшілігінің екпінін тежеп, мейлінше қарсы тұрған Әбілқайыр ханның жанкешті күресін есепке алмай, назардан тыс қалдыруға тырысты. Талай тарихшы қазақ халқын «қасіретке душар еткен опасыз» Әбілқайырдың «кемшіліктерін» табуға бейім тұрды. Кеңес тарихшылары әуелі Әбілқайыр мен қазақтың игі жақсылары Ресейге қосылуда тек өз пайдасын көздеді, қалың бұқараны қанауды мұрат тұтты деген пікірге ден қойып жүрді.
Бертінірек тарихшылар жаулық туралы пікірді шектеді де, Ресейге қосылудың «объективті прогрестік салдары» жөнінде көбірек айта бастады. Ақырында Әбілқайыр қазақ халқының мүддесін объективті түрде білдіріп қана қойған жоқ, қиядағыны болжай білетін дана билеуші ретінде, халықтың қамқоршысы ретінде саналы түрде шешуші қадамға барды деген тұжырым жасалды.
Ел тәуелсіздігімен бірге әбілқайыртанудағы жаңа ізденістердің қатарына Көшім Есмағамбатов, Ирина Ерофеева, Әбілсейіт Мұқтар, Серік Мәшімбаев, Жанұзақ Қасымбаев, Болатбек Нәсенов және басқа тарихшылардың сүбелі еңбектері қосылды. Тарихшы Ирина Ерофееваның монографиясы — Әбілқайыр сынды көрнекті мемлекет қайраткерінің шынайы болмысын танытуға арналған алғашқы ғылыми зерттеулердің бірі. Академик Манаш Қозыбаев аталған еңбектің «империялық идеология сарынын кеңінен уағыздайтынын» айтқан еді, сөйтсе де, бұл зерттеуінде автор әйгілі қазақ ханының өмірі мен қызметінің соншалықты сан қырлы әрі зор мәнді болғанын дәлелдеуге тырысады. Әсіресе ол: «Әбілқайыр өмірі мен қызметі туралы тарихнама оның өте беделді замандасы һәм жауы жазған жазбалардың ықпалымен өрескел бұрмаланып, ханның шынайы тұлғасы мен болмысын анықтауға кедергі болып келді» — деп, тың ойды алға тартты. Бұл жердегі Әбілқайырдың жауы — Орынбор генерал-губернаторы Иван Неплюев. Ерофеева көптеген зерттеушілердің осы «Неплюевтің Әбілқайыр беделінің қазақ арасында төмен екендігі, ханның билік құмарлығы мен қимылдарының кереғарлығы, орыс бодандығын жеке басын ғана ойлап қабылдағаны туралы жалған тезистерін тікелей көшіріп алып», қайталаумен келе жатқанын әділ түрде атап өтті. Шынында да, Неплюевтің Әбілқайырға берген, жалпы алғанда, біржақты бағасы кейінгі орыс тарихшыларына сілтеме жасар мықты бір дерек болған еді. Бұл, айта кету керек, кезінде Кенесарыны біржақты бағалауға ықпал еткен Шоқан жазбаларындағы тұжырымға мейлінше ұқсас болатын.
Әлі де болса Әбілқайырдың күрделі тұлғасы толық зерттелді деп айту қиын. Әбілқайыртанудағы өзекті мәселелерді зерттеуді ғалымдар, шын мәнінде, енді ғана қолға ала бастады.

НЕГЕ ОРТАҚ ПІКІР ЖОҚ?


— Жұртын жоңғарлармен күреске жұмылдыруы, жоңғарлардан қорғауы — Әбілқайырдың еліне сіңірген ең үлкен еңбектерінің бірі. Ол Аңырақайдағы шайқаста Бас қолбасшы болды. Ал сонымен қатар: «нақ осы жеңістен кейін біртұтас қазақ елі бірнеше бөлікке бөлініп кетті. Оған тікелей кінәлі Әбілқайыр еді. Ол өзінің бас хан болып сайланбағанына өкпелеп, ат басын теріске бұрды» — дейтін пікір орныққан. Бұл екі пікірдің арасында қарама-қайшылық, яғни осы тұста бір шикілік бар секілді көрінеді де тұрады?..
