Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әдебиет 12276 5 пікір 14 Қараша, 2015 сағат 10:02

АСҚАР АЛТАЙ. БҮКІР (ӘҢГМЕ)

 

(C. Дали. Мәңгілік жұмбақ)

Ол бүкір еді...

Туадан бүкір емес, жүре келе бүкір болды. Жеті-сегіз жасқа толғанда қу жауырын ортасы бармақтай болып томпайып өсе бастады. Бозбала шаққа жеткенде қос жауырын арасына біткен шеміршек нардың өркешіндей жалқы жалданып алды.

Сол кезден азан шақырып қойған Аманбол аты көмескі тартып, Бүкір атана бастады. Бүкірлігін білдірмеймін деп, бұл бейшара не істемеді? Бірақ ештеңе шықпады. Бала өркеш шеміршек қайыңдай қатайып, етжеңді сүйекке айналды.

Мектепте бүкір кит туралы оқығаннан кейін өзін сол бір су мақұлығы сияқты сезінгені де рас. Сыныптас парталастары мазағына қорланудан гөрі тұңғыш рет көкірегінде бір жасырын таңырқау, китке ұқсаспын деп тәкапарсу сезімі оянды. Осы бір өліара сезім мұны намыстану күйігінен, қор сезіну сұмдығынан сақтандырды да... Құдай жаратқан кемістігін жасырып бағуға тырысып, басын кекжитіп, кеудесін ата қаздай шалқақ ұстайтын болды. Келе-келе тәкаппарлана адымдау бойына сіңісті, болмысына жұғысты жүріске ұласты.

Аманбол аты Алматыда біржола өшті. «Бүкір» аты мұны білетін ел-жұрт арасында қалыпты есімге айналды. «Аса таланты суретші» атанды.

Бүкір суретші еді...

Суретші болғанда да классикалық мағынадағы сурет салмайды. Қайдағы бір абстрактілі суреттер сызады. Оның терең астарын өзі болмаса, кез келген адам түсініп жарытпайды. Арасында кубизм де бар... Ал соңғы он жылда тарихи полотно салуға талпынып жүр.

Тарихи туындылар тудыру үшін грек мифотарихынан бастап, әлем тарихына шолу жасап, орыс пен қазақ, қытай мен қалмақ тарихына дейін ақтаруға тырысқан. Соның арқасында қоғамға деген көзқарасы өзгеріп, әлемдік дүниетанымы кеңіді. Қазақ қоғамына деген қораш сезім пайда болып, оған көңілі толмастық ой басында белең алды.

Қазір қазақ тарихы мен қазақ қоғамына көңілі қоңылтақсу сезімінен бе, үлкен тарихи полотноларды қалай сызсам, қалай халыққа жеткізсем деген ұшқыр ойлары маза бермейді. Оны ешкімнің ойына келместей етіп суреттесем деп, іштей ширыққан ізденіс үстінде іркіліп қалған.

Ал, іркіліс – ішкі жау... Құдай ішкі жаудан сақтасын! Ішкі жау бас көтерсе, жан-дүниең жұтап, көңілің құлазып, өмірде құлшынысың тоқтап, өнерде тоқырап қаласың. Тоқырадым дегенше, өлдім дегейсің... Өз-өзіңе өгейсің.

Ал зиялы адамның өз-өзіне өгей болғаны – қоғамға да өгей болғаны, қоғамды да өгейсінгені. Өгейлік – ішмерездік. Бұл бүкірдің ішінде қоғаммен келіспес ойлар бірақ толып жатыр ғой. Сол дүниелерді жарыққа шығарып кетсе, арманы жоқ. Тек тәңірісі жүзеге асырсын, сандал санасы мүмкіндік берсін!

 

 

* * *

 

 

Бүкір бүгін де Өнер академиясынан көңілсіз оралды.

Кейінгі кезде дәріс беру дегенді тауып алып еді. Өзіне де сол керек. Әйтпесе ішті интеллигент көрініп тыныш жүре  берсе, мұнда кімнің көзғұны бар. Майлы бояуын майлап, майлы сорпасын тойлап дегендей... Зиялы қауым атаулы шет қаққан емес. Билік тізгінін ұстаған топ та талантын танып, сырт тепкен жері жоқ. Бүкір деген аты болмаса, «Бүкірдей дарын жоқ» деген дақпырт дүрілдеп тұр. Той-томалақта төрден орын бұйырады.

Бәрін бүлдірген – студенттер.

