Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Аласапыран 8690 0 пікір 17 Қараша, 2015 сағат 00:02

ҚОҢЫРОВ НЕНІ ҚОҢЫРСЫТЫП ЖҮР?

Елдегі әлеуметтік және экономикалық қиындықтарға байланысты Мәсімов мырза жетекшілік ететін Қазақстан үкіметі жақын арада күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларына талондар енгізуі мүмкін. Бұл туралы «Караван» газеті жазады (http://gazeta.caravan.kz/articles/karta-socpomoshhi-talony-na-produkty-vozvrashhayutsya-articleID117393.html).

(1990 жылдардағы талондар)

Қаржылық қиындық қос өкпеден қысқанда Қазақстанның өкіметі өндіріп іс бітіре алмады. Әлемнің дамыған отыз мемлекетінің қатарына қосылуды армандап жүргенімізде, арманымыз көзден бұлбұл ұшты. Сөйтіп бір-ақ күнде әлемнің ең кедей елдерінің қатарына қосылдық. «Караванның» ақпаратты рас болса, қазақстандықтар тамақты талонмен ішетін, бір тілім нан үшін ұзын-сонар кезекте тұратын күнге таяп қалғандаймыз.
Иә, «Караван» газеті жазып ортырғандай, осындай алағай да, бұлағай шақта тығырықтан шығудың өзге жолы жоқ болса керек. Айтпақшы, әлгі «нан бағасын 300 теңгеге дейін көтеру керек», - деп қоңырсытып жүрген Мәжіліс депутаты Қоңыров Айқын мырза «Үкімет қазіргі жағдайда азық-түлік тауарларына талондар енгізуі мүмкін. Өйткені аз қамтылған әлеуметтік топты қолдаудың бұдан басқа жолы жоқ. Бұл әлеуметтік көмек картасы деп аталуы мүмкін. Бірақ, атқаратын функциясы, сол баяғы талон болып қалатыны сөзсіз»,- дейді.
Ал, ауыл шарашылығы министрлігінің тізгіншісі Асылжан Мамытбеков мырза бұл мәселені миллиардтап шашылған шығанға әкеліп тірейді. «5-6 жылдан асты, жыл сайын Үкіметтен1-сортты нан бағасын қалыпта ұстап отыру үшін 7-8 миллиард теңге бөлінетін. Тіпті, кей кездері бұл сома 12-15 миллиардтан асып кететін. Содан кейін, Үкіметте талқылап, шешімге келдік. Субсидия нормативтері қысқартылып, нан бағасы нарықтық бағаға көшетін болады»,- дейді Мамытбеков мырза.
Оның үстіне, министрдің сөзіне сенсек, бүгінде бұл қаражат ел бюджетінде қарастырылмаған. Сондай-ақ, әлеуметтік жәрдем есебінен бөлінген арзан ұнның жартысы қылмыстық жолмен Ресей мен Өзбекстанға кетіп жатқаны да мәлім болды.
Ал, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі болса, нан бағасы көтерілген жағдайда ең төменгі күнкөріс деңгейі де өзгеріп, әлеуметтік көмек алатындардың саны артатынын ескертті.
Министрлік деректеріне сүйенсек, әлеуметтік жағдайы мен айлық кірісі орта деңгейге жетпейтін 34,7 мың қазақстандық әлеуметтік көмек алып отыр. Сондай-ақ, 18 жасқа толмаған балалары бар 519 мың адамға мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі айтып отырғандай, бүгінде елімізде көмекке мұқтаждар саны бірден 2,5-3 миллион адамға көбейеді деп күтілуде.
Осыған алаңдаушылық білдірген құзырлы мекемедегілер 2016 жылға қарай әлеуметтік тұтыну жәшігін қайта қарастыруды да қолға алған екен.
Нан – қашан да әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың негізгі тамақ көзі екені рас. Кедей деп кемсітпестен сөйлер болсақ, кәдігі сіз бен біздің дастарханымызда ас атасына деген сұраныс бар екені де ақиқат. Ал джип мініп, фуа-гра жейтін бай-бағлан немесе әлеуметтік жағдайы ортадан жоғары деңгейдегілер нанды талғажау етпейтіні түсінікті. Жо, жемейді емес, жейді. Тек, аз және қымбат сұрыптыларын ғана. Сондықтан Қоңыров мырза қоңырсытып айтқандай, нан бағасы 300 теңгеге көтерілсе де мейлі оларға. Ал, орта табысты отбасылар үшін нан бағасының 5 теңге көтерілуінің өзі трагедия. Сондықтан қазақстандықтар нан бағасының негізсіз көтерілуіне бей-жай қарамайтыны рас.
Астық өңдеушілер мен наубайшылар одағының президенті Евгений Ган бұл жайтты шешу үшін арнайы талондар енгізілетініне сенімді.
«Нанды талондармен сатып алуды енгізу адрестік әлеуметтік көмек беру бағдарламасын іске қосудың алғашқы қадамы болады. Мен мұны аз қамтылған тұрғындарға әлеуметтік көмек карталары деп атайтын едім. Бұл карта бірден бірнеше қызмет атқаруы тиіс. Тек қана нан сатып алу емес, өзге де азық-түліктер, арзандатылған дәрі-дәрмектер, жол ақысын және коммуналдық қызметті төлеуге де пайдаланылуы керек», – дейді Евгений Ган.
Шенділер АҚШ пен Еуропа тәжірибесін қайталауға ұсыныс жасауда. Бұл елдерде әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығы бар әр тұрғынның банкте жеке картасы болады. Оған үкімет ай сайын қажет тауарларын сатып алуы үшін қаражат салып отырады. Карта иегері ішімдік пен темекіден өзге кез-келген азық-түлікке төлем жасап, тіпті, медициналық қызметті де карта қаражатынан ала алады.
«Бізге де осындай үлгіде әлеуметтік көмекті дамыту керек. Дағдарыстан туындайтын салдарларға алдын ала дайын болу керек. Жағдайы жоқтарға жәрдемақы беріп, наннан бөлек өзге де азық-түлік ала алатындай жағдай жасауға тиіспіз. Коммуналдық қызмет міндетті түрде қымбаттайды. Яғни әлеуметтік көмек пакетіне бұл қызмет түрін де төлеу мүмкіндігін қосқан абзал», – дейді мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров.

Дегенмен, депутат Қоңыров жолдас (суретте) «Караван» газетіне берген сұхбатында жоғарғы сұрыпты нан бағасы 300 теңгеге пара-пар келуі керек деген пікір білдірген.
«Былтырғы жылы біз әлеуметтік жеңілдік пакеттерін реттеуде жаңа жоба бастаған едік. Былай алып қарасаңыз, жоғары сұрыпты нан бағасы 300 теңге болуы керек. Ал, біздің елде бұндай нандар 98 теңгеден сатылып келді. Теңге бағамының өзгеруіне байланысты қазір дүкендердегі нан бағасы 120-130 теңге көтерілді»,-дейді депутат.
Осы Қоңыровтың сөзінен шығады, коммунистік партия өкілі Айқын жолдас ЕАЭО аясында ортақ валюта енгізуді қолдайтынын қазақстандық БАҚ-қа мәлімдеген. Естеріңізде болса, сайтымызда «Еураз теңгемізді тентіретіп жібермей ме?» атты мақала жарық көрген болатын (http://abai.kz/post/view?id=5432). Онда ресейлік саясаткер Леонид Слуцкий ЕАЭО елдері үшін ортақ валютаның әзірленіп жатқаны туралы баяндаған.
Тап сол кезде қазақстандық депутат, коммунистік партия мүшесі - Айқын Қоңыров total.kz сайтына сұхбат беріп, ортақ валюта идеясын толық қолдайтыны айтты (http://total.kz/politics/soyuzyi/2015/11/11/majilismenyi_vyiskazalis_o_vozmojnosti_vvedeniya_edinoy_valyutyi_eaes#begin_st). Өткен аптада Abai.kz сайтында жарық көрген осы бір мақаладан кейін ресейлік саясаткер Леонид Слуцкийдің мәлімдемесіне қазақстандық депутаттар да өз пікірлерін білдірген. Бір қызығы коммунистік партия депутаты Айқын Қоңыров бүйректен-сирақ шығарып, басқаларға кереғар пікір білдірді. Оның ойынша, «экономикалық одақта өмір сүрген соң ортақ валютаның болуы да жаман емес». Бір сөзбен айтқанда, Қоңыровтың көзқарасы Думаның Слуцкийімен бірдей болып шыға келді. Құдды бір Қазақстан Мәжілісінің емес, Ресей Думасының депутаты дерсіз! Коммунист депутаттың бір тырнағы бүгулі жатса керек, Қоңыровтардың бұлай қоңырсытуы бекер емес.

(1990 жылдардағы талондар)

 Түйін: Иә, сонымен коммунист депутат Қоңыров пен министр Мамытбековтың айтып отырғанындай, дүкен сөрелеріндегі бар тауарды талонмен алатын күннің де көлеңкесі көрініп қалғандай. Естеріңізді қалса, осыдан ширек ғасыр алдын, тоқсаныншы жылдардың басында дүкен сөрелері жылан жалағандай болды. Түк жоқ. Барының өзі қат. Қажетті дүниең табылса, оны алатын қаражат жоқ. Қара нан үшін ұзын-сонар кезекте тұратын сол жылдар қайтып оралғандай ма, қалай?... Бұл – тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, яғни, қиын-қыстау кезең еді. Жұрттың бәрі сонда «жоққа» бой алдырып қалған. «Мына кедейліктің сорынан енді құтылмаспыз", - дейтіндер көп-тұғын. Ол кезді өкімет өтпелі кезең» деп атап, әйтеуір өткелектен бір өтетінімізге сендіретін. Қазір ше? Сол өтпелі кезеңнен әлі өтіп болмағанымыз ба? Өкімет «біз жаңа дағдарысқа душар болдық, қиындықтың бәрі алда. Осыдан өйтіп-бүйтіп, өтіп кету үшін барынша үнемшіл болыңдар»,- дейді. Жә, құп, делік. Бірақ, біз сол тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезеңнің тас қамалында қалып қойған секілдіміз... Мәсімов үкіметі енді халықтың аузындағы қара нанға жармасты. Депутат Қоңыров қорқынышты сөздерді бекерге қоңырсытып жүрмеген сияқты...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3528