Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3629 0 пікір 4 Маусым, 2010 сағат 04:21

Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Тұңғыш Президент, Ұлт Көшбасшысы туралы Парламент енгізген заңдардың жобаларын кері қайтарды

АСТАНА.  Маусымның 4-і. ҚазАқпарат -  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заңдарға қол қойған жоқ және осыған байланысты Қазақстан азаматтарына, ел Парламентіне, «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының Саяси бюросына үндеу жолдады. ҚазАқпарат Президент Н.Назарбаевтың  осыған  қатысты  жасаған    мәлімдемесінің  толық мәтінін  назарларыңызға ұсынады.

***

 

Қазақстан Республикасының азаматтарына
Қазақстан Республикасының Парламентіне
«Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының
Саяси бюросына

Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметті Сенат және Мәжіліс депутаттары!
Қадірлі «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық
партиясындағы серіктерім!

АСТАНА.  Маусымның 4-і. ҚазАқпарат -  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заңдарға қол қойған жоқ және осыған байланысты Қазақстан азаматтарына, ел Парламентіне, «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының Саяси бюросына үндеу жолдады. ҚазАқпарат Президент Н.Назарбаевтың  осыған  қатысты  жасаған    мәлімдемесінің  толық мәтінін  назарларыңызға ұсынады.

***

 

Қазақстан Республикасының азаматтарына
Қазақстан Республикасының Парламентіне
«Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының
Саяси бюросына

Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметті Сенат және Мәжіліс депутаттары!
Қадірлі «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық
партиясындағы серіктерім!

Баршаңыз білесіздер, менің алдыма Тұңғыш Президент, Ел Басы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы еліміздің Парламенті қабылдаған заңдар келіп түсті.

Ең әуелі, маған заңды тұрғыдан Ел Басы деген ресми мәртебе белгілегені үшін депутаттарға зор алғыс айтамын. Осы мәртебені қабылдау туралы тілек айтып, он мыңдаған хат жолдаған бүкіл отандастарыма - көп ұлтты Қазақстанның барша азаматтарына шын жүректен ризашылық білдіремін.

Еліміздегі тұрақтылықты одан әрі нығайту мақсатында Парламент аталған шешімді бірауыздан қабылдады.

Бұл ыстық ықыласты маған деген қалтқысыз сенімнің көрінісі деп бағалаймын. Мұны тарих үшін тым қысқа уақыт аралығында, тәуелсіздік жылдарында мүмкін еместі жүзеге асырған, мызғымас шекарасы халықаралық деңгейде мойындалған, байтақ Астанасы көкпен таласып бой көтерген, күйреген әкімшілік жүйені өзгертіп, өтпелі кезеңде күйзелістен аман шыққан, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып нарықтық экономиканың өзіндік қазақстандық үлгісін қалыптастырған еліміздің ерен еңбегінің еленуі деп білемін.

Біз саяси тұрақтылықты сақтап, азаматтық әлем мен толеранттылықты, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді басты ғұмырлық құндылық ретінде ұлықтап, нығайтып келеміз.

Біздің еліміз ұстанған айқын бағытымен, экономикалық реформалардың қарқыны және тиімділігімен, өзара әріптестікке және ауқымды интеграцияға негізделген серіктестікке ұмтылысымен, ізгілікке құштарлығымен әлемдік қауымдастықтан лайықты орын алды.

Біздің ядролық қарудан бас тарту және жаһандық жаппай қарусыздану туралы бастамаларымызды барлық елдер, Бірікккен Ұлттар Ұйымы қызу қолдап, оны ғаламшардың қауіпсіздігі жолындағы күрестің көшбасшылары қатарындағы Қазақстанның әлемдік серпілісі ретінде таныды.

Мен күрделі кезеңде елдің көшін бастау құрметіне ие болдым. Сонда сіздердің нақты қолдауларыңызды, ынта-жігерлеріңізді, қажыр-қайраттарыңызды әрдайым айқын сезіндім.

Бұл - орасан бақыт. Бұдан өзге маған ештеңе қажет емес. Бойдағы қуат, білік пен тәжірибе мүмкіндік берсе, мен халқым жүктеген қастерлі міндетті орындау мақсатында әлі де қажымай қызмет ете беремін.

Ең бастысы - күрделі кезеңде биліктің бастамаларын халықтың қапысыз түсінуі мен оны қалтқысыз қолдауы. Мысалы, жаһандық қаржы дағдарысынан біз жаңа идеялар арқылы тың жоспарлар жасап, шынығып шығып келеміз.

Қымбатты отандастар!

Тек тұрақты және гүлденген ел ғана өзге мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың жауапкершілігі мол лайықты серіктесі бола алады. Біз осыған қол жеткіздік.

Қазір біз 2020 жылға дейінгі дамудың Стратегиялық жоспарын және Қазақстанның инновациялық-технологиялық дамуының Бағдарламасын жүзеге асыруға кірістік. Елді индустриалаудың Картасы әзірленді.

Жалпы алғанда, экономиканы технологиямен жабдықтандырып, оны инновациалық дамудың арнасына бағыттау, сапалы жаңа өндіріс орындары мен ғылыми орталықтар ашу, адам мүмкіншілігінің сапасын көтеру сияқты ұланғайыр міндеттер белгіленді.

Ойға алған істердің барлығының орындаларына менің сенімім кәміл. Алайда, тек тұрақты елде ғана азаматтардың тең құқық пен мүмкіншілікпен, лайықты жұмыспен, әрбір отбасының молшылық және жарқын болашақпен қамтамасыз етіле алатынын есте сақтаған абзал.

Біз сондықтан жақсылыққа бел алған дәуірге деген халықтың сенімі нығая түсуі үшін бәрін жасауға тиіспіз.

Біз бірге осылай жұмыла түссек, кез келген қиындықты еңсеретінімізге кәміл сенемін.

Мен қоғамдық пікірде берік қалыптасқан «Ел Басы» мәртебесін заңдастыру туралы Парламенттің шешімін түсіністікпен қабылдаймын.

Әлеуметтік зерттеулер бүгінде Қазақстан халқының басым көпшілігі осы идеяны қолдайтынын көрсетіп берді. Сондықтан, мен еңбегімді бағалап, қолдау білдіргендерді үшін қазақстандықтарға шынайы алғысымды білдіремін.

Сонымен қатар, мен Ел Басы мәртебесін тек заңдармен немесе өзге де құқықтық актілермен белгілеуге болмайды деп есептеймін.

Мемлекет басшысына қосымша өкілеттіктер беру туралы мұндай тәжірибелер әлемдік қолданыста аз емес.

Біздің таяудағы тарихымызда мұндай жағдай бұрын болған, мен онда реформаларды пәрменді жүргізу үшін қосымша өкілеттіктер сұраған едім. Ол уақытта бұл біздің еліміздің посткеңестік кезеңдегі күйзелістен шығуында шешуші фактор болды.

Егер болашақта елдің дамуы мен азаматтардың қауіпсіздігіне, мемлекеттің тұтастығы мен ұлттың мүддесіне қатер төндіретін алмағайып заман туса, мен қосымша өкілеттіктер сұраймын және бұлтартпас тұжырым арқылы халықтың қолдауына толық ие боларыма күмәнім жоқ.

Баршаңыз білесіздер, маған қарата айтылған барлық мадаққа, менің жеке тұлғамды айрықша ұлықтайтын ұсыныстарға мен үзілді-кесілді тыйым салып келемін. Мен ісбасындағы Президент ретінде осы мәселе төңірегіндегі теңгеге бейне таңбалау, түрлі атақтар сияқты бекершілікке әрдайым қарсы болдым.

Мен әрқашан түрлі мақтау мен мадақтан биік тұруға тырысамын және осы ұстанымымда қала беремін.

Президенттің ар-намысын және дербес құқығын қорғау туралы ұсынылып отырған мәселе жөнінде. Бұлар ел Конституциясында, Президент, Тұңғыш Президент туралы заңдар мен өзге де заңнамалық актілерде шешімін тапқан.

Менің отбасым туралы. Олар, өзге азаматтар сияқты таңдаған мамандықтары бойынша еңбек етуге немесе қоғамдық-саяси қызметтер атқаруға және кәсіпкерлікпен айналысуға құқылы.

Сонымен қатар, барша қазақстандықтар сияқты, ел азаматтарын теңестіретін бұлжымас Заңға бағынуы тиіс.

Бұрынғы күйеубалам, үш немеремнің әкесі Р.Әлиевтің шектен шығу арқылы тек өз отбасын, балаларын, мені ғана емес, тұтас елді сатып кетуі - маған және менің отбасыма орасан қасірет болды.

Бұл жағдайды мен және туыстарым қайыспай қарсы алып, оған шығарылған соттың шешімін әділ үкім ретінде қабылдадық. Басқаша болуы мүмкін емес еді. Бұл тек менің жақындарыма ғана емес, мемлекетіміздегі билік басында жүрген барша азаматтар үшін қатаң сабақ болды.

Тәуелсіздік жылдары біз сіздермен бірге өркениетті әлемнің өлшемі мен дәстүрлеріне сәйкес еркін, зайырлы, құқықтық мемлекет құрудамыз.

Біз осы жолда қол жеткізген табыстарымыз арқылы жетекші халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдардың зор құрметіне ие болдық.

Баршаңыз білесіздер, Қазақстан Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық Ұйымының іс басындағы Төрағасы әрі өңірлік бірқатар ұйымдарға басшылық жасауда.

Біз осы сенімнің үдесінен шығып, абыройлы міндетті лайықты атқаруға тиіспіз.

Жоғарыда айтылған жайттарға байланысты, құрметті Сенат және Мәжіліс депутаттары, маған жіберілген заңдарға қол қоюдан бас тарту жөніндегі ұстанымымды дұрыс түсінулеріңізді өтінемін.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев

 

0 пікір