— Сөз жоқ, Әбілқайыр хан — Ордабасы құрылтайында қазақтың игі-жақсылары бірауыздан ақ боз атқа отырғызған Бас қолбасшы, Бұланты мен Аңырақай шайқастарындағы жеңістің негізгі ұйымдастырушысы және дем берушісі. Геолог Молдияр Серікбаевтың дерегіне сай, қазақ даласында Әбілқайыр хан атымен тығыз байланысты жер-су аттарының көптеп кездесетіндігі сондай, қазақ хандары мен батырларының арасында ешкім онымен шендесе алмайды. Мұның бәрі оның бар ғұмыры елін, жерін қорғау үшін жорықта, ат үстінде өткендігінен сыр шертеді. Бұған ешкімнің таласы жоқ.
Осындай даңқты тұлғаның Аңырақай шайқасынан кейінгі қимыл-қарекеті хақында Отан тарихы ғылымында Мұхамеджан Тынышбаевтың жазбасы негізінде теріс пікір қалыптасқан. Бірақ оның ешқандай тарихи дерекпен дәйектелмегенін баса көрсетеміз. Аңырақай жеңісінен соң қайтыс болған Болат ханның орнына «Әбілмәмбеттің бас хандыққа сайлануы» жайлы өз пікірін білдіре келе тарихшы былай дейді: «Үміткер үшеу еді. Біріншісі — барлық қазақ әскеріне қолбасшылық жасаған және тамаша жеңістерге жеткен Кіші жүз ханы Әбілқайыр; екіншісі — Болаттың інісі Шахмұхаммед (Сәмеке), түркі-моңғол мемлекеттеріндегі дәстүр ғұрып бойынша патшалық етуші әулеттің ішіндегі ең үлкені таққа отыруға тиісті, демек, Сәмеке негізгі үміткер; үшіншісі — Болаттың ұлы жас Әбілмәмбет. Болаттан кейін, міне, осы Әбілмәмбет үш жүздің ханы аталды. Шамасы, хан сайлаушылардың сәл көпшілігі (дені болмаса да) осы Әбілмәмбетке дауыс берген. Әрине, мұндай кемсітуге мейлінше намысқой, кексе хан Әбілқайыр шыдай алмаған; мұндай сайлауға Әбілмәмбеттің әкесінің інісі Сәмеке де риза бола алмайды. Сондықтан да Әбілқайыр кеткеннен кейін іле-шала Сәмеке де өз қарауындағылармен майданды тастап шығады». Осы пікірден шыға келе автор, Кіші жүз ханының Ресейге елші жіберуін қазақ хандарының арасындағы билікке таласпен байланыстырады.
Алайда қазіргі Отан тарихы ғылымы дамуы тұрғысынан қарасақ, қазақ тарихшысының бұл тұжырымы күмән тудырады. Өйткені Әбілмәмбет 1730 жылы Аңырақай шайқасынан кейінгі уақытта сұлтан дәрежесінде болған. Ол 1739 жылы ғана хан сайланған. Алексей Тевкелев 1732 жылғы 5 қаңтарда Сыртқы істер алқасына жазған хабарламасында былай дейді: «Олардың Сәмеке, Күшік деген хандары, Барақ, Әбілмәмбет деген екі сұлтаны бар». Дворяндық-буржуазиялық орыс тарихнамасының ірі өкілдерінің бірі Петр Рычков оның хан болып тағайындалған уақыты 1739 жыл деп көрсетсе, 1740 жылы князь Урусовпен болған сұхбатта Жәнібек батыр Әбілмәмбетті Түркістанда 1739 жылы хан сайлағандарын, оны сүйеген арғын-алтай, керей-уақ сияқты мықты рулар екенін мәлімдеді. Келтірілген тарихи деректер және басқа да көптеген мәліметтер Әбілмәмбеттің Аңырақай шайқасынан кейін хан болып сайланғаны жөніндегі Тынышбаев тұжырымын жоққа шығарады. Ал ол дәл осы реніштен кейін Әбілқайыр Ресейге елші жіберді деген пікірде болды.
