Сенбі, 20 Сәуір 2024
Билік 5291 0 пікір 4 Қараша, 2015 сағат 11:50

ОҚО: АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ІСТЕР ЛЕГІ ТОЛАСТАМАҚ ЕМЕС

Республикадағы ең үлгілі отбасы ОҚО-да тұрады

Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында еліміздегі ең үлгілі, көпұлтты және өнерлі жас отбасы тұрады. Жақында өткен республикалық «Бірге өмір сүру» фестивалінде түркістандық Абдуқадыровтар отбасы қатысқан болатын. Бұл жанұя сайыста «Аққу» күйін ұл-қыздары Гаухар, Ерназар және Азаматпен бірге орындап, Гран-при жеңіп алды.
Д.Абдуқадыров – кәсіпкер, жұбайы Гүлжан – қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Отбасын құрғанына 7 жыл болған бұл үлгілі отбасы екі ұлттың да салт-дәстүрін бірдей сақтап өмір сүріп келеді. 
Естеріңізге салсақ, Астана қаласында ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен 26 қазан күні «Бірге өмір сүру» республикалық фестивалі өткен болатын.

ОҚО музейлері келушілерді қабылдау рейтингі бойынша алдыңғы қатардан көрінді

Бұл рейтингті kazmuseum.kz интернет жобасының авторы, музейтанушы Нұрсерік Жолбарыс ҚР Ұлттық экономика министрлігі ұсынған мәліметтерге сүйене отырып жасады. 
Музейтанушы келтірген деректерге сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысындағы музейлер 1 млн. 348 мыңнан астам адамды қабылдаған. Осындай көрсеткішпен ОҚО көшбасында тұр. Айта өтейік, осы жылдың 1 қыркүйегіндегі статистикалық мәлімет бойынша облыста 2 млн. 823 мың халық тұрады. 
«Музейге келушілерді қабылдау жөнінен ОҚО І орында болса, 915 мыңнан астам адамды қабылдаған Астана музейлері ІІ орынға шықты. Ал, 691 мың келушіні қабылдаған Шығыс Қазақстан облысы ІІІ орынды иеленді», - деді Н.Жолбарыс

ОҚО-да жылу беру маусымы кестеге сай жүруде

Шымкент қаласында бүгінгі күнге көпқабатты тұрғын үйлердің 81 пайызы жылуға қосылған. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ОҚО филиалында өткен брифингте қала әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы М.Әбдінұров мәлімдеді.

Оның айтуынша қаладағы 1762 тұрғын үйдің 1427-сі орталық жылумен қамтылған. Ал қалған 335 үйлер 10-шы қарашаға дейін кестеге сәйкес толық қосылады. Бұдан бөлек, қаладағы білім, спорт, денсаулық пен мәдениет және басқа әлеуметтік нысандар жылумен 100 пайыз қамтылған.

Осы жылдың 2 қарашасына келіп түскен мәлімет бойынша облыстағы 3256 бюджеттік мекемелерге толық жылу берілген. Сонымен қатар, Арыс, Түркістан қалалары мен Отырар, Сарыағаш, Созақ, Төле би, Түлкібас аудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлер жылумен толық қамтылса, Кентаудағы 327 үйдің 250-і жылуға қосылған. Кеншілер қаласындағы үйлерге кестеге сәйкес 4 қараша күні толығымен жылу беріледі деп жоспарлануда.

Шымкенттің жасыл белдеуіне жыл соңына дейін 3 млн. түп көшет егіледі

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент жасыл қалаға айналмақ. «Жасыл аймақ» бағдарламасы аясында көшет егу жұмыстары қаланың төрт бөлігінде жүргізілуде. Олар 1700 га алқапты алып жатқан «Айкөл», 385 га «Ақтас», 300-ге жуық га «Бөржар» мен 100 га «Қайнарбұлақ» учаскелері. Бүгінде осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында құрылған «Жасыл аймақ» мекемесінің мамандары қаланың батыс бөлігіндегі 2500 гектар алқапқа ағаш көшетін егу жұмыстарын бастады. Жасыл белдеуге желтоқсан айына дейін 3 млн. түп қарағаш егіледі. Бұл жұмыстарға 23 техника мен 120 жұмысшы жұмылдырылған. Нәтижесінде Шымкент қаласындағы жасыл желек 5 мың гектар алқапқа ұлғайып отыр. Егіліп жатқан көшеттің бәрі облыстағы тәлімбақтардан алынып отыр. Бұдан бөлек қаламызда аумағы 200 гектарды құрайтын қоғамдық бақ та құрылады. Бақта алма, шабдалы алмұрт секілді жеміс ағаштары өсіріледі. Бұл Қазақстанның өзге қалаларында әзірге баламасы жоқ бақ болмақ. 

Шымкенттік «Ордабасы» футбол клубы Еуропа Лигасының келесі маусымына жолдама алды

Қазақстан біріншілігінің қорытындысында төртінші орынға шыққан «ордабасылықтар» Шымкентте өткен соңғы ойында «Атырау» аяқдопшыларынан 0:1 есебімен ұтылған болатын. Ал олардың төртінші орын үшін таластағы басты қарсыласы павлодарлық «Ертіс» клубы елордада «Астана» командасына 0:1 есебімен жол беріп, жолдамадан қағылды.

Сонымен, біріншіліктің аяқталуына 1 тур қалғанда «Ордабасы» 29 ұпаймен тізімдегі төртінші орнын сақтап қалды. Егер де Қазақстан Кубогының финалында «Астана» мен «Қайрат» клубтары кездесіп жатса, онда «Ордабасы» футболшылары Еуропа Лигасының келесі маусымына қатысады.
Айта кету керек, Еуропа Лигасының биылғы маусымында шымкенттіктер Израильдің «Бейтар» командасынан жеңіліп, келесі кезеңге өте алмай қалған болатын.

 

0 пікір