Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Билік 4427 0 пікір 15 Қазан, 2015 сағат 02:00

ШЫМКЕНТ ШАҺАРЫ ГҮЛДЕНІП КЕЛЕДІ

Биыл Қала күнін бір апта бойы түрлі шаралармен атап өтудеміз. Аталмыш мерекеге орай шаhарымыздың бүгінгі жетістігі мен кемшілігіне көз жүгірту мақсатында Шым шаһарды екі рет басқарған білікті басшы Анарбек Ормановты әңгімеге тартқан едік. Шымкент қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Анарбек Оңғарұлының «Су ресурстары – маркетинг» ЖШС бас директоры ретінде де ел үшін жасап жатқан еңбектері жайында сөз етуді де жөн көрдік, - деп жазады "Оңтүстік Рабат" газеті.

– Анарбек Оңғарұлы, әңгіме барысын 1995-1997 жылдар аралығында ең алғаш әкім болған уақытыңыздан бастасақ. Айтыңызшы, ол кезде қаланың тыныс-тіршілігі қандай еді?

– Біз Кеңес үкіметі кезінде өстік. Ол кезде мұғалімдер «әлемдегі ең мықты мемлекетпіз» деп оқытатын. Сондай мемлекеттің ең соңында дүкендерінде судан басқа ештеңесі қалған жоқ. Тоқырау заманына тап болдық. Сөйтіп Кеңес үкіметі ыдырап, 15 мемлекет өз алдына тәуелсіздігін алып шықты. Иә, егемендіктің бастапқы жылдары өте қиын болды. Зауыт, фабрикалардың бәрі тоқтаған. Жұмыс жоқ. Жалақы жоқ. Шағын және орта бизнестің аты ғана айтылып, заты жоқ заман болды. Осындай қиындықтарды бастан өткердік. Ол кезде қаланың бюджет көлемі 5 млрд теңгеге жетер-жетпес болса, ал бүгінде ол 41 млрд теңгені құрап отыр. Айырмашылығын салыстыра беріңіз. Осы ретте дағдарыс кезінде халық бізге түсіністікпен қарағандарын ерекше атап өткім келеді.

– Ал, екінші рет әкім болғаныңызда жағдай қандай еді?

– Өмірзақ Шөкеев 2006 жылы облысқа әкім болып келген кезде, қаланы басқаруға шақырды. «Алдын әкім болдым ғой» десем де, райынан қайта қоймады. Сөйтіп, Өмірзақ Естайұлы екеуміз бірлесе жұмыс істедік. Бір рет қаланы бірлесіп аралауды әдетке айналдырдық. Нәтижесінде бір жылдың ішінде қалада 36 көшені асфальттап, жиырма шақты кішігірім демалыс орындарын аштық. Бірақ, басшылыққа келгеніне жыл толар толмас білікті басшы Өмірзақ Шөкеев қызметінен ауысып кетті. Бізде өңір басшысы ауысса, қала әкімі де ауысатын «ауру» бар ғой. Яғни кейінгі келген әкім Нұрғали Әшімов мырзамен көзқарасымыз сәйкес келмей, өз еркіммен жұмыстан кеттім.

– Бүгінгі Шымкент қаласы жайлы не айтасыз?

– Қаламыз күн санап гүлденіп келеді. Шаhарды үшінші мегаполиске айналдыру мақсатында көптеген жұмыстар жасалуда. Кемшіліктер де жоқ емес. Соның бірі ретінде көшелеріміздің тарлығын алға тартқым келеді. Соның салдарынан көлік кептелістері болып жатады.

Қалаға екінші рет әкім болғанымда шағын және орта бизнесті дамытуға барынша жағдай жасадым. Бұл үрдіс жалғасын тауып жатыр. Алайда, әлі де болса өндіріс орындарын көптеп ашып, қайта өңдеу саласын қолға алуымыз керек.

– Оңтүстіктің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан басшы Асанбай Асқаровты қалай еске алар едіңіз?

– Асанбай Асқаров ОҚО партия комитетінің бірінші хатшысы болғанда мен Шымкент «Водоканал» мекемесінің бастығы едім. Бірталай жиналысына қатыстым. Басқосу барысында сабырлықты сақтап, ешкімнің намысына тимей, қаралып жатқан мәселелерді әділ шешетін. Барлық саланы бүге-шүгесіне дейін білетін. Бір жұмысты бастамас бұрын оны егжей-тегжейлі зерттеп, тұжырым жасап, содан кейін іске кірісетін еді. Тағы бір ерекшелігі, көрегенді кісі болатын. Болашақты бағамдап, елу жылға көз жүгірте алатын. Мәселен, бір «Дендросаябақты» алайық. Сол жер кезінде қаланың қоқыс тастайтын орны еді. Асекең ол жерге дүниежүзіннің әр түкпірінде өсетін 5-10 жылдық түрлі ағаштарды әкеліп, агротехникалық талапқа сай отырғызды. Орындалмас істей көрінген саябақ бүгінде қалаға көрік беріп тұр. Ол кісінің атқарған істері тек мұнымен ғана шектелмейді. Атап айтсақ, «Тәуке хан» көшесіндегі көпқабатты үйлер сол кісінің қолтаңбасы. Ол жер кезінде қисық-қисық көшелер, топырлаған жекеменшік үйлер болатын. Одан бөлек балалар теміржолы, зообақпен ипподромды салдырғанын да айта кеткен жөн. Мұның бәрі менің айтып отырғандарым ғана. Облысқа ерен еңбегі сіңген Асекеңнің жасаған істерін тауысып біту мүмкін емес. «Өлді деуге бола ма, өлмейтұғын із қалдырса!» деген даналық сөзді осындай азаматтарға қаратып айтса керек.

