Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Мәйекті 6452 0 пікір 27 Қазан, 2015 сағат 14:35

ОРТА АЗИЯ ҮШІН ТАЛАС: РЕСЕЙ ЖЕҢІЛІС ТАПТЫ

Жақында британиялық  «The Financial Times» басылымында «Қытайдың үлкен ойыны – Орта Азияда әмірлік құру!» атты мақала жарық көрген болатын. Онда инвестор рөліндегі Бейжің Орталық Азияда инициатор рөліндегі Мәскеу амбициясына төтеп беретін посткеңестік республикаларды қайта құруға белсене кіріскендігі туралы айтылған. Алайда, экономикалық тәуелділікке қарамастан, Орталық Азияның кейбір елдері Қытаймен интеграцияға аса құлшылық танытпай отырғаны тағы рас.

Оның үстіне Қытайдың басты бәсекелесі – Мәскеу де жай қарап отырған жоқ. Әсіресе,  өңірлік, аймақтық интеграцияны мықтап қолға алған Мәскеу ОА елдерін  Еуразиялық экономикалық одаққа кіруге мәжбүрлеп бағуда. Одақтан шыққан бес мемлекет бұл одаққа қосылып үлгергенін білесіздер. Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Армения және Белоруссиядан өзге, келер жылы қатарға қосылуға құлшыныс білдіріп отырған Түркіменстан бар.  Әмірлік орталықтан жүргізіледі.  Бұл дегеніңіз – әлем мемлекеттері бүтін қарсы шығып отырған Ресейдің өлімші экономикасын Орталық Азия нарығы арқылы қалпына келтіру жобасы ғой түсінгенге. Бұның аты экономикалық, одан соң, саяси тәуелділік деп аталса керек.

Ал, Қытай стратегиясы өз кезегінде ондаған миллиард доллар инвестиция салу арқылы посткеңестік экономиканы нығайту идеясын және шикізат тауарларының бағасының түсуінен зардап шеккен, сондай-ақ, ресейлік репрессия құрбаны болған ОА экономикасын реализдеуге бағытталған. Қытай таңдаған жол – «Ұлы жібек жолын» қайта жаңғырту еді.   Қытай қазір іске мықтап кіріскен. Мысалы,  2000-шы жылдардағы Орталық Азияның бес мемлекеті – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанмен арадағы сауда айналымы – 1,8 миллиард доллардан 50 млрд. долларға дейін өскен. Сонымен қатар, Қазақстанда қытайлық компаниялар мұнай – газ секторының төрттен үш бөлігін жаулап алған.

Жоғарыдағы деректер мен ресми деректерді салыстырып қарайтын болсақ, Орталық Азияның қазіргі Құдайы – Ресей емес, Қытай секілді көрінеді.  Ал, тамыз айындағы Ұлттық банк пен Үкімет жасаған теңге девальвациясынан кейін биліктің басты міндеті қалталары қағылған қарапайым халықты емес – Қытайды тыныштандыру болса керек.   Девальвациядан кейін ҚР Президенті бірінші сапарын дәл осы Қытайға жасады.  Астарында не жатыр осының? Қытайдың инвестиция саламын деген уәдесінен тайқып кетпеуін қадағалау.  Онсыз Қазақстан экономикасы құрдымға біржолата кететіні анық. Енді осы мәселеге қатысты сарапшылар не дейді? Шолып шығайық:

Досым Сәтпаев, қазақстандық саясаттанушы:

-Қазақстанда үстемдік етуге бағытталған Қытайдың кез келген қадамына «анти-қытайлық» толқындардың болатыны анық.

Чжао Хуашэн,  экономист, сарапшы, ОА және Ресейтану орталығының директоры:

-Қытайдың «Ұлы жібек жолы» жобасын Мәскеу ЕАЭО-ға альтернативтік одақ құру деп қабылдағаны рас. «Ұлы жібек жолы» жобасы іске қосылса, Қытай Орталық Азия елдерінің  инфраструктурасы мен басқа да секторларға инвестиция салуды көздейді. Мысалы, осыған дейін Қазақстанның мұнай және газ секторын ғана инвестициялап келген болса, ендігі жерде ауылшаруашылығы,  туризм және басқа да салаларды қамтитын болады.

Александр Габуев, ресейлік сарапшы, экономист:

-Қазіргі ішкі экономикалық ахуалдарды ескере келе сараптама жасайтын болсақ, Орталық Азиядағы экономикалық үстемдік жүргізудегі таласта Мәскеу Бейжіңге есе жіберетіні сөзсіз.  Десе де, Мәскеу бұрынғыдай әскери үстемдікке ие болып қала береді. Қытай экономикалық тұрғыдан әлеуетті болғанымен, Ресей армиясы Орталық Азиядағы тұрақтылықты қамтамасыз етуші рөлге ие болады.

Дэррил Хэдвей, АҚШ сарапшысы:

-Қазақстандағы логистикалық бизнеске мысал келтіретін болсақ,  Қорғас – өңірлік және халықаралық  сауда орталығына айналуы  мүмкін. Дәл АҚШ Атлантасы сияқты. Қытай мен Еуропаны байланыстырып тұрған Қазақстанның теміржол логистикасы  2011 жылмен салыстырғанда 18 есеге артқан. Оның үстіне «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ)  Қытайдың Цзянсу провинциясымен тікелей байланысатын  темір жол құрылысына 245 млрд. теңге немесе 900 млн. доллар жұмсағаны тағы бар. Арадағы бәсекелестікке қарамай өткен жолы Путин мен Си Цзиньпин мырза Мәскеуде кездесті. Қытай әлсіреп тұрған Ресей экономикасының өзіне бәсекелес бола алмайтынын анық аңғартса керек.

 

Түйін: Қазақстанның географиялық саясаты неліктен көпвекторлы екенін қос алпауыт көршіміздің көз алартқан пиғылынан аңғару қиын емес. Бірі қос бірдей одаққа бұғаулап, өз саясатын жүргізуге ниеттенуде. Екеуінің де Орталық Азия мен Қазақстанға таласуының астарында өз пайдаларын көздеген көмескі пиғыл жатқаны рас. Екеуі де реті келсе, кекесінмен келемеждей жөнелуге әзір тұр.

Мысалы,  РФ президенті Путин: «Қазақтарда бұрын мемлекет болмаған», «Ресей – Алтын орданың мұрагері», - десе осыдан екі жыл бұрын Қазақстанның футуристік астанасына арнайы келген Си Цзиньпин мырза «II ғасырда Қытай тауарын саудалап келген Чжан Цяня көпестің түйесінің исі аңқып тұр. Бұл жерде тұрып мен сонау кезеңге еніп кеткендей болдым»,  - деп Қазақстанның кенже дамып келе жатқанын кекетіп еді.  Бірі қаруымен қоқаңдаса, бірі қаржылық қысыммен қос өкпеден алуда. Сонымен, «The Financial Times» басылымы жазған мақаланы сараптай келе түйгеніміз – айдаһар ақыр аюды жыққанға ұқсайды.  Демек, инвестициялау арқылы алақан жайдырудың ендігі кезегі – Қытайда. Пекинге қарсы Путиннің пәрменсіз екенін ресейлік сарапшылардың өздері айтады.  Дегенмен өңешті алқымдап тұрған өзекті сауал – Қазақстан мен Орталық Азия нарығына үстемдік жүргізу құқығы кімге тиесілі? Қытайға ма, әлде Ресейге ме?      Бұл екі алпауыттың ортасында Қазақстанның рөлі – сауда базары ғана болғаны ма?

 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір