Жұма, 19 Сәуір 2024
46 - сөз 6858 0 пікір 1 Желтоқсан, 2015 сағат 16:28

ҚАЗАҚТА ҚАРАШАҢЫРАҚ БОЛМАЙДЫ

Қазақстан Ұлттық телеарнасынан «Қарашаңырақ» деген сериялды қайталап көрсетті. Әрине, киноға қоятын кінәм жоқ, ол біреуге ұнаса, біреуге ұнамауы мүмкін. Бірақ киноның атын «Қарашаңырақ» деуі дұрыс емес. Қазақ әкесінің үйін «Үлкен үй», «Қарышаңырақ», кейде «Кәрішаңырақ» деп атайды. Ал, бөлек шыққан баласының үйін «Жас Отау», «Отау» деп атаған.
Қазақтың ағаш үйінде қараға боялған бұйым жоқ. Шаңырақ көк, уық, керегелер қызыл болады. Қазақта қара шаңырақ болмайды. Маңғыстау қазақтың салт-дәстүрінің қаймағы бұзылмаған аймақ болса, сол Маңғыстаудың Қарышаңырағы – Маңғыстау ауданы. Сол аудан тұрғындары әкесінің үйін әлі күнге дейін «Үлкен үй» немесе «Қарышаңырағымыз» деп атайды. 
Қазақ «қара» сөзін көп қолдана бермеген, тек іс әрекеті қате болған адамдардың атына «қара» сөзін қосып айтатын болған. «Адайдың үш қарасы» деген атау содан қалған. Қазақ қара киім кимеген, «қараны жаманшылық шақырады» деп санаған. «Қарашал», «Қарабала», «Қаракемпір» деген де жақсы жағдайда айтылмаған. 
Ал, «шаңырақ» қазақтың жеті қазынасының бірі. Қазақ шаңырақты қара деп атамайды. Тек қана адамы қайтыс болған жағдайда «қара жамылған шаңырақ қой» деген. Бұрынғы аталарымыздың жырларын қағазға түсіргенде «қары», сөзі «қара» болып жазылып кетуі мүмкін!.. Қазіргі біздің «Қарашаңырақ» деп жүргеніміз содан қалса керек. Әрине, бұл тек менің жеке пікірім ғана, ақиқатын талдап көріңіз.

Жәнібек Қожық

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір