Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 7793 0 пікір 30 Қараша, 2015 сағат 20:18

ДЕПУТАТ ШЕТЕЛДЕГІ 140 МЛРД. ДОЛЛАРДЫ ҚАЙТАРУДЫ ТАЛАП ЕТТІ

Жақында қазақстандық депутат, демократиялық «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев, мемлекет қазынасынан қолды болып кеткен 140 миллиард долларды қайтаруды талап етті. Бұл туралы abai.kz порталы total.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

 
Перуашев мырза, Қазақстан және Еуроодақтың парламентаралық отырысында Еуропа елдеріне қашып кеткен қазақстандық қашқын жемқорлар (коррупционер) ісіне қатысты мәселе көтерген. Дәлірек айтсақ, депутат шекара асып кеткен жемқорлардың қазынадан жымқырған 140 миллиард доллардан астам қаржысын Қазақстанға қайтару үшін Еуропарламентпен бірлесіп, арнайы комиссия құруды ұсынған. Мұндай ұсынысты депутат «Қазақстан мен Еуроодақтың» XIII-парламентаралық отырысында көтерген. 
Алайда, Еуропарламент төрағасы Иоахим Целлер Перуашевтің ұсынысын қолдауға құлық танытпаған. Целлер мырзаның бар айтқаны, қазақстандық жемқорлар (қазір шетел асып кеткен) қолды қылған 140 миллиард доллар өте күрделі мәселе екенін айтып, жалпақ шешейлікке басқан. «Сыбайлас жемқорлық бизнестің дамуына кедергі келтіретінін ескерсек, Қазақстаннан ұрланған деген 140 млрд. доллар елдегі тұтынушы кәсіпорындардың негізгі проблемасы екендігін көрсетеді», деген.
Целлердың сөзінен кейін тағы да сөз алған Перуашев мырза осы ретте Еуроодақ пен бірлесіп, арнайы комиссия құруды ұсынған. 
«Өздеріңіз ойланып көрдіңіздер ме? Мысалы, экс-әкім немесе министр Храпунов пен оның отбасының (мемлекеттен қашып кетер алдында) қазақстандық шотында бар-жоғы 5 миллион доллар тіркелген болатын. Ал Швейцарияға келген соң Храпуновтар капиталы кенеттен 780 миллион долларға өсіп кеткен. Ақылға салып қарасаңыздар, бәрі де түсінікті ғой. Неге Еуропарламент осыны тексермеді? Дұрыс түсініңіздер. Мен оларды экстрадициялаңыздар деп отырған жоқпын. Ондай «Аферисттерді» өздеріңізде алып қалсаңыздар тіпті жақсы. Тек Қазақстаннан ұрлап кеткен қаржысын қайтарсаңыздар болды»,-дейді Азат Перуашев (http://total.kz/…/140_milliardov_dollarov_predlojil_vernut_…).
Күнде бір «жұтқырдың» қолына кісен салынады десек, қате айтқандық емес. Ең сорақысы – жегендері миллиардап саналатындар көбейіп барады. Мысалы Қытайдың Ұлттық банкі 1990-2009 жылдар аралығында шетелге қашып кеткен шенеуніктердің елден ұрлап әкеткен активтерін жария етті, былайша айтқанда, 114 млрд.доллардың қолды болғанын ресми жариялаған болатын. Бұл барлығы 18 мың жемқордың жымқырған ақшасы. Ол елдің халқының 1,5 миллиард екенін ұмытпайық. Әрине біздің елден қашқан жемқор қылмыскерлер саны мұндай көп емес, алайда солардың өзінің елден жылыстатып әкеткен байлығы Қытайдан ұрланған ақшадан көп болмаса аз емес. Статистика келтіре кетейік, Қазақстаннан қаржы жымқырып қашқандардың саны – 1600-ден асыпты.
Шабақтарды емес шортандарды айтсақ, Храпунов, Әбіләзов, Рысқалиев сияқтылар қалтасына басып әкеткен дәулетті қарапайым халықтың игілігіне жұмсағанда қаншама баспанасыздар үйлі болар еді… Әттең... ақшаның жоқтығынан емделе алмай жүрген қаншама науқас дертінен айығар еді, квотаны жылдап күтетін балаларымызға жаратсақ сол ақшаны қаншама шаңырақ шаттыққа бөленер еді, сол ақшаға өркениеттен құр қалған ауылдардың біразына инфроқұрылылым тартуға да болар еді... 
Ерлі-зайыпты Лейла мен Виктор Храпуновтарға қатысты ақиқат та, аңыз да көп. Олардың Қазақстанда пайдалануға тыйым салынған дүние-мүліктерінің тізімі анық: 8-ден астам ғимарат, 10-ға жуық жер телімдері, «Медеу» мемлекеттік саябағындағы «Дубровая роща» кешені, 1 саяжай, аса қымбат тұратын екі пәтер, 10-нан астам зәулім үйлер, 3 көлік тұрағы мен автопаркингтер, Талғар ауданы аумағында орналасқан «Лесная сказка» демалыс орны, BMW 850, Mersedes Benz, Mersedes Benz S 500 I, Maybach 62, Land Rover және Range Rover көліктері. Бұл бұл ма, Храпунов отбасы шетелдегі банктерге 2003-2007 жылдар аралығында 48 млн. доллар мен 7,7 млн. евро аударып үлгерген. 
Құдасына қарағанда экс-банкир М.Әбіләзовтың араны зор екен. «Құлыптауы» дүние-мүліктерінің тізімі де ұзын-сонар. 1,287 миллиард теңге, бір миллион доллар және үш ұшақ, үш ғимарат, 106 жер телімдері, 86 қымбат пәтер, 67 автотұарқ пен Аламты қаласы орталығындағы бес кеңсе мен 14 автокөлік. Көпқабатты үйлердегі 967 пәтер, 20 шақты зәулім үй, 18 құрылыс кешені, 9 кеңсе, 170 жер телімі, 70 автотұрақ, 3 ұшақ, 106 автокөлік және 54 миллион дана құнды қағаз. Ал оның отбасымен тұрған баспанасы нарықта 30 миллион долларға бағаланады дейді сарапшылар. 
Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев сыбайластарымен мемлекетке 71 млрд. теңге. шығын келтірген. Қазіргі кезде құны 23,4 млрд.теңге болатын жекеге өтіп кеткен 17 нысан, автокөліктер мен техникалар мемлекетке қайтарылған. 
Сонымен қатар, әр-түрлі 455 мүлік пен 40-қа жуық жер телімдеріне, 63 жылжымайтын мүлікке 197 автотранспорт құралдарына, 150-ге жуық түрлі техникаға және 1,1 миллиард теңгенің пайдаланылуына заңмен тыйым салынған (http://alashainasy.kz/). 
Түйін: Рас, Храпунов, Әбләзов секілді ел қазынасына қол салған қашқындардың жымқырып кеткен миллиардтары, қазіргідей қаржылық қиындық қос өкпеден алған қысылтаяң кезде біздің бюджеттің жыртығын жамауға сеп болар еді.

 

Нұргеді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3590