Сенбі, 20 Сәуір 2024
Билік 3519 0 пікір 12 Қазан, 2015 сағат 11:48

ОРТАҚ ОҚУЛЫҚТЫ МИНИСТРЛІК БЕКІТЕДІ

2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап бастауыш сыныптар үшін бірыңғай базалық оқулықты уәкілетті орган – Білім және ғылым министрлігі айқындайды және бекітеді, - деп мәлімдеді Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов 7 қазанда Мәжіліс депутаттары «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдағаннан кейін.

Министр өз сөзінде мемлекеттік комиссия әрбір пән бойынша ортақ оқулықты таңдай алатынын, ол еліміз үшін бірыңғай оқулық болып саналатынын хабарлады. Уәкілетті орган отандық баспалар шығарған оқулықтардың ішінен ең үздігін таңдап алады. Қалған оқулықтарды мұғалімдер мен ата-аналар, мектептер өздерінің қалауы бойынша қосымша оқулық есебінде пайдаланады. 

Осы заң жобасына білім беру мәселелері кеңінен талқыланған Парламенттік тыңдаудың, Үкімет сағаттарының ұсыныстары байланысты нормалар да енгізілді. Тарқатып айтсақ, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап – бастауыш сыныптар үшін; 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап – негізгі орта білім беру ұйымдары үшін; 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап – жалпы орта білім беру ұйымдары үшін бірыңғай базалық оқулықты айқындау және бекіту Білім және ғылым министрлігінің құзыретіне беріледі. Заң жобасы арқылы енгізілген өзгерістерді түсіндірген Мәжіліс депутаты Гүлмира Исимбаева оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен дер уақытында қамтамасыз ету мақсатында нақты мерзім белгіленгенін хабарлады. Бұдан былай оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер жыл сайын 1 тамызға дейін сатып аланып, білім беру ұйымдарына жеткізілуге міндетті.

Депутаттар заңдық құжатта педагог мамандарды жұмысқа қабылдау кезіндегі қойылатын негізгі талаптарды нақтылаған. Мәселен, медициналық қарсы көрсетілімі бар, психиатриялық және наркологиялық диспансерде есепте тұратын адамдар педагогтық қыззметпен айналысуға жіберілмейді. Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беретін және орта білім беретін ұйымдарда тәрбиеленіп және білім алып жатқан балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру кезінде көрсетілетін қызметтерді, тауарларды «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның нормаларын қолданбай сатып алу туралы норма енгізілген.

Аслан Сәрінжіпов отандық білім беру саласына енгізілетінін екі өзгерісті атап айтты. Біріншіден, мыңдаған жастарды мамандықпен қамтамасыз ету мақсатында алғашқы техникалық және кәсіптік білім тегін беріледі. Яғни, 9-ші және 11-ші сыныптың түлектері колледжге түсіп, бірінші мамандығын мемлекет есебінен тегін ала алады. Сондай-ақ, орта білім алғаннан кейін білім беру ұйымдарында жұмыс істеп, еңбек өтілін жинағандар, техникалық және кәсіптік колледждерді бітіргендер жоғары оқу орындарына түсетіне кезде басым құқыққа ие болады. Екіншіден, «дуальды оқыту» деген ұғым заңды тұрғыдан бекітіледі. Дуальды оқыту нысаны бойынша білім беру бағдарламасы үшін кәсіпорында іске асырылатын оқу үдерісінің үлесі өндірістік оқыту мен практиканың 60 пайызынан кем болмауы тиіс деп белгіленген. Министрдің пікірінше, мұндай өзгеріс арнайы техникалық білім беру жүйесін қарқынды дамытуға септігін тигізеді.

Әмірлан Әлімжан

Abai.kz

 

 

0 пікір