Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 4376 0 пікір 7 Қазан, 2015 сағат 02:00

"ҚАЗЫНАЛЫ ОҢТҮСІТІК" АТЫРАУДАН ТҰЛПАР МІНІП ҚАЙТТЫ

Батыс жұртшылығын өз өнерімен тәнті еткен оңтүстіктің өнерпаздарына үлкен сый-құрмет көрсетілді.  Анығырақ айтсақ,  облыстық мәдениет басқармасының ұжымы  дайындаған «Қазыналы Оңтүстік» атты бағдарламасына тәнті болған атыраулық ағайындар өнер майталмандарына темір тұлпарды сыйға тартты. Жайықтың жағасындағы үш күнге ұласқан мәдени күндері мерекесіне күнгейден ат терлетіп барып, батыс жұртшылығының ыстық ықыласына біз де бөлендік, - деп жазады "Оңтүстік Рабат" газетінің тілшісі.

Атырау жұртшылығы Оңтүстік делегациясын теміржол бекетінде қуана, сән-салтанатпен қарсы алды. Бұл батыстағы ағайынның жомарттығын ғана емес, олардың күнгейдегі мәдениет пен өнерге деген риясыз құрметін көрсетсе керек. Мұнайлы өңірдегі мәдениеттің алғашқы күнінде жерлестеріміз көпшілікке кеңейтілген көрме-экспозициясын ұсынды. Мұнда оңтүстік қолөнершілерінің 1000-нан астам туындылары мен тарихи жәдігерлері, қылқалам шеберлерінің суреттері қойылды. Бейнелеу өнері мұражайының басшысы, белгілі суретші Айнабек Оспанов та мұнайлы өңірге мазмұнды шығармасын арқалай келіпті. Айтуынша, тарихи туындының мағынасы Атыраудың аумағымен астасады. Атырау облыстық М.Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрында басталған  шараға өңір тұрғындары да көптеп жиналды.

Біздің делегаттар  мәдениет күндері аясында өңірдің аудан-қаласын аралауды да ұмытқан жоқ. Ал Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның ұжымы мен жергілікті әншілер М. Өтемісұлы атындағы қазақ театрының сахнасын Шәмшінің әндерімен әлдиледі. Бекзат өнер қазақ және шетелдің классикалық шығармалары да шырқалды. Оңтүстіктің өнерін таныстырып, оны ел арасында дәріптеуге келгенде халықаралық, республикалық байқаулардың талай дүркін  жеңімпазы атанған   «Қазына» би ансамбілінің орны бөлек. Бұл жолы да би тобы қазақтың ұлттық биімен қатар, өзге этнос өкілдерінің билеріне әр бере орындап шықты.

Шыңғыс Мұқан, Атырау облысы әкімінің орынбасары:

– Қазақ өнері бөлінбейді. Өнер — барша қазақстандықтарға, бізде шоғырланған этнос өкілдеріне ортақ дүние. Дегенмен әр өңірдің мәдениеті мен өнерін таныстыратын, ондағы тұрмыс-тіршіліктен сыр шертетін ұжымдар болады. Осындай өнердің үлкен кеніші  Оңтүстікте деп білеміз. Айтулы мәдениет күндерінің көксегені де — тәжірибе алмасу, қазақтың ұмыт қалған дәстүр-мәдениетін жаңғырту, жақсыны үйрену. Сондықтан, қазақи құндылықтардың қаймағы бұзылмаған күнгейлік өнер ұжымдарынан біздің де үйренеріміз көп.

Жайық жағасының халқы Оңтүстік күйшілерінің «күй тартыс» бағдарламасына да куә болды. Қос ішектің бойымен барша сырды сыртқа шашқан күйшілер ұлттық сазды аспаптың құлағында ойнап, халқымыздың өткені мен бүгінін, төл тарихын жаңғырта, күмбірлеген күй төкті. Бұл біздегі күй өнерінің даму деңгейін көрсетіп, қанатын кеңге жаюына дәлел болса керек.

Батыстағы ағайынға Оңтүстіктегі театр өнерін таныстыруға облыстық әзіл-сықақ және сатира театры да барған болатын. Өнер ұжымдары көрермен қауым алдында тосылған жоқ, Ж.Аймауытовтың «Сылаң қыз» комедиясын сахналады. Көпшілікті күлкіге қарық қылды. Әсіресе, қоғамдағы ақиқат пен заманның ағымын әзілмен астарлап жеткізген әртістерге ду қол шапалақ қарша жауды.

Мәдениет күндері «Шырайлы Шымкент – Арайлы Атырау» атты екі облыс құрамаларының айтысына ұласты. Жыр бәсекесіне біздің өңірдің суырып салма ақындарын белгілі айтыскер ақын Маржан Есжанова бастап барды. Маржан ақын батыстың мақтанышына айналған жас талант Шалқарбай Ізбасаровпен айтысып, оның «шымкенттік әдіс» деген тіркесіне тойтарыс берді.

Ал Оңтүстікте, қала берді ел аумағындағы аламан айтыстарда жүлделі орындарды еншілеп, жасындай жырларымен көптің алғысын арқалап жүрген ақын Қажымұхан Абзалов та сахнадан көрінді. Жерлесіміз Атыраудың жер асты байлығын жырына арқау етті. Өз кезегінде өңірдің келелі мәселелерін де айналып өтпеді. Тіпті, броконьерлердің бағалы уылдырықтарды шетел асырып жатқанын да жырымен жеткізді.

Жандарбек Зайдуллин, Атырау қаласының тұрғыны:

– Оңтүстіктің қойнауы — тұнған тарих, қазына. Сондықтан көрмеге әкелген дүниелерін көріп, тағы да таң-тамаша болып жатырмыз. Әрбір туындының өзіне қарап, елдің өткенін еске алуға болады. Ал Ш.Қалдаяқов атындағы филармония ұжымының қолға алған концерттік кешіне көршілерімізбен бірге келдік. Ағайын-туыс та арнайы келіп, тамашалады. Оркестрдің сүйемелдеуімен орындалған әндерді тыңдап, рухани байып қалдық. Ал облысаралық  айтыста Оңтүстік ақындарының қазақи сөздерін, ондағы оймақтай ойларын, қоғамдағы мәселелерді қозғағанын көріп, қошемет көрсеттік. Жарайсыңдар дегім келеді!

Залдағы көрермен, әсіресе Біржан Байтуов пен Сағадат Нұрмановтың айтысын асыға күтті. Қос өңірдің абыройын арқалап шыққан ақындар алдымен  Атырау мен Шымкенттің шежіресіне тоқталды. Алаш арыстарын, ондағы батыр мен хандардың ұтымды уәждерін,  ел ішінде жүргізген биліктерін айрықша айтып өтті.

Ақындар айтысы «Достық» ұранымен тәмамдалды. Аламанға атсалысқандардың әрқайсысына 100 мың теңгеден сыйақы табыс-талды. Ал, «Қазыналы Оңтүстік» атты концерттік шараны қолға алып, мәдениет күндерінің мәртебесін үстем етуге себепкер болған мәдениет басқармасының басшылығына автокөліктің кілті табысталды. Айта өтейік, осынау 3 күнге ұласқан мерекеге өңіріміздің 160-тан астам өнерпазы қатысты.

Мөлдір БЕКЕЕВА

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3577