Жұма, 26 Сәуір 2024
Шынның жүзі 7133 0 пікір 6 Қараша, 2015 сағат 14:48

ЖАП АУЗЫҢДЫ, ҚАЗАҚ!

Қолына қалам ұстаған әр азаматтың «мойнына ілінген» қыл арқан бар. Ол қыл арқан қай күні, қай мезетте Сізді буындырып, тұяқ серіппей қатыратынын болжай алмайсыз. Мәселен, өз елінде теперіш көріп, тілін мемлекеттік ете алмай отырған, қайыршының күйін кешіп, үйсіз-күйсіз, панасыз жүрген, гептилдің уына бөгіп, Кедендік Одақтың, дұрысы Көгендік Одақтың шідеріне тұсауланған қазақтың жайын айтсаң, ұлттың есесі кетіп бара жатқанын жыр етсең, ұлттар арасындағы араздықты қоздырушы қылмыскер атануың әбден мүмкін. Неге?

Мен Алматы қаласының іргесіндегі шағын ғана бір ауылда тұрамын. Иә, өзгелер сияқты емес, біздің көше – «көпұлтты» көше. «Көпұлтты» деп айдарлағаным дұрыс емес шығар, бірақ менің көшемде ұйғырым, күрдім, орысым, тәжігім, түрігім, «қазағым» бар, біраз халық күнелтіп жатыр. Жайшылық күндері олармен тілдесіп, сырласуға уақыт жоқ. Тек қана сенбі, жексенбіде аталған құдайы көршілерімізбен толерантты түрде қарым-қатынас жасаймыз.

Сенбінің мамыражай кеші болатын. Ұйғыр көршімнің үйінен әлдебір затты сұрай бардым. Төрт-бес жігіт бірлесіп алып, ақаңнан сілтеп отыр екен. «Мен келді, қазақ келді» деген ой ешқайсысының қаперіне кіріп шығар емес. Ұйғыр ұлтының жоғын жоқтап, Қытайдағы көтеріліс батырларының есімін ұлықтап, гөй-гөйлеп жатыр екен. Әрине, олар не айтса да хақылы. Бірақ, туғандарымынң бір ауыз сөзі мені басымнан таспен ұрып кеп жібергендей есеңгіретіп тастады. «Ұйғырларға Қытай тәуелсіздік бермесе, Қазақстан береді» дейді олар алкеуделеніп. Бұл не сөз? Ал кеп, қызылкеңірдек болып, айқасайық. Унитарлы мемлекетте Ахмет акалардың «бүйректен сирақ» шығаруға тарихи һәм заңдық тұрғыда құқығы жоқ екенін айтып-ақ жатырмын. Сөйтсем, біреуі: «Бауырым, сендер алдымен Ресейден тәуелсіздіктеріңді алып алыңдар» дейді. Осылайша Ахмет акамен араздастық.

Көшеде қаннен қаперсіз ойланып тұр едім, тәжік көршім шықты. Қасыма келді. Көршім деуім бекер-ау, бұл жігіт әлдебір бай үйінің күзетшісі. Не баласы, не отбасы жоқ адам. Іші пысқан-ау деймін, «ассалауын» саясаттан бастады. Шаласауатымен қазіргі экономикалық қиындықтарды айтып, КСРО кезін көксейтінін жеткізді. Тағы да қарап тұра алмадық. Ол білімдік тұрғыдан жеңіле бастаған сәтте «қазақ қырық с...ктен пайда болған» деп қарап тұр. Тұмсықтан бір шертуге болар еді, аяқасты толеранттығым ұстап, қолымды бір сілтедім де үйге кіріп кеттім. Содан кейін Тәкеңмен де «салқын қабақтанып» кеттік.

Вася көршіммен тату едік. Бір күні ол да, болмайтын жерден ши шығарып, қазақ тілін ешқашан үйренбейтінін, үйренгісі келмейтінін жайып салды. «Сенің балаларың неге менің балаларыма қазақша сөйлейді. Орысша үйретпейсің бе?» дегені тағы бар... Ақыры онымен де «тоңмойынданып» кеттік...

Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Біз – бір анадан туғандай, бір омырауды тел емгендей татумыз. Күнде еститін сөзіміз - осы. Бірақ, ақиқатында солай ма? Иә, біз өзге диаспора өкілдерімен дәм-тұзымыз жарасар еді, егер олар қазақ ұлтын мемлекет құраушы ұлт деп таныса... тағдырдың тауқыметімен арып-ашып келгенде кеңпейіл қазақтың құшағына құлай кеткенін мойындаса... бұл ел қазақтың елі екенін сезініп, бір мақсатта, бір идеяда алға нық қадам басса...