Бір назар аударарлық нәрсе, Тынышбаев тұжырымының тарихи әдебиетте айна-қатесіз шындық ретінде орныққаны сондай, жалпы білім беретін орта мектептердегі Қазақстан тарихы оқулықтарына қазақ хандарының билікке таласын көрсететін Састөбе (Сайрамға жақын) құрылтайының енгізілуі ешқандай сын көтермейді. Бұл жас жеткіншектердің ұлттық тарихи санасын қалыптастыруға теріс әсер етіп жатқаны айтпаса да түсінікті. Тарихта әлі басы толық ашылып, түбегейлі тиянақталмаған, ғылыми негізде жүйеленіп үлгермеген дүниелерді мектеп оқулықтарына енгізіп жіберу — тым асығыстық пен салғырттығымыздың белгісі.
Ал қытай деректері Әбілқайыр ханның солтүстік-батысқа кеткенін жазғанмен, өз орнына бауыры Бұлқайыр сұлтанды 70 мың сарбазбен қалдырғанын айтады және Бұлқайыр сұлтан Шу және Талас мекендеріндегі жоңғарларды талқандады дейді.
Аңырақай шайқасынан кейін аға хан сайлауға арналған құрылтайдың өткенін айғақтайтын мәліметтің болмауы, жоғарыдағы айтылып жүрген әңгіменің жай, әшейін долбар екенін аңғартқандай. Егер де хан сайлау рәсімі ежелгі дәстүр бойынша өткізіліп, ұлы хан ақ киізге көтеріліп, ұлықталар болса, Әбілқайыр хан кандидатурасының өзге үміткерлерден шоқтығының биік екенін және оның еш баламасыз «өтіп» кететінін жақсы ұққан Жәдік әулетінің сұлтандары бұл сайлауды болдыртпаған секілді. Мұндай пікірлер бізден де бұрын айтылғанын оқырманның есіне саламыз.
— Әбілқайыр ханның Анна Иоановнаға жазған тарихи хатының түпнұсқасы бұрмаланғаны анықталған кезге (2000-жылдардың басы) дейін-ақ, көптеген зерттеушілер, тарихшылар оны «сатқын» атамай, керісінше, қазақ халқын сақтап қалу мақсатында тығырықтан шығар жол іздеген тұлға ретінде көрсетті. Дегенмен, көпшілік санасында Әбілқайыр тұлғасына қатысты «мұздың әлі де ерімеуіне», сіздіңше, не себеп? Кейбір тарихшыларымыз да Әбілқайыр бодандық сұрамағанымен, түптің-түбінде бодандыққа апарған нақ соның хаты еді (бәрібір сол кінәлі!) деген пікірден қайтпай отыр. Бірақ ондай хат Әбілқайырға дейін де жазылған ғой? Және сол заманда орысқа ант берген жалғыз қазақ билеушісі Әбілқайыр емес екені де белгілі?
— Бұл — орынды сұрақ. Еліміздегі мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқының саны артқан сайын, қоғам, әсіресе жас ұрпақ тарапынан бұл сұрақ күн тәртібіне сан мәрте қойылып, оған шынайы жауап іздеу әлі сан мәрте талқыдан өтері және көтерілген мәселенің объективтілігіне қоғамдық сұраныстың өсе берері анық.
Бүгінде Әбілқайыр хан саясатынан кінәрат іздеушілер нақ осы төңіректі шиырлап жүр. Орыс отаршылдығының барлық зардаптарын Әбілқайыр ханның мойнына іле салу, оны басты күнәһар санау тарихи шындыққа қанжар сұғумен бірдей.
