Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Қоғам 9542 0 пікір 3 Қараша, 2015 сағат 16:05

ҰЛТЫҢДЫ ЖОЙМАҚ БОЛСАҢ, «ШЕШІН», ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ!

НЕМЕСЕ АЛМАТЫ ОРТА АЗИЯНЫҢ ГЕЙ-АСТАНАСЫ МА?

 

Міне, бірнеше жылдың жүзі болды қазақтың ірілі-уақты атқамінерлері де, атқа мінуді армандап қос өкпесін қолына алып шапқылап жүрген жандайшаптары да «біз Қазақстанда азаматтық қоғам орнатудамыз» дегенді жиі қайталауды әдетке айналдырып алды. Тіпті, күйеуі шапалақпен салып жібергені үшін милиция шақырып, «мұндайларды осылай құтыртып қойсақ, қалай азаматтық қоғам құрамыз?» деп жылаған әйелді де көріп күлгендер бар.

Қазір осындай «тең праволы» қатын-қалаш күйеуім, ерім деуді «артта қалушылық» деген надандық оймен «жолдасым» дейтін болды. Бұл ауру баяғы кеңес кезіндегі «товарищ» дегеннің сақталып қалған сарқыншағы. Ал, азаматтық дегеніміз адамгершілік қой. Ендеше біз азаматтық қоғам құрамыз дегеніміз, енді-енді ғана адамгершілігіміз болады деген сөз емес пе? Демек, «біз осы күні адамгершілігі жоқ қоғамда өмір сүріп жатқанымыз ба?», «сонда менің мемлекетім азаматтардың мемлекеті емес пе?» деген күнәһар сауал ойыңа оратыла береді екен.

Әрине не атқамінер, не парламентке депутат болмаса да оралымды ой-пікірі бар, көзі ашық саналы қазақ мұның аржағында әлдебір азулы мемлекеттердің бір ұлттың ішіне іріткі салып дінінен, ділінен, тілінен айырып оқ шығармай-ақ жаулап алу саясаты жатқанын жақсы біледі. Ал біздің басшыларымыз бен басшаларымыз соны біле тұра Еуропа, Ресей, АҚШ сияқты азулылардың бүкіл қаңсығын қазаққа таңсық, яғни, үлгі қып көрсетуде. Олар қайсыбір халықаралық ұйым деп аталатындар қоғамымызға не ұсынса соны Құран сүресіндей қабыл алып жас ұрпағымыздың, жалпы қазақ ұлтының құлағына құя беретін болды. Тіпті, әлгілер шынымен халықаралық ұйым ба, әлде діні, салт-дәстүрі, бүкіл дүниетанымы қазаққа жат екі-үш мемлекеттің арнаулы, құпия қызметтері құрған бір жымысқы ұжым ба онымен де жұмысымыз жоқ. Біздің мықтыларымыз жат елдіктерге Сіздер ұсынған бұл жаңалық қазақтың ұлттық жаратылысына тарихи қалыптасқан ұлттық үрдіс-салттарына сәйкес келмейді деуге де жүрегі дауаламайтын сияқты.

Міне, сондай батыстық «жаңа үлгінің» бірі – «Азаматтық қоғам» дегенді құру идеясы. Бұл идеяның авторлары да сол батысеуропалық философтар, мәдениеттанушылар, саясаткерлер, экономшылар және әртүрлі құпия қызмет адамдары. Сонау жылдары Еуропаның әлем алдында құлдырап бара жатқан рөлін көтеру үшін осы күнгі Еуроодақты (ЕС) құрған да солар. Ал дүниежүзілік баға (нарық) мен құнды өз уысында ұстап, әлемдік базар нарығына билік жүргізу үшін Дүниежүзілік Сауда Ұйымын құрған да солар еді. Сол сияқты гендерлік саясат, адам хұқы және басқа да толып жатқан мәселелер жөніндегі Еуропа мен Америкада құрылған комитеттер түрлі халықаралық ұйым деп аталатындар сол күнбатыстағы «бөлшекте де билей бер» деген қулық-сұмдық идеяны тұтынушылардың ойлап тапқандары болатын. Әсіресе, гендерлік саясат деген жымысқы саясаттың торына кейінгі жылдары қазақтың қыз-келіншектері көптеп шырматылатынын көріп жүрміз. Оған сәл кейінірек. Қазір екі қазақтың бірі «гуманизм», «цивилизация», «этика», «толеранттық» деген сөздерді жиі қолдануды өздеріне дәреже көретін болды. Жақында шашымды алдырып отырып шаштаразға бір-екі ескерту жасағанымда кезекте отырған галстукті қазақ жігіті маған «Сіз парихмахерге цивилизованное отношениені білуіңіз керек» деп «ақыл» айтты. Әлгіге қарап бұрылып отырып әдейі ұзақ күлдім. Осы бір цивилизация, этика, толеранттық деген үш-төрт сөзді білікті философтар «бұлар нақты ұғымдар емес, жәй абстрактілі, өте бұлдыр ұғымдар» дейді. «Әсіресе, толеранттық, цивилизованный, яғни, өркениеттілік деген сөздер қазақ сияқты ұсақ ұлттардың азаматтарын ұлттық санасынан айырып, дүбаралыққа айналдыру үшін пайдаланылады дейді сауатты философ-саясаткерлер.

Азаматтық қоғам идеясының құрамдас бір бөлігі – жаңағы айтылған гендерлік саясат. Әлгінде айтқан уәдеміз бойынша бұл «құрамдас бөлікке» бір мысал келтірейік. Оның «заңы» бойынша былай: Өткен түнде сіздің Құдай қосқан жарыңыз үйге қонбады. Таң ата бір-ақ келді. Сосын сізге қарап: «Неменеге ежірейесің? Мен бүгін өзім көптен бері көңілім ауып жүрген бір жігітпен бірге болдым. Түнімен ұйықтамадық. Шаршадым. Жатамын» деуі де әбден мүмкін. Сол жерде егер сіз оған қол тигізіп, үйде жанжал шығарсаңыз ол полиция шақырып, сізді ұстатып жіберуге толық хұқылы. Өйткені, оның үйге қонбауы, ұялмай-қызармай «болған істі» баяндап беруі оның «азаматтық хұқы». Яғни, ол әйел азаматтық қоғамның мүшесі..

Ал, шынтуайтына келгенде Азаматтық Қоғам дегеніміз ең әуелі еркектің отбасындағы – еркектік парызын, әкелік парызын сақтауына, әйелдің – аналық, ошақиелік, әйелдік парызын сақтауына тәрбиелейтін қоғам болуы керек. Азаматтық қоғам–әйелдің күйеуін, оның ата-анасын сыйлауға, ата-баба дәстүрін, дінін сақтауға тәрбиелеуі керек. Бұл жерде мәселені әйел жыныстыға әкеп тіреп отырған себебіміз кешегі Кеңестік Ресей басқарған кезде де, бүгінгі батысеуропалық үлгі белең алып тұрған кезде де жымысқы саясат жүргізуші елдер өздерінің қармағына түсіргісі келген елдерді ең әуелі әйел жыныстысын азғыру мен азғындатудан бастайды. Ақиқатты айтар болсақ, әйел теңдігі, әйел хұқы, бала хұқы, бала-шағасының алдындағы ата-ананың парызы сияқты киелер мен қасиеттерді ең биік орынға қойған бірден-бір дін – ислам діні. «Егер әкең мен анаң екеуі бір сәтте атыңды бірдей атап шақырса, әуелі анаңа жүгіріп бар» деген қағидат тек исламда ғана бар. Кеңестік Ресей бізге өзіміздің осынау ұлы тәрбиемізді өңін айналдырып өздерінің ойлап тапқаны етіп ұсынды. Олар әйел теңдігі дегенді сылтау етіп әйел жыныстылардың алдына шектен тыс тәрбиесіздік, бұзақылық жолдарын ашып берді. Бұл үшін еріне қарсы жүгіріп, аузына келгенін айтып, ойына келгенін істеп, темекі шегіп, шарап ішетін, сонысы арқылы да өте мәдениетті, оқыған, өркениетті, көзі ашық қызметкер болып көрінетін әйелдер мен қыздар туралы фильмдер, телехикаялар, жылтыр мұқабалы журналдар Қазақстан сияқты жас мемлекеттер мен мұсылман елдеріне топан судай әлі де төгілуде. Шындықты айту шырық бұзу емес, елімізде теледидар арқылы көрсетіліп жатқан небір телехикаялар мен орыс тілінде шығатын, Ресейден келетін газет-журналдар осының бір дәлелі. Қазір қазақтар сол газет-журналдардағы тыржалаңаш қыз-келіншектердің суретін бала-шағасының көзінше көріп отыра беруге де еті өліп кетті.

Айтпақшы, азаматтық қоғам идеясын таратушылар дүниетанымы, мәдениеті төмен, ой-өрісі өте қарабайыр өнер адамдары, киногерлер болуы да мүмкін. Мысалы, зейін қойып қарасаңыз, Американың, Батыстың фильмдерінде әлдебір полицейдің қасында бір әйел, не бір негр әлдебір «исламист террористі» іздеп шапқылап жүреді. Әрине, екеуінің де не пистолеті, не ұзын арқаны бар. Олар осындай фильмдер арқылы өздерін ақ, қара нәсілді деп бөлмейтін адам хұқының немесе гендерлік саясаттың үлгісі ретінде көрсетеді. Жұрт бұл қулық саясатымызды түсінбейді деп ойлайды. Мұндай арзанқол, қарадүрсін, үлгі-өнегесі жоқ фильмдерді қисапсыз ақшаға сатып алып жас ұрпағымызға көрсетіп жүрген қазақ телеарналары өздерін елімізде азаматтық қоғам құруға үлес қосып отырмыз деп ойлайды.

Біз айтып отырған батыстық азаматтық қоғам әсіресе, басшыларының саяси өз ұстанымы жоқ, жер бетіндегі мемлекет атаулының көңілін табуға тырысатын жалтақ елдерде өте оңай орнайды. Бүгінде мұндай «Азаматтық қоғам» құру идеясы Африка мемлекеттеріне кеңінен таратылуда. Бұл мемлекеттердің азаматтары өз елінде алуан-алуан топтарға бөлініп, бір-бірінің қанын судай шашуда. Қисынға жүгінер болсақ – азаматтық қоғам орнаған елде монархия болмауы керек. Ал өздерін «өркениетті» ел деп атайтын Англияда конституциялық монархия. Онда королеваның баласы король болуы керек. Мейлі, конституциялық болсын, мейлі абсолюттік болсын монархияның аты – монархия. Ендеше Англия қалайша азаматтық қоғам идеясын жақтаушы ел болып отыр?

Азаматтық қоғамның ең бір сұмпайы көрінісі – «азаматтық неке» деп аталады. Бұл бүкіл мұсылман халықтарына, бүкіл түркі жамағатына жат нәрсе. Бұл да бүгінгі еуропалық моральдың ең бір азғындық түрі. Мұнда отбасындағы еркектің – еркектік, қатынның – қатындық негізгі міндеттері деген болмайды. Бұл некеде тұрған әйелдің бала туу, тумауы өз еркінде. Кез-келген сәтте ері мен қатыны біз айырылыстық деп екеуі екі жаққа кете береді. Қысқасы, бұл – қалыптасқан отбасылық ереже, тәртіп, мораль деген жоқ, бір үйдегі екі адам ойына келгенін істей беретін «азаматтық».

Қазір азаптап адам өлтіріп, қыз зорлап, өзге де тұлабойың түршігетін хайуандық жасап түрмеге түскендер де осы «Азаматтық қоғам» қағидаларын қару қылып өз үкіметіне алуан түрлі талаптар қояды. Олардың түрмеде анау жетіспейді, мынау жетіспейді, тамағымыз нашар, әр камерада телевизор жоқ деген сияқты толып жатқан талаптарын еркіндікте жүрген, емханада емделіп, демалыс үйінде демалып жатқандар да қоя алмайды. Демек, азаматтық қоғам деген қоғамда айыбына сәйкес қатаң жаза деген болмайды. Бүгінде Батыс елдері ұсынып отырған бұл «азаматтық қоғам» кез-келген азғынның азаматтық хұқық, демократия, адам хұқы, өркениеттілік дегендерді сылтауратып бассыздыққа, жазасыздыққа, әділ заңға бағынбаушылығына, яки оған қарсы дау-жанжал шығаруына негіз болады. 2003 жылы Қазақстанда өлім жазасына мораторий жарияланды. Енді тек «террористік әрекеттер және соғыс кезінде аса ауыр қылмыс жасағандар» ғана өлім жазасына кесілетін болды. Қазір, заңгерлер, саясаткерлер және қарапайым жұртшылық арасында осыған орай алуан түрлі пікірлер айтылуда. Осы заңды қабылдауымызға да кейбір Батыс елдері мен әлдебір халықаралық ұйым деп аталатындар түрткі болғаны рас. Қазір небір хайуандық қылмысқа да өлім жазасы кесілмейді. Осыны білетін және адамды малша мауыздайтын, түрмені «өз үйі, өлең төсегінен» кем көрмейтін кез-келген қанқұмар өлім жазасынан басқа жазаның бәріне «түкіріп қойған». Ақиқатын айтайық, өлім жазасы алынып тасталғаннан бері қылмыс көбеймесе азайған жоқ. Екіншіден, бұл заңдағы «террористік әрекет», «лаңкестік» дегеннің аржағында мұсылман адамына мегзеу аңғарылып тұратын болды. Ал осы заңдағы «соғыс кезінде аса ауыр қылмыс жасағандарға ғана өлім жазасы кесіледі» дегенді түсіну мүмкін емес. Ол қандай «аса ауыр қылмыс?». О заман да бұ заман адам өлтіруден өткен ауыр қылмыс бар ма? Бір сұмдығы қазір кісі өлтірушілерге кешірім жасалса ол адамгершілік акт деп аталатын болды. Сол кездері мәжілістегі бір депутатымыз осындай «адамгершілік акт жасасақ, бұнымыз Италия мен Португалияның бастамасына сәйкес келер еді деп» мәз болды. Соның алдында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясында Италия мен Португалия өлім жазасына мораторий жариялау, ол жазаны пайдаланбау туралы ұсыныс жасаған еді. Бұл депутат қазекеме неге екенін қайдам осы мораторий қатты ұнаған-ау дегенбіз, сол кезде іштей. Бір білетініміз өлім жазасы алынып тасталған елдердің ешбірінде қылмыс азайып, тәртіп орнап, мамыражай Бағдатқа айналғанын ешкім көрген емес. «Үй арасында үй жоқ көрші» – Қытайда, Тайландта адам өлтірмек түгіл бір шөкім есірткі сатқаны үшін өлім жазасына үкім шығарылады. Сонда бұл елдердің қоғамы азаматтық емес қанішер қоғам дей аласыз ба? Жоқ, әрине!

Әрбір жеке пенде сияқты әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі, өзіне тән жаратылысы болатыны табиғи нәрсе. Бір өкініштісі сол, біздің қазекемнің басшылары азаматтық қоғам құрамыз дегенде қазақтың Аллаһ жаратқан ұлттық жаратылысына ненің жұғымды, ненің жұғымсыз екенін саралап жатпайды. Өйтуге әлде батылы бармайды, әлде саяси қабілеті де жоқ. Бүгінде, яғни ХХІ ғасырда ғұмыр кешіп жатқан қай мемлекет те заң жүзінде өзін азаматтық қоғам орнатқан мемлекетпіз дей алады. Бірақ біз өз министрлері, тіпті, қазақ министрлері де ана тілінде, сөйлемейтін бірден-бір ел екенімізді, бұның өзі азаматтық қоғам қағидасына жатпайтынын аузымызға алмаймыз, оны айтпаймыз. Ендеше бұл азаматтыққа жата ма? Сонда қазақ атқамінерлері мемлекеттік тілде сөйлемей-ақ азаматтық қоғам құра бере ме? Ондай азаматтық қоғам кімге қажет? Оның орнына біздің орыстілді телеарналар кришнаидтердің, саентология шіркеуінің «хұқын қорғайтын», толеранттыққа баулитын хабарлар көрсетіп тұрады. Біздің телеарналар мен мерзімді басылымдарымыз пәлен деген министріміз қытайша сөйлейді, анау министріміз шетелдік қонақтармен ағылшынша сөйлесті деп гүмпілдейді. Ал, Грузияның бүкіл министрі орысша да, ағылшынша да біле тұра шетелге барса да, қонақ қабылдаса да тек грузинше сөйлеседі. Демек, бұл олар ең әуелі өзінің ұлттық намысынын қорғайды деген сөз. Ал ұлттық намысы жоқ адамда ешқандай азаматтық болмайды. Біздің басшылар арабтарға орысша сөйлеп отырады...

