Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
46 - сөз 10789 0 пікір 27 Қазан, 2015 сағат 13:56

ЖӘНІБЕК ҚОЖЫҚ. ШАЛ МЕН КЕМПІР

РЕДАКЦИЯДАН: Әлеуметтік желідегі (FB) парақшасында  публицист Жәнібек Қожық «шал», «кемпір» сөзінің төркініне үңіліп, орынды мәселе көтеріпті.  Күнделікті тұрмыста, ауыз екі тілде ретті, ретсіз қолданала беретін шал мен кемпір сөзі қандай мағынаға ие екен?.. Оқып көрелік.  

КЕМПІР

 Қазіргі жастар  «шал», «кемпір» сөзінің  түпкі мағанасын толық білмегесін, үлкендер «ұят болады, қойыңдар» демегесін бір-бірін «кемпір», «шал» деп айтып жүр. Жастар түгелі үлкен астарда «Ата ұлдарына» шапан таратқанда, көп жерлерде «ана рудың шалынан кім бар», «мына рудың шалдарынан кім бар?!» деп айқайлап жатады. Ақсақал деген қастарлі сөз ұмытылып, шал деген сөз басып барады. Қазір, балаларымыз, әке, шеше деген ардақты сөздің орнына «біздің үйдің кемпір, шалы дейтін болды. Бір бірінен «Шал қайда?», деп сұраса, «Шал ауылда жоқ» деп жатады. Бұл сөздерге құлағымыз үйреніп барады.

Осыдан 25 жылдай бұрын Онды ауылында (Маңғыстау облысы) үлкен той болды. Ағаш үйдің іші толған ақсақалдар, қақ төрде Ыбырай нағашым отыр. Ыбекең өте әңгімешіл, шежіреші кісі. Бір кезде қолға су құятын бала келді. Асаба жігіт: «Бірінші суды шалдардан бастап құй», -  деп балаға бұйрық беріп тұрды. Ыбекеңнің төменгі жағында отырған үлкен кісілер «шал» деген сөзге шамданып қалып еді,  асаба жігіт: «Не, сендер шал болмаған да кімсіңдер?» -  деді. Төрде отырған Ыбырай нағашым: «Әй, бала, сөздің мағанасын білмесең айтпа, менің жасым 85-те. Бірақ 80-ге келгенше шал болғаным жоқ, қалай түсінсең солай түсін», - деді. Асаба жігіт ұялып қалды, үлкендер күліп жатыр. Жақында Шетпедегі өзімнің қатты құрметтейтін салт –дәстүрді жақсы білетін нағашы ағамнан шал сөзінің анықтамасын сұрадым. Сонда оның маған айтқаны: «Шал күндіз мақтаншақ, кешке жасқаншақ, түнде қызғаншақ болады», - деді. Кейде үлкендер жағы: «Ей, мынау жасына жетпей шал болыпты ғой», - деп жатса, енді бірде, «Әй, оны шал демең, жақында балалы болды ғой», -  деп те жатады. Кейде әйелі қайтыс болған жасы үлкен адамдарға да: «Ол әлі шал емес шығар, төсек жаңғыртса болады ғой» деп жатады. Көбіне үлкен кісілер шал дегенге шамданса, ал қазіргі жас жігіттер «шал» деген сөзге мақтанады. Шал сөзінің түпкі мағанасы «түнгі төсекке жарамай қалған ер адам» деген сөз. Қадірлі,іні- келіндерім, сіздер аналарыңды, сүйген жарларыңды кемпірге теңемей-ақ, анашым, шешем, жарым, жұбайым, келіншегім, зайыбым десеңдер болады. Ал, келіндер, күйеулеріңді «шалым», «біздің шал», «біздің үйдің шалы» дегенше, «күйеуім», «отағасы», «жарым», «балаларымның әкесі» дегендерің жөн. Әрине, мен тіл маманы емеспін бірақ, ақсақалдардан естіп, сұрап жасаған тұжырымым. Қате болса, кешірім сұраймын. Бірақ, біз білгенімізді жастарға айтып, жазып отыруымыз қажет.

КЕМПІР

 Қазақ  «Кемпір» деп күйеуі қайтыс болған егде жасқа келген әйелді айтады. Қазақта «пірсіздің пірі - шайтан, әйелдің пірі - күйеуі» деген мақал бар. Кемпір пірі кем әйел дегенді білдіреді. Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қорлатпаған халық. Күйеуі қайтыс болған келіншекті «жесір» деп атаған. Бірақ, күйеуінің бір жылдық асын бергеннен кейін. Ел ақсақалдары жиылып жесірді қайнысына, не қайнағасына атастырған. Ал, егде жастағы әйелдің балалары ер жетіп, қыздары бой жеткен кезде күйеуі қайтыс болса, кемпір деп атаған. Қазақ оларды құрметтеп сыйлаған. Күйеуі қайтыс болған кемпірлер үй билігін де, түз билігін де өздері алған. Қазір үлкен кісілердің «кемпіріммен ақылдасайын», «біздің үйдің кемпірі шешеді», «кемпір біледі» деп жүрген сөздері содан қалған. Ал, күйеуі тірі адамды ешкім кемпір демеген. Кейбір әжелеріміз де кемпір деген сөзге ашуланып қалатыны сондықтан. Бірақ қазір көп сөздің шынайы мағынасы ұмытылды. Қазақ халқында күйеуінен айырлысу деген болмаған. «Атың жаман болса, сатып құтыларсың, қатының жаман болса, қайтып құтыласың?» деген сөз содан қалған.    Міне, кемпір сөзінің төркінінде осындай жосығы бар.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3511