Осы жастарға не жоқ. Бүйректен сирақ шығарып жүргендері.

– Сіз бізге «өнертану емес – өміртану» дейсіз, – деп әне біреу ұзын сирақ, қой көзді сұрша қыз сыпсың ете қалғаны. Сола-ақ екен өзгелер де шу ете түсті.

– Иә, өмірді таныңдар! – деген бұл. – Өмірді танымай, өнерді тани алмайсыңдар. Қайталап айтам, үлкен өнер үлкен өмір сүруден, күрделі тағдыр кешуден туады... Ұлы суретшілердің бәрі де трагедия мен комедияны бастан кешкен. Онсыз ұлы шығарма тумайды, ұлы творчество жасалмайды.

– Сіз де сұмдық тағдыр кештіңіз бе?

– Білмеймін, – деді бұл ойланып. – Менің физиономиям айтып тұрған жоқ па?!

– Кешіріңіз!

– Кешірім сұраудың қажеті жоқ. Оған менің етім өліп кеткен. Құдай бүкір қылып жаратқан соң, оған тек разы болмасқа амал жоқ... Сыртың бүкір болса – болсын, ішің бүкір болмасын, – деп бір тоқтаған.

– Сіз, «ұлы халықтарда ғана ұлы өнер туады» дейсіз. Сонда қалай, қазақ секілді аз халықта ұлы өнер жоқ демексіз бе?

– Мен дәп солай дегем жоқ... Бірақ ұлы суретшілер ұлы халықтарда көп. Ұлы суретшілер мұрасынан, ұлы халықтар өмірінен үлгі алыңдар. Үйреніңдер!

– Ұлылық пен ұлы өнер қазір ірі халықтарда өшіп жатыр. Өліп барады... Өнер де аууға тиіс. Ұсақ халықтарға түбі ауады, – деді бір студент білгішсініп.

– Бәрі мүмкін! – деп бұл келісе салды.

Шәкіртпен дауласқысы да келмеді. Түбін қаза берсе, мұның түпкі ойына бойлап, артын ашудан кетәрі емес бұлар. Еріксіз аузын тыйып, жиегін жиып ұстауға тырысқан.

Оған бірақ бүгінгі интернетпен қаруланған жас тоқтай ма? Тоқтамайды.

– Ағай, – деген бір қыз бала сызылып, – бойдақ дейді ғой сізді.

Сол-ақ екен екінші бір сылқым:

– Ұлыңызды детдомға өткізіп жіберген дейді, рас па? – деп қалды.

Бұл қапелімде не дерін білмей дағдарды...

Құтқарғанда – қоңырау дауысы құтқарды. Есіктен қалай ата жөнелгенін өзі де білмей қалды. Соңында сылқ-сылқ күліп, былқ-былқ басып студент қыздар шулап жатты.

Бәріне кінәлі – Мәскеуде бірге оқыған Байсары. Ол – әдебиетші. Ломоносов атындағы университетті бітірген. Қазақстандық жерлестер ретінде араласып тұрған. Бүгінде академик атанды. Екеуі түйдей құрдас. Қырықтың қырқасына ілікті.

Сол бұған соңғы жылдары жаны ашығансып, ұрпақсыз өтемісің деп, қыршаңқы тілімен қыршып алып жүретін. Ақыры Оксана атты орыс әйелмен таныстырып тынды.

Оксана отыздардан енді асқан, үріп ауызға салғандай келіншек екен. Екі баланың анасы. Ішкіш күйеуінен ертеректе ажырасып кетіпті. Байсары онымен келісіп те қойыпты. Он мың долларға құрсақ ана болуға көндіріп әкепті.

Байсары:

– Қазір дайын аналық ұрықтар сатылады, – деген. – Алыс ауылдан келген студент қыздармен сөйлес. Олар екі-үш жүз долларға аналық ұрығын сатады. Маңдайынан шертіп жүріп таңдап ал. Қазір талайлар сондай оңай жолмен ұрпақты болып жатыр. Былтыр жалғыз ұлы немере сүйдіріп үлгермей, қайтыс болып кеткен бір профессор шал тура сондай жолмен ұрпақты болды. Қазір құрсақ ана мен аналық ұрық деген су тегін... Еркекке ұрпақ керек.

– Қазаққа ше? – деп қалды бұл да.

– Қазаққа да ұрпақ керек. Біздей аз халыққа бұл бір таптырмас амал болып тұр. Құдайдың бергені.

– Құдайдың бергені ме, әлде құдайдың ұрғаны ма? Оны да уақыт көрсетеді.

– Уақытқа сілтеп керегі жоқ. Қазір прогматиктер заманы. Дүние жаңалықтарынан қалыспай, алға тарта беру керек. Сонда ғана өркениет көшінен қалмаймыз, – деп ділмарсыды Байсары.

– Иә, – деген Бүкір, – көштен қалсақ – қазақ құриды. Дүниеде дамыған технологияның бәрін игеріп, пайдалануымыз керек. Ал құрсақ ана жолын, тем, более... Әлі құрсақ анасыз күн жоқ дейтін уақыт келеді. Еркек атаулының ұрықтарын алып, қазақты мидай араластыру қажет... Қазақ көбейсе, мемлекет те күшті болмай ма?! Жалпы, неке-меке, неке-теке деген далбасаның түкке қажеті жоқ. Адамдардың өз таңдауына жол беру керек. Кез келген сұлу қыздың, ақылды ананың, жігерлі еркектің, күшті жігіттің ұрығын колбада сақтай отырып, құрсақ анада қайта түлету керек... Құрсақ аналарды мемлекет қамқорлыққа алып, олардың жатырына мемлекеттік страхования жасап, тіпті еңбекақы төлеген абзал. Міне, сонда демография мәселесі де оңай шешіледі. Ұрықты әкелерді де ұмытпау керек. Ұрығын олар да қымбатқа сату керек. Дүниедегі ең бағалы, ең қымбат – дені сау ұрық... Нағыз демократиялық қоғам деген осы. 

– Сен тіптен әріден ойлап кеттің, – деген Байсары. – Сонда жатырда жанданғанмен, сәби мен ана бір-біріне жат болып шығады ғой. Жат деген жаман.

– Ей, Байсары! Бұл күнде бәрі де бір-біріне жат... Бүкіл әлем мұхиттағы балықтай араласып жатқанда, қазақтың жаттығы не, тәйірі! Жат болса да жан иесі... Есесіне өзге ұлттарды, жат мемлекет пен халықтарды жатсынбайтын болады. Бізге керегі де сол емес пе?! Қазақ өзді-өзі жатбауыр болсын, бірақ жатқа құрақ ұшсын... деген ұран ұрып тұрған кезең. Ендеше, Сарыарқаның даласына жан-жақтан құйылып жатқан жаттарды жатырқамайтын жатжанды ұрпақ керек. Оны тек құрсақ ана жатыры ғана шеше алады.

– Жатбауыр жатыр деші?!

– Жатжатыр... Жатжатыр қазақ проблемасын біржолата шешіп береді.

– Қой, қайдағы жоқты айтпа, Бүкір!.. – деп, Байсары енді өзі шошып қалған. – Жатжатырың не пәле?! Одан да Оксанамен ойнап-күл. Көрдің ғой, өте сұлу әйел... Интеллигентная. Ол да сені ұнатып қалған секілді. «Бүкір адамдар күдіс жылқылар сияқты белді болады» дейді. «Досыңыз да қабағат қуатты шығар» дейді. Ұрғашының аты – ұрғашы, емес пе?! Сенде ойы барын маған ашық сездірді.

– Мен емес, көкейін тескен он мың доллар ғой, – деп бұл кіржің ете қалды.

– Әрине, ақша да керек, «Бүкір айғыр» да керек, – деп, Байсары емін-жарқын күлген.

Байсары сұмның тілегі орындалды...

Бұл Оксанадан іліккен құтпандай айырыла алмай қалды. Аяғы құрдай жорғалайтын болды. Қоламтадай қызулы, қыздай қылықты жас әйел тәнін талмаусыратып, жанын жайландырып жіберді. Бұрын әйел затымен анда-санда ақшаға ғана есеппен кездесіп жүргені жай ғана тірлік екен. Оксана екеуі бір-біріне ерлі-зайыптылардай беріле сүйіп, беріле күйді. Дүн-дүние Бүкір үшін қазандай төңкеріліп түсті.

Бүкірдің белі босаған сайын белбеуі де босады. Оксана құрсақ құнын он мыңнан жиырма бес мың долларға дейін оп-оңай көтеріп, екеуара нотариуспен заңды түрде бекітіп тастады. Кешікпей Оксананың жатжатыры мұның студент қыздан екі жүз көк қағазға сатып алған ұрықпен жанданған сарқынды эмбрионды жұтып алды.

Арада тоғыз ай тоғыз күндей боп өте шықты...

Бүкір шекесі торсықтай ұлды болды...

Барлық қиындық сәби дүниеге келген соң басталды ғой. Жас сәбидің «жүзіне де қарамаймын» деген сөзінде Оксана тұрды. Туа сала тіксініп, кеше ғана шеңберек атқан қарны қысыр жыландай тартылысымен, емханадан үйіне тайып отырды. Бүкір нәрестені шырылдатып өзі тапқандай, құшақтап қала берді. Ел жақтан туған-туысқа сөз салып еді, сексеннен асып, селкілдеп отырған анасынан өзге елп еткен жан жоқ. Екі күнде егіз балалы болғандай, есі шығып-ақ кетті.

Байсары да ат ізін салмай қойды...Ол бірақ не істейді? Жазығы – жалпылдап жүріп ұрпақты қылғаны ма?! 

Ал ақыр дүние Бүкір үшін бұлданды да қалды. Жылаған жанды уантатын көкмұнар Алатау да, мұңайған жанды қуантатын көктұман Алматы да мұның көңіл күйін серпілте алмады. «Жанболат» деп есім қойған жабысқақ та Бүкірдің жанын жеді. Жалғыздықты жар тұтқан суретшіге сәби сор болды.

Әрі-сәрі болып жатқанында аяқ астынан алыстағы аудан орталығынан артынып-тартынып анасы келген бір топ адаммен... Қуаныштарында шек жоқ. Бүкірдің қос бөлмелі пәтері ырду-дырду әңгіме мен буы бұрқыраған асқа толды. Шикөкпеден мұны кәрі анасы мен кенже інісі құтқарды ғой. Келін бірден сәби Жанболатты бауырына басты. «Бір жарым жасқа жеткенше жеткізіп берейік» деп алып кетті.

Бұл тағы да соқа басы сопиып қала берді. Сәбиін сұрағандарға «детдомға» өткізе салдым деп қитыға қалатын. Бүгін енді сол сорлы уәж студенттер аузымен айналып өзін тауыпты.

Сөзге дауа жоқ.

 

 

* * *

 

 

Қаланың қақ ортасындағы шеберханасына келді. Шеберхана Суретшілер үйінің жетінші қабатында еді.

Қабырғаны тұтас алып тұрған ескі ағаш жақтаулы, қос қабат әйнекті кір-кір терезені ашты. Алатауға қараған күнгей беттегі терезеден көктемнің салқын лебі лап қойды. Бүкірдің тынысы да ашылып сала берді.

– Түух, пәтшағар! – деді іштей: «Бәрі құрып кетсінші! Бір күнгі кәусар ауаға жетпейді ғой... Ұмытайыншы! Әмір Темір әміршіні аяқтайын!» деп ойлады.

Бүкір майлы бояуын езіп, ағаш жақтауға керілген кенептегі суретке келіп үңілді. Ұзыны екі құлаштай, ені құлаш жарым полотно біршама аяқталып қалған еді.

Суретте отқа оранған әлем ортасында қап-қара арғымаққа мініп, қаракөк сауыт жамылып, екі ұзын найзамен екі дұшпанын ат үстінен аудара түйреп тұрған әйгілі Әмір бейнеленген. Оң қолымен хандар киетін айыр қалпақты бір ханды, сол қолымен сұлтандар киетін елтірі бөрікті бір сұлтанды түйрепті. Ақ сапты найза ханды, жасыл сапты найза сұлтанды ат үстінен аударып барады. Хан Сарыарқаның сары даласына қарай жантайса, сұлтан көк теңіз шетіндегі ай күмбезді қамал түбіне қисая құлап барады.

Үшеуі де сұсты. Көздері суық. Үрей, қорқыныш дегеннен ада. Үшеуінің де езуінде ажалмен ойнаған бір суық жымиыс бар... Қаракөк арғымақпен тік шаптырта секіртіп, ұзын сапты найзаларын қос дұшпанына тіреген ұлы қолбасшының ту сыртында өрт жалыны көкжиекті жауып, көк аспанға шейін торлап алыпты.

Бүкір өзінің суретіне разы-қош көңілмен масайрай бір күлді. Ерден көтеріліп, үзеңгіге табанын шірене тіреніп, бар салмағымен найзаларын ұмсына енгізген Әмір Темір дулығасының шашағын қанықтау қылып бояй бастады. Сарала шашаққа әр кіргізе түсті.

