Бейсенбі, 9 Сәуір 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 727. Жазылғандар — 54. Қайтыс болғандар — 7
Билік 6433 0 пікір 28 Қазан, 2015 сағат 03:00

ОҚО: МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ӨРКЕНДЕТУ - БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ

Қазіргі таңда елімізде мал шаруашылығын өркендетуге айрықша көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, мемлекет тарапынан асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға басымдық берілген. «Сыбаға», «Құлан» бағдарламалары бойынша мал шаруашылығын дамытамын дегендерге қаржылай көмек көрсетіліп жатыр. Дегенмен, алдағы уақытта дағдарысқа байланысты мемлекеттен берілетін көмектің қысқаратындығы жайлы жиі айтылып жүр, - деп жазады "Оңтүстік Рабат" газет .

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, мал шаруашылығы және мал тұқымын асылдандыру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Оразтай Өсіпбай

Сонымен өңірдегі ауыл шаруашылығының жай-күйі қандай? Субсидия берудегі талаптар өзгере ме? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, мал шаруашылығы және мал тұқымын асылдандыру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Оразтай Өсіпбаймен сұхбаттасқан едік.

– Оразтай Науатұлы, күнгейлік шаруалар мемлекет тарпынан беріліп жатқан субсидияны тиімді пайдаланып жатыр ма?

– Аймақта мал шаруашылығы жылдан-жылға дамып келеді. Атап айтқанда, ет, сүт, жұмыртқа өнімдерінің көлемі артты. Жалпы, өңірімізде 858,8 мың ірі мүйізді қара мал, 4 111,4 мың қой мен ешкі, 223,6 мың жылқы, 23,4 мың түйе, 2 460,3 мың құс бар. Мұның барлығы шаруалардың еңбегі және мемлекет тарапынан берілген қаржылай көмекті тиімді пайдаланудың арқасында деуге болады. «Ірі қара мал экспортының әлеуетін дамыту» жобасы шеңберінде «Сыбаға» бағдарламасымен 18,2 мың бас аналық ірі қара мал сатып алынды. Бүгінде 49,3 мың бас аналық ірі қара малға тұқымдық түрлендіру жүргізілуде. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 39,3 мың бас тұсақ, «Құлан» бағдарламасы бойынша 3,7 мың бас жылқы сатып алынды.

– Малды асылдандыру тұрғысында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Төрт түліктің ішінде қой шаруашылығында асылдандыру жұмыстарына көбірек мән берілген. Бұған шаруалардың өзі қызығушылық танытып отыр. Айталық, өңірімізде 119 шаруа қожалығы қой өсірумен айналысады. Олар қазақы, биязы жүнді, қаракөл қойларын асылдандыру ісін қолға алған. Мұндағы мақсат – аз шығын жұмсап, көп өнім алу. Мәселен, Ордабасы ауданындағы «Сералы» шаруа қожалығы асыл тұқымды «Ордабасы» қойын өсіріп келе жатқанына көп жыл болды. Бұл асыл тұқымды қойдың басқа қылшықты қойлардан ерекшелігі, таза етті бірнеше есе артық береді. Биылғы жылы «Ордабасы» тұқымын жергілікті малдарды ұрықтандыруға қолданамыз. Себебі, мемлекет тарапынан асыл тұқымды қошқарларды жалпы шаруаға бірдей етіп, аналық бастарын тегін қашыртуға көмек беріліп отыр. 80 мыңдай малды ұрықтандыру жұмыстары басталды. Қойды қашыртып алу үшін мамандар мен оның техникалық құрал-жабдықтары, асыл тұқымды «жалға беру» қаржысы мемлекет есебінен жүргізіледі.

Екіншіден, аймақта қаракөл малы да азайып бара жатыр. Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік ғылыми инситутының ғалымы Хисметолла Үкібаев біздің өңірде көк түсті қаракөл қойларын көбейтуге үлесін қосып отыр. Жуырда Түркістан қаласында қаракөл қойларды асылдандыру мақсатында семинар өтті. Қаракөл қойын көбейту ісін қазір Түркістан қаласындағы «Югнак» шаруа қожалығы қолға алды.3 мың бас қаракөл қойы бар. Келешекте көк түсті елтірілерді халықтың игілігіне жарату көзделуде. Елтірімен еліміздің әскерін толық қамтамасыз етеміз деген де жоспар бар.

– Шаруаларға субсидия берудің талаптары өзгерді ме?

– Жалпы, қой шаруашылығын бөліп айтар болсақ, қойдың аналық басының саулығына 1500 теңгеден беріледі. 2011 жылға дейін осы субсидияны алу үшін 1000 бас саулығы болуы керек деген талап қойылатын. Өткен жылдан бастап 600 саулығы бар шаруалар субсидия алуға мүмкіндігі болды. Ал, биыл 300 саулығы бар шаруаларға да мемлекеттен қаржылай көмек көрсетілді. Малды асылдандыруда сатып алынатын бір бас малға 8000 мың теңгеден беріледі.

Келер жылы мал шаруашылығы мен одан алынатын өнімдерге субсидия беру жалғасады. 2017 жылдан бастап өнімге емес, мал басына ғана төленетін болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Күй талғамайтын «Ордабасы»

Ордабасы ауданындағы «Сералы» шаруа қожалығы 20 жылдан бері қазақы «Ордабасы» қойын өсірумен айналысып келеді. Қожалықтың басшысы Сералы Әбжановтың Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік ғылыми институтының ғалымдарымен бірлесе жүргізген жұмысы өз нәтижесін берді. Бүгінде қожалықтың асыл тұқымды қойларына деген сұраныс жылдан жылға артып отыр. «Ордабасы» қойдың тұқымын жергілікті шаруалар ғана емес, арысы Атырау, Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Ақтөбе, Маңғыстау өңірінің қожалықтары да қызығушылық танытып, сатып алуда.

– Қазақы қойдың ерекшелігі барлық жердің табиғатына тез бейімделеді. Төзімді, жер таңдамайды, жылдам жетіліп, тез қоңданады. Жүні аз, есесіне еті мол. Қошқарлардың орташа салмағы 110-123, саулықтардың орташа салмағы 85-90 келіні құрайды. Ал, алты айлық қозы кезінде салмағы 31-32 келіге жетті. Қазір ұсақ малдың май емес, ет беру өнімділігіне мән беріледі. Бұрын керісінше еді. Сол себепті, бұл асыл тұқымды қойлар бойына май емес, етті көп жинайтындығы көпшілікті қызықтырады. Биылдың өзінде Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарына 2500-нан астам саулық пен тұсақ саттық, -дейді шаруа қожалығының зоотехнигі Аманбек Ырысбекұлы.

Шаруашылық 200-дей асыл тұқымды қошқарды облыстық селекциялық орталыққа ұсынған. Ондағы мақсат — асыл тұқымды қошқарларды қолмен ұрықтандыруға пайдаланып, облыстағы уақ малдарды ірілендіруге жәрдем беру. Мұндағы мамандар асыл тұқымды қойлардың қанын ауыстыруда Тәжікстаннан құны 300 000 тұратын қошқар алып келіпті.

– «Ордабасы» қойының тұқымын біздер жоғалтпауымыз керек. Бүгінде адамдар құйрық-майды холестеринді көтереді деп жемейтін болған. Ал, бұл қойда «Еділбай» қойы секілді құйрық жоқ, етін саны мен қабырғасына жинайды, – дейді шаруашылықтың мал-дәрігері Сламбек Байзақұлы.

Бүгінде шаруашылықта 6 мыңнан астам қой, 200 ірі қара, 400 бас жылқы бар. Шаруашылық мемлекеттен өткен жылы 5 млн 200 мың, биыл 5,5 млн теңге алған. Алдағы уақытта малшылар ірі қара мен жылқы тұқымын да асылдандырмақшы.

Айгүл Керімбайқызы

Abai.kz

0 пікір