Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 5502 0 пікір 27 Қазан, 2015 сағат 10:48

ҚОСТАНАЙ НИКОЛАЕВСК АТАНУЫ МҮМКІН

НЕМЕСЕ «ШОЛПАНЫМЫЗ» – «ГОРОДОК», «ШАҢЫРАҒЫМЫЗ» – «МЕТРОПОЛЬ»

Бір кездері тәуелсіздіктің туы желбіреп, азаттықтың ақ таңы атқанда елмен бірге ерекше шаттанғандардың қалың ортасында Қостанайдың жұртшылығы да бар  еді. Өйтпегенде қайтсын, осында өзге жұрттың өктемі жүріп, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып тұрғанда өз үйінде есіктен сығалаған жетім баланың күйін кешкен қасиетті ана тіліміздің бағы жана ма деп үміттенгенбіз.

Рас, алғашқы кезде сіресіп қалған сең қозғалған секілді еді. Өзге жұртпен, өктем халықпен жағаласа жүріп, қалада жалғыз қазақ мектебін әупіріммен, әзер дегенде аштық. Өзге жерден орын болмай, бос қалған орыс мектебінің ғимаратын сұрағанымызда естімеген сөзіміз қалмады. Соның ішіндегі ең сыпайысы «оңбаған ұлтшылдар» болды. Әншейінде шіренген шенеуніктеріміз тасада бұғып қалды. Ал күн көсемнің атын Әл-Фараби атамыздың атына өзгертуге келгендегі кездескен қарсылықтарымызды айтсақ, бір түйеге жүк болғандай шығар.

Біз басымыздан өткен құқайымызды неге тәптіштеп айтып отырмыз? Өйткені бір кездері арыстанша арпалысып, аюдай ақырысып, қол жеткізген азғантай жетістігімізден біржолата айырылып қалғандай күй кешудеміз. Қазір қарап отырсақ, бір кездері, қаламыздағы халықтың 90 пайызынан астамын ұлы халықтың өкілдері құраған шақта алғаш «Аққу» атты дәмхана ашылғанда  қуанғаннан жүрегіміз жарылып кетердей болған. Сосын «Сарыарқа» ашылғанда бөркімізді  аспанға аттық, Ал «Шолпан» есігін айқара ашқанда төбеміз көкке екі елі ғана жетпей қалған.

Бұл бұрынғы «Шолпан» дәмханасының «жаңарған» түрі

Енді қазір баяғы таз қалпымызға қайта түскендігіміз өзегімізді өртемей қоймайды. Бүіндері сол тұстағы жағдайға жылап көрісетіндей бейшара болдық десек, қателесе қоймаспыз. Қазір «Аққу» да, «Сарыарқа» да көзімізден бұл-бұл ұшты. Із-түссіз, қайда кеткені белгісіз. Оның орнына «У Натали», «У Антошки», «У Евгений» деген дүкендер басты. Мен тіпті жаңадан бой көтерген «Тополек», «Весна» деген секілді дүкендерді есепке де алып отырған жоқпын. Ең сорақысы бұл емес. Ең сорақысы бұрынғы қазақ атауларының орысша атаулармен өзгертілуі. Бір кездердегі бәріміздің көзімізге ыстық көрінетін «Шолпан» дәмханамыз бүгіндері орыстың «Городок» деген атауына ие болып қаланың қақ ортасында «мен мұндалап» тұр. «Сарыарқамыздың» орнын сипалап қалдық.

Бұрынғы «Шаңырағымыз» бүгіндері «Метрополь» да, бұрынғы «Дидарымыз» қазір «Дублинге» айналған

Осыдан он жылдай бұрын қазақтың қасиетті ұғымдарының бірі — «Шаңырақ» атты мейрамхана қаламыздың ортасында сән-салтанатымен бой көтергенде «әп, бәрекелді» деп бір жасап қалғандығымыз рас еді. Алайда ол қуанышымыздың ғұмыры ұзақ болмады. Қожайыны ауысып кеткенннен кейін ол бір-ақ күнде «Метрополь» болып, «өркениетіміздің» өрісін кеңейтіп, тынысымызды тарылтып тастады. «Жаман әдет жұққыш келеді» деген емес пе, мұның ізбасарлары табыла кетті. Бізді «еуропалық мәдениетке» қарай сүйрегісі келетіндердің қатары көбейді. Осы дәстүрмен бір кездерде «Дидар» деген құлаққа да жағымды, айтуға да әдемі «Дидар» деген аты бар мейрмаханамыз бір күнде алдымен «Навигатор» атанды. Сосын аты дардай болғанымен бағыт-бағдарынан адасты ма, әлде жүрісінен жаңылды ма, көп ұзамай алыстағы тұманды елдің шаһарының атын иеленіп «Дублин» болып құбыла салды. Бір өкініштісі, кезінде талайлармен жаға жыртысып, қызылкеңірдек бола жүріп, осындағы «Қазақ тілі» қоғамы бар, өзге де зиялы қауым өкілдері бар әлгі «Дидар» деген атты алып беруге белсенен кіріскен еді. Соның қожайыны, қалталы азаматты ең болмаса осы атау арқылы өз жерінде, орыс ормандай Қостанайда өгейсіп жүрген ана тіліміздің тамырына қан жүгіртуге ықпалы тие ме деп үміттенген едік. Сөйтсек, қайран қазақ тілі кім болса соның құрбандығына  айналып кетіпті ғой.

Мемлекеттік тілді менсінбейтін маңдайшаның бірі, міне!

Мінекей, бізде ана тілімізде атауы бар дүниелердің барлығы да қазір орыстанып жатыр. Тілімізге мұрын шүйіре қарап, арам ақшадан қалтасы қампиған байшікештер қазір мемлкеттік тілімізді менсінбегендері шектен шыққаны соншалықты олар қазір дүкендерін, ломбардтарын мен мейрамханаларының аттарын ағылшынша қоюға жаппай көшіп жатыр. Бұлардың Тіл туралы заңға түкіргендері бар, өзі би, өзі қожа ерегіссе тіпті маңдайшасына бір әріп те қазақша жазбайды. «Мықты болсаң, қолыңнан келгенін істеп ал» дегендей шіренетіндігін қайтерсің. Мүмкін біздікі қате шығар. Мүмкін біз олардың өздерінше үштілділік бағдарлдамасын «осылайша дамытып» жатқандығын көре алмай, босқа кінәлап отырған шығармыз? Бір қызығы, өзге тілге көшіп жатқан әлгіндей ғимараттардың көпшілігін иесі өзіміздің қаракөздер болып келетіндігін қайтерсің. Өз қолыңды өзің кесесің бе?

Жә, «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей осындай өресіздікті, тіпті заңсыздықты неге жіпке тізгендей етіп, оқырманның құлағын сарсытып отырмыз? Мұның түп тамыры қайда жатыр және бұдан шығатын жол қандай? Біздіңше, мұның ең басты себебі, әлгі қожайынсымақтардың егер мейрамхана немесе дәмхана аттарын қазақша қойсам мұндағы орыстілді тұрғындар келмей қалуы мүмкін деген шолақ та сасық ойларынан туындап жатқан сыңайлы. Яғни кембағалдық пиғыл (орысша айтқанда «комплекс неполноценности») санасын әбден меңдеп алған. Бірдеңе десең «Ойбай, бұл жеке адамның құқына қол сұғушылық, шағын бизнеске қысым жасаушылық» деп балтасын алып, өре түрегеледі. Билік сосын қорыққаннан бір жерін қыса қояды. Заңымыз жалтақ, өзіміз қорқақа боған соң, кім көрінгеннің есіктен кіре сала, төр менікі деуіне таң қалудың өзі артық шығар. Өзгесі-өзге сол Тіл туралы заңға қай дүниенің де бұрынғы атауы қазақша болса, оны өзгертуге болмайды деп тайға таңба басқандай етіп жазып қойсақ. Мұндай бетімен кетуге тоқтау салынар еді. Кезінде көше атауын өзгертуге мораториий жариялауға келгенде аса бір тапқырлық танытатын мықтыларымыздың осындайда бейшара болып қалатындығын қайтерсің.

Бірақ, әй қайдам, осындай бір кішкентай ғана батылдық жасауға біздің биліктің өресі жете қояр ма екен? Бұлай кете берсек Қостанай атауының бір кездерде Николаевск деген атауына қайта оралмасына кім кепіл?

Мұратбек Дәуренұлы, Қостанай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616