– Қазіргі таңда «Су ресурстары — маркетинг» серіктестігін басқарасыз. Басшы ретінде қаламыздың бүгінгі ауыз су мен су кәріздері жайлы айта өтсеңіз…

– Көрікті қалаға айналу үшін, оның ауасы таза болу керек. Ауасы таза болу үшін, су кәріздерімен толықтай қамтамасыз етілуі қажет. Мәселен, қалада 100 мыңға жуық үй бар. Сол үйлердің инженерлік құрылымдары дұрыс қамтылмаған. Оның ішінде, 100 мың үйдің су кәріздері 11 мыңына ғана жүргізілген. Сондықтан су кәрізі жүйесін қолға алуымыз керек.

Ал су жүйелеріне келетін болсақ, тозған құбырлар көп. Әсіресе, су кәріздерінің коллекторлары 40-50 жылдан бері ауыстырылмаған. Биылғы жылдың басында 1000 кВт коллекторымыз апатқа ұшырап, құбырлардың үстіңгі қабатының бәрі бұзылып кетті. Енді бұларды қалпына келтіру үшін қаржыны қайдан аламыз? Бүгінде әлемді дағдарыс жүріп жатыр. Сол үшін Еуропа қайта құру және даму банкімен бірігіп жұмыс істеп, 10 жылдық несие алып, апатты коллекторларды жаңартудамыз. Су жүйелерін де солай жаңартып жатқан жайымыз бар. Одан бөлек лас суды тазалау технологиясын республикада біз алғаш рет ендіріп, бірінші кезеңін аяқтадық. Яғни тазалау процесін өткізіп, ауылшаруашылығы саласында дәнді дақылдарды суғаруға жұмсап жатырмыз.

– Күрмеуі тарқамаған мәселелер толықтай қашан шешілуі мүмкін?

– Біздің негізгі міндетіміз Шымкент қаласының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп, кәріздердің жұмыстарын реттеу. Өздеріңізге белгілі қалаға 30 шақты елдімекен қосылды. Оның бәрі ауыз сумен қамтылды деп айта алмаймыз. Қаланың бас жоспарына сәйкес біздің есебіміз бойынша 30 мың жеке сектор үй бар. Осыларға су жүйелері мен кәріздерді құру қажет. Бұл мәселелер 2025 жылы, ұзағымен 2029 жылға дейін толық шешіледі. Осы жұмыстардың толықтай орындалуы үшін 2029 жылға дейін 90 млрд теңге қаржы керек екен. Оның 41 млрд теңгесі біздің есебімізден, қалғаны мемлекеттік бюджет есебінен болады.

Осы ретте энергия көздерін үнемдеу үшін баламалы түрінен алынатын жүйені қолдану керек екенін айта кеткім келеді. Өркениетті елдерде бұл жүйе жақсы жолға қойылған. Осы бағытта біз жылдың аяғына дейін лас суды тазалап, оның қалдықтарынан биогаз, биогаздан электр энергиясын өндіру құрылысын бітіреміз.

– Көпқабатты үйлерге су өлшеуіш құралын енгіздіңіз. Мұның тиімділігі неде?

– Су өлшеуіш құралын қоюға нарықтық экономика түрткі болды. Бұл экономикалық жүйеде тапқан табысың өзіңнің шығыныңа жетпейтін болса, нарық сені лақтырып жібереді. Сол себепті біз көпқабатты үйлерге жалпылама өлшеуіш құралдарын қойдық. Сонда әр адамға тәулігіне кететін су 450 литр болды. Сосын біз оны жалпылама үйлерге қоя бастадық. Оны әрбір пәтерге қойсақ, 450 литрден 70 литрге түсті. Тұрғындар өлшеуіш құралы жоқ кезде, суды үнемдеп жұмсамайтын. Өлшеуіш құралдарын енгізбей тұрып, қалаға 76 млн текше метр су келетін. Қазір 40 млн текше метр су келеді. Бұл жұмыстарды несие алып жасадық. Халыққа да несиеге бердік. Екі тарапқа да тиімді болды. Бүгінде әр адам тәулігіне 110 литр су пайдалануда. Бұл деген 6,5 млрд теңгеге электр қуаттарын үнемдеп, 15 жылға кететін орынсыз су шығындарын кеміттік деген сөз. Одан бөлек, тозығы жеткен темір құбырларды пластикалық құбырлармен алмастыруды жоспарға қойдық.

– Жұмыс орныңызға келетін жолдың жиектеріне қанатты сөздерді жаздыртып қойыпсыз. Сонымен қатар, «Қабуснама» деген аударма жинақ шығарғаныңызды да білеміз. Бұған не түрткі болды?

– Үсен деген қария «Жарық көрмеген құнды қолжазба бар. Егер ол жарық көретін болса, адамдарды имандылыққа жетелейтін құнды кітапқа айналады. Оқыған адам ғибратнама алады» – деп, «Қабуснаманың» қолжазбасын берді. Ол кез 1996 жылы болатын. Қаланың әкімі едім. Қолжазбаны оқып шықтым. Ерекше толғанып, іштей жақсы күй кештім. Ізгілікке құлшындыратын қасиеті бар екен. Сөйтіп алдымен 1000 данасын шығарып, мектептерге, қоғамдық бірлестіктерге тараттым. Сұраныс көбейген соң тағы 5000 мың данасын басып шығардық. Кітапқа деген сұраныс мұнымен де бітпеді. Содан үшінші рет тағы 5000 мың дана шығардық. Бұл жолы үш тілде бастық. Бүгінде шетелден келген қонақтарға бұл кітаптан артық сыйлық жоқ.

Көше бойында ілінген қанатты сөздер осы «Қабуснамадан» алынған. Жақында таңертең жұмысқа келе жатсам, бір генарал ұлына ілулі тұрған өсиетті сөздерді оқытып жатыр. Әкесі «Сізге рахмет! Ұлым мектепте оқиды. Пайдасы тиер, есінде қалсын деп, бір рет емес, ары-бері өткенде мына сөздерді қайта-қайта оқытып жатырмын» – деді. Менің де мақсатым сол болатын. Яғни, мұны Ұлылардан ұлағат болсын деген оймен жасадым.

– Спортқа да қызығушылығыңыз бар көрінеді…

– Аптасына екі рет волейбол ойнаймыз. Сейсенбі мен бейсенбі күндерін асыға күтемін. Тіпті ол күндерге той сәйкес келіп қалса, оған бармай, залға қарай тартатын кездерім болады. Спортсыз өмірімді елестете алмаймын. Волейболдан бөлек, аптасына бір рет атқа мініп серуендегенді жақсы көремін.

– Пайғамбар жасына келіп отырсыз. Айтыңызшы, өмірден не түйдіңіз?

– «Өмір өз қолыңда, оны қалай сүретінің өзіңе байланысты» деп, әке-шешеміз тәлім-тәрбие берді. Бірақ жас кезімізде оның байыбына толық бармадық. Жастайымнан пысық болдым деп айта алмаймын. Қателіктеріміз де болды. Алайда өмір өз арнасына салып жіберді. Бұл ретте тәрбиенің орны ерекше болғанын айта кеткім келеді. Сондай-ақ, ұлағатты кісілердің өмірлік ұстанымдарына қызығатын қасиетім де көп көмегін тигізді. Өзімнің өмірлік тәжірибеме сүйеніп, өскелең ұрпақ жастайынан ізгілікке құмар болса деймін. Екіжүзділік пен қызғаншақтықтан аулақ болғандарын қалаймын. Ысырапшылдыққа да жол бермесе екен.

– Әдетте, өзгелер зейнеткерлік жасқа жеткенде жұмыстан қол үзіп жатса, сіз керісінше біршама жұмысты бағдарлап отырсыз…

– Денсаулығың сыр бермей, еткен еңбегің өз көңіліңнен шығып, қоғамға пайдасы тиіп жатса, бұдан артық демалыс жоқ дер едім.

– Отбасыңыз жайлы айтсаңыз…

– Алланың берген 4 перзенті бар. Үш қыз, бір ұл. Бәрі отбасылы. Жұбайым екеуміз немере сүйіп, солардың бал тіліне сүйсініп ғұмыр кешіп жатқан жайымыз бар.

– Қала күніне орай айтар қандай тілегіңіз бар?

– Шымкенттіктерді Қала күнімен шын жүректен құттықтаймын! Шырайлы шаhарымыздың көркі жылдан-жылға артуда. Қаламызда қуанарлық жағдай көп. Мәселен, көптеген жерлестеріміз баспанамен қамтамасыз етілуде. Шағын және орта кәсіп те дамып келеді. Сүйікті қаламыздың өркендеуі осы қарқынынан таймаса екен. Мендегі тілек осы.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Әділхан АБАЙҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір