Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 5876 0 пікір 7 Қараша, 2015 сағат 19:43

ШЕНЕУНІКТЕРДІ АЙТЫСТЫРАТЫН «АЙТЫС АЛАҢЫ» ЖАЛҒАСА МА?


Жақында Алматы қаласындағы телевизиялық «Айтыс алаңы» жобасының ұйымдастырушылары БАҚ өкілдеріне арнайы пресс тур ұйымдастырған болатын.  «Айтыс алаңы» бағдарламасына 12-қыркүйектен бастап 31-арнаның эфирінен көрерменге жол тартқан.

Додаға Қазақстанның барлық облыстары мен Астана және Алматы қалаларынан елге танымал, аузы дуалы 12 ақын қатысты. Олардың қатарында Ринат Заитов, Болатбек Оразбаев, Мұхтар Ниязов, Мейірбек Сұлтанхан, Рүстем Қайыртай, Ершат Қайболдин  сияқты танымал ақындар да бар. Аталмыш жоба ережесіз жекпе-жек тәртібіне ұқсас болғандықтан көптеген спорттық шараларда жүргізуші болып жүрген танымал актер Болат Әбділманов осы шоудың тізгінін ұстап,  көрігін қыздырды.

Үш айға созылған «Айтыс алаңы» жобасы өзінің ақтық мәресіне  Еліміздің әр аймағынан келген суырып салма ақындардың арасында, семейлік Рүстем Қайыртайұлы, қызылордалық Мұхтар Ниязов, алматылық Болатбек Оразбаев, ақтөбелік Ершат Қайболдин жартылай финалға жолдама алды. Осы уақытқа дейін елге өзекті бірнеше мәселелерді сөз еткен ақындар жартылай финалда «Келін мен ене», «Қазіргі сериалдар» тақырыбын қозғап, айтыстың екінші бөлімі, яғни пародиялық айтыста Кәрім Мәсімов пен Иманғали Тасмағамбетов, Мейрамбек Беспаев пен МС Сайлаубектің атынан жыр толғайды. Ал осы екі айтыстан үздік шыққан қос айтыскер ақтық мәреге шығады. Ақтық сында «Қазақ хандығының 550 жылдығын» сөз етіп, пародияда Әбілқайыр хан мен Кенесары боп айтысады деп жоспарланған-ды.

Жобаның кеңесшісі, бас төреші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман.

Көрермен назарына ұсынылып жүрген “Айтыс алаңы” жобасының жартылай мәресінде қос ақын Рүстем Қайыртайұлы мен Мұхтар Ниязов сөз жарыстырды. Мәсімов пен Тасмағамбетовтің кейпіне енген ақындардың тартысты бәсекесіне Abai.kz тілшісі куә болып қайтты.

Жекпе-жек басталысымен-ақ, адуынды Рүстем Қайыртайұлы Иманғали Тасмағамбетов кейпінде жас болса да, найзаға сақ министр екенін баса айтты. Мысалы, Президенттің нұсқауымен “босағасы босап кеткен жерге шеге боп аттанған” Иманғали Кәрім Мәсімов кейпіндегі Мұхтарды “Ауырсын қазақ үшін сол басыңыз”, “Мұртыңыз қалың болып тұрса да, жұрттың жүйкесі жұқарды” деп түйреп өтті. Мәсімовті бейнелеген Мұхтар да қарсыласынан қалыспай, Ақордада жақында Джон Керримен кездескенін алға тартты. Бірақ, айтыскер тығырыққа тірелгенін сездіргендей, “Мәсімовті езе бергенше, аяғыңа мәсі киіп ал” деп сасқалақтап қалды.

Алтынбек Қоразбаев, айтыс төрешісі:

 – Айтыс өнері деген қазағымыздың төл өнері. Бұл атадан мұра болып, бабаларымыздан келе жатқан, сонау Біржан-Сара, одан бері Ұлбике, кешегі өткен Көкен ақын, Тәушен апаларымызға жалғасқан, олардың ізін Әселхандар жалғаған –  мәңгілік өнер. Сол Әселхандардан кейін Мұхаметжандар шығып, олардың ізін мынау Рүстем, Мақсат секілді орақ тілді ақындар жалғауда. Тіпті қазір мектептердің өзінде шамасына қарай айтыс өткізіліп жүр. Бұл қазақтың қазақтығын ұмыттырмайтын жақсылық деп ойлаймын. Ал енді 31-арнаның «Айтыс алаңы» жобасын ел сүйіп тыңдады деп ойлаймын. Бұл арна бұрыннан өзінің әділдігімен, демократиялық принциптерімен халықтың ықыласынан шығып жүр ғой. Арнаның дәл осы жобаны қолға алуы – төл өнерімізге деген үлкен жанашырлық болды. Бұл алда халық сүйіп көретін, асыға күтетін бағдарлама болады деп сенемін.

Абзал Маман, жобаның атқарушы директоры.

– Біз бұл жобаны алғаш қолға алғанда, қазақтың төл айтысына жаңа серпін беру, жаңашыл бағытта жастардың құлағына сіңіріп, айтыстың өміршеңдігін көрсету секілді мақсаттарды алға қойдық. Мысалы, айтыстың тұрақты көрермендері, тыңдармандары орта және орта жастан асқан буындағы аға-апаларымыз екені рас. Олар айтысты асыға күтеді, сүйіп тыңдайды, жібермей көреді. Ал енді айтысқа жастарды көбірек тарту үшін біз телевизиялық айтыстың негізін сақтай отырып, формасын ауыстырдық. Бірақ, негізі сол айтыс, әлеуметтік, қоғамдық, саяси мәселелер айтылады. Ақындарға ешқандай шектеу қоймадық. Бұл тұрғыдан біз өз үддемізден шықтық деп ойлаймын.Мысалы, осы айтыстың аясында халыққа кеңінен танылған Ринат, Балғынбек, Айнұр, Саралардан басқа Ершат Қойболдин секілді жаңа таланттарды жұртшылықпен таныстырдық. Бұл да меніңше жобаның жетістігі. Ал айтыстың жалғасын табуына келер болсақ, бұл енді арна басшыларымен ақылдасатын шаруа.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3600