Осы бір сәт ақырын ғана есік қағылды. Бүкір суретін шығыр арқылы тұғыр басынан теріс айналдыра салды.

Байсары екен...

Ол асығыс аман-саулық сұрасып кіріп келе жатқанда, иығымен үлкен сурет шетін қағып кетіп, бояуы қанық полотно жанарына жарқ етіп шағылғаны.

– Ох! – деді ол оқыс таңқалып: – Ғажап! Ғажап!

Бүкір жақтырмай қалды. Дәл бір ұрлығы ашылып қалғандай қысылды.

– Әлі аяқталған жоқ, – деп суретін айналдыра бергенде, Байсары білегінен мыти ұстап, суретті теріс бұрғызбады.

– Тоқта! Тоқташы! – деп өзеуреді. – Шедевр. Екі қолымен екі бірдей жауын жайратып тұрған баһадүрді бірінші көруім... Керемет! Мұндай да болады екен, тура мифтік қаһарман!

– Жә, болды! Көзің тойса – болды...

– Өй, Бүкір, досым-ау! Бұрынғы абстракт суреттеріңді білмеймін, ал мына мифтік образың шедевр екені дау жоқ. Көз тимесін деп қорықпа! Менің жанарым жалынсыз...

– Қой. Қайдағы шедевр? Мифтік образ да емес. Кәдімгі Әмір Темір ғой.

– О, құдірет! Ақсақ Темір ме? Иә, иә!.. Дәл өзі. Темірдің Тоқтамыс ханды өлтіріп жатқаны... О, Алла! Анау теңіз шетіндегі айлы қамал түбінде ажал құшып жатқан – Баязит сұлтан... Соның өзі сақалы қауғадай. Стамбол мен Қаратеңіз, Сарыарқаның селеулі даласы... Құдай-ау, қалай дәл тапқансың?! Қалай бір полотноға сыйдырып жебіргенсің? Жо-жоқ, сен генисің, Бүкір. Қырық бесте бақ қонды саған, бақ!..

Бүкірді Байсары құшақтай алып, қарулы құшағына қысып-қысып қойды.

– Кілтін тауыпсың, бауырым! – деп, Байсары қайта-қайта қарай берді. – Кілтін тапқансың. Сұмдық! Үш қошқардың басын бір суретке қалай сыйдырып жібергенсің?.. Сен тарихты да жақсы білетін боп шықтың ғой. Мынау соның дәлелі.

– Кілтін Әмір Темірдің өзі тапты, – деді Бүкір де енді өктемсіп, Байсары сөзіне семіріп. – Шебер, мен емес – Әмір... Ол екі дұшпанын да оп-оңай жер жастандырған ғой. Бірін – Ұлытауда, бірін – Стамболда.

– Үшеуі де бірақ бір түріктің ұрпағы... Тек сол арасы ғана жанға батады, – деді Байсары. – Дұшпандарын тани алмаған... Танымаған.

– Танымаған ба? Танытпаған ба? – Бүкір қарсы сауал тастап, оған өзі жауап берді. – Менім ше, Әмір Темір падишаһ танымаған, әрі дұшпандары танытпаған... Тоқтамыс хан да, Баязит сұлтан да жаулық жасасам деп, жер жастанған.

– Бүкір, суретің сұмдық бір жайды ашып тұр, – деді Байсары көп білетінін білдіргісі келіп. – Біле білген адамға Әмір Темір түркілердің мақтанатын қаһарманы емес, түркілерді қас дұшпандарының алдында жығып, жер тізерлетіп берген антиқаһарман...

– Мен олай деп ойламаймын. Тоқтамыс та, Баязит те сыбағасын дұрыс алған. Екеуі де ұлы Әмірге қарсы шығып, есіріп кеткен.

– Қателесесің, – деді Байсары. – Ол Совет Одағының өтірік тарихшыларының аңызы... Ақиқатты бүркегені. Орыс, қытай және Еуропаның қылмыстарын жасыру үшін ойлап тапқан жалған қауесеті.

– Сонда сенікі қауесет емес, ақиқат екен ғой, – деп кекете қалды Бүкір.

