Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 3997 0 пікір 18 Қазан, 2015 сағат 22:54

АЙЫМБЕТОВ ТАЛДЫҚОРҒАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ

Қазақ елінің қаһарман ұлы Айдын Айымбетов Талдықорған қаласының құрметті азаматы атанды, - деп жазады "Айқын" газеті.

Сәрсенбінің сәтінде Мемлекет басшысының Жарлығымен «Халық қаһарманы» атанып, жоғары награданы Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаевтың өз қолынан алған қазақтан шыққан үшінші, Қазақстан Республикасы атынан ғарышты бағындырған алғашқы ғарышкер Айдын Айымбетов бейсенбіде өзінің кіндік қаны тамған, осындағы жас техниктер клубында аспан көгіне алғашқы талпынысы жасалған Талдықорған қаласына арнайы келіп, жерлестерімен жүздесті. Ағайынның ыстық ықыласы мен көпшіліктің көлдей көңіліне разы болған ғарышкер елдің, жердің игілігі үшін алдағы кезде де аянбай еңбек ететін толқи тұрып, жеткізді.

Жетісулықтар батыр ұлды әуежайда қарсы алды. Қасына қала әкімін және тағы басқа облыстық деңгейдегі басшыларды, ардагерлерді ерткен облыс әкімі Амандық Баталов ғарышкердің алдынан ағалық құшағын айқара ашып шығып, батырды бауырына басты. Туған жерге басқан қадамына құт-береке тіледі. Кеше ғана Елбасының ерекше ықыласына бөленген ғарышкер жерлестерінің ілтипатына да тебірене толқыды. Әуежайға симай оның маңын да мерейлендіріп жіберген жұртшылық «Халық қаһарманын» шамалары жеткенше алқалады. Осындай көтеріңкі көңіл-күймен жолға шыққан, салтанатты керуен ат басын «Жастар» спорт сарайына бұрды. Мұнда да Айдынды атшаптырым сарайға тола жиналған алқалы жұрт қарсы алды. Халықтың аманатын арқалап, аспан  көгінен аман-есен оралған ғарышкерді туған жеріндегі ең салтанатты сарайлардың бірінің төріне отырғызып, құрметтеген халық алдында бірінші болып сөз алған Алматы облысының әкімі батырды жерлестері атынан шын жүректен құттықтады.

Туған қалаңызға, жер жаннаты Жетісу жеріне қош келдіңіз! Қазақтың абыройын асырған Сіздей азаматтың Алматы облысында дүниеге келіп, білім алып, қызмет жасағандығы – біз үшін үлкен мақтаныш. 

Бала кезіңізден ғарышкер болуды мақсат тұтқан,  Қазақ елінің туын ғарышқа алып шықсам деген балалық арманыңыз орындалды. Үстіміздегі жылдың екінші қыркүйегінде қазақ елінің атынан ғарышқа ұшқан тарихи сәтіңізге куә болдық, қатты қуандық, ерекше толқыдық. Көптің тілегі қабыл болып, аман-есен жерге оралдыңыз. Қарапайым қазақ баласының мақсаткерлігі арқасында қалың қазақ жұртының жылдар бойғы арманы орындалып,  соның нәтижесінде Ұлы дала елінің ұланасыр мақтанышына айналдыңыз.  Кеше ғана Елбасының Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы табысталғанын көріп бір қуанып едік, бүгін, міне, өзіңмен жолығып , тағы бір жасап қалдық, – деген облыс басшысы  Айдынның ғарыш кеңістігінде оннан аса ғылыми-тәжірибелік сынақ жүргізгенін ерекше атап өтті. Отандық ғарыш саласын дамытудағы еңбегі жастар үшін өнеге,  көк аспанға жасаған  сапары өскелең үлгі екеніне айрықша тоқталды.  

Салтанатты сәттің келесі бөлігінде  Талдықорған қаласының әкімі Ермек Алпысов ғарышкерге  Талдықорған жұртшылығы атынан тілек-лебізін білдіріп, Айдын Ақанұлына Талдықорған қаласының Құрметті азаматы атағы берілгенін хабарлап, жол талғамайтын су жаңа темір тұлпардың кілтін тапсырды.

Құрметті қонақ толқынысын жасыры алмады. Онысы жұртқа арнаған лебізінде де білініп тұрды.

– Құрметті жерлестер! Өздеріңізбен амандықта қауышқандығыма қуаныштымын. Менің ғарышқа сапарымның ойдағыдай болуы бірінші кезекте Елбасының беделі мен қайраткерлігінің арқасында, сонан  кейін барша жерлестерімнің ізгі ниет, шынайы тілегінің нәтижесі екені анық.  Сол үшін баршаңызға үлкен алғысымды білдіремін. Алдағы кезде «Қазғарышта» жұмысымды жалғастыру арқылы Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етуге және  әлемдегі ең мықты ғарыштық державалар қатарына қосылуы жолында бар білімім мен білігімді жұмсауға  сөз беремін, –   деді ол өзінің сөзінде.  Спорт  срайындағы жүздесу облыстың үздік шығармашылық ұжымдарының әзірлеген концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Айдын Айымбетов өзі білім нәрімен сусындаған № 14 орта мектепке барып, білім ордасының ұжымымен жүздесті. Ақ пейіл мен ынтымақтың белгісі ретінде мектеп оқушылары аспанға ақ шарларды ұшыру арқылы, өздері оқып жатқан мектеп түлегіне деген разышылықтарын білдірді. Осы күнді асыға күткен ғарышкердің сыныптастары да құрдастарын құшықтарына қысып, емен-жарқын әңгімелесіп, мектеп қабырғасында жүрген кездерін еске алды. Сонан соң мешітке кіріп, ата-баба аруағына арнып құран бағыштаған  батыр өзі сардарлық еткен  №21751 әскери бөлімге барып, жеке құраммен де кездесті.

Болат Абаған, Алматы облысы

Abai.kz

0 пікір