Жұма, 19 Сәуір 2024
Өз сөзі 7290 0 пікір 29 Қазан, 2015 сағат 12:39

АЛАШТЫҢ ЖАУЫ «КАЗАШКАЛАР» МА ЕКЕН?

Кеше журналист, ақын Мырзан Кенжебайдың "Алаштың жауы - "казашкалар" деген (http://abai.kz/post/view?id=5246) атаумен бүгінгі қазақ қыздарының қоғамдағы кескін-келбетін сынаған мақаласын жариялаған едік. Сол мақалаға қатысты журналист, жазушы Гүлжан Ізтайдың да айтары бар екен.


 

Қазақтың қасіреті – өзегін жоғалтқан ұлтжандылығында!

Ең алдымен ұлтжандылық дегенге тереңінен үңіліп қарайықшы. Ол ұлтын сүю дегенге саяды. Оның артында өз елі мен жерін, тілін, дәстүрін, отбасын, соның ішінде әке-шешесін, іні-қарындасын, құдай қосқан жарын, бала-шағасын сүю дегеніміз ғой.

Осы ұлтыңыздан қандай да бір кемшілік көрсеңіз, сол кемшілікті кесіп алуға асығудың қажеті бар ма?! Қолыңызға шыққан жараны емдеп әуре болмай, кесіп тастау дұрыс дегенмен бірдей ғой. Кесілген қол қайтадан жалғанбайды, «неге үйттім» деп жылағанмен қалпына келмейді. Өмір сүру үшін сүюден бөлек, алды-артыңды өлшеп жүру де керек. Жаудан гөрі дос іздеу, кедергіден гөрі дұрыс жол іздеген дұрысырақ. Сіз айтып отырған «казашка» қай санаттағы қазақ қыздары екеніне көзім жетіп отырған жоқ. Қызметтегі ханымдар ма, жоғары оқу орындарындағы білім іздеген қыздар ма, отбасын құрып үлгеріп, бала тәрбиелеп отырған әйелдер ме, әлде өмірден жолы болмаған бойжеткендер ме? Тақырып тым шашыраңқы және зерттеусіз дабыра әңгіменің желісінде жазылған мақала ғой деймін. Дегенмен, көпке топырақ шашпай тұрып, әйелдер тақырыбына ойланып қалам салғаныңыз жөн болар еді. Дәл сіз айтқандай қоғамның барлық қиын жүгін әйелдің мойнына артып бере салғандай ғып ер азаматтың мойнына осы ауырлықты түгел аудара салу әділетсіздік болар. Әйел қауымы қоғам алдындағы өз міндетінен қашқақтамайды, қайта керсінше, осы ортақ мәселеге ой тастап, кеңесуге, түйінін шешуге ұмтылады. 

Шынтуайтына келгенде іштен күйдіретін жайт тек әйелдердің жеңіл жүрістілігі емес ер жігіттердің де бұзақылыққа, жүргенсіздікке ұрынуы тағы бар. Таразының екі басына салып, теңестіріп жатудың қажеті жоқ. Бұл тақырып талай журналисттің жүйкесін тоздырған, талайдың намысына тиген, іштен күйіндірген. Отбасында қыздарын құлыптап отырса да, дәл сол қызы жеңіл жүрісті болып кеткен жағдайлар кездеседі. Ұлды құрықтап қысып, миын шұқып күнде мыжып ақыл айтса дағы бір есуастықпен қылмысқа барғандары да болады. Неге олай дерсіз? Адам баласы жаратылғаннан өзіне ғана мәлім, өзіне ғана қызмет қылатын сана-сезімі болмай ма?!. Ендеше бар мәселе сана-сезімде, дүниені тану түсінігінде. Осыған келгенде ата-ананың берген тәрбиесі болу керек десеміз. Жөні түзі тәрбие берген болғанымен толық жеткізе алмағандар бар. Ал, егер тәрбие берерлік ата-анасы да болмаса ше? Ондай баланы жарамсыз заттай көріп қоқысқа тастағыңыз келе ме?!.. Өйте алмаспыз. Адам – бұйым емес. Адам – тұлға. Ол я қызметкер, я қара жұмысшы, я қылмыскер болса да әйтеуір қоғамның бір шетінде жүретін адам. Ғасырлар бойы іргеміз мықты, елдігіміз мығым болса деп армандағандар қылмыскерлермен бірде қылышпен, бірде қаламмен күресіп келе жатыр.