– Ақиқат деу қиын. Бірақ менің қисыным шындыққа бір таман жақын, – деп Байсары да дәлелдемек болды. – Өзің ойлашы, Алтын Орданы Тоқтамыс хан, Моғолстанды Әмір Темір, Еуропаның тең жартысын Баязит сұлтан – үшеуі әлемнің жартысын билеп тұр. Үшеуін алар жау жоқ. «Бізді алатын дау жоқ деп, бізден мықты жау жоқ деп» тұрған олардан орысың да, қытайың да, Еуропаң да зәреқұты қашып үрейленген... Әйгілі Рим Папасы Кремльмен жалғасып, Мәскеу Бежінмен сөз байласып, көк семсерлі түркілерден құтылудың жолын қарастырған. Тыңшы жіберіп, сатқындарды жұмсап, үшеуінің басын бір қазанға сыймастай қылып қырқыстырған... Дүниені тітіреткен түркінің қос көкжалын арыстан Әмір Темірдің қолымен жайратқан да, ал оның өзіне қытай тыңшылары арқылы у бергізе салған. Сөйтіп, бар мәселені оп-оңай шешкен... Міне, содан бері түркі ұлысының ұлы бағы басынан тайды. Тайғызған – алыс-қиыс жаулары, өз қолымен тайдырған – Әмір Темір. Өйткені ол – Шыңғыс қағандай шынар тұлға емес еді... Болашақ бұлдыр заманға көрегендік пен кемел ойлылық жасай алмады. Ақыры, ата-бабаларымыз азап шекті, келешек ұрпақтары дұшпандарына кіріптар болды.

Бүкір ойланып қалды.

– ... Сен кілтін дұрыс тапқансың, достым, – деді Байсары. – Әмірдің түркі қандастарын тұқыртуға келгенде айласы жетсе де, олардың әлем алдындағы беделінің биік болуына келгенде ақылы жетпеген.

– Тантыпсың! – деді кенет Бүкір дүр сілкініп. – Тантыпсың! – Тағы қайталады. – Қызғанып тұрсың ғой... Қызғанба! Бұл – ешкім салмаған сурет. Әлемде жоқ. Ал, Әмір Темір – әлем мойындаған тұлға.

– Әлем қанішер деп мойындаған.

– Оттама! – деп, Бүкір оқыс қалш-қалш етті.

Байсары қызарақтап, сөз таба алмай қалды. Аузына:

– Тоқтамыс – Сарыарқаның жерінде жатыр. Оның қазақ даласының қақ төрінде жатуының өзі бізге рух береді... Ал қанішер Темір қайда?

– Тоқтат! Әмір Темір қанішер болса, Абылай хан да қанішер. Ол жоңғар жұртын қырып тастаған. Ал Кенесары – қарақшы... – деді Бүкір аузынан түкірігі шашырап. – ... қырғыздарды барып шапқан.

– Ол қазақты да шапқан, – деді Байсары да тістеніп. – Сатқын қазақ пен төрелерді де аямаған. Кім үшін? Өзі үшін бе? Жоқ. Ел үшін. Қазақ хандығы – қазақ мемлекеті үшін... Сен алжыма, Бүкір! Ойың қандай бүкір еді... Тілің де тікен.

– Хандық... мемлекет дейсің. Қайдағы мемлекет? Хандық құрып қаншалықты қарқ болдық. Біздің хандар хан емес – қанқұмарлар... Өзара қырқысты. Қырылды. Халықты үш жүзге бөлді... Ел де қырылып жойылды. Тоз-тоз болдық. Топырақ жаладық. Орысты паналадық. Соның арқасында аман қалдық. Бізде мемлекет болған жоқ...

– Оттапсың! Орыс отарлады. Іріткі салды. Қытай қидалады. Жоңғардан арылған жерді жаулап алды. Сенің жаңағы айтқаныңның бәрі – Шойынбаев пен Масановтың сандырағы ғой... Санаңды сандалтып тастаған екен.

– Шойыныңды да, Масаңды да оқыған жоқпын. Орыс пен әлем тарихын аудара-төңкере қарап шыққаннан кейін түйгенім... Ал олар маған дейін сондай ой түйген қазақ азаматтары болса, молодец! Олар да Қазақстан азаматтары... Өзгеше ойлауға имеет право. Тем, более, қазақтар!

– Қазақтан садаға кетсін! – деп Байсары зығырданы қайнады. – Сен мектепті орысша оқығандықтан да осындай маргинал боп шыққансың.

– Мен тарихты осы тарихи суретті салу үшін оқыдым... Өзім үшін оқыдым, – деп қасарды Бүкір де. – Өнер үшін оқыдым... Маргинал да адам.

– Теріс оқығансың.

– Әмір Темір оқытты, – деді Бүкір шын көңілімен.

– Әмір Темір оңбай қателескенін Қытайға жорыққа кетіп бара жатқанда бірақ білген. Бармағын шайнаған... Кеш еді. Сені де қазір қателесуге алып келіп тұр.

– Жоқ. Қателесе қойғам жоқ.

– Қасарыспа! – деп Байсары қатқыл дауыс көтерді.

– Қасарысам! Ол аз десең, кез келген зиялы интеллигент өз ұлтын, мәдениетін, өнері мен әдебиет, тарихын жақсы білу былай тұрсын, оның кемшілігі мен артта қалғанын білу керек. Сын көзбен қарауы тиіс. Міне, менің принципім.

– Өте жақсы. Бірақ ойың бұзық, ниетің арам...

– Не десең, о де... Қазақ хандығының бес жүз елу жылдығын тойлаймыз дейміз. Ол бес жүз елуден әлде қайда әрі... Ал Керей мен Жәнібек хан емес, Әбілқайыр ханнан бөлінген сепаратистер... Сепаратист сұлтандар.

– Жап аузыңды, ақымақ!

– Шамыңа тиді ме? Ха-ха-ха!.. Олар да анау Донбаста бүлік салып жатқан орыс сепаратистері сияқты. Одан да Әбілқайыр ханмен тізе қосып, көшпелі өзбектермен біріге отырып, қырғыз бен тәжік, түркіменді қанатының астына алу керек еді. Қазір өзбек отыз миллионға жетті... Біз ше? Тұтас Түркістан болып, Ресей империясы секілді бүркітше басып отырар едік. Сонда бізге орыс та, қытай да қоқаңдай алмас еді. Еуропа мен АҚШ-та байқап сөйлесер еді. Байлығыңа бас сұға алмас еді.

– Ой, шіркін-ай! Сен суретші емес, сенатор болсаңшы!

– Болсам несі бар?! Болам. Бүкірлігім ғана жол бермей жүр... Бүкірдің де күні туар.

– Күнің тумай-ақ қойсын!

– Күнім туса, күллі қазақты християнға кіргізер ем...

– Астапыралла!

– Қорықпа! Қазір қаншама қазақ. «Иса мәсіх нұры» деп шоқынып кеткен... Қаншамасы салафит, уахабит, тағы толып жатқан ит-бит дегенге еріп жүр ғой. Ал християндар тұтас. Қазақ християнға кірсе, қырғыз бен өзбек те енеді. Тәжік пен түркімен де шет қалмайды. Қазақтың арқасында Орталық Азия Иса пайғамбар жолын «хақ жол» деп ұстанып, ислам фундаментализмі деген індеттен аулақ қонар едік.

– Ниетің қандай нас еді, – деп Байсары жейдесінің жағасын ұстап, ұшын тістеп-тістеп қойды.

– Тісте! Тісте! Жағаңды емес, жағыңды тістейсің әлі...

– Тәйт, кәпір!

– Қателесесің. Мен кәпір емес, мына қаптаған шенеуніктерің кәпір... Жемқорлық – кәпірлік. Олар өзінің шуын жеген қорқаулардан да асып түсті қазір. Ақша десе, анасын, туған баласын сатады. Дінін сату түк емес... Шенеунік християнға бет бұрса, билікті пайдалана отырып, халықты да ауната салуға болады. Күні кеше емес пе, коммунист атаулы жалпақ жұртты атеист қылып жібергені. Қызмет пен мәнсап үшін атқамінер атаулы, атақ пен мақтан үшін ғалым мен залым атаулы құдай жоқ деп құлдай жорғалағаны... Бәрі жабылып жүріп құдайсыз қоғам орнатқаны. Тап бүгін де солай. Ондай сойқанды салу да оңай.

– Арманың қандай кәззап... – Байсары булығып қалды. – Ай, Бүкір, Бүкір! Сендей сұмнан сақтасын!

– Біздің қоғам – қисық айнада сәулеленген сынық қоғам...

– Қоғамды қисық-қыңыр қылып жүрген сен секілді бүкірлер.

– Мейлі, – деді Бүкір, – бүкір қоғам-ақ болсын. Оны түзеу үшін айнаны сындыру керек. Қоғамның ақиқат сиқын көресің. Сонда жаныңнан шошырсың. Қазақ қоғамы мен қазақ өмірінің жасырылған қан-жоса жамалы жалған дүниеден түңілтер... Сонда көрер едім, Байсары, сенің сорлы кейіп-кеспіріңді! Нағыз бүкірлікті таныр едің.

– Танымай-ақ қойдым. Қара аспанды суға алдырмашы... Ел аман, жұрт тыныш.

– Жұртың бейғам, жұттан шыққандай жүдеу... Соны да көрмеймісің, – деді Бүкір.

– Ол Еуропа мен АҚШ-та да бар, – Байсары басу білдірді. – Мен сені момын, зиялы деп жүрсем, ішіңде ит өліп жатыр екен ғой.

– Ол ит өлі емес – тірі... Тек сыртқа шыға алмай, қор болып ұлып отыр. Ха-ха! –Бүкір арсыздана күлді.

– Сайтан алсын сені, сайтан алғыр!

– Сайтан мені ғана емес, елдің ақыл-есін алған, – деді Бүкір. – Біз «ЕС»-ке еліктей алмаймыз, көршіге еліктейміз. Еліктемеске амалымыз да жоқ. Еліктетпей, соңынан ертпей, қанатының астына алмай қоймайды. «Көп қорқытады, терең батырады». Ал біз азбыз... Демек, ұлы елдің ұлы тілін, ұлы дінін де қабылдауға тура келеді. Сонда ғана діліміз түзеледі... Мен тілін де, дінін де қабыл алдым. Енді ділім оңалары сөзсіз. Ана сәби ұлымды да ертең анамнан алып келіп, солай тәрбиелемекпін. Шоқындырамын!..

– Ол ойың жүзеге аспас, – деді Байсары. – Ұлың қазақ екені рас болса, қазақтың қалыбын сақтап қалар.

– Сен қаншама шамдансаң да, осы айтқаным айтқан. Өсиет етем ұрпағыма! Солай тәрбиелеймін. Тәрбиеге көнбейді дегеннің тілін кесем деген Абай да. Тәрбиелей берем. Ұлы халықтардың ұлы идеяларын сіңірем. Кішкентай ғана қазақтың емес, көп халықтың – ұлы халықтың ұлы болғаны абзал. Өзім сияқты өгейлік... бүкірлік... тоқалдан туғандай шетқақпай көрмесе екен деймін. Сен не білесің?

– Саған дауа жоқ екен. Ұлылық ауруына шалдығыпсың. Ұрығың басыңа шауып кеткен... Бетіңнен аулақ! Сен сияқты көбеймесін! – деп шошынды Байсары.

– А-а, біз көппіз... Кешегі Кеңес заманы көбейтіп кеткен. Сендер бүгін отай алмайсыңдар. Тамыры терең. Мәскеуден тартылып жатыр... Ол тамырды түбімен суырып ала алмайсыңдар. Иә, иә! Анау қытайдағы қазақ жастарының ішінде алып империяда өмір сүргісі келетіндер көп екен. Олар да қойдың шашылған бір уыс құмалағындай қазақтың азаматы болғанша, аждаһа тұрпатты алып мемлекеттің азаматы болған артық деседі екен. Жуан елде жуан жеп, жуан ішіп, жуан адам болған жөн де ғой... Оған сен не істей аласың, Байсары? Ха-ха-ха!

– Тфу, лағнет! Ішің лас қой... Аулақ! Аулақ!

Байсары жетінші қабаттан лифтімен зулай түсіп, Суретшілер үйінің есігі алдына қалай атып шыққанын түсінбей қалды.

Көкек күні май тоңғысыз. Кеудесін кере дем алды. Алатауға қарады.

Көз алдына бірақ алып Алатаудың айпара келбетінде сәулеленген Әмір Темірдің ат үстіндегі сұсты бейнесі келді. Байсары оқыс тіксініп қалды... Атышулы тұлғаның тау төсіндегі кесек кескіні менмұндалап тұрса да, ойына «Әмір Темірдің қателігі» деген дерексіз ой орала берді.

Ал Бүкір болса, Байсары досының аузын бақаша аштырғанына мырс-мырс күліп, қолына ұстаған қылқаламымен салған суретіне бір жақындап, бір алыстап, қызыға да қызғана қарайды. Қос жауырын ортасындағы өскелең өркеші шымырлап, көңіл күйі көтеріле берді. Оның тұла бойына ғайыптан қуат құйып, санасына серпін берген қара ойлы шабыт жемтік көрген қарақұстай қанаттандыра түскен еді.

Abai.kz

 

5 пікір