Шынтуайтына келгенде Азаматтық қоғам дегеніміз жоғарыда біз айтқан әйел, еркек, бала, ата-ана мәселелерімен бірге азаматтарға Ұлтын, Елін, Отанын, елдік Рәміздерін сүю, соларға қызмет ету туралы талап қоятын қоғам болуы керек. Азаматтық қоғам мүшелері сол қағидаттарды сақтап, сосын мемлекеттен де соларды талап етуі керек. Ал біз қазақ басшыларымызға қазақша, яғни мемлекеттік тілде сөйле деп те талап қоя алмаймыз. Бүгінде бізге Батыс пен Америка ұсынып отырған Азаматтық қоғам құру идеясы – олардың Қасиетті ислам дінінің негіздеріне, мұсылман елдерінің рухани, табиғи байлықтарына сұрқиялық көзқарастың бір түрі. Бұндай азаматтық қоғам үлгісі қазақ руханиятына, қазақтың дәстүрлі мәдениетіне, қазақы үрдіс-салттарға, әсіресе, қасиетті ислам дініне өте жат үлгі. Мұнда әркім ең әуелі өз ұлтын, өз жерін, өз Отанын сүйсін, әркім әуелі өз ана тілінде сөйлесін, әйел еркекті силасын, ата-енені тыңдасын, ажырасу, аборт жасату үлкен күнә деген сыңар ауыз сөз жоқ. Онда әуелі дәстүрлі мәдениетіңді, дәстүрлі әдебиетіңді дамыт, ұлтыңды жат, жабайы мәдениеттен қорға, ең әуелі өз Отаныңның патриоты бол деген бір ауыз сөз таппайсың. Оның есесіне әлдебір «бүкіладамзаттық», «ғаламдық масштабта», «планеталық масштабта» сөйле деген сияқты бұлдыр ұғымдар баса айтылады. Бізге бүгінде ұсынылып отырған осы «азаматтық қоғамда» негізінен сезім бостандығы дегендер басты қаруға айналдырылған. Әділетке жүгінсек, сезім бостандығы дегеніміз ешбір хайуандық қылуаға шек қоймау емес қой! Кейбір азаматтық қоғамшылдар гомосексуализм, гей сияқты қасіретті көріністерді де ашықтан-ашық насихаттауға шықты. Қазақстанда басылатын орыстілді бір газеттер тыржалаңаш қыздардан, неше түрлі эротикалық билерді билеп ақша тауып жүргендерден интервью алып, «сұхбаттасқан» болу арқылы стриптизді жымысқылықпен жарнамалап жүргенін де талай байқадық. Әдеттегі табиғи жыныстық қатынастардың «жаңа түрлерін» де осы басылымдардан көретінбіз. Қазақстан телеарналарының көпшілігі Ресей меншігінде, осындай өрескелдіктерді де тек солар көрсетеді.

Білетіндердің айтып-саптауына қарағанда Алматы бүкіл Орта Азия республикаларындағы гей – астана көрінеді. Тіпті, өзге республикалардың «сезім еркіндігіне» құмарлары, гейлер осында ағылып келіп жататыны белгілі болып отыр. Мұнда сол гейлер мен лесбиянкалардың душарласатын өз орындары да бар. Қазақстандағы gav.kz сайты гейлердің кездесуіне арналған ең қолайлы орындардың тізімін беріп отырады. Ал «көгілдірлер» деп аталатындар ше? Айта берсең, азғындықтың түрі көп. Өте ерте замандарда Содом мен Гоморраның тұрғындары нені ермек еткенінен, римнің патрицийлері (ақсүйектері) кішкентай еркек балаларды неге «жақсы көргенінен», ертедегі гректердің ақын қызы Сафо Лесбос аралындағы қандай «махаббатпен шұғылданғанынан көбіміз хабардармыз. Тіпті, атақты сазгер П.Чайковскийдің өзі де... Міне, осылардың бәрінің тарихы қасіретпен аяқталған. Оның бәрі, әрине неліктен екені бір Аллаға ғана аян.

Бұның бәрін мысалға келтіріп отырған себебіміз егер біз жер жаһанның әр түкпірінен не болса соны қабыл ала берсек, бұл азаматтық қоғамға емес орасан зор қасірет-қайғыға әкеледі. Өйте берсек, енді біраз уақыт өткенде жас ұрпағымыздың көпшілігі қаптаған гейлер мен лесбиянкалар, «көгілдірлер» мен гомосексуалистер, жынысын өзгерткендер болуы оп-оңай. Бір сорақысы осыларға тоқтау салу туралы пікірталас, сөз қозғала қалса, оларды жақтаушылар «азаматтық қоғам» деген сөзді алдыңа тарта қояды.

«18-ге қыз келіп, піскен бір миуа болғаны-ай, 25-те жігіттің ақылы кәміл толғаны-ай» дейді ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері. Қазақ Елі қазір бала шақтан да, бозбала шақтан да өтіп кемелді 25 жасқа толды. Ақыл-есіміз кіретін, әркімге жалтақтап, көзімізді ойнақтатуды қоятын кезіміз келді. Сондықтан, ненің «айтақ», ненің ақыл екенін ажыратып, ұлтымызға қажеттіні қабылдап, қажетсізіне «рахметті» аямай-ақ айтып қайтарып беруді үйренетін уақыт жетті. Өйтпесек, нағыз «азаматтық қоғамды азғындық қоғамға» айналдырып алған елдерді де көріп отырмыз.  

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Abai.kz

0 пікір