Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6989 1 пікір 3 Маусым, 2010 сағат 08:04

Маржан Ершу. "Ерік Құрманғалиев"

Кең Жылыойдың баласы

Вокал өнеріндегі ерекше құбылыс - Ерік Құрманғалиев  айрықша  тағдыр кешкен әнші. Оның әншілік тұлғасы күллі әлемнің алдында теңдесі жоқ даралық. Тілі басқа, дәстүрі бөлек алты құрлықтың адамдары оған,  оның әншілік өнеріне табына әрі таңдана қарады. Ерік бір ғана халықтың перзенті болса да, оның әншілік миссиясы отанынан шығып, таулардан асып, мұхиттардан өтіп, бүкіл әлемнің алабын аралап кетті, атағы шартарапқа жайылды.

Кең Жылыойдың баласы

Вокал өнеріндегі ерекше құбылыс - Ерік Құрманғалиев  айрықша  тағдыр кешкен әнші. Оның әншілік тұлғасы күллі әлемнің алдында теңдесі жоқ даралық. Тілі басқа, дәстүрі бөлек алты құрлықтың адамдары оған,  оның әншілік өнеріне табына әрі таңдана қарады. Ерік бір ғана халықтың перзенті болса да, оның әншілік миссиясы отанынан шығып, таулардан асып, мұхиттардан өтіп, бүкіл әлемнің алабын аралап кетті, атағы шартарапқа жайылды.

Бүкіл адамзатқа үлкен ән мұрасын қалдырған Ерік Құрманғалив кім еді? Ол 1959 жылы 31 желтоқсанда  Атырау облысының  Жылыой ауданында, Құлсары кентінде  дәрігерлер отбасында дүниеге келген. Әкесі - Сәлім  хирург, анасы- Меруерт балалар дәрігері болды. Еріктің кішкентай кезінде олар жұмыс бабымен Атырау қаласына көшті. Анасы  мінезі жұмсақ, жаны нәзік адам болыпты. Анасының осы қасиеті Еріктің бойына қонды. Ол бала кезінде көкте қалықтай ұшқан құстардың дауысына құмартты.  Құстар табиғаттың әншілері еді. Сосын оған мултьфильмнен гөрі, теледидар,  радиодан берілетін  концерттер өте қатты ұнайтын. Жас балаға Ольга Воронец, Людмила Зыкина репертурарындағы  әндер ерекше әсер етеді. Сол кездің өзінде мектептегі әнші бала жіңішке альт дауысымен атақты әнші апалардың әнін орындаған. 12  жасқа толғанда классикалық музыкаға  аңсары ауады. Еріктің өзі де, ата-анасы да, Киров атындағы мектебінің мұғалімдері де  оның табиғат сыйлаған  таңғажайып дауысы бар екенін білмейді. Ежелгі  Италияда  XVII-XVIII ғасырларда мұндай ғажайып жіңішке дауысты ұл баланың әсем дауысын мәңгілікке сақтау үшін  жантүршігерлік  кастрат әдісімен болашағын құрбандыққа шалатынын  да білмейтін еді. Ал жаратқан берген сұлу дауыс жыныс гормондарына байланысты  емес,  дауыс аппараттарының ерекшелігінен екені ғылымда дәлелденген.

Ерік ән айтуды жан-тәнімен сүйді. Бұл қылығы үшін  әкесінен талай рет таяқ та жеді. Әкесі Сәлім ұлының әнші болғанын, әнге құмартқанын ұнатпады. Бұл жайында даңқты әншінің өзі де сұхбатында айтады. Әкесінің мезгілсіз қазасы жас баланың жанын жаралайды. Ол жанына жұбанышты анасының жылы сөздері мен классикалық  музыкадан табады. Ерік мектеп бітірген соң, Алматыға, Құрманғазы атындағы  консерваторияның дайындық бөліміне оқуға түседі. Әйел дауысты ер әншінің классикалық  туындыларды орындау шеберлігі, оның вокалдық  өнері  консерваториядағы ұстаздар қауымы мен музыка  мамандарын таң қалдырады. Ерік сол кезде  табиғат сыйлаған  сирек дауысқа ие екендігін  түсінеді. Опера - қазақ табиғатында жоқ өнер. Оның үстіне  биік жіңішке дауысты ер әншінің аяқ астынан пайда болуы «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықтының " керіндей болады. Бұл  көзқарас  жас жігітті мұңайтады, қамықтырады. «Консерватория  ректоры Ғазиза Ахметқызы жас жігіттің тым бөлек дауысын тыңдап жүріп, бір күні өзіне шақырып алады да: «Шырағым, сенің дауысыңмен жұмыс істейтін педагог  бізде жоқ, мұнда дауысың  өзгеріп кетеді, сен Мәскеу консерваториясына  барып түс, сонда ғана бір кісі бар» деп кеңес береді»  деп жазады  Сауытбек Абдрахманов « Елдік сыны» кітабында.  Сөйтіп,  тумысынан ерік-жігері мықты Ерік  Мәскеуге жол тартады.  Гнесиндер атындағы музыкалық  институтқа құжат   тапсырады. Қабылдау емтиханында ол «Орлеан бикеші» ариясын орындайды. Қазақ баласының көкке шаншылған  альт дауысы (контртенордан да биік ) тыңдаушыларды қиын да қызық халге түсіреді. Таңғалу! Тағы да таңғалу! Әр сынақтан қабылдау емтиханын тапсыру үш-төрт сағатқа созылса да, өнерпаз жастың жүзінде шаршау мен қобалжудың  еш белгісі сезілмейді. Оған бейнебір аңызда айтылатындай сиқырлы қанат біткендей! Жігерлі!  Шырқаған сайын  қараторы көрікті келбеті нұрлана түсіп, жанған оттай  ұшқын атқан үлкен қара көздері жан-жағына жалын шаша қарайды. Ол институтқа  қабылданады. Сахнадағы дебюті Д. Шостакович  атындағы филармонияның  Үлкен залында Дж. Перголезидің «Stabat  Mater» кантатасын (партия альт) орындауымен басталады. Бірақ  1-курстың соңында "Ғылыми коммунизм" пәнінен  сынақ тапсыра алмай, оқудан шығарылады да, әскер қатарына шақырылады. Онда, полк оркестрінде  бас барабаншы болады. Әскер  уақыты аяқталған сон оқуына  оралады. Ерік Мәскеуде оқып жүргенінде ағасы жол апатынан, анасы ауырып қайтыс болады. Жас әншінің халі «Құлаған үйде құламай қалған мұржадай, бір қауым жанның орынын сипап мен қалдым» деп  Меңдекеш  Сатыбалдиев жырлағандай ауыр да, аянышты хал еді. Атақты әншінің өнер жолы, өмір жолы осылайша "тар жол, тайғақ кешумен" басталады.

 

Алла  Пугачевамен дуэт...

80-жылдардың іші.  2-курста Ерік жақын құрбысы Елена Шароева  екеуі дуэт айтуға оқталады да, қай жерге вокалистер керек екенін білмек болып, Мәскеуді шарлайды. Бұл кезде белгілі дирижер Валерий Полянский  композитор Альфред Шниткенің жаңа шығармасына  Чайковский атындағы концерт залында репетиция жасап жатқан шағы еді. А. Шнитке бұл жаңа шығармасын Би-би-Сидің  тапсырысымен жазған болатын. Композитор шығармасын жазғанмен Кеңес одағында  контр-альтпен  орындайтын әншіні табу мүмкін емес екенін  білетін еді. «Мені тыңдаған кезде, - дейді бір  сұхбатында  Ерік Құрманғалиев, - Альфред Шнитке таңғалғанын жасыра алмады. Содан соң біз тығыз шығармашылық байланыста болдық». Тамаша туынды сахнада орындалғаннан кейін мэтр Ерік пен Алла Пугачеваға арнап «Доктор Фауст» кантатасын жазады. Ерік ол кезде жәй студент болса, Алла Пугачева атағы дүркіреп тұрған жұлдыз еді. Бұл дуэтті жоғары жақтағылар қаламайды. Түрлі себеп-сылтаулар, қызғанышқа толы өсек-аяңдар Ерік  Құрманғалиевтың  жолын бөгейді. Ақырында «жеңіл әуенді эстрада әншісінің опера театрында ән салуы жарасымсыз» деген сылтаумен, Үлкен театрдың солисткасы Раиса  Котова Алла Пугачеваның орнын басады.

Ерік 2-курстан бастап  алғашқы гастрольдік сапарларға шығып, Кеңес одағының барлық қалаларында концерттерін бере бастайды.

 

 

ФЕНОМЕН

Еңбекқор, ізденгіш жас талант Мәскеу музыка   институтын бітірген соң  білімін П.И.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясының  аспирантурасында жалғастырады. Профессорлар  Н. Дорлиак, Л.Бьенер, А.Рейнольде, Ф. Кертин, Р.Кейселли сияқты білікті музыка мамандарынан мастер-класс сабағын алады. Оқи жүріп филармонияда, Стас Наминның  музыкалық орталығында  жұмыс істейді. 1987 жылы Хертогенбошеде                            (Нидерландия) өткен жас орындаушылардың халықаралық  конкурсында топ жарып, лауреат атанады. 1988 жылы Бостонда өткен халықаралық  музыка  фестивалінде «Феномен» деп танылып, атағы әлемге жайылады. Вокал өнеріндегі ерекше құбылыс ретінде  Гиннесс  кітабына енеді және оны атын аңызға айналған итальяндық  әнші  әйел Федора Барбьиеримен қатар қойып  дәріптейді. Ф Барбьиери 1940 жылы алғаш рет Италияның опера сахнасына шығып, ғажайып (меццо-сопрано-контральто) дауысымен миллиондаған халықтың жүрегін жаулап алып, бірден  өнердегі   табыстың   шырқау биіктігіне көтеріледі.

1992  жылы американ драматургы Г. Хванганың  «М. Баттерфляй» атты спектаклі Р. Виктюктің қоюында  Мәскеу сахнасына шығады.  «М. Баттерфляй» спектаклінің кысқаша мазмұны адам сенгісіз күлкілі әрі әжуаға толы ғажайып оқиға. Француз дипломаты қытайдың опера әншісіне  ғашық болып,  үйленеді. Он жеті жыл отбасылық өмірден соң, шындық ашылады. Опера әншісі деп жүргені әнші емес, шпион екен. Әйел деп жүргені әйел емес, еркек екен. Саясатты шоу-бизнеске айналдырудың әдісі іспеттес бұл музыкалық қойылым  әлемде үлкен  резонанс   туғызады.  Шпион Сонг Линингтің ролін шеберлікпен сомдағаны үшін Е.Құрманғалиевты Батыс «жылдың үздік актері» деп атаса, Ресей оған гей қоғамдастығының культ-статусын берді. Осы рөлі оны аса танымал адамдардың қатарына қосты. Жыл сайын Ригада өтетін Святослав Рихтердің «Декабрьские вечера» халықаралық фестивалінің құрметті қонағы, тұрақты қатысушысы болып шақырылады.. Р. Виктюк қойған «М. Баттерфляй» спектаклі елге аты мәшһүр болса да, актер Ерік Құрманғалиевтің өзіне аса  ұнамағанға ұқсайды. «М. Нүкте. Баттерфляй».  М кім? Әйел ме? Еркек пе? Сахнаға сұлу, қылықты шығыс аруының  рөлін табиғи түрде, шеберлікпен сомдап шыққан актер Мәскеу басылымдарының біріне берген сұхбатында былай деп ағынан жарылған екен: «Бұл спектакльге екі ай бойы  көндірді. Әуелде келіспеп едім. Мұндай шоуға қатысқанымша жеке концерт бергенім жақсы еді. Кейін ол рөлден бас тарттым.  Мен кетіп қалдым.  Бұдан былай   «М. Баттерфляй» да  сахнадан кетер  деп ойлағам. Режиссер менің орныма бір контртенор жас жігітті тауыпты. Ол өзі микрофонмен айтады! Сондай жиіркенішті! Білесіз бе, бұл « М. Баттерфляй»  жарты жыл гастрольмен  жер-жерді аралап шығыпты. Афишасында  менің аты-жөнім  айшықталып жазылған. Мен мұндай сорақылықтан соң Виктюкпен араласпай кеттім».  Бұл сөздерінен Ерік Құрманғалиевтың өр мінезін, өнерге  адалдығын, тазалығын көреміз. Әнші туралы шетелдік басылымдар кезінде былай деп те жазған екен: «Кеңес Одағында  атақты әрі бай адамдардың рейтингі жоқ. Егер бар болған болса, сөз жоқ Ерік Құрманғалиев  ондыққа кірер еді».

Ол 1998 жылы Пьер Карденмен танысады. Еріктің ән таспаларын тыңдап, концерттерінде құрметпен қол соғып жүрген атақты кутюрье оны Парижге, өзінің театрына шақырып, Францияда  концерт беруге  қөмектеседі. Әлемнің қай қиырында  да таңғажайып талант  құрмет-қошеметке бөленіп жүрді. Жер бетінде неше түрлі адам  болса, сонша түрлі талғам, мінез бар. Біреулер «Ерік Құрманғалиев табиғаттың қателігі» деп өкініш білдірсе, біреулері «Ерік Құрманғалиев - чудо! Таңғажайып құбылыс!» деп табынған, таңғалған сезімдерін жасыра алмады. «Сен кімсің, осы?» деп жағасына жармасып, кім екендігін  дәлелдеуін талап еткендер де болды. Қазанынан асып төгілген  табынулар мен таңғалулар, мақтау мен марапаттар, даттау мен дарақылықтар  жаны нәзік, сезімтал әншінің жанын күйзелтті, шаршатты. Қара барқыт шаштары иығына төгілген, үлкен қара көздері түнгі оттардай жарқылдаған, қиғаштау қалың қара қастары туған айдай көркем, кыр мұрыны мен қаймақтай ерні әсем тұлғасына жараса қалған әншіге Жаратқан берген әсем, нәзік дауыс қосылған кезде, сахнада ол- хас сұлулықтың өзіндей еді! Оған әйелдер қауымы түгілі, еркектер де кызыга қарағандай. Ерік Құрманғалиев әлемнің көптеген  елінде ең таңдаулы оркестрлердің  сүйемелдеуімен, жоғарғы дәрежелі дирижерлердің алқауымен  Гендель, Бах, Глинка, Вивальди, Пуччини, Мейербер, Франка, Керубини, Мейербер, Дж. Россини, Люцци,  Бизе, Верди, Каччини, Штраус, Шнитке, Шуберт, Чайковский, Рахманинов, Римский-Корсаков, т.б. композиторлардың операларындағы арияларды орындады.

КСРО- дағы  №1       контртенор Ерік Құрманғалиев сахнаға шыққаннан  кейін кеңестік вокалдық педагогика ойлана бастайды. Жынысы ер әнші қалайша әйелдің (альт немесе меццо-сопрано)  жіңішке дауысымен шырқай алады? Демек шырқауға болады екен. Онда бұл вокалдың педагогикалық, методикалық әдіс-тәсілдерін зерттеп, оқу процесіне енгізіп, контртенорларды тәрбиелеу керек деп шешеді. 2005 жылы Ерік Құрманғалиев контртенорлар Олег Безинский, Олег Рябец, Сергей Ерег, Рустам Яваевпен бірге Владимир Решетовтың «Фариннелиден ұрлау» спектакль-пастиччосына  қатысады. Ұлты  украин контртенор Олег Рябец (ер дауысты сопрано) «Лейбл Марминский» басылымына берген сұхбатында: «Мен Батыстың әншілеріне таңғалмаймын. Олардың көбісінің дауысы компьютермен өңделген. Таза дауыс жоқ деуге болады. Шынымды айтсам, Ерік Құрманғалиевтың ғажайып дауысына тәнтімін. Құрманғалиевтың дауысындай   дауыс ешкімде жоқ! Дауыс-бұл тембр, дыбыс. Егер табиғат берген   дауысың болмаса, техникадан дауыс жасап керегі не?! Мүмкін кастраттар әлі де бар шығар. Мен естігем, Италияда кастрацияны  әлі де жасайды дегенді» - деп ағынан жарылады. Халық қашан да таланттарды жоғары бағалаған ғой. Өнер адамына жылы сөз, шынайы ілтипат керек екенін сезінген украиндар контртенорға: «Сен таланттысың! Әлемдегі саусақпен санарлықтай контртенорлардың бірісің! Біз сені бар кемшілігіңмен жақсы көреміз, құрмет тұтамыз. Сенің өмірің контртенор қазақ Ерік Құрманғалиевтың өміріндей қиын болмаса екен деп тілейміз» деп хат жазады екен.

1722 жылдан бастап Римде ән шырқаған, аты аңызға айналған, кастрат  әнші Фаринелли  ( шын есімі Карло Броски) нәзік, жұмсақ дауысымен ән шырқағанда  оны  тыңдағандар  қорғасындай балқып, тебіреніп,толқып, көздеріне жас толып,  егіліп жылап,  кейбірі   есінен танып,   ерекше күйге түседі екен. Фаринеллидің  дауысына табынушылар өте көп болған. Испания  королі V Филипп депрессия ауруынан азап шеккенде дәрігерлер дауасын таба алмай қиналады.  Сонда Фаринеллидің  әнін естіген король ауруынан сауықкан деседі.

Тарихта  қызықты оқиғалар, таңданарлық сәттер өте көп. Мысалы: Александр Македонский кастрат-ұлдар хорының  нәзік дауысын естігеннен кейін қаланы қиратпауға  бұйрық берген. Кардинал Ришелье итальяндық кастрат-әншілерді  сарайына арнайы  шақырып, мейірлене тыңдаған. XVII ғасырдың ортасында католиктер қауымы Алексей Михайлович патшаға кастрат-әншілерді сыйға тартқан.  Бұл әншілердің кастрат екенін білген патша ашуланып, бұл сыйды кері қайтарып жібереді.  Тарих кастраттардың тамырына балта шапқан  Наполеон деп біледі.  Италияның біраз аумағы Наполеонның қол астында болғанда, француздар  кастрация жасаушыларды қудалайды. 1887 жылы Рим папасының бұйрығымен кастрация тоқтатылады.  Сол замандағы музыканы құрметтеушілер  Наполеонды ұлы опералық мектепті құртушы  деп санады. ХVIII ғасырда кастраттар  сәннен кетті,сахнадан кетті.  Сахнадан кеткенмен католиктер шіркеуінде әндерін шырқай берді.  Сикстин капелласында ән шырқаған әлемдегі ең соңғы кастрат -сопрано Алессандро Морески 1913 жылы ән шырқауын тоқтатып, 1922 жылы қайтыс болды.Ол өлгеннен кейін бұл вокалдык дәстүр құрыды. XX ғасырдын басына дейін кастраттар туралы ашық айтылған жоқ, оларды "сопраношылар" деп атады Қазіргі уакытта "фаринелли" ізіндегілерді операция үстелінде емес, консерваторияларда  дайындайды. Оларды контртенорлар деп атайды. Контртенорлар - жіңішке биік дауысты ер әншілер. Контртенорлардың кастраттардан айырмашылығы олар табиғат берген сұлу дауысқа ие және екі дауыста да ( ер, әйел ) шырқай алатын шеберлер. Ерік  соның бірі емес, бірегейі еді.

