Сенбі, 20 Сәуір 2024
Билік 4397 0 пікір 16 Қазан, 2015 сағат 12:53

ОҚО ӘКІМІ СОЗАҚТАҒЫ МАҢЫЗДЫ НЫСАНДАРДА БОЛДЫ

«Созақ – уран өнеркәсiбiнде айрықша орны бар аудан. Мұнда республикадағы уран қорының 40 пайызы шоғырланған. Уақыт ауыл шаруашылығымен қоса өндiрiстi де дамытуды талап етiп отыр. Сондықтан индустриалды аймақ шеңберiнде өндiрiске қажеттi құрал-жабдықтар шығаруды еселей түсу қажет. Бұл өз кезегiнде құрылғалы жатқан уран кластерiнде маңызды рөл атқармақ», - деп жазады "Оңтүстік Қазақстан" газеті.

Мұндай түйiндi ой облыс әкiмi Бейбiт Атамқұловтың Созақ ауданына жасаған жұмыс сапарында айтылды. Аймақтың бүгiнгi тыныс-тiршiлiгiмен танысуды мақсат еткен өңiр басшысы алдымен облыстық бюджет қаржысына салынып жатқан Аққолтық ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебiнiң құрылысымен танысты. Мектептiң iргетасы 1973 жылы қаланған. Қазiр мұнда 350 оқушы үш ауысымда бiлiм алып жатыр. Облыстық қазынадан 395 миллион теңге қаралып, шiлде айында жаңа оқу ғимаратының құрылысы басталған. Құрылыс алаңындағы 90 жұмысшы қыс түспей негiзгi жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отыр. Мердiгер өкiлдерiмен кездескен Бейбiт Бәкiрұлы ғимаратты сапалы етiп уақытында бiтiрудi тапсырды.

«Құрманәлi» шаруа қожалығы аймақтағы мал шаруашылығын жандандыру бағытында iлкiмдi жобаларды қолға алғалы отыр. Қожалықта 1510 бас уақ мал, 345 бас түйе, 121 бас жылқы, 61 бас мүйiздi iрi қара бар. Төрт түлiктi баптауға жергiлiктi 12 азамат жұмысқа тартылған. Сұранысқа сай күнiне 100-150 литр қымыран дайындалады. Қожалық басшысы Тоқтар Тәжiбеков алдағы уақытта қымыран цехын iске қосуды көздеп отыр. Өңiр басшысы түлiктi асылдандыру бағытындағы қожалық жұмысына оң бағасын берiп, игiлiктi iстiң керегесiн кеңейту қажеттiгiн айтты.

Мұнан соң облыс әкiмi «Шұғыла Нұр» сауықтыру кешенiнде болды. Жалпы аумағы 8000 шаршы метрдi құрайтын кешен биыл iске қосылып отыр. Құрылысқа 65 миллион теңге жұмсалған. Жабық типтегi бассейннiң салауатты өмiр салтын ұстануда маңызы зор. Меншiк иесi Әбдiразақ Елбергенұлының айтуынша, нысан жанынан фитнес клубы, жеңiл және ауыр атлетикаға арналған қосымша жай салынбақ.

Созақта индустриалды аймақ 2012 жылы iске қосылған. 50 гектар арнайы жер қарастырылып, бүгiнде инфрақұрылымдық жүйелер тарту жұмыстары аяқталған. Бiрақ инфрақұрылым нысандары әлi күнге дейiн аудан меншiгiне өтпеген. Бейбiт Бәкiрұлы аймақтағы «Благолизинг» және «UKO-S Star» ЖШС-нiң жұмыстарымен танысты. Қос зауыт уран өндiрiсiне қажеттi құрал-жабдықтар шығарумен айналысады. Қазiр мұнда 60 адам жұмыс iстеуде. Алдағы уақытта тағы 3 жобаны iске қосу жоспарланып отыр. Өндiрiс көкжиегi кеңейген сайын сұраныс та көбейе түсуде. Облыс басшысы екi жақты келiсiм шеңберiнде өнiм көлемiн арттыра түсу қажеттiгiне тоқталды.

Сондай-ақ, облыс басшысы аудандық орталық ауруханада болып, дәрiгерлермен жүздестi. Онда ауруханаға қажеттi мамандардың жетiспеушiлiгi әңгiме арқауына айналып, мәселенi шешудiң жолдары талқыланды. «Мыңжылқы» мәдениет үйiндегi зиялы қауыммен кездесу барысында бүгiнгi жас ұрпақтың рухани деңгейiн көтеру мәселесi алға тартылды. Сонымен бiрге облыс басшысы орталықтандырылған кiтапхана жұмысымен танысты.

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір