Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 3863 0 пікір 15 Қазан, 2015 сағат 11:25

МАҚТААРАЛДА "АҚ АЛТЫННЫҢ" ЖИЫН-ТЕРІМІ ҚЫЗЫП ЖАТЫР

Қоңыр күздiң жаймашуақ күнi тамылжып тұр. Диқандар қауымы «қазан айы жылы, жанға да, малға да жайлы болса екен» деп тiлеп отыр. Көнекөз қариялар жиi айтатын мизам шуағы дегенiмiз осы болар, сiрә. Ауа райы тосын мiнез танытпай, осылай нұрын төгiп тұрса, диқанның еңбегi өнiмдi, көңiлi жадыраңқы болады емес пе?! Қазiр Мақтаарал ауданында жиын-терiмнiң нағыз қызған шағы. «Ақ алтынды» алқаптарда еңбек көрiгiн қыздырған диқандар ала жаздай төккен маңдай терiнiң ырыздығын шашау шығармай уақтылы жинап алуға жұмыла кiрiскен.

Бiз Ынтымақ ауыл округi «Талапты» ауылындағы «Қалмырза» шаруа қожалығының мақта плантациясына келгенiмiзде дүбiрлi еңбек көрiгiн қыздырған шаруалардың қажырлы күш-қайратына сүйсiндiк. Қожалық төрағасы Бақытжан Досовтың көңiлi көтерiңкi, күнге тотыққан жүзiнен қуаныш лебi еседi.

– «Болар iстiң басына, жақсы келер қасына» демекшi, Сiздер алғашқы терiмдi аяқтап, көңiлiмiздi бiр демдеп тұрған қуанышты сәтте келдiңiздер. Биыл 90 гектарға мақта егiп, өнiмнiң 95 пайызын небәрi екi аптада комбайнмен терiп алдық. Гектар өнiмдiлiгi орта есеппен 30 центнерден түстi. Өзiмiздiң иелiгiмiздегi «ХНП» маркалы 2 комбайнымыз кiдiрiссiз жүрiп тұр. «Көгiлдiр кеме» капитандары Ғалым Досов, Нұрлан Бибатовтар қазiрге дейiн 140-160 тоннадан ақ ұлпа жинады.

– Қол терiмi болған жоқ па? – дегенiмiзде ол:

– Жоқ, соңғы 4-5 жылдан берi мақтамызды тек комбайн күшiмен жинап жатырмыз. Себебi, қол терiмiнiң шығыны көп әрi уақыттан ұтыласың, – дедi.

– Мақта бағасы қалай? Өнiмдi зауытқа өткiзу жөнiнде не айтасыз?

– Қазiргi кезде шиттi мақтаның әр келiсi 100-105 теңгеден қабылдануда. Мақта зауыттары арасында өзара бәсекелестiк басым. Мәселен, ауданда индустриялы аймақ жобасы бойынша жаңадан ашылып, iске қосылған «Береке» ММА» ЖШС-нiң зауыты мақтасын өз тракторымен жеткiзген шаруаларға жол-көлiк ақысы деп екi мың теңгеден қосымша төлеп жатыр. Мақта қабылдауда ешқандай кедергi, кiдiрiс жоқ.

Бiрнеше жылдан берi ауыл шаруашылығымен айналысып, бiршама ысылып қалған Бақытжан Досов өздерiне қажеттi техникаларды, құрал-саймандарды түгендеп алғандарын мақтанышпен айтты. Олардың қарамағында екi транспорт, екi шынжыр табанды «ДТ-75» тракторы және бiрнеше тiркеме, баптау агрегаттары бар екен. Iнiлерi Ақылжан мен Ғалымды жанына серiк етiп, жыл он екi ай бойы толассыз атқарылатын шаруашылық жұмысын дөңгелетiп отырған Бақытжанның еңбексүйгiштiгiне, табанды, жiгерлi iс-әрекетiне сүйсiндiк. Жыл сайын мақта, қауын-қарбыз егiп, мол табыс алу үшiн күнi-түнi тынбай еңбек ететiн Досовтар әулетiнiң iлкiмдi iстерiн ауылдастары да мақтан етедi.

Осы күнi қырман басында жолыққан Ынтымақ ауыл округiнiң әкiмi, «Үздiк мемлекеттiк қызметшi» төсбелгiсiнiң иегерi Марат Ауаш округ диқандарының да 4061 гектар мақталықтан 9097 тонна өнiм жинап, алғашқы терiмдi сәттi аяқтағандарын айтты. Қазiр әр гектардан алынған өнiм 22,4 центнерден айналса, науқан соңына дейiн бұл көрсеткiштi ең кемi 25 центнерге жеткiзудi мақсат етiп отыр екен. Округ бойынша қырманға түскен өнiмнiң 85 пайызы комбайнмен жиналыпты. Жиын-терiмге округ бойынша диқандардың өздерiнiң иелiгiндегi «ХНП» маркалы 22 комбайн және «Нимэкс», «Ақ алтын» мақта зауыттарынан алынған 15 «Джон Дир», 17 қол терiмшiлер бригадасы жұмылдырылуда. Алғашқы терiмнiң өзiнде Әден ата ауылында тұратын мақташы Нұрболат Әшеков 8 гектар мақталықтан 45 центнерден, Көрiктi ауылының диқандары О.Сабырқұлов – 43, Күмiсай Батаева – 40, Талапты ауылынан Ербол Омаров пен Н.Дiнтаев 38 центнерден өнiм жинаған. Соңғы мәлiмет бойынша 15 шаруа қожалығы 30 центнерден жоғары өнiм алып отыр. Озат комбайншылар Абай Аманбаев, Бағдат Құланов, Қуаныш Әлiқұловтың әрқайсысы 180-200 тоннадан мақта жинап, алда келедi. Әлi екiншi терiм бар, дала төсiндегi қызу еңбек бiр сәтке де толастар емес.

...Күн ұясына батар сәтте алыстан қырман таулары биiктеп бара жатқанын көрiп, қуандық. «Ақ алтынды» алқаптарда комбайндар тiзбегi сырғи жүзiп барады. «Еңбек етсең, емерсiң» деген даналықты берiк ұстанып, өнiмдi еңбек етiп жатқан Ынтымақ ауыл округi мақташыларына «қырман таси берсiн» деген тiлек айтамыз.

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ, Мақтаарал ауданы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2278
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3596