 

ҚОС ҚҰРМАНҒАЛИЕВ

Ән әлемінде қос Құрманғалиев бар. Ерік Құрманғалиев опера әншісі болса, Ғарифолла Құрманғалиев  дәстүрлі әнші. Қос Кұрманғалиев та  Қазақстанның Батыс өлкесінде дүниеге келген. Ғарекең Орал облысының, Ерік Атырау облысынын түлегі. Олардын тегі-фамилиялары бірдей болғанмен, туысқандық жақындықтары жоқ. Төрт жасында әкесінен, он  жасында анасынан айрылып, жастай жетім қалып, жетімдік пен жоқшылықтың зардабын кешкен Ғарифолла әкесінің інілерінің қолында ержетеді.  Бір күні Мұхиттың жанында ұзақ жүріп, әндерін өз ауызынан үйренген Шынтас әнші Божан деген  жерде үлкен той болып, соған келеді. Шәй ішіп болған соң Шынтас далаға шықса құлағына жас баланың бозторғайдай шырылдап шырқаған дауысы келеді. "Мына баланың дауысының  ғажабын-ай! Кім екен? Көрейінші», - деп баланы алдыртады. Ғарекең  ол кезде 12-13 жастағы бала екен. Әнін тыңдап риза болған  Шынтас батасын береді. Сол тойда әнші бала ат жарысына қатысып,  астындағы аты мәреге бірінші боп жетеді. Cол кездегі салт бойынша ат мәреге жакындағанда арқаннан руының ұранын айқайлап  айтып  өту керек екен. Жас баланың руы - алаша, ұраны -байбарақ екен, аттың  желігі ме, әлде балалығы ма, әнші  бала "Айнамкөз" деп ән салып өткен дейді.   Ғ. Құрманғалиев 1934 жылы өнер сахнасына шыққанда, «Оған дауыс қоюдың қажеті жоқ, өзіндік даусы қойылған. Жәй әнші емес, профессионал» деп баға берілген екен.

Қазақ сахнасында опера қоюды алғаш қолға алынғанда, Ғ. Құрманғалиев те қатысып, арияларды орындаған. «Бірде кезекті репетиция кезінде, -  деп жазады Қанабек Байсейітов -  Ғарекең дауысын шырқау биікке көтеріп шырқай жөнелді. Шошып кеттік! Жүгіріп барып күйсандықтан қарасақ, ер адамдар бара бермейтін жоғары дауысты алып тұр екен».  Өнер зерттеуші Бөрібай Кәртеннің  жазуынша, 40-жылдардың аяғында Италиядан музыка зерттеушілері келеді.  Мақсат - қазақ әншілерін тыңдау. Содан Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғаливты  тыңдай келіп, Ғарекеңің  дауысына таңқалысады. « Әйелдік дауыстардың ең жоғары денгейіне жететін ер адамның  дауысын бұрын-соңды кездестірмедік» деп, дауысын жазып алып кетеді. Кейінірек  ағылшын зерттеушілері де Ғарифолла Құрманғалиевтың  дауысына таңдай қағысады. Атақты әнші Кәукен Кенжетаев та: «Ғарекең жоғары дауысын биікке көтере шырқағанда  кейде әйелдердің бақшасына да кіріп кететін», -  деп жазғаны бар.

Ғарекең   бірде шетелге гастрольге  барғанда  қара домбырасын алып,  ән салуға сахнаға шықса ер адамдар залға, ал әйелдер  қауымы балконға орналасыпты. Ғарекең сонда балкондағы  әйелдерге басын изеп, көзін ойнақшытып, қасын керіп, иегін көтеріп әуелетіп әнге салады. Залдағы ерлер қауымы «Сахарадан келген бұл әнші қазақ менің әйелімді қайдан біледі?», «Көзін менің әйеліме қысып отырған жоқ па екен?» деп мойындарын балконға қайта-қайта бұрып, көздерімен әйелдерін  іздеумен болады. Қазақ әншісінің  рыцарлық мінезіне риза болған балкондағы әйелдер қауымы әншіге ризашылық білдіріп, үздіксіз қол шапалақтаумен болады. Ғарекеңнің бұл әрекеті жауапсыз қалған жоқ. «Сахнада неге мұндай әрекетке бардың ?» деген сұрауға, Ғарекең: «Әйелдерді еркектен бөліп қарауға бола ма екен?  Екеуі де адамның баласы ғой. Жаутаңдатып балконға отырғызып қойған әйелдерді аяп кеттім. Бұл  менің               «саяси қарсылығым ғой» деп әзілмен жауап берген екен.

