Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Билік 5209 0 пікір 25 Қараша, 2015 сағат 03:00

ОҚО: Инновацияны жатсынбаған аудан

117 мыңға жуық тұрғыны бар Ордабасы — өнеркәсібі дамыған әрі ауыл шаруашылығына бейім аудан. Сондықтан да болар, биыл аудан инновациялық жобаларды жүзеге асыруда үздік деп танылды. Тамшылатып суғару әдісін ендіруден екінші, жылыжай саласын дамытудан үшінші орын иеленді. Бұдан бөлек, асыл тұқымды мал басын көбейткен «Сералы» ШҚ, республикаға белгілі «Ордабасы құс» күркетауық фабрикасы, экспортқа ұн шығаратын «Ордабасы нан» ЖШС, елімізге танымал «Аделя» шаруашылығына қарасты жылыжай кешенінің қарқынды жұмыстарын атап өтуге болады. Ордабасы ауданында атқаралып жатқан өзге де игі істер жөнінде арнайы іссапарда танысып қайтқан едік.

Ұнды экспортқа шығарады

Ауданға іссапарымызды жергілікті 57 тұрғынды жұмыспен қамтып отырған «Ордабасы нан» ЖШС-нің жұмысымен танысудан бастадық. Қазір осы жердегі диірмендерден шығарылатын ұнның 90 пайызы Өзбекстан мен Ауғанстанға экспортталып жатыр екен. Ел аумағына 10 пайыз ғана сатылады. Бүгінде бидай бағасының қымбаттауына байланысты ұнның құнын көтеруге мәжбүрміз, – деді серіктестік басшысы. Дегенмен, ауылдан зауыттың бағасымен ұн сататын арнайы дүкен ашыпты. Сондай-ақ жуырда өндірісті дамытып, жаңа диірменді іске қосқалы отырған серіктестікке тағы 55 жұмысшы қабылдаймыз деп отыр.

– Диірменің қуаттылығын екі есе ұлғайтып, Түркияның автоматтандырылған технологиясын қондырып жатырмыз. Оның қуаттылығы тәулігіне 250 тонна өнім шығаруға жетеді. Бұған «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының «Өндіріс-2» желісі бойынша «Даму» кәсіпкерлік қолдау қоры арқылы 7 жылға 6 пайызбен 470 млн теңге несие алдық. Ең бастысы зауытта өзіміздің жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтып отырмыз. Жыл соңына дейін жалпы 100-ден аса жұмыс көзі болады, олардың әрқайсысының жалақысы 70-80 мың теңгені құрайды, — дейді серіктестік директоры Бауыржан Сапарымбетов.

Ең үлкен жылыжай

Соңғы үш жылда елдегі жылыжайлардың ауданы ұлғайған. Олардың дені — оңтүстіктің еншісінде. Яғни, күнгейдегі көкөністің 90 пайызы отандық нарыққа шығарылуда. Бұл ретте Ордабасы ауданында жылыжай шаруашылығы кәсібін қолға алған шаруалар аз емес. Мәселен, Қараспан ауылында күннің жылуын пайдаланатын жер асты жылыжайы жұмыс істейді. Жылыту жүйесін қажет етпейтін жылыжайда қызанақ пен қиярдың бірнеше түрі өсіріледі. 20 адамды жұмыспен қамтыған жылыжайдың өнім беру көрсеткіші жаман емес. Көкөністер ТМД елдеріне жеткізіліп жатыр.

Аумағы 11 гектарды құрайтын «Аделя» шаруа қожалығының жылыжайы соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Ерекшелігі сол, көкөністің өсіп-жетілуінде ешбір химикат қолданылмайды. Жылына 3 рет өнім алуға болатын нысанда 200-ге тарта жұмысшы еңбек етеді. Тамшылатып суғару, жылыту секілді жұмыстар компьютермен басқарылады. Мұнда жылына 8500 тоннадан астам өнім алуға мүмкіндік бар. Әзірге жылыжайда көкөністердің голландиялық сұрпы егілуде.

Ермекбай СӘТЕНОВ, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары:

– Ауданымыздың ауыл шаруашылығы қарқынды өсу үстінде. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларын жүзеге асыруда атқарылған жұмыстар оған дәлел. Ірі қара, жылқы, уақ мал тұқымын асылдандыру ісі жақсы жолға қойылған. Мәселен, сиырды асылдандыру жоспары 74 мың болса, соның биыл 18 пайызы қамтамасыз етілді, уақ мал бойынша 200 пайыз жүзеге асты. Бізде 4000-нан аса жылқы болса, бұл бағытта да тиімді шаралар қолданылуда. С.Әбжаловтың «Сералы», Т.Жанысбаевтың «Сабыр», О.Аташовтың «Ортай», Б.Жұмабаевтың «Бекзатбақ» шаруашылықтары бұған мол үлес қосуда. «Ордабасы құстың» даңқы бүгінде республика көлемінен әлдеқашан асып кеткен. Онда 8100 тонна құс еті өндірілсе, 2020-жылға қарай 20 мың тоннаға жеткізу межеленген. Отбасылық мал бордақылау алаңдарын, сүт фермаларын өркендету де кеңінен қанат жайып келеді. 237 тұрғын 550 млн. теңге жеңілдетілген несие алып, жұмыс істеуде.

