Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 10157 2 пікір 1 Желтоқсан, 2015 сағат 16:52

КЕНЕСАРЫ ХАҚЫНДА КІМ НЕ ДЕЙДІ?

Кенесары заманында, сол кездегі құрылымда орыс әскері «мұздай қаруланған». Олай дейтініміз винтовка, зеңбірек, тапаншаның бірнеше түрімен қаруланып, белінен қылыш түспеген кез. Есім хан, Жәңгір хан, Әбілқайыр хан, Абылай хан дәуіріндегі найзаның ұшы мұқалып, қылыштың жүзі майырылып орыстар жеткен жетістікке қазақтар жете алмай пұшайман болған кез. Соның өзінде «заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген қағиданы берік ұстанған Кенесары хан оқ жетпейтін жерден қаша соғысып, кең даласының құдырет күшін еркін пайдалана білді. Артынан қуған жазалаушы отрядтар сары далада сансырап Кенесарының иегінің астынан адасып қырғынға ұшырап отырды. Соғыс – үлкен өнерді қажет етеді.

Қазақтың ханы Кенесарының ерлігіне, батылдығына соғыстағы жылдам стратегиялық шешім қабылдауына деген сүйіспеншіліктен, француздың атақты жазушысы Жюль Вернь өзінің романында оның (Кенесарының) қасіретке толы тағдырын басты кейіