Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3543 0 пікір 31 Мамыр, 2010 сағат 06:16

Қажымұқан Ғабдолла. ҚАЗАҚ ПАССИОНАРЛЫҒЫН ТЕК ОСЫЛАЙ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕМІЗ

Қазақ ұлты қауіпті жағдайда. Ұлттық дағдарыс қазақтың тәуелсіздік  және ұлттық өрлеу жолына түсуіне мүмкіндік туған шақта туындап отыр.  Бұл жағдайға қазақ ұлтының мыңдаған жылдар бойы жинақтаған пассионарлық қуатының жарқырап күшіне енетін кезеңінде тап болып отырмыз. Яғни бұл дағдарыс қоғам дамуының объективті заңдарына сай емес, субъективтік тосқауылдардың кесірінен орнап отыр.

Қазақ қоғамындағы дағдарыстың белгілері ретінде қазақтардың ана тілін білетіндер мен білмейтіндерге бөлінуі; қазақтың үштен бірінде ұлттық мақтаныш сезімі мүлдем жойылғандықтан, олар ұлтының алдында өздерін жауапты сезінуден қалды; биліктің барлық бұтақтарын ұрлық пен жемқорлық жайлады, қазақтың мемлекеттік және ұлттық мүдделеріне сатқындық жасалды (тіпті, «Қазақ СС Республикасы» дейтін мемлекеттің атауын да еш негізсіз, халықпен келіспей - «Қазақстан Республикасы» деген географиялық әрі орашолақ атқа тәуелсіздік алғаннан кейін өзгертіп жіберді); қазақ ұлтының ғана емес, күллі әлемдік өркениет пен мәдениеттің дамуын талай жылдарға тежеп, орасан-зор рухани әрі психолгиялық нұқсан келтірген орыс отаршылдығының жағымсыз жарқыншақтары әлі күнге дейін қазақтардың басым бөлігінің өз балаларын отаршылдардың тілінде оқытып-тәрбиелеуде мәжбүр етуде. Яғни, орыс империясы заманынан басталған қазақтың ұлттық ерекшеліктерін жою жұмыстары күні бүгінге дейін жалғасын табуда.

Қазақ ұлты қауіпті жағдайда. Ұлттық дағдарыс қазақтың тәуелсіздік  және ұлттық өрлеу жолына түсуіне мүмкіндік туған шақта туындап отыр.  Бұл жағдайға қазақ ұлтының мыңдаған жылдар бойы жинақтаған пассионарлық қуатының жарқырап күшіне енетін кезеңінде тап болып отырмыз. Яғни бұл дағдарыс қоғам дамуының объективті заңдарына сай емес, субъективтік тосқауылдардың кесірінен орнап отыр.

Қазақ қоғамындағы дағдарыстың белгілері ретінде қазақтардың ана тілін білетіндер мен білмейтіндерге бөлінуі; қазақтың үштен бірінде ұлттық мақтаныш сезімі мүлдем жойылғандықтан, олар ұлтының алдында өздерін жауапты сезінуден қалды; биліктің барлық бұтақтарын ұрлық пен жемқорлық жайлады, қазақтың мемлекеттік және ұлттық мүдделеріне сатқындық жасалды (тіпті, «Қазақ СС Республикасы» дейтін мемлекеттің атауын да еш негізсіз, халықпен келіспей - «Қазақстан Республикасы» деген географиялық әрі орашолақ атқа тәуелсіздік алғаннан кейін өзгертіп жіберді); қазақ ұлтының ғана емес, күллі әлемдік өркениет пен мәдениеттің дамуын талай жылдарға тежеп, орасан-зор рухани әрі психолгиялық нұқсан келтірген орыс отаршылдығының жағымсыз жарқыншақтары әлі күнге дейін қазақтардың басым бөлігінің өз балаларын отаршылдардың тілінде оқытып-тәрбиелеуде мәжбүр етуде. Яғни, орыс империясы заманынан басталған қазақтың ұлттық ерекшеліктерін жою жұмыстары күні бүгінге дейін жалғасын табуда.

Аю терісін жамылған екіжүзді Ресей өздерінің басқа ұлттарға жасаған зорлық-зомбылықтары үшін Германия елі сияқты кешірім сұрауды қаперіне де алмады. Ол-ол ма, бүгінгі таңдағы Ресей, қазақ мемлекетінің сатқындыққа белшесінен батқан билігі мен «бесінші бағананың» көмегі арқылы бұрынғы отаршылдық саясатының шоғын қайта үрлеуде. Қазақ елі үшін жаңа қауіптің сұлбасы көрінді. Мұның өзі отаршыл Ресейдің қазақ ұлтын ұлт-азаттық революция жасамай уысынан босатпайтындығын айқын айғақтайды. Отаршылдардың арманы - қазақ мемлекетін шикізат өндіруші ғана ел күйінде қалдырып, қазақ ұлтын толық орыстандыру болып отыр.

Сөйтіп, қазаққа қазірдің өзінде қайтадан отар елге айналу қаупі төніп келеді. Қай-қай билік те қазақтардың Ресейге де, басқаға да өз еркімен ешқашан қосылмайтын қайсарлығын естен шығарып отыр. Ешбір экономикалық немесе қаржылай бірігулер мен ынтымақтасулар - қазақтың ең нәзік, ең қастерлі ұлттық тәуелсіздік мүдделеріне қайшы келмеуге тиіс.

Билік өкілдері өздерінің жымқырып-тыққан капиталдарын қорғау мақсатымен қазақ ұлты мен мемлекетінің мүдделерін сататын болса, мұның ақыры орны толмас өкініштер мен қасіретті қайғыларға әкеліп соғуы мүмкін.

Мұндай пиғылдардың алғашқы белгілері де бой көрсетуде. Айталық, билік пен байлық өкілдері өз балаларын тек шетелдерде оқытып, өзге де бас көтерген ақылды жастарды шетелдегі оқумен қызықтыруға көшті. Басты мақсат - қазақтардың ұлттық мақтаныш сезімдеріне су бүркіп, мүлдем сөндіріп тастау.

Сондықтан, жастарды шетелдерде жаппай оқыту үрдісіне шектеу қою керек. «Тек шетелдерде оқыған жастар ақылды да білімді» деген түсініктің тамырына балта шабылып, осындай ұстанымға ұрынғандарды заң жүзінде жазалау қажет. Өйткені, өркениетті аталған шетел жастарының білім-білігінің қазақ жастарынан анағұрлым кемшін екендігін өмір дәлелдеді. Керісінше, нашақорлық, маскүнемдік, қылмыстың басқа да ауыр түрлері бойынша шетел жастары алдарына жан салмайды.

Жалпы, балаларын шетелде оқытып жатқан биліктегілер мен байлықтағылардың тізімі жасалып, тұрақты мониторинг-талдау жүргізілуі керек. Ең алдымен, оқуға төленген қыруар қаржылардың шығу көздері анықталғаны жөн. Билік пен байлық өкілдері өз балаларын неге бірыңғай шетелде оқытады? Яғни, олар өздерін асырап отырған елдің білім жүйесіне сенімсіздік танытуда. Мемлекеті мен ұлтын мансұқ еткен мұндай бишігіштер қызметтерінен шұғыл босатылуға тиіс.

Саяси-ұлттық мәселе қазақ елінде тұйыққа тірелді. Ұлт-азаттық дүмпу тұтанып кетпей тұрғанда, барлық қазақтар: қазақ тілін білетіндер де, білмейтіндер де; өзге де ұлыстардың ішіндегі салауатты азаматтар өздерінің ұлттық және діни ерекшеліктеріне қарамай, қазақ ұлтының өзінің ұлттығы мен мемлекеттігін сақтап қалуына аянбай көмектесуі керек. Конституциялық, демократиялық жолдармен жүргізілетін саяси күресте елімізде тұратын барлық ұлттық диаспоралардың құқықтары әлемдік адам құқықтары ұстанымдарына сәйкес және ұмытылып бара жатқан дәстүрлі қазақ демократиясына сай сақталатын болады.

Қазақтардың дала демократиясының сындарлы салты бойынша қазақ руларынан құралған «Билер алқасының» өкілдері ел парламантінде тиісті орындарын алуы керек. Басқаша айтсақ, еліміздің қазіргі қос палаталы парламентінің бірі, яғни, сенат - қазақтың барлық руларын қамтитын өкілдерден жасақталуы керек. (мұнда құрамы 100 мың адамнан кем болмайтын басқа да диаспора өкілдері енуі мүмкін). Ал, мәжіліс бүкілхалықтық дауыс беру арқылы сайланады. Ру құрылтайларының делегаттары бастауыш, аудандық, қалалық және облыстық ұйымдардың жиналыстарында интернет мүмкіндіктерін бірмезгілде пайдалана отырып сайлануы мүмкін. Бұл жағдайда халық өз депутатына ұсыныстар айтып, оның орындалуын талап ете алады. Керек десеңіз, көңілден шықпаған өкілді кері шақыртып, қайта сайлау өткізуге құқылы.

Қазақ руларының саясат субъектісіне айналуына қарсы уәж айтатындарға өзіміздің төмендегідей дәлелдерімізді көлденең тартқымыз келеді. Біріншіден, тарихтан белгілі болғанындай, көшпенділер (номадтар) рулық жүйені бүкіл халықты басқаруға пайдаланды.

Әрбір рудың қоғам алдында және жекелеген мүшесі алдында  ұжымдық, материалдық жауапкершіліктері болды, ал, әрбір рудың баласы өз руы алдында да соншалықты жауапкер саналды. Бәлкім, осындай ашық та әділ ұстаным қазақ даласында абақтылардың болмауына және қазақ үйінің есігіне құлып салынбауына себепкер болған шығар?! Ал, «Тура биде - туған жоқ» қағидасы қазақ азаматтарын тек өз руының ғана өкілі емес, тұтас қазақ ұлтының азаматы ретінде тәрбиеледі.

Бүгінде жағдай  біршама өзгергенімен, қазақтардың көбінде өз руы мен туыстарының алдындағы жауапкершіліктің белгілері, яки, рулық патриотизм сақталынып қалған. Егер қазақтың рулық патриотизм сияқты қуатты ерекшелігін бүгінгі қоғамның арсыздық пен қылмыстық қадеттеріне қарсы қолдана алсақ, мұның өзі мейлінше ұтымды болар еді.

Екіншіден, кезкелген қазақ өзін туған руынсыз елестете алмайды. Тамырсыз тал болмайды. Сондықтан, соңғы 90 жылдың шамасында жүргізілген «қазақтың рушылдығымен күрес» ешқандай нәтиже бермеді. Келесі 100 жыл тағы да осы бағыттағы күреске айналса да, ешкім қазақтың рулық патриотизмінің тамырына балта шаба алмайды. «Жеті атасын білмеген - жетесіздіктің белгісі» дейтін қазақтың болмысымен күреспей, оның болашағы үшін күресу керек. Сайып келгенде, қазақ ұлтын өзіне ғана тән  ерекше болмысымен қабылдайтын кез жетті.

Әрине, рулар билігін жаңғырту - қазақ ұлтын мәдени және өркени дамудан тежемейді. Сондықтан, біз қазақ қоғамындағы «бөліп ал да - билей бер және өзің байи түс» деген принциппен еліміздегі саяси жағдайды тығырыққа тіреген, «псевдодемократия» деп атағың келіп тұратын, демократиялық даму деген сылтаумен, ұлттық және тілдік белгілеріне қарай халықтың бөлшектеніп тасталынғанын мойындауымыз керек. Сол жағдайды мойындай тұра халқымыздың шынайы бірігуінің стратегиялық сара жолы ұлттық диаспоралардың руларға айналуы немесе бұрынғы рулардың құрамдас бөлігіне айналып, қазақ болып танылуы.

Үшіншіден, рулық ерекшелік - қазақтың ажырауына емес, қашанда бірігуіне қызмет етіп келеді. Қазақта: «Жігіттің үш жұрты: өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты болады» дейді. Сонда осы жұрттың қай-қайсысы да жақын әрі жанашыр, деген сөз. Тағы бірде ұлтымыз: «Жігіттің жақсы болмағы - нағашыдан» дейді. Осыдан кейін анаңның бауырларын қалай бөтенсисің?!. Мұндай айқын айырмашылық - бөлінуге емес, бірігіп-туыс болуға үндеп тұр емес пе?!.

Аталарымыз: «Жеті атасын білген жігіт - жеті жұрттың қамын жер» деп тұжырымдайды. Яғни, жеті атасын санамалайтын азамат соның барлығының абыройын ойлап, қасиетін қорғайды. Енді «құда -мың жылдық» болса, жұрағат та жат емес. Сайып келгенде, мұқым қазақ туысқан болып шығады. Сондықтан бабаларымыз өздерін: «Қарға тамырлы қазақпыз» деп таныған.

 

Қазақ жерінде тұратын өзге ұлыстарға қайтпек керек?

Олар өз қалауынша аты-жөндерін өзгертпей, өз еріктерімен қазақ руларының біріне кіріге алады немесе қазақ ұлтының жаңа бір руын құра алады. Тек осындай кірігу мен бірігу ғана өзге ұлыстардың қазақ елінің толыққанды тамыры болып қалыптасуына жол ашады. Атап айтсақ, бұл қазақ үшін жаңалық емес. Ұлтымыздың ұзақ тарихында бізге кірігіп, сіңісіп кеткен ұлыстар жетерлік. Айрықша мәселе - мұндай кірігу әрбір ұлыстың жеке құқы мен еркінің таңдауы, оған ешкім қол сұқпауы керек.

Келесі бір маңызды тұспал - қазақ елінің әрбір азаматының діни сенімі көздің қарашығындай сақталуы тиіс. Бұл жағдай қазақ руларына жаңадан кіріккен ұлыс өкілдеріне де тікелей қатысты. Осынау аталған қағидаттар қатаң сақталғанда ғана, қазақ руларына өзге ұлыстардың кірігу үрдісі басталып, қазақ топырағында бос сөз бен құжат жүзіндегі емес, нағыз шынайы ұлттық бірлік пен ынтымақтастық орнап, қоғамның күллі келеңсіздіктерін нақты жеңуге қол жеткіземіз.

Қазақтардың ұлттық бірігуіне оның қадым замандардан бері үш жүзге бөлінуі де кедергі келтіруі мүмкін. Рас, ХҮ-ХҮІ ғасырларда қазақтың жүздерге жарылуы - қазақ хандықтарын аймақтарда тиімді басқарудың құралы болып, ұлттық бітімгершіліктің сақталуына белгілі бір дәрежеде ықпал етті. Ал, ХІХ-ХХ ғасырларда аймақтық басқарудың облыстық жүйесі  мен биліктің саяси құрылымы өзгергендіктен, қазақтардың жүзге бөлінуі қажетсіз болып қалды. Бірақ, халықтың санасында жүзге бөліну ерекшелігі күні бүгінге дейін мықты сақталынып отыр. ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда біздің ақылман ата-бабаларымыз рулардың арасында алауыздық болмауды көздеп, қазақтың шежіресін сол заманға сай өзгертіп жазған болатын. Ол шежіре бойынша ҚАЗАҚ деген бабамыздың Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деген үш ұлы болған. Олардан Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз қазақтары тараған. Бұл пайымдама шындықтың ауылынан алшақ болса да, қазақ этносының талай тар жол, тайғақ кешулерден аман өтуіне жағдай туғызды. Бірақ,  бүгінгі заманда жүзге бөліну - қазақ ұлтының бірігуіне қарсы дұшпандарымыздың жойқын қаруына айналды.

Ол-ол ма, қайсыбір билік құрылымдарындағы пысықай-пасықтар жүзге бөліну үрдісін қылмыстық-мофиоздық топтар құруға тиімді пайдалануға машықтанып алды. Қазіргі Ұлы жүздің бәзбір өкілдерінің, Керей мен Жәнібек сұлтандардың басшылығымен Қазақ хандығын құрған батыстың азаматтары Ортағасырдағы Моголстандағы рулардың басын біріктіріп, Ұлы (алғашқы) жүз ретінде топтастырғанын білмегендіктен, интернеттік сайттарда: «Орта жүз бен Кіші жүздің орыны биліктің босағасында. Ал, біз ұлы болғандықтан, күллі қазақтың билігі біздің қолымызды болуы керек» деп, көлгірсіп-көкуі - дұшпандық тұспал ғана емес, қазақ ұлтын іштей ыдыратып, ірітіп-шірітудің бастамасы.

Біздіңше, ұлтымыздың мұндай ұрдажық, ұятсыз дұшпандарын анықтаудың еш қиындығы жоқ. Білім-білігі кемшін немесе қолы мен ары ластанған биліктегі біреулер өзін қорғап қалу ниетімен өз ЖҮЗінің артына тығылып, аман қалу үшін әлгіндей жүзге бөлінушіліктің шоғын үрлеуі мүмкін. Сондықтан, әрбір ру өз ішінен шыққан «шұбар жыланды» немесе «шірік жұмыртқаны» қандай жоғары лауазымда отырмасын, өз беттерінше жазғырып, олардың етене жақындары арқылы жөнге сала алады. Мұндай шаралар бағзы замандардағы дәстүріміз бойынша басқа рулардың талап етуімен де жүзеге асырылып отырған.

Кім біледі, қазақтың осынау әділетті салт-санасы қазір әлемнің күллі өркениетті елдері ауыздықтай алмай отырған жемқорлыққа тұсау салуы да кәдік. Неге десеңіз, өз руынан жемқордың шыққаны қандай қазақ үшін де абырой емес.

Көптеген өркениетті елдерде рулар жойылып кеткен, ал, көшпенділердің рулық демократиясының қағидаларынан олар бейхабар. Қазақтарда дала демократиясы мен ұжымдық психология (жапондықтар осы жолмен әлемдік өркениеттің серкелігіне жетті) принциптерін сақтап қалу мүмкіндігі әлі де бар. Бұл - қазір қазақ ұлты үшін ғана емес, өз тағдырын Қазақ Республикасымен байланыстырған басқа да ұлыс өкілдерінің пайдаланып қалуға тиіс мүмкіндігі.

Бұл тек қана сақталып қалудың мүмкіндігі ғана емес, қазақ елінің көпғасырлық пассионарлы дамуының мүмкіндігі. Себебі, этникалық әралуандылықтың генетикалық және мәдени ерекшеліктердің ұлттық бірыңғай арнада тоғысуы - еліміздің табиғи байлығы мен халқымыздың интеллектуальдық мүмкіндіктерімен қоса қазіргі дүниенің ешбір ұлтында кездеспейтін кумулятифтік (жиынтық) нәтиже беруге тиіс.

Жержүзіндегі Ресей мен АҚШ секілді елдер өздерінің пассионарлық гүлденуінің шыңына жетіп, бүгінде «қартаю» кезеңіне аяқ басты. Қытай әлемдік ғылым мен технологияның жетістіктерін тиімді пайдаланып, экономикалық саясатын үлгілі жүргізуінің арқасында кезекті пассионарлық күш-қуатының сатысына көтерілді. Дәп осы қолайлы сәтте, Қытайдың пассионарлық күш-қуатының саябырсыған мезетінде, Үндістаннан бұрын  Қазақ елі пассиионарлық өркендеудің шыңына шарықтауы керек. Сол себепті, еліміз біз жоғарыда атап өткен шиеленісті ішкі мәселелердің шешімін тез арада табуға тиіс.

Осындай тарихи мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақ Республикасының Конституциясына айтарлықтай өзгерістер енгізуге қол жеткізуіміз керек. Соның ішінде:

-  мемлекетті құрушы ұлттың орыс тіліндегі «казак» деген дұрыс атауын қайтару;

-  «Қазақ Республикасы» деген мемлекеттің дұрыс атауын қайтару;

-  мемлекетті құрушы қазақ ұлтының рулық құрылымдары туралы заң әзірленіп, қабылдануы керек. Қазақ руларының саяси мәртебесін қайтару; Ал, ұлттық диаспораларға бір ұлыс - бір ру болу тәртібімен қазақ руы немесе қазақ руының бөлімі мәртебесін алу мүмкіндігін қамтамасыз ету және осыдан туындайтын қазақ ұлтына жататын құқықтық негіз жасау;

-  Конституциямыздағы «Орыс тілінің мәртебесі туралы» бапты алып тастау;

-  қазақ тілін - білім мен ғылымның басым тілі етіп қалыптастыру; мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерді ұлттық ерекшелігі мен тіліне қарай бөлуге жол бермеу;

-  Парламенттің Сенаты рулардың құрылтайларында сайланған сенаторлардан құралуы керек;

-  Президент пен Үкіметтің құзырлары баптар бойынша қайта қаралуы керек;

-  жерге жекеменшіктік құқ жойылып, ең көп дегенде 49 жылға жалға беру құқы орнауы керек;

-  жаңадан құрылған біріккен кәсіпорындардағы шетел капиталының үлесі 49 пайыздан аспауы керек;

-  жоғарыда аталған ұсыныстарға сәйкес, Конституциямыздың преамбуласы «Ұлттық, діни, нәсілдік және жыныстық ерекшеліктеріне қарамай, адамдарының тең құқылылығы қорғалған Қазақ Республикасы - қазақ ұлтының ұлттық демократиялық мемлекеті болып танылады» деген өзгеріс енгізілуі керек.

 

Сонымен қатар, 16 миллион ғана халқымен кеңбайтақ жерді алып жатқан біздің еліміз өз қауіпсіздігін сақтауы үшін Ресей мен Қытай сияқты державалық көршілермен ешқандай одақтарға кірмеуге тиіс. Ал, біздің шынайы стратегиялық серіктестеріміз Түркия, АҚШ және Еуропа елдері құрған НАТО әскери одағына кіру - біздің экономикалық және қорғаныс мәселелері жөніндегі ұлттық қауіпсіздігіміздің кепілі бола алады.

Келесі бір стратегиялық маңызды мәселе: - халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының деңгейінде қазіргі түркі тілдерінің ең көнесі әрі ең байы болып табылатын қазақ тіліне жалпытүрік тілі мәртебесін беруге қол жеткізу және болашақта қазақ тілін БҰҰ-ның халықаралық тілдерінің қатарына енгізу.

Жоғарыда аталған мақсат-мұраттарға қол жеткізгенде ғана қазақ ұлты - жұмылған жұдырықтай ынтымақты да қуатты, салауатты да сергек, бәсекелес те берекелі ұлтқа айналып, оның мемлекеті, тіпті, әлемдік көлеңкелі үкіметтің өзі санасуға мәжбүр болатын дүниежүзілік өркениеттің көшбасшылырының қатарына шыға алады.

Еліміздің Конституциясы мен стратегиялық даму жоспарына өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстардың ауқымы кеңеюі мүмкін.

ҚАССАҚ конституциялық-демократиялық партиясын құру жөніндегі ынталы топ. (ҚАЗАҚ атау септігінің пайда болуының өзі, бізге жеткен бірнеше болжамдардың бірі бойынша - ежелгі ҚАС пен САҚ тайпалық одағының біріккен атауларынан шыққан).

 

СӨЗ СОҢЫ:

-  Біздің ұлттық идеямызды қолдаушылар халқымыздың шынайы бірігуі  үшін ынталы топтар құрып, қалың бұқараның арасында насихат жұмыстарын жүргізе алады, ал, қоғамымыздың басым көпшілігі осындай ұлттық идеяны қабылдауға пісіп-жетілгенде, біз нақты істерге көшеміз.

-  Біздің алғашқы сөзіміз шапырашты руына арналады: - Шапырашты руының аса құрметті, мәртебелі өкілдері! Біздің еліміздің саяси билігі бүгінгі таңда Сіздердің іштеріңізден шыққан адамның қолында болғандықтан, біздің бастамамыздың өміршеңдігі Сіздердің бізді қолдауларыңызға тікелей байланысты болады. Сіздерге «Тура биде - туған жоқ!» деген ата-бабаларымыздың ақыл-парасатын тілейміз!

 

 

Қажымұқан Ғабдолла

87017773540

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1583
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2283
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3621