Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Билік 3958 0 пікір 13 Қазан, 2015 сағат 02:00

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА CПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Спорт – тәннің сауықтырушысы. Ал дені саудың – денесі ширақ. Осыған орай көптеген спорттық шаралар өткізіліп, спорт кешендері ашылуда. Жақында ғана облыс орталығы Талдықорған қаласында облыстық ішкі істер департаментінің спорттық- сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Бұл жайында облыстық "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлайды.

Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының ортасында салынған ғимаратқа биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді және қосымша нысандар салынып, кешен жаңарып шыға келді. Облыстық ІІД басшысы, полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмхановтың өтініші бойынша облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен қайтадан жаңғырған нысанның құрылысына 365 миллион 504 мың 652 теңге жұмсалыпты. Спорт кешенінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық Баталов:

– Өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған «Динамо» спорт кешені ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін дене шынықтыру жаттығуларын өткізіп, қызметтік дайындығын жетілдіруге мүмкіндік беретін орталық қызметін атқарды. Одан кейін уақыт өзгеріп, қайта құру дәуірі келді, жекешелендіру жұмыстары жүргізілді, сондай жағдайлардың әсерімен спорт ғимараты әбден тозып, ескіріп қалды, – деп жаңа нысанды күрделі жөндеуден өткізуге дейінгі қиындықтарды әңгімелеп берді. – Спорт кешенінің толық жасалуына қаржы бөлінуін қарастырып, департаментке қайтарылуын көптен ойластырып жүргенбіз. Бұған дейін облыстық ішкі істер департаментін басқарған генерал Серік Күдебаев маған келіп, көмектесуімді сұраған еді. Кейіннен оның бастамасын жаңадан келген департамент басшысы генерал-майор Мұрат Ұрұмханов жалғастырып, бүгінгі күні бастаманы аяғына дейін толық жеткізіп отыр, спорт кешенін іске толық қосты. Сол үшін баршаңызды осындай үлкен істің аяқталуымен құттықтаймын. Ішкі істер органдарының қызметкерлері ұдайы жаттығып, дайындықтарын жетілдіре түседі деп сенемін. Енді полиция қызметкерлері Елбасының тапсырмасына сәйкес жыл сайын қызметіне лайықтығын анықтау мақсатында аттестациядан өтіп тұратын болады.

Сіздердің міндеттеріңіз қоғамның қауіпсіздігін, құқықтары мен елдің тыныштығын сақтау. Бұл қажырлы еңбекті талап ететін өте жауапты және қауіпке толы қызмет. Сіздерге және сіздердің отбасыларыңызға зор денсаулық, амандық тілеймін!

Одан кейін салтанатты шараға жиналғандарды облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов пен «Динамо» спорт кешенінің салынуына бірден-бір себепкер болған ішкі істер органының ардагері Владимир Очеретянный құттықтап, жүрекжарды тілектерін жеткізді.

Ресми құттықтаудан кейін жаңа кешеннің тұсаукесері жасалып, ішкі істер органдарының ардагерлері мен департамент қызметкерлері спорттық-сауықтыру кешенінің ішкі құрылымымен танысып шықты. Жиналғандарға бокс және күрес залдарын, жүзу бассейнін, фитнес жаттығу залын, волейбол және баскетбол залдарын, шағын асханамен таныстырған ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов көпшілікті кешеннің ашылу салтанатына арналған шағын футбол және волейбол ойындарының финалдық жарысына бастады. Спорт біріншілігіне облыстық әкімдік, ҰҚК облыстық департаменті, облыстық ішкі істер департаменті, Алматы қаласының ішкі істер департаменті, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің облыстық департаменті, төтенше жағдайлар департаменті командалары қатысып, тартысқа толы кездесуде бақ сынап, ең үздіктер арнайы кубок және бағалы сыйлықпен марапатталды. Облыс әкімдігінің волейбол командасы құрамында жарысқа бастан-аяқ қатысқан облыс әкімі Амандық Баталов қызықты ойын өрнегін көрсетіп, жас мамандарға үлгі болды.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Abai.kz

0 пікір