Жұма, 29 Наурыз 2024
Мәйекті 21170 0 пікір 26 Қазан, 2015 сағат 12:52

ВАНГА: "ҮШІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС БАСТАЛАДЫ"

Немесе Путиннің неоимпериялық амбициясы – Үшінші дүние жүзілік соғысқа бастайды

 

Өткен аптада дүние жүзін дүрліктірген Таяу шығыстағы жанжалдар мен Сириядағы соғыс оты ушыққан кезеңде Кремль қожайыны өзінің сириялық әріптесі һәм негізгі «клиенті» – Башар Асадты қабылдады.


Путин мен Асад арасындағы әңгіменің ауаны қай бағытта өрбігені түсінікті. Ол - ИМ содырларына қарсы немесе оларды қолдап, қару-жарақпен қамтамасыз етіп отырған АҚШ бастаған алпауыттарға қарсы соғыс тактикасы еді. Рас, Ресейдің Сириядағы бомбалау операциялары басталған үшінші аптада Асад мырза күтпеген жерден Мәскеуге келуінің астарында не жатыр? Алдымен бомбалау, кейін дипломатия ма?

Ал бастайық, әуелі «Ресей Ислам мемлекеті содырларына қарсы әскери операциялар жүргізу» деген желеу арқылы Башар Асад қарсыластарына, Сирия оппозициясына қарсы соғыс ашты. Мақсаты – өзінің досы әрі клиенті – Асад үкіметін сақтап қалу. Ресей қаруының арқасында Асад режимі бір ширап қалғаны да рас. Алайда, Ресей ұзақ мерзімді соғысқа құмартып отырмағанын ресейлік сарапшылар айтады.

Олардың  пікірінше, Путин Асадты шақырғандағы мақсаты, ендігі жерде дипломатиялық шабуылдарға көшу туралы келіссөздер жүргізу. Тіпті, Путин Сирия оппозициясымен де кездесулер өткізуге дайын-мыс.

Ал, ресейлік журналистердің айтуынша, бұл «Үшінші дүниежүзілік соғыстың» енді басталған тұсы. Сөздеріне сенсек бұл соғыс туралы болгарлық көріпкел Ванга болжап кеткен.

Ресейлік «НТВ» арнасындағы «ЧП Расследование»  бағдарламасында болгарлық көріпкел Ванга ханымның осы және өзгеде болжамдары туралы кеңірек талқылаған (https://www.youtube.com/watch?v=N27qp8aAVoE) көрсетілім жарияланды.

Сонымен, Ванга өз болжамдарында 2016 жыл туралы не айтты?

  1. «Үшінші дүние жүзілік соғыс басталады».
  2. «2011 жылы көктемде Шығыста соғыс басталады».
  3. «Химиялық қару. Адамдар өзгереді».
  4. «2016 жылы Еуропада тірі адам қалмайды. Еуропа қаңырап бос қалады».
  5. «Ақырзаман келеді».

Ресейлік журналистер өздері жүргізген зерттеулерінде көріпкелдің айтқандары орындала бастағанын растайды. Олардың дерегінше, дәл 2011 жылы көктемінде Сирияда азаматтық соғыс ушыға бастаған болатын. Сирияның автаритар басшысы Башар Асад – өзінің диктаторлық режиміне қарсы көтеріліске шыққан оппозицияға химилық  қару қолданғаны жасырын емес. Асад режимі зарин сияқты химиялық қаруларды бірнеше мәрте аз ауқымда қолданғаны да рас. Көріпкелдің айтуынша, соғыс аяқталғанда Асад режимі құлайды. Бірақ, жеңімпаз басқа. Сонда кім? АҚШ? Әлде Ресей?

Ал ресейлік сарапшылардың пікірінше, Үшінші дүниежүзілік соғысты АҚШ бастап отыр-мыс. Тағы, «үшінші дүниежүзілік соғыстан соң, 2016 жылы Еуропа қаңырап бос қалады»,-дейді.. Бұны, Ванга көріпті. Рас болжаған ба? Әлде, бұл ресейліктердің деректі бұрмалау арқылы жүргізіп отырған астыртын саясаты ма? Себебі, 2016 жылы күллі Еуропа қаңырап, бос қалуы мен Сирия Ресейге тізе бүгіп, соғысты жеңіп шығуы қаншалықты қисынды? Сонда, Ресейдің рөлі – үшінші дүниежүзілік соғыстың қаһарманы болу ма?

Жалпы деректерге сүйенсек, қазіргі таңда ИМ сапында әлімнің 100-ден астам мемлекетінен азаматтар бар (http://tengrinews.kz/world_news/grajdane-bolee-100-stran-voyuyut-ryadah-ig-daish-fsb-278477/). Ауқымы жағынан дүние жүзілік деп айтуға болады, әрине. Тек, бұл азаматтар ресми мемлекеттің статусын көрсетпейтінін ескергеніміз жөн.

Әзірге, ашық соғыста – Сирия, Ресей, АҚШ, Иран,  Араб елдері мен Түркия ғана.

Сондай-ақ, жақсы одақтасқан Ресей-Иран-Сирия үштігі Батыс, Түркия және араб елдері қолдаған жасақтарға қарсы күш біріктіріп отырғаны рас.

Айтпақшы, бұл мәселелерге қатысты батыстық басылымдар да жазған.

Американдық басылым - The Washington Post: Ресейдiң мақсаты – Сириядағы Ресейдiң жаңа күш­терi лаңкестердi әлсiреткен­нен гөрi Асадтың өз қарсыластарына қарсы күресте күшеюiне септiгiн тигiзедi деп алаңдайды, - деп жазады.

Ал, The New York Times басылымы: «Президент Обама халық­аралық ұйым жүгiнетiн дипломатия мен ережелер жүйесiн не­гiзге алып, “қазiргi қауiптi тәуекелдер бiздi қараңғы түнекке, тәртiпсiз әлемге әкеп соқтырады» деп жазады. Сірә, бұл басылымның астыртын түрде Путинді меңзегені болса керек.

Түйіндейік, ресейлік журналистердің көздеген мақсаттары не болды, сонымен? Ресей тағы да қаһарман! Еуропа күйрейді де Сирия Ресейдің құлына айналады. Шынымен де Ванга осыларды болжаған ба? Әлде бұл ресейлік сарапшылардың Путин позициясын Ванга аузымен айтқызғандағы түрлері ме? Не дегенмен, Сирияға және Үшінші дүние жүзілік соғысқа қатысты Ресей позициясы белгілі.  Ресей президентінің «сириялық» шешімінің астарында СССР ғана емес, патшалық Ресейдің бұрынғы күш-қуатын аңсау жатуы да бек мүмкін.  АҚШ президенті Барак Обаманың Ресейді «аймақтық держава» деп атауы Путиннің шамына тиген болуы керек, енді Ол  әлем Ресейді ұлы держава ретінде мойындаса деп армандайды. Бұл Путин мен оның идеологтарының  «неоимпериялық амбицияларының» көрінісі болса керек-ті.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3544