Сейсенбі, 31 Наурыз 2020
Билік 2493 0 пікір 5 Қараша, 2015 сағат 17:26

ШЫМКЕНТТЕН РЕНТГЕН АППАРАТЫ ШЫҒАРЫЛМАҚ

Жуырда Астанада ҚР Президентi Н.Назарбаев пен Жапония Премьер-министрi Синдзо Абэнiң төрағалығымен қос елдiң iскер топ өкiлдерi қатысқан бизнес-форум өткен, - деп жазады "Оңтүстік Қазақстан" газеті.

Онда денсаулық сақтау, авиация, ғарыш, электроника, автомобиль құрастыру, қаржы, тамақ және химия өнеркәсiбi секiлдi экономиканың түрлi саласында қызмет атқаратын жапондық жүздеген компания Қазақстанда бiрлесiп жүзеге асыру мақсатында көптеген қызықты жобаларын ала келген едi.

Форум барысында қос елдiң инвестициялық мүмкiндiктерi паш етiлiп, заманауи қондырғылар шығарумен айналысатын компания мен фирма басшыларының кездесулерi ұйымдастырылып, екi жақты бiрнеше экономикалық бағыттағы келiсiмшарттарға қол қойылған болатын.

Әсiресе, «KAZMEDPRIBOR Holding» компаниясының президентi Рахат Байзақовтың Оңтүстiк Қазақстанда рентгендиагностикалық аппарат шығаратын кешен құрылысы жобасымен таныстыруы көпшiлiктiң қызығушылығын тудырды.

Аталған компания өзiнiң бұрынғы сенiмдi серiктесi –жапондық «SHIMADZU» фирмасымен Шымкентте зауыт салып жатыр. Онда жазылуы қиын ауруларды алғашқы даму сатысында анықтап беретiн, тiптi ананың құрсағындағы күрделi патологиялық өзгерiстердi дәл табатын заманауи жоғары технологиялы аппарат пен құралдар шығарылатын болады.

«KAZMEDPRIBOR Holding» компаниясы бiрнеше жылдан берi жапондық әрiптестерiмен iскерлiк байланыс орнатып келедi. Алдағы уақытта бой көтеретiн өндiрiс кешенi қазақстандық құрал-жабдықтар құрастыру саласына салынған ең ауқымды инвестициялардың бiрi болмақ.

Жаңа кәсiпорынның өндiрiстiк қуаты жылына 60 мың дана өнiм шығаруға жетедi, 150 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтiлуде. Соның арқасында отандық компания ауруханалар мен диагностикалық орталықтардың заманауи рентген аппаратына деген сұранысын өңiрде ғана емес, республика бойынша да қанағаттандырмақ.

Қос мемлекет басшыларының алдында сөз сөйлеген «KAZMEDPRIBOR Holding» компаниясының президентi Р.Байзақов өздерiнiң шығарған өнiмдерi әлемдiк сапа стандарттарына сәйкес жасалып, берiктiлiгiмен ерекшеленетiндiктен, алушылардың сенiмiне әлдеқашан ие болғандығы жөнiнде баяндады. Сондықтан жаңа кәсiпорын отандық құрал-жабдық өндiрiсiн дамыту мен өркендетуде алға қарай нық қадам басып отыр.

Abai.kz

0 пікір