Тәуелсіз ойлы адам тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр болғанда өз-өзіне тым құрыса мынандай сұрақтар қоюына болады ғой:

Мәселен... Көк базарда қос тізесі дірілдеп, не сүйенер баласы, не сүйкенер қызы жоқ, бар махаббатын иті мен мысығына арнаған, не қоғамға, не қара басына берері қалмаған, өткен өмірінде де игі іс істеп көрмеген, сөйте тұра қазақты иттің етінен жек көретін, оның тәуелсіздігін өліп кетсе де мойындамайтын кемпір кетіп барады... Шыбын жаны шүберекке түюлі о ғаріптен алар өшім жоқ. Алла ғұмыр берсе, «Жасай берсін Жұмағұл»! Десе де, сол ғаріп кемпірмен бес бауырын аштықтың аранды азуынан арашалай алмаған қайын атасы 37-ші жылы атылған мылтықтың аузына байланып, күйеуі жарықтық соғыстың құрбаны болған, баласы ауғанда қыршын кетіп, немересі 86-ның ызғарында итке таланған, сөйте тұра ағайынның баласын бауырына басып, он шақты ұл, моншақты қыз өсірген, үрім-бұтағы кеңге қанат жайған менің әжем не себепті қалт-құл етіп қартайған шағында өзге тілде сөйлеуі керек? Айтыңызшы...

Бүгінде мынау тіршіліктің қамымен күйбеңдеп жүріп, ұлтымыздың аянышты жайын ұмытқан намыссыз сізді, қысылғанда қазақшасын ұмытып қалатын арсыз мынау мені жер бетінен мәңгілікке жойып жібермек болған, мойынымызға қыл бұрау салып шыңғыртып, ұлтымызды мансұқтап, есігіндегі ит құрлы көрмей жәбірлеген, қос иығымызға үш жүз жыл бойы есекке мінгендей мініп алып, бар игі жақсымды қанды қарудың үңгісінде ұстаған, атқан, өлтірген, абақтыға қамаған, мәдениетсіздігімді (атам заманнан мәдениетті екенімді біле тұра) әрдайым бетіме басып, құлақ кесті құл еткен империяның талқаны таусылғалы қашан? Сөйте тұра, менің атам, әжем, әкем, шешем, бауырларым (оның ішінде осыны оқып отырған сіз де барсыз), балаларым өзге ағайындарға не себепті қазақша сөйлемейді, я сөйлемейміз? Айтыңызшы...

Үйдің алдындағы алаңқайда алпысты алқымдаған көпті көрген ақсақал отыр. Е, о шалыңыз бір кездері ел үшін атқа қонып, талай қызметтің тағын түгескен. Аттан түскелі ермегі балаға қарау. «Бала балдан, немере жаннан тәтті» емес пе? Кеңестік кезеңнің әңгір таяғы қара басына қатты тиіп мәңгүрттеніп кеткені соншалық, баласының қасында ойнап жүрген алтыдағы Сергейге «ұлы орыс тілінде» тіл қатады. Қазақ деп еңіреп жүргені қайда, о бейбақтың... Алтыдағы баланың тілінде сөйлейтіндей не басына күн туды? Әне, біздің қарияның сыйқы. Міне, құлдық сананың қамыты. Ол қамытты сол ақсақал ғана емес, сіз де, мен де, ол да киіп жүрген жоқпыз ба? Айтыңызшы...

Айталық енді...

Біздің осындай кіріптар болуымызға меніңше екі жайт себеп болып отыр.

Оның біріншісі – Путин жүргізіп отырған саясат. Ресей көпұлтты, федералды мемлекет деп жаһанға жар салғанымен, этникалық орыстардың құқығын қорғауға келгенде алдына жан салмай отыр. Қазір «Ресей - тек орыстар үшін» деп ұрандатқандарды тәйт дейтін қожа жоқ. Осының әсері болар артында арқасүйер Путині бар этиникалық орыстар жер бетінде алшаң баса бастады.

Мен жуырда шетелдік бір басылымнан Ресейде жүргізілген әлеуметтік сауалнаманың нәтижесін көрдім. «Ресей - тек орыстар үшін» деген қағиданы орыстардың 50 пайызы қолдайды-мыс. Олар сондай-ақ, «Кавказды асырауды қою қажет» деген ұстанымдарын да ашық айтқан. Ал, сол сауалнамаға жауап берушілердің 57 пайызы «Шешенстан Ресейдің территориясы емес» деген.

Бұл бер жағы, Мәскеудегі пәтер жалдаушылардың өзі газеттерге жарнама бергенде «пәтерді орыс ұлтының өкілдеріне ғана жалдайтынын» бадырайтып жазып қояды-мыс. 15 млн. мұсылманы бар, жиырмадан астам ұлттық республикасы бар Ресей осындай саясат ұстанып, ұлтының жоғын жоқтап жатқан кезде, біз өз көлеңкемізден өзіміз қорқып, аузын ашқан қазақты «толерантты» жасауға тырысып жүрміз.

Енді екінші жағдайға келейік. Кеңестік кезеңде Қазақстан – «халықтар достығының лабораториясы» болды. Соның салдарынан жергілікті халықтың, қазақтың тілін, ділін, дәстүрін, салтын, дінін білу қажеттілігі болмады. Ал, тәуелсіздік алған соң, біз осы олқылықтың орнын толтыруға тиіс едік. Жо-жоқ, атай көрмеңіз... Біз тіпті қиыс кеттік. «Кеңестік ұлт» жасағысы келетіндердің саясатын жалғап, «қазақстандық ұлт» болмаққа талпындық.

Нәтижесі анау, көршілер ойына келгенін айтады. Ал, біз жақ ашпауға тиіспіз...

Жасасын, толеранттық... Қазақ, аузыңды жаба тұр!  

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір