Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Анық 6918 0 пікір 22 Қазан, 2015 сағат 10:56

АХМЕТОВ ІСІ: БЛАНКІЛЕР БӨГДЕ АДАМДАРҒА БЕРІЛГЕН

Ерлан Нілдібаев: Фирмалық бланкі облыс әкімінің нұсқауымен ғана беріледі

Қарағанды облысын Серік Ахметов басқарған жылдары ресми мекеменің фирмалық бланкілері бөгде адамдарға берілген. Бұл туралы Серік Ахметов пен облыстың бірқатар лауазымды шенеуніктерінің қылмыстық ісі бойынша «Канализациялық тазалау жүйесі» атты алтыншы эпизодты қарау кезінде сотқа жауап берген куәгерлер ашық айтты.

 21 қазан күні сотқа түсінік берген «Металлургия-Металл өңдеу» индустриалдық паркі» (бұдан әрі қысқартылған атауы - ММИП) ЖШС-нің бұрынғы қызметкері Демид Смагин Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметовтің қолы қойылған хат технологиялық қондырғыларды ауыстыру мәселесін қайтадан қарауға негіз болғанын хабарлады. 

«Ахметовтың хаты» бойынша сотта екі куәгер сөз сөйледі. Облыстық әкімдіктегі құжат айналымына бақылау жасайтын инспектор Мәдина Тәуірбаева «ММИП» ЖШС-нің директоры Анатолий Ессеге фирмалық бланкіні өз қолымен бергенін айтты. Ол кезде Мәдина бөлімнің бас маманы Жанар Қозбаева демалыста болғандықтан, бөлмеде жалғыз отырғанын есіне түсірді. «Бұл оқиға әлі есімде. Жанар демалысқа шығып кетіп, кабинетте жалғыз отырған едім. Бір сәтте Анатолий Эрикұлы, кіріп келді де фирмалық бланкі беруімді өтінді. Ол кісіні әкімдік ғимаратынан жиі көріп жүретінмін. 5 қабаттағы депутаттық бөлменің жанында кабинеті де болды. Оған қоса Ессе мырза облыс әкімі өткізетін жиналыстардан бір қалмайтын. Өтінішін естіген соң, бөлім жетекшісіне телефон соғайын деп жатқан едім, кенет кабинетке Ерлан Мекежанұлы Нілдібаевтің өзі кіріп келді. Мен оған Анатолий Эрикұлының фирмалық бланкі сұрағанын айтып едім: «Жарайды. Беріңіз» деді. Облыс әкімінің бланкісін беріп, оны арнайы журналға тіркедім. Соңынан Анатолий Эрикұлы қолын қойды» деп әңгімеледі ол. 

Бірақ әкімдікте 22 жыл жұмыс істеген маман «ММИП» ЖШС-нің директорының әкімдіктің таңбасы бар құжатты алуға қандай құқығы барын түсіндіре алмады. Хат бойынша сотқа жауап берген екінші куәгер – Қарағанды облысы әкімі аппаратының бөлім басшысы Ерлан Нілдібаев А.Ессенің облыс әкімінің нұсқауынсыз ешқандай бланкі алуға мүмкіндігі жоқтығын мәлімдеді. Оның айтуынша, облыс әкімінің фирмалық бланкілері қатаң есепке алынған құжаттар болып саналады. Оның әр данасы берілген кезде арнайы журналға тіркеліп отырады. Және ондай бланкіні қандай да бір хат дайындайтын кезде әкім аппаратының қызметкерлері, бөлім басшылары ғана алуға құқылы. Себебі бланкілер бөгде адамдарға берілмейді.

Сотта прокурордың: «Облыстық әкімдіктің құрылымдық бөлімшесі болып табылмайтын мекеме басшыларының мұндай фирмалық бланкіні алуға құқығы бар ма?» деген сауалына Е. Нілдібаев: «Фирмалық бланкілер тек басшылықтың тапсырмасы бойынша ғана беріледі» деп жауап берді. Ол сотқа дейінгі тергеуге берген жауабында мынадай түсінік берген: «Облыс әкімінің министрліктер мен орталық мемлекеттік органдарға жазған хаттары міндетті түрде түпнұсқасымен және құзыретті адамның қолымен жіберіледі. Ондай хаттар фирмалық бланкіге жазылған жағдайда ғана тіркеледі. Берілген бланкілерді тіркейтін журналда 2011 жылдың 23 тамызында 000368 нөмірлі фирмалық бланкіні Ессенің алғаны жазылған, оны өзінің қойылған қолы растайды. Мен оны облыс әкімі С. Н. Ахметовтің кеңесшісі болып істейді екен деп ойладым. А. Ессе облыс әкімі С. Ахметовтің нұсқауынсыз өз еркімен ондай бланкіні ала алмайды. Егер әкімнің өзі Құрылыс істері жөніндегі агенттікке хат дайындауды тапсырмаса, ешкім ондай хатты жазбайтын еді ғой».

Сот отырысында куәгер сол жолғы жауабын тағы растады.

Әмина БӘКІР

Abai.kz  

0 пікір