Деректерге сүйенсек, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар арасынан қылмыскерлер, нашақорлар мен тәнін сатушылар (қыздар да, ұлдар да) жиі шығады. Ал, қоғам бұл індеттің алдын алу үшін не істеп жатыр? Жетімдер үйін жоқ етіп, отбасылық тәрбиеге көшуге ниет білдіруде. Ата-аналық тәрбие беру үшін жетім балаларды отбасылар асырап алсын деп үндеу айтуда. Соның бел ортасында жүргендердің бірегейі – Аружан Саин. Намысымызға тиген бір дерттен айығудың жолын көрсетіп отырған осы «казашка». Сыртына емес, ішіне үңілсеңіз әжептеуір тура жол көрсетіп отырғанын білу қиын емес. Осы бастамамен мыңдаған жетім балалар отбасылы үйде тәрбиеленіп жатыр. Жетім баланы тәрбиеге алудың өзі үлкен ерлік. Ал енді өз баласының тәрбиесін уыстап шығарып алғандарға не айтарсыз? Қазірде баласын өзі ғана тәрбиелеп отырған жалғызбасты әйелдер көп. Олардың күйеуден айрылып-ажырасып кеткенін талқылап, ақыл айту артық әңгіме. Мерзімінен кеш сермелген қолмен тең. Ал енді олардың балаларының тегі, қызға, ұлға өзіне лайық тәрбие беру мәселесі өзекті болып тұр. Қаншама ұл балалар тек әйел тәрбиесімен шектеліп, еркекке тән мінезді қалыптастыра алмай қалған. Балға ұстап, шеге қаға алмайтын, «аз сөз алтынды» білмейтін, ең сорақысы тегін танымайтындары қаншама. Күйеуімен ажырасқан әйел 5 жасар баласын ұрып жатыр: «Әкесіне тартқан қу неме! Әкесі жоқ жетімсің! Қаніпезер әкеңнен қорлық көріп ем, енді сен көрсетерсің маған күйікті! Күйдіргі ше, күйдіргі!». Осы эпизот еріне ренжулі талай әйелдің басында бар. Балаға тегін жамандау және оның да жақсы адам болатынына күмәнмен қарау. Әрине бұл тәрбие жақсылыққа апармайды. Баланың болашағына үлкен үміт беріп, ата-тегін мақтап, кеудесіне еркіндік, шабыт, тұлға болып қалыптасуға нық сенімділік ұялата отырып тәрбиелеу керек-ақ. Сол сара жолды көрсетуге кім бар екен?! 

Зиялы қауым – қоғам дертімен қаламмен күресетін топ. Осында жазылған өзекті мәселелерді жоғарыда айтқан жеңіл жүрістілер оқып, түйін шығарады дей алмаймын. Бұл мақаланы оқитын өзіміздің зиялы қауым ғана. Бірақ, зиялылар алдында үлкен міндет тұр. Қайтсек қана жеңіл жүрістілердің санын қысқартамыз? Не шара жасауға болады? Әрине, ол үшін алдымен, өзегі кеміріліп біткен ұлтжандылықты жандандыру керек. Көркем әдебиет. Кино. Мәдени шаралар. Үндеулер. Қарап тұрсақ құрал жетерлік. Тек ниет керек. Бұл орайда ешкімнің намысына тиіп кетпей, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей алып өтетін жан жақты ойластыра алатын білім керек. Қане, ендеше, ұлды «нағыз еркек», қызды «нағыз әйел» етіп тәрбиелеуге ат салысайық!

Гүлжан Ізтай, журналист, жазушы

Abai.kz

0 пікір