Ғаламтор сайттарындағы Әбілқайыр ханға қатысты мақалалардан кейінгі тоқтамайтын толассыз талас-тартыстар айтулы тұлғаға деген ортақ ұлттық пікірдің әлі күнге дейін қалыптаспағанын көрсетеді. Бұл — біздің санамыздың отаршылдар жазған тарихтан, сол кезде қалыптасқан пікірлерден әлі де арылмағандығының көрінісі, сондай-ақ, өкінішке қарай, бұл жерде трайбализмнің салқыны да бар.
Шын мәнінде орыс отаршылдығының Әбілқайыр ханның хатына дейін басталып кеткендігін алға тартқан санаулы кәсіби тарихшылардың салмақты пайымын есептемегенде, жалпы қоғамдық һәм ұлттық сана мұны терең түсініп, жан-жақты саралайтындай жоғары деңгейге әлі көтеріле қойған жоқ. Ал Әбілқайыр хан саясаты хақында айтылар ақиқат, біздіңше, нақ осы жерден басталу керек.
Әбілқайыр ханның атышулы хатының дұрыс аудармасын белгілі тарихшы Амантай Исин баспасөзде жариялады. Мұны көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Сондықтан ол хаттың мәтінін қайталап берудің қажеті шамалы.
Әйгілі хатты арнайы оқыған тарихшы-маманның айтуынша, қате аударылған, өзгертілген немесе аударылмаған сөздерден тыс, ресми аударма салқынын тигізген, хаттың өзінде жоқ, белгілі саяси мақсат үшін қосып жіберген сөздерді табуға да болады. Осылайша хаттың бірнеше жерден өзгеріске ұшырағаны анықталды.
Әбілқайыр хатының дұрыс аудармасын жасаған ғалымның пікірінше, «Әбілқайыр хан — Ресейге бодан болу идеясын ұсынушы емес, қалыптасқан тарихи жағдайдан өз халқына тиімді жол іздеуші ғана. Ол мәжбүр болды. Заманында «кіші залал» болатындай дұрыс жол таба білді. Басқа жол елдің бөлшектенуіне, солтүстік бөліктерінен айырылуына апарар еді. Басқа ел көсемдеріне қарағанда, Әбілқайыр Ресей патшалығы туралы мол мағлұмат білді… Хан өзге саясат ұстанса, бәлкім, қазақ жері орны толмас бөлшектенуге түсер ме еді… Шебер саясаттың бастамасын Әбілқайыр хан салып кеткенін мойындау керек. Әбілмәмбет хан мен Абылай хан Әбілқайыр хан саясатының жаңғыртпасын жасап, халыққа төнген Ресей қаупінен арылтты, алып патшалықпен тіл табысып, достық орнатып, негізгі жер иеліктерін сақтап қалды…». Иә, басқасын айтпағанда, Әбілқайырдың үлкен баласы Нұралымен құрдас, көреген ханымыз Абылайдың өзі Әбілқайырдың ұлы хан екенін мойындаған болатын. Мұны мұрағат деректері дәлелдейді.
Сондай-ақ, Әбілқайыр ханнан кейін Ресейге ант берген қазақтың хан-сұлтандарының бәрін, кезінде Қойшығара Салғараұлы айтқандай, сатқын дей алмасымыз тағы белгілі. Қалай болғанда да Әбілқайыр хан Ресейдің құлақкесті құлы болған жоқ. Ол өле-өлгенше дербестігін сақтап, өз саясатын жүргізді.
Әбілқайыр хан тұлғасы төңірегіндегі «сеңнің қозғалмай жатуының» тағы бір сыры орыс отаршылдығының саясатын әшкерелейтін құжаттардың ұлттық мүдде тұрғысынан толық талдауға алынбауына байланысты ма деген де ой келеді. Орыс отаршылдығы — әлі қаузалмай жатқан тақырып. Оның уақыты келеді.
Демек, Әбілқайыр хан саясатын орыс отаршылдығының біртұтас тізбегінде қарастырған абзал. Тек сонда ғана Әбілқайыр хан тұлғасына берілер әділ бағаға сүрлеу салынары хақ.

Сұхбаттасқан Индира Өтеміс.

Дерек көзі: http://www.aktobegazeti.kz

0 пікір