Жұма, 10 Шілде 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 54747. Жазылғандар — 31815. Қайтыс болғандар — 264
Біздің шенеунік 4545 0 пікір 29 Қазан, 2015 сағат 08:15

ӘКІМДЕР ҚАЙДА ТҰРАДЫ?

Көбіміздің көңілімізде жүрген көп сұрақтың бірі: облыс әкімдері қайда тұрады? Бір білетініміз жоғарғы шенді әкімдер үшін мемлекеттік резиденциялар бар. Ал, аталған «қорған - сарайлар» мемлекеттік бюджеттен қаржыландырыла ма, әлде, олардың  бар шығыны әкім мырзалардың қалтасынан  өтеле ме? Тіпті, кейбір дереккөздеріне сүйенсек, осындай резиденциялардың мемлекетке айтарлықтай борышы да бар - мыс.

informburo.kz сайтының ақпараттарына сүйенсек, ОҚО, СҚО, БҚО, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында әкімдерге арналған арнайы  мемлекеттік резиденциялар жоқ екен. Ал Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметінің айтуынша, Қырымбек Елеуұлы аталған облыстың тумасы болғандықтан, әке-шешесінен мұраға қалған өз үйінде тұрады. Ақмола және Шығыс Қазақстан  облыстарында да мұндай резиденциялар жоқ дейді әкімдіктегілер. Ал облыс басшылары мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша берілген жеке баспанасында тұрады екен. Әкім мырзалар коммуналдық және өзге де шығындарды өз жалақысынан төлейді. Сендік, бұған да.

Енді қай әкім қайда тұартынын шолып көрейік.

 Павлодар облысы

Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев мырза тергеу жұмыстарының аяқталмағанын желеу ете отырып, журналистердің сауалына жауап беруден бас тартқан екен. Десе де, Қанат мырзаның резиденциясы Кенжекөл ауылында орналасқаны мәлім болды. Мәлім болмай  қайтсін?! Бұл анау-мынау емес, аты шулы резиденция ғой.  Әнеу бір әлеуметтік желіге кеңінен таралып кеткен бейне роликтегі резиденция осы кісіге тиесілі. Әкім мырза мен оның баласын бопсалағандар ісі әлі түйінделмеген соң Қанат Бозымбаев та резиденция туралы ақпарат беруден бас тартса керек. Түсіністікпен қарайық, оған да. Дегенмен, спутниктен түсірілген мына бір суретте Қанат мырзаның «ақ үйі» мемлекет басшысының ресми резиденциясының дәл қасында орналасқаны көрсетілген. Тіпті, бірнеше тұрмыстық ғимараттар мен теннис корды және тікұшақ алаңшасы да салынған екен:

 Алматы облысы

 Ал, Алматы облысы әкімі Амандық Баталов мырзаның баспасөз қызметі бір дегеннен Талдықорған қаласында резиденция бар екенін айтып берген. Айтпақшы, Амандық мырзаның «ақ сарайы» облыстық бюджет есебінен қамтамасыз етіледі екен. Жылына 12 миллион теңге жергілікті бюджеттен осы бір резиденцияны ұстап тұруға бөлінеді. Бірақ, бұл резиденцияда қандай да бір мерекелік шаралар немесе жеке басқа қатысты кештер өткізуге тыйым салынған.

Ал әкім мырзаның аппарат басшылығының айтуынша, бұл сарайды күзетушілер үшін жалақыны мемлекет төлемейді. Сондай-ақ, облыс әкімі бұл резиденцияда көп уақыт болмайтындықтан, ғимарат тек ресми шараларға арналған. Ал коммуналдық шығындар орташа есеппен жылына 451 400 теңгені құрайды.

 Алматы қаласы

Алматы қалалық әкімшілігіндегілер де қалада резиденция бар екенін айтқан. «Алматы қаласындағы резиденция Республика алаңының маңында орналасқан. Ғимарат жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Бұл ресми резиденция болғандықтан аулада мерекелік шаралар өткізілмейді»,-дейді әкімдіктегілер.

 Жамбыл облысы

Мұндай резиденция Тараз қаласында да бар болып шықты. Ол да мемлекет қазынасынан қаржыландырылады.

 Атырау облысы

Ал Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс әкімінің резиденциясы туралы соңғы кездері жиі жазып жатқандығын айтып, қандай да бір ақпарат беруден бас тартқан.

 Түйін: Әкімдердің көпшілігі өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай етіп сөйлейтінін бүгінде екінің бірі біледі. Рас, қой. Олар сендіреді. Бірақ,  шындықты айтарға көп әкімнің батылы жетпейді.  Әсіресе, қанша жалақы алатыны мен қайда тұратыны туралы лажы болса жақ ашпауға бейім. Бірақ, біз жоғарыда мысалға келтірген әкімдер мемлекет есебінен қаржыландырылатын үйлерде тұратынын мойындады.  Ақ сарай, қымбат көлік, қара көзілдірік  пен тәуір киім талай әкімнің бүгінгі келбеті. Сыртқа сыр алдырмаудың сыры бұл. Олар резиденцияларда, жайлы үйлерде тұрады. Олар қала көшелеріндегі кептелістерді кесіп өтеді. Себебі, «сопровождениясы»  бар. Ауыл-қыстақ тұрғындарының хал-жайынан да хабары шамалы. Олардың әдеткі әлеуметтік тұрмысты байқай бермейтіні де сондықтан...

 Нұргелді Әбдіғаниұлы

Аbai.kz

 

0 пікір