Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Дат 5042 0 пікір 9 Қараша, 2015 сағат 10:33

ГЕРЕКЕҢНІҢ ӘБЕКЕҢ ТУРАЛЫ "ӘҢГІМЕСІНЕ" ҚАЙРАНМЫН...

Журналистикаға жақын жүргендіктен бе, мерзімді баспасөзді қашанда қалт жібермеймін. Қазақшасы бар, орысшасы бар, түгел қарап шығамын. «Дат» газетін жүйелі түрде оқитындықтан мұндағы өткір де сындарлы мақалаларды қалт жібермеймін.

 

Анда-санда мұндағы қазір марқұм болған, белгілі жазушы Герольд Бельгердің «Плетень чепухи» деген сағызша созылған жазбасына да көз жіберіп қоямын. Негізінен өсек-аяңға құрылған шимай-шатпақ  секілді (өзінің аты айтып тұрғандай) бұл таусылмайтын тәмсілдің кей-кейде бірталай ойға жетелейтіні бар. Халықты мазалап жүрген жайттарды да қозғап қояды. Алайда осы газеттің6 осы жылдың 29 қазандағы №37 санындағы (бізге бұл газет тым кеш келеді) «чепухалардағы» марқұмның пендешілікке салынып, кейбіреулерге, нақтырақ айтқанда халық осы Бельгерден де ерекше сыйлайтын Әбдіжәмил Нұрпейісов ағамызға деген ішкі ащы запыранын оқып аза бойым қаза болды. Әбекеңнің кезінде Герекеңе қандай жамандық істегендігін білмеймін, алайда бір кездері шынайы дос болып жүрген адамның мына қылығына тіпті де қайранмын. Мұның атын өш алу дегеннен басқамен түсіндіру қиын.

Жә, Герекеңнің қатулы қаламынан туған «данышпан» пікіріне құлақ түрелік. «Мағынасын бұзды» демес үшін тұпнұсқаға сілтеме жасалық. Кейбір жазушылардың тарихты бұрмалап, еш уақытта болмаған оқиғаларға әуес екендігін айта келе бұл кісі: «Я, к примеру, свидетель того, как один прозаик описал в трилогии гражданскую войну в Казахстане на основе клочке карты Аральского моря» деп бір түйреп өтеді. Сондағы «как один прозаик» дегені өзіміздің Әбекең екендігін байқау үшін көріпкелдіктің қажеті бола қоймас. Ал өзі түйреп өткен шығармасы атақты, кезінде СССР Мемлекеттік сыйлығын алған, талай өнер қайраткерлерінің атын шығарып, үлкен мәртебеге бөлеген «Қан мен тер» кітабы емес пе. Сонда қалай, қазақтың қасіретін көрсету үшін кезінде  Одаққа ғана емес, дүниежүзіне тарап кеткен шығарманың Арал теңізінің бір пұшпағынан жазылуы Герекеңнің тақиясына тар келген бе? Әлде бұл кісі көркем шығарма дегеннің не екендігін түсінбей өткен бе? «Бояушы, бояушы дегенге, сақалын бояйды» дегендей «ойбай, қазақша жазады екен, бұл Герекең нағыз қазақ қой» деген мақтауды көтере алмады ма? Мықты болса, өзі неге қазақтың талай-талай қилы тағдырынан эпикалық шығарма жазып, халқымызды Кеңес Одағына ғана емес,  дүниежүзіне танытпады? Немесе бұл біреудің атақ-даңқын көреалмаушылық па?

Герекең мұнымен тоқтамайды. Сірә, қызғаныштың қызыл иті қыңсылап маза бермесе керек, бұл кісі қараулы қаламын одан әрі сілтейді. Автор 82 жасқа келіп, 90 том жазған Лев Толстойға табынады. Одан соң осынша өмір сүрген Гетенің 140 том жазғанын аузынан суы құра мақтайды. 64 жас жасап, 50 том жазған Әуезовті де тілге тиек ете кетеді. 60 жасты еңсерген Достаевскийдің қазір 42 томдық шығармасы шыққалы жатқандығын жерден жеті қоян тапқандай қуана жазады. Сосын осылардың қатарына өзіміздің Әбекеңді де қыстыра кетеді. Қыстырғанда бұл кісің қазақтың классик жазушысына тілінің сұғын аямай сұғатындығын қайтерсіз. «Нурпеисов усердно шкрябал пером 70 лет, а намурыжил томов пять-шесть» деп қатты бір түйреп өтеді. Біз орыс тілінің маманы емес шығармыз, алайда өзге жазушылар «плодотворно писал» болады да, біздің Әбекең тек «шкрябал» екен. Сосын өзге орысы бар, немісі бар мықтылар «творит» етеді де, біздікі «намурыжил» дегеннен аспайды. Онысымен қоймай, «бес-алты том ғана» деген мысқылын қалай түсінуге болады? Ұқыптылығымен танылатын неміс ұлты өкіліне бес пен алты санын ажырыта алмай не көрініпті? Әлде бұл да әйтеуір «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп жағаға жармаса берудің өзіндік бір тәсілі ме?

Иә, тарихта жазушы болып қалу қиын шығар . Алайда достықты былай қойғанда азамат болып қалу, қазақша айтқанда әдемі қартая білу екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа екендігін мойындамасқа болмайды-ау, сірә. Әлде «Семіздікті тек қана қой көтереді» демекші, абырой-атақтан басы айналған кейбір жан өзін, тек қана өзін ғана данышпан көретін сырқатқа ұшырайтындығы заңды құбылыс па екен?

Біз бұл жерде кейбіреулердің шолақ ойлағаны секілді марқұм болған кісінің әруағымен алысқалы немесе айтысқалы отырған жоқпыз. Біреуге жала жабатын мақсаттан да аулдақпыз. Алайда көзіміз көрген, өзіміз оқыған келеңсіз жайттарды, белгілі адамның атқарған абыройлы істерін, халыққа жасаған көшелі еңбегін пендешілілке салынып жоққа шығарғысы келген немесе көреалмаушылықпен балаққа жармасып, аяқтан шалған дұшпандыққа бергісіз дұниелерді көре тұра үндемей қала алмағанымызды жаздық. Бізге біреудің мансабы емес, шындық қымбат. Абай хәкім айтпақшы, «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық». Атамыз қазақ тағы да «Айтпаса сөздің атасы өледі» дегенді бекер келтірмесе керек-ті.

 Мұратбек Дәуренұлы.

Қостанай.

Abai.kz

0 пікір