Табиғат сыйлаған кең дауыс, ғажайып дыбыс бояуы, рух биіктігі, өрелі жанға ғана қонатын өнердің киесі де ата-бабамыздың тамыр жайған топырағында жатыр десек,  қос Құрманғалиевтың да талантының  қасиетін  туған топырағынан іздеген ләзім. Бір кездері  кішкентай әнші бала  Еріктің қолына қара домбыра ұстатып, дәстүрлі ән өнеріне баулитын білікті ұстаз жолықса оның  болашағы басқаша қалыптасар ма еді, кім біледі?!  Ғажайып дауысты дәстүрлі әнші болар ма еді?!

 

« ВОКАЛДЫ ПАРАЛЛЕЛЬДЕР»;  сынақ па, сұрақ па...

Ресейлік режиссер Рустам Хамдамовтың " Қазақфильм" киностудиясында

түсірген "Вокалды параллельдер " атты музыкалық көркем фильмі 2006 жылы Еуразия кинофестивалі аясында көрсетілді. Көрсетілген күннен бастап бұл фильм қазақ жұртшылығының ашық сынына ілікті. Музыкалық фильмде    Бибігүл Төлегенова, Роза Жаманованың дорба асынған диуанадай алба-жұлба киініп алып, тоқты-торпақтың алдында концерт койып жүргені, ал Ерік Құрманғалиевтың әйелше киініп, боянып, сыланып ерке бикештей бұлаңдап жүріп ән салатыны  өнерсүйер қауымның жиіркенішін  туғызды. Бұл жөнінде сол кезде дауыс көтеріп жазған қазақ журналистері де болды. Ерік Құрманғалиевке қазақ журналистері тарапынан "Фильм көңіліңізден шықты ма?"деген ащылау сұрақ та қойылған. Сонда әнші қинала отырып; " Біздің кино түсіру өнерінің кемшін тұсын осы жерде айтып кетуге болады. Батыста егер артис  киноға шақырылған болса, ол өзінің талаптарын толығымен айта алады. Менің фильмге түскім келмейді. Өзіңіз ойлап көріңізші, киноның өзі күмәнді өнер емес пе?!» -  деп екіұштылау жауап берген. Ал "Московский комсомолец" газетінің тілшісіне берген сұхбатында: «Мен опера әншісімін. Мен классикалық музыка тақырыбында  ғана әңгімелескенді ұнатамын. Маған "М. Баттерфляй" да, " Вокалды параллельдер" де қызық емес "деген.

«Вокалды параллельдер» фильм-концертінің режиссері, Ташкенттің тумасы Рустам Хамдамов 1992 жылы Франция президенті Жак Ширактың грантын иемденеді. Біраз жыл Парижде тұрады. Суретші, сценарист, эстет, музыка зерттеуші, кинорежиссер Рустам Хамдамов Милан, Париж, Нью-Йорктің танымал Сән үйлерінде және зергерлік асыл тастарды жобалаушы қызметтерін атқарып, шетелдік мәдениет сыншыларының жоғары бағасына ие болады. Италия мен Францияда танымал болғанмен Ресейде танымалдығы жоқ   кинорежиссер Б. Төлегенова, Р. Жамановамен бірге Ерікті де киносына түсуге шақырады. Өз фильмі  туралы Р. Хамдамов ресейлік , шетелдік басылымдарға берген сұхбаттарында мынадай пікірін білдіреді. «Түсініксіздеу болғанмен фильмнің айтары бар. Таланттардың орны биікте. Олардың орны бұл жерде емес. Фильмнің финалында Б.Төлегенова мен Е. Құрманғалив «Қарғаның мәткесі» операсынан Полина мен Лизаның  романсын орындайды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі самолетке отырып. Көздерінде үлкен пилоттық көзәйнек бар. Бұл сюрреалистік картинаны логикалық тұрғыдан ойлай бастайсың. Ғажайып музыканы тыңдайсың. Бұл фильмде Ерік өзіне пародия жасаған жоқ. Көйлегі, туфлиі өзіне жарасып тұрды». Ал Ерік Құрманғалиевтің өзі   сахна, экранда сомдаған әйелдер образы туралы былай дейді: « Нағыз әйелдің қандай болатынын еркектер ғана біледі. Өйткені, әр еркектің қиялында бір идеал әйел тұрады емес пе?! Өнерде әйел, еркек деп жынысқа бөлінбейді. Өнердің -аты өнер!»

«Вокалды параллельдердің» сценарий авторы әрі актриса Рената Литвинова РИА  -ға берген сұхбатында  Ерік туралы былай дейді; « Ерік болмысынан өте тәкаппар, өте шынайы. Жасандылық оған жат мінез болатын. Қанша қиыншылық көрсе де күйзелуді, күйреуді білмейтін, от сияқты жанып тұрған жігіт еді. Сондай мықты бола тұра ол жас баладай қорғансыз болатын. Өйткені, онда  арқасүйер шын жанашыр ешқашан  болған емес».

"Кеңес Одағының бір артықшылығы - ол кезде сахнаға тек таланттар шығатын. Ал қазір ақшасы бардың бәрі сахнада ойнақтап жүр"-деп мәскеулік басылымға берген  сұхбатында  ашына сөйлеген Еріктің  бұл сөзінен  оның  сыншыл,  тәкаппар талант екенін танығандаймыз .

Ерік Құрманғалиевтың атақ-даңқын, таңғажайып дауысын, көрікті келбетін көре алмайтын күншіл, қызғаншақ, іші тар топтар да оның маңайында толып жүрді. Бір жылдары мәскеулік  сарыжағал басылымда сенсация дерлік  жаңалық жазылды. "Аты аңызға айналған биші Рудольф  Нуреев Ерік Құрманғалиевтың әлемдік музыка тарихына енетін ерекше құбылыс екендігін айтып, Ерік жайында кітап жазуды аманаттаған екен" деген орыстілді өзі шетелдік біреу қызыл-жасыл хабар таратып жіберді. Бұған Ерік Құрманғалиев баспасөз  арқылы: " Мен өмірімде атақты биші Рудольф Нуреевпен таныс болған емеспін. Бұл - біреудің атақ-даңқының арқасында  танымал не ақшалы болғысы келетіндердің ісі!"  - деп жауап берген екен. Мәскеу басылымның тілшісі оған: «Сіз туралы өсек көп. Ерік Құрманғалиев жынысын ауыстырып, әйел бейнесінде өмір сүреді екен-мыс» деп айтады . Бұған не дейсіз?»  дегенде әнші:  « Аттарын атамай-ақ қояйын, мен  институтта оқып жүргенімде ,  әнші әйелдер менің сыртымнан үнемі "буржуазиялық өнердің қалдығы Е. Құрманғалиев - күмәнді адам. Оны өнерден аластату керек" деп арыз айтып, жазып жүретін. Әлі де солай. «Өзімнің әйелдігім» туралы сіз айтқандай  өсектерді естігенімде, қарқылдап күлдім. Енді қайтем?! Әйел құсап жылауым керек пе? Бұндай өсек-аяң өнерлілердің арасынан шығып жатқан жоқ па өзі.?!.. Мені қалай кабылдасаңыздар, мен сондаймын , бұл менің табиғи болмысым " - деген екен .

Сахнада  және экранда сомдаған екі бейнесі - әйелдер бейнесі оның кәсіби актер-артист екендігін  дәлелдей түсетіндей.  Ал өмірдегі  Еріктің бұл сахналық бейнелермен жан дүниесі еш қабыспайтынын оның берген сұхбаттарынан, пікір айтқан адамдар сөзінен байқауға болады.

Сонымен не дейміз?    "Вокалды параллельдер" фильм-концерті сынақ па, сұрақ па? Бұл сұрақтың жауабын кинорежиссер Р. Хамдамовтың өзі білмесе қазақ көрермендері біле алмай дал.  Осы бізде олақ пішілген көйлектің етек-жеңіндей олпы-солпы, көрер көзге тартымсыз, түсініксіз кинолар көп емес пе? "Вокалды параллельдерді " де солардың қатарында деп ойлағанымыз жөн болар...

 

СИРЕК ДАУЫС

Ерік Құрманғалиев Кеңестер Одағындағы алғашқы контртенор болды. Кеңес Одағында бұл қалыптан тыс жағдай деп есептелді, ал бәрібір Ресей үшін биік мәртебе болып саналды. Ерік Құрманғалиев туралы ресейліктер "Дауыс",   "Альттің оянуы", "Сәлім-Меруерт" атты деректі фильмдер түсірді. "Аты аңызға айналған адам" деп дәріптеді.