Күніне 40 литр сүт беретін сиыр әкелінеді

Дәл қазіргі күні ауданда құрылысы қызу жүріп жатқан өндіріс орнының бірі — «Бөрте» фермасы. «Сүт тауарлы ферма құрылысының 30 пайыздан астамы аяқталды. Үш кезеңнен тұратын жұмыс жыл соңына дейін бітеді деп жоспарлап отырмыз. Сүт тауарлы жабдықтар швейцариялық жаңа технологиядағы робот сауыншылармен қамтамасыз етіледі» деді, нысанның учаске басшысы Мағжан Базарбаев.

Зауыттың қуаттылығы 20 тонна шикі сүт өндіретінінде. Ал, жылына 6000-7000 литр сүт беретін асыл тұқымды сауылатын 500 ірі қара мал, 200 бұзау Венгриядан әкелінеді. Оларды ерекшелігі оңтүстіктің ауа райына тез бейімделеді әрі әрқайсысы күніне 40 литр сүт береді екен.

Жоба жеке инвестиция және екінші деңгейдегі банк арқылы пайыздық ставкасымен субсидиялау желісімен игерілген қаржы есебінен жүзеге асырылуда.

23 мың жас спортшы бар

Ордабасыда Қажымұқан Мұңайтпасовтың мұражайы бар екенін де жұрт жақсы біледі. Өмірінің соңғы жылдарында осы жерді мекен еткен күш атасының ұрпақтары да қазір осы ауданда тұрып жатыр. Сондай-ақ, балуанның жолын қуып келе жатқан жас спортшылар да ауданның атын шығарып, байрақты бәсекелерде топ жарып жүр. Олар үшін ауданда 1500 орындық стадион салынған. Сондай-ақ ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығы арттыру үшін 92 мекеме жұмыс істейді. Онда 23 мыңнан аса жас спортшылар жаттығуда. Ауданда дене шынықтыру мен спортпен тұрақты айналысатындардың саны жылдан жылға артып келеді екен.

 

Үздіксіз өнім шығаратын зауыт

Бүгінгі күні оңтүстік өңірінде 70 қыш зауыты бар десек, оның бесеуі ғана барлық маусымда үздіксіз өнім шығаруға қажетті технологиямен жабдықталған. Соның бірі – Ордабасы ауданындағы «Агро-V» қыш зауыты. Автоматтандырылған жүйедегі жаңа технологиялармен жабдықталған зауыт жылына 25 млн дана қыш шығарады. Серіктестік «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған. Кәсіпорын басшысы Нұралы Әбішовтың айтуынша, құрал-жабдықтар Қытайдан алынған. Онда көпкомпенентті шикізаттан сапалы өнім шығаруға мүмкіндік бар. Әрі мұнда қалдықтың өзі жарамсыз болып қалмайды. Екінші рет өңдеуге жіберіледі. Зауыт 50-ден аса тұрғынды тұрақты түрде жұмыспен қамтып отыр.

Аудан бюджетінен соғылған мектеп

Жалпы, өңірде 80 білім беру мекемесі бар десек, олардың бірқатары осы жылы пайдалануға берілген. Соның бірі — Боралдай ауылындағы Несіпбай Оразбаев атындағы мектеп. Бұл білім ордасы алғаш рет аудандық бюджет есебінен салынған. Бұдан бөлек тағы 2 бастауыш мектептің жөндеу жұмыстарына аудан қазынасынан қаражат қарастырылыпты. Мектептерді аралап жүріп, Бадам елдімекеніндегі А. Шерімқұлов атындағы білім ошағына бас сұққанымызда, мұнда мұғалімдерге арналған аудандық семинар өтіп жатты. 63 мектептен келген 100-ге жуық мұғалім «Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру жолдары» тақырыбын талқылап, өзара тәжірибе алмасуда екен. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Гүлжауһар Молжігіт: «Әр елдің білім беру мазмұнын салыстыруда халықаралық зерттеулер жүргізіледі. Яғни, 4-8 сынып аралығындағы оқушыларға бір деңгейде тест тапсырмалары берілген. Сонда Қазақстанда оқушылар білім алғанымен, оны өмір жағдаятында қолдана алмайтындығы анықталған. Бұл елімізде үлкен проблема болды. Сол себепті, 2012-2016 жылдарға арналған «Ұлттық іс-қимыл» жоспары жасалды. Ондағы мақсат оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру. Білім негізі бастауышта қаланатындықтан сауаттылықты осы кезден бастап қалай қалыптастырамыз деген сауалға жауап іздейміз, тәжірибелерімізбен бөлісеміз, – деді.

Айгүл Керімбайқызы

Abai.kz

0 пікір