Сенбі, 20 Сәуір 2024
Біртуар 5121 0 пікір 26 Қараша, 2015 сағат 03:00

ОҢТҮСТІК ОБЛЫС ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Жеңiсбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ, облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы:

– Қазiр бүкiл әлемде экономикалық дағдарыс өршiп тұр. Қазақстан дамуының да тежелгенi туралы айтылуда. Ал, Оңтүстiк Қазақстан облысының соңғы уақыттардағы әлеуметтiк-экономикалық даму барысына қандай баға берер едiңiз?

– Бiрден айта кетейiн, облыстың дамуы туралы айтқанда бүгiн мен кешегi кезеңдi салыстыруға болмайды. Былтырға дейiн мұнай бағасы жоғары болды да, республикалық бюджеттен өңiрлерге миллиардтаған қаржы аударылып отырды. Ал, қазiр бюджет қаржысын оңтайландыру жүрiп жатыр. Ендi облыс өз мәселелерiн өз бетiнше шешуi тиiс. Соған қарамастан облыс әкiмi Бейбiт Атамқұловтың қолға алған шараларының арқасында облыс экономикасында айтарлықтай даму байқалады. Сөзiмiз дәлелдi болуы үшiн бiрқатар нақты деректерге көз жүгiртейiк. Айталық, өнеркәсiп саласында өткен 10 айда өндiрiлген өнiм былтырғымен салыстырғанда 3,8 пайызға артып, жалпы көлемi 523 миллиард теңгенi құрады. Оның iшiнде соңғы 3 айда, яғни облыс басшылығына Бейбiт Бәкiрұлы келгелi берi аталған салада 182 миллиард теңгенiң өнiмi өндiрiлiптi. Бұл да былтырғы осы кезеңдегiден 4 миллиард 200 миллион теңгеге артқан.

Ауыл шаруашылығы саласында былтырғы жылмен салыстырғанда нақты көлем индексi 100,9 пайызды құрады. Жыл басынан берi Оңтүстiктiң диқандары мен шаруалары 300 миллиард теңгенiң өнiмiн өндiрсе, соның 182 миллиард теңгесi соңғы 3 айдың еншiсiнде екен. Соңғы 3 айда тамшылатып суару әдiсi 11100 гектарға енгiзiлсе, осы бiраз уақыттың iшiнде 5,7 гектар алқапқа жылыжай салынған. Осылайша облыстағы жылыжайдың көлемi 1020 гектарға жеттi. Бұл республикадағы барлық жылыжайдың 87 пайызы Оңтүстiк Қазақстанда деген сөз.

Ендi әлеуметтiк мәселелерге тоқталсақ. Бiлiм беру саласында жыл басынан берi 60 нысан ел игiлiгiне берiлсе, соның 23-i соңғы 3 айдың еншiсiнде. Жақын келешекте облыстағы апатты және үш ауысымда оқытатын мектептердiң мәселесi 100 пайызға шешiледi деп күтiлуде. Бұл жаңалық жерлестерiмiздiң көңiлiне қуаныш орнатқаны анық. Ал, денсаулық сақтау саласында соңғы бiр тоқсанда 12 нысан ашылған. Бұл деректердiң барлығын не үшiн айтып отырмын? Дағдарысқа қарамастан экономика салаларында iлгерiлеу бар, әлеуметтiк мәселелер де уақтылы шешiлiп жатыр. Бiр сөзбен айтқанда, екi бүйiрден қысқан экономикалық дағдарысқа қарамастан Оңтүстiк өңiрi орнықты дамуын жалғастырып жатыр. Мұның өзi облыс әкiмi қызметiне тағайындалғанына 100 күн толып отырған Бейбiт Атамқұловтың iскер басшы, қызметiне адал азамат екенiн көрсетедi.

– Кезiнде Оңтүстiк Қазақстан облысының аты ақ мақтасы арқылы алысқа танылғаны белгiлi. Соңғы жылдары осы сала құлдырай бастап едi, облыстың жаңа басшылығы осы олқылықтың орнын толтыруды қолға алғандай...

– Иә, мақта – Оңтүстiк Қазақстан облысы үшiн стратегиялық маңызға ие техникалық дақыл түрi. Өткен ғасырда өңiрiмiзде мақта өсiрудiң өзiндiк мәдениетi қалыптасып, шаруашылықтың бұл түрi бiрқатар аудандардың тұрғындары үшiн атакәсiпке айналды. Ал, елiмiз тәуелсiздiк алғалы берi Өзбекстан тарапы ағын суға байланысты бiршама қиындықтар туындатып, мақталық алқаптарды суару қиындады. Сондықтан Елбасының қолдауымен Мақтаарал ауданында Сырдариядан су тартатын канал салынып, ағын су тапшылығы бiршама азайды. Соған қарамастан соңғы жылдары мақталық алқаптың көлемiн қысқартуға жергiлiктi билiк бiраз ықпал еттi. Олар мақтаның орнын көкөнiс және бау-бақша өнiмдерiмен алмастырамыз деп ойлады. Бiрақ көкөнiс кейбiр жылдары шамадан тыс көп өсiрiледi де, сұраныс төмендеп кетедi. Оның үстiне оны сақтау мен тасымалдаудың машақаты көп. Мәселен, биыл кейбiр диқандар көкөнiс өсiремiз деп шығынға батты. Ал, мақтаға халықаралық нарықта да, өз елiмiзде де сұраныс тұрақты. Өйткенi, бұл өнiм жеңiл өнеркәсiптiң негiзi. Сондықтан облыс әкiмi Бейбiт Атамқұловтың мақталықтың көлемiн қайта көбейтiп, бұл шаруашылыққа барынша қолдау көрсету жөнiндегi ұстанымын толық қолдаймын. Бұл iс аз жылдарда нәтижесiн берiп, өңiрiмiздегi мақта-тоқыма кластерi де аяқтан тұрып кетерiне сенiмдiмiн.

– Бүгiнде ел арасында «облыс әкiмi тек экономика мен шаруашылықты дамытып, басқарушы ғана емес, халықтың рухани мәселелерiне де назар аударып отыратын елжанды басқарушы ретiнде танылуда» деген пiкiр бар. Бұған қалай қарайсыз?

– Бейбiт Бәкiрұлы облыс әкiмi қызметiне биылғы 8 тамызда тағайындалды. Айналасы екi айдың iшiнде облыстың барлық аудан, қалаларын, шалғай ауылдарды аралап, ел-жұртпен кездестi. Тұрғындардың жағдайымен, аймақтардың даму деңгейiмен, шешiмiн күткен проблемалармен етене танысты. Бұл кез келген басшы үшiн өте маңызды қадам. Бiз де соңғы екi-үш айдан барлық аудандарды аралап, ардагерлермен, жастармен, қоғамдық ұйымдардың өкiлдерiмен және тағы басқалармен кездесiп шықтық. Айтайын дегенiм, сол кездесулерде облыс әкiмi туралы жылы пiкiрлердi көп естiдiк. Бәрi де Б.Атамқұловтың өте мәдениеттi, кiшiпейiл азамат екенiн айтуда. Әр басшының өзiндiк стилi болады ғой. Бейбiт Бәкiрұлы асығып-аптықпай-ақ, қол астындағыларға ұрысып, жекiмей-ақ, сабырлы, салиқалы қалыппен iстiң көзiн табуға болатынын көрсеттi. Ол кiсi өте мәдениеттi түрде сөйлесiп отырып та адамдарды нәтижелi жұмыс iстетiп жатыр.

Иә, қазiргiдей дағдарыс кезiнде экономиканың даму деңгейiн сақтап қалу өте маңызды. Үш миллионға жуық халқы бар өңiрдiң әлеуметтiк проблемалары да қашанда өзектi болып қала бермек. Оның үстiне жаңа басшы тағайындалғанда халық бiр өзгерiс, жақсылық боларынан үмiттенедi. Бiз облыс басшысының халықтың сенiмiн ақтап, бұл iстердi ұршықтай иiрiп әкетерiне сенемiз. Онымен де шектелiп қалмай, халықтың рухани мәселелерiне де тереңнен назар аударуда. 1 қазан – халықаралық қарттар күнiне орай облыстық ардагерлер кеңесiнiң өкiлдерiмен арнайы кездесу өткiзген кезде бiз осыны байқадық.

Кездесуде облыс әкiмi бiлiм беру мен жас ұрпаақтың тәрбиесiне ерекше назар аударды. Ұрпағымыз заманға сай бiлiмдi, көзi ашық болмаса, елiмiздiң болашағы жарқын болады деп айту қиын. Сондықтан ең алдымен мұғалiмдердiң бiлiктiлiгiн арттыру мәселесiне басымдық беру керектiгiн тiлге тиек еттi. Оған қоса бiлiм саласында мықты кадрларды таңдау жөнiнде ұсыныс берудi сұрады. Қазiр, өкiнiшке қарай, жасөспiрiмдер арасында құқықбұзушылық көбейiп тұр. Облыс басшысы бұл мәселеде мектеп пен ата-аналар арасындағы байланысты нығайту керектiгiне тоқталды. «Бала тәрбиесiндегi бiрiншi жауапты тұлға – ата-ана. Сондықтан әркiм өз баласының тәрбиесiне жауапкершiлiкпен қарауы керек. Осыны көпшiлiкке түсiндiрiңiздер» дедi.

Келелi басқосуда ауыл шаруашылығын құлдыратпай ұстап тұру, құрылыстың сапасы, денсаулық сақтау мәселелерi жөнiнде кеңестiк. Бүгiнгi белсендi ардагерлер кешегi әр саланың тәжiрибелi мамандары ғой. Олардың терең бiлiмi мен өмiрлiк бай тәжiрибелерi бар. Облыс әкiмiнiң аға буын өкiлдерiмен ақылдасып, кеңесiп отырғаны өте орынды. Мұнан ол кiсiнiң ұтары көп.

Денсаулық сақтау дегеннен шығады, бiз Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлерiне ауруханалардан арнайы палата бөлудi сұраған едiк. Өңiр басшысы бұл мәселенi де тез арада шешiп бердi. Бұл үшiн ардагерлердiң алғысы шексiз. Оған қоса облыс басшысы ұрпақтар сабақтастығына да мән беруде. Оның дәлелi ретiнде облыстан шыққан Социалистiк Еңбек Ерлерi мен Қазақстанның Еңбек Ерлерiне арнап арнайы аллея салғызуды қолға алғаны дер едiм. Мұның астарында бүгiнгi жастар өңiрiмiздiң дамуына өлшеусiз үлес қосқан сол азаматтардан үлгi алып, соларға қарап бой түзесе деген ой жатқаны белгiлi.

– Тәлiм-тәрбие мәселесiнде тағы қандай мәселелерге назар аудару керек?

– Оңтүстiк Қазақстан облысы ұлттық салт-дәстүрiмiз жақсы сақталған өңiр ғой. Бiрақ жөнге салынбай келе жатқан бiр мәселе той өткiзу мәдениетiмiз дер едiм. Қазiр тойлар үлкен салтанатпен зәулiм сарайларда өтедi. Дастарқан мәдениетi де жақсы. Ән мен би де түзелген. Бiрақ тойлар үнемi кешiгiп басталады. Одан қалса, той ұйымдастыруда өзара бақталастық, бәсекелестiк бар. «Менiң тойым пәленшенiң тойынан мықты болсын» деп неше түрлi ысырапшылдық, даңғазалық пен дарақылыққа барып жатқандар жетерлiк. Облыс басшысы осы мәселеге де назар аударуымыз керектiгiн ескерттi. Әрбiр ақсақал жүрген жерiнде ебiн тауып осы мәселелердi жастарға ескертiп, тойға кешiгiп келгендердiң атын атап, ұялтып отыруымыз керектiгiн айтты. Қызметке кiрiскенiне ендi жүз күн толып отырған Бейбiт Бәкiрұлы осындай мәселелердiң барлығына назар аударып, шешу жолдарын ұсынуда. Бұл дұрыс қадам дер едiм. Өйткенi, ел басқару iсiнде ұсақ-түйек деген нәрсе болмайды.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Айдар ҚҰЛЖАНОВ.

Abai.kz

0 пікір