Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Билік 12086 0 пікір 25 Қараша, 2015 сағат 14:30

АРЫС ҚАЛАСЫ АДАМ ТАНЫМАСТАЙ ӨЗГЕРЕДІ

Шағын қалаларды дамыту бағдарламасы аясында 2016-2017 жылдар ішінде Арыс қаласы адам танымастай өзгеретін болады. Оған республикалық бюджеттен 43 млрд. теңге бөлініп отыр.

Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сейіт Ертай мәлім етті. Бүгіннің өзінде Арыс қаласында атқарылған жұмыстар ауқымды. Мәселен, биыл 6 білім ордасы нысандарының құрылысы жүрсе, 9 мектеп пен 1 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 19 576 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға беріліп, қалалық мәдениет үйі қайта жаңғыртудан өтті. Ел игілігіне берілген нысандардың қатарында жаңадан салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешені де бар.

Сондай-ақ, қалада жыл басынан бері 25 көше, яғни 24,7 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Оның ішінде келер жылға өтпелі 5 көшеге бүгінгі таңда жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, кеңейіп, аяқжолдармен қамтамасыз етілуде. Ал қаладағы 4 саябаққа абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, көшелер жарықтандырылып, суағарлар қойылуда. Баспасөз мәслихатында қала әкімі С.Ертай 10 айда 8 млрд. 200 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілгенін, индустрияландыру картасы аясында бидай, ет және сүт өнімдерін өндіретін 3 жоба жыл соңына дейін іске қосылып, нәтижесінде жүзге жуық жаңа жұмыс орыны ашылу көзделіп жатқанын айтты. Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында 2016-2017 жылдары 8 мың тұрғыны бар «Отырар», «Наурыз», «Оңтүстік» елді мекендеріне инфрақұрылым жүргізілетін болады. 40 мыңнан астам қала тұрғындары жыл соңына дейін 100% таза ауыз сумен қамтылатын болады. Жалпы Арыста 70 мыңнан астам халық бар.

Күн сайын жаңарып-жасарып, гүлденіп келе жатқан қалаға айналып отыр. Тұрғындардың тұрмысын жақсартып, әл-ауқатын көтеру мақсатында жаңадан жұмыс орындары ашылуда. Соның бір айғағы Ақдала елді мекенінен ашылған томат өндіру цехы. Оның өндірісі тек облыс емес, республика тұтынушыларына таралады. Тамшылата суару жүйесін қолға ала отырып, Ақдала ауылы қызанақ өсіретін алқап, Байырқұм, Жиделі елді мекендерінде мақта плантациялары жүйелі жұмыстар жүргізіп жоғары жетістіктерге жетіп отыр. Арыс өңірін ғана емес Сыр бойындағы елді мекендерді суландыру, бос жатқан шөлей аймақты көгалдандыруды алға тартқан мемлекетіміз, аса ірі «Көксарай» су тартқыш таспасын салуды қолға алып, жұмыстар атқарып жатқаны баршамызға мәлім.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

0 пікір