"Мен табиғатымнан космополит әншімін. Маған жер шарының қай қиыры да жат емес. Ешқандай діни ұстанымым жоқ», - дейді  ол "Московский комсомолец" газетіне 2006 жылы  берген сұхбатында. Космополит әнші 2002 жылы Мәскеу консерваториясының Үлкен залында жеке концерт берді. Бұдан соң әнші ата-анасының құрметіне "Сәлім-Меруерт" деген сахналық атпен көріне бастады. Қазақстанда жеке концерт өткізбесе де, түрлі шараларға байланысты ұйымдастырылған концерттерге қатысып жүрді. Сондай бір сәтінде (2006жылы) жас журналист, "Айқын" газетінің тілшісі Мақпал Қаратайқызы оны Алматыда, бір  концертте ұшырастырып  сұхбат алады. Алғашқы сұрағын орысша қойса, даңқты әнші: "Алматыға келгенде қазақтарға қазақша сөйлесем олар маған орыс тілінде жауап береді", - деп ренжи тіл қатады. "Сіз қаншама жыл шетелде болдыңыз? Ана тіліңізді ұмытпай жүргеніңізге таңым бар!», -  деп таңырқаған тілші сұрағына: " Қазақ тілін ұмытсам, менің   қандай қазақ болғаным? Менің қаным қазақ емес пе? Мен тіпті қазақ тілінде ойланам ғой", - деп қуана жауап берген. "Сіз ауылды, туған жеріңізді  қатты сағынып жүрсіз-ау деймін" деген деген тілші  сұрағына орай:" Сұрамаңыз! Өте қатты сағындым! Ауылда тіпті керемет қой! Бота боздап, қой қоздап жамырап жатады. Қазақтар соғым сойып, табақтап ет жеп, ашық жарқын әңгімелесіп, жарқылдап отырады. Ғажап картина ғой! Сол қартинаның ішінде сен де жүрсең ғой. Тіпті ғажап! Ал мына суретті көз алдыңызға елестетіңізші. Күн қақ төбеден шақырайып тұр. Жыбыр еткен тіршілік болсашы. Көкжиектен ешбір жан көрінбейді. Сосын алыстан бір нүктені көресің де, жанұшыра апаңа қарай құшақ жая жүгіресің. Қуанышыңды, қорқынышыңды көз жасыңмен анаңа төгесің! Осындай сәттерді сағындым." деп  әншінің көңіл-түймесі ағытылып жүре берген.Тілші: "Сөзге шешен екенсіз" деп таңғалса, " Ауылда өскен қазақ баласының рухани бай болмауға қақысы жоқ. Өйткені, ауылдағылар табиғаттың өзінен энергия алатын қанық тіршілікпен өмір кешеді ғой" деп жауап берген. " Шаршағаныңызды қалай басасыз?"  деген Мақпалдың сұрағына Ерік: "Үйге келіп, есік-терезені жауып алып, ет асам, сосын қасқырша, анығырақ айтқанда қазақтарша қомағайлана жеймін ғой " деп одан әрі көсіледі. Түз тағысы қасқырға оқ тиіп жараланғанда, ну орманға, жалғыздыққа асығады екен. Өз жарасын өзі жазып үнсіздікке бас ұрады екен. Байқасаңыз, қызығарлық қайсарлық қой бұл! Қасқыр-дүние. Адам-қасқыр жалғыздықта. Жаны- жүдеу, сырты -бүтін демекші, мұңайғанда қасқырға еліктеген әншінің жан күйін осылай ұғарсыз! Психолог мамандардың айтуынша, әр жас ерекшелігінің естелігі болады. Балалық шағын сағынып жүретіндер жан-жүрек жылуы мен аялы алақан мейірімін бауыры сыздай аңсап жүретін қамкөңіл, мұңшыл, бірақ  ерік-күші мықты адамдар болады екен. Өмірінің соңғы уақытында әнші ешбір жерде қызмет атқармаған. Концерттерге қатысуға құлқы болмаған. Темір де тозады. Темірдей жүйкенің де тозатыны бар. Өзі айтқандай ол  «есік-терезені жауып алып " жан жұбанышын арақтан тапқан.

2007 жылы 16-қазанда Мәскеу қаласының ауруханасына  бауыры ауырып түскен әнші 13-қарашада 47 жасында жан сақтау бөлімінде қайтыс болды." Леонардо до Винчи жарық дүниемен қоштасар сәтінде: Шаршадым. Шаршағаннан өлген артық" - деген екен. Өмірін Каспийдің асау толқындарындай арпалыс пен жанталас араласқан күрес майданында өткерген құбылыс - әнші, әлемдік музыка тарихының жоғары сатысына көтерілген  Ерік Құрманғалиев ақырғы сәтінде не деді? Кімді ойлады? Әлде қиялындағы үнемі  сағынып жүретін дала суреттерін көрді ме екен? «Мен де бір қазақтың баласы, мұсылманның үмбеті едім ғой» деп  күңіріне күрсінді ме екен? Кім білсін?! Жұмбағы мол тұлға, дәстүрлі-ұлттық өнердің мұхитынан бір тамшы су іше алмаған тамырсыз қарағай - Ерік Құрманғалиевтың   мүрдесі Мәскеудегі Ваганьков зиратына жерленді.  Қазақтардың қатысуынсыз.

Кісі табанынан, қарағай тамырынан кетеді. Туған жерге тамырын жая алмаған есіл талант өзі еріксіз тап болған қоғамнан да өзекке тебер соққы жеп, шуылдақ тобырдың қақпақылына жем болып кете барды...

("Астана "журналы) 2010\2

 

РЕДАКЦИЯДАН:

Құрметті оқырман!

Даңқты әнші туралы алғашқы кітаптың шығуына атсалысып,  Ерік Құрманғалиев туралы қандай да бір мәлімет, естелік айтам десеңіз , автордың электрондық поштасына хат  жолдауыңызды сұраймыз: aiek_55.44@mail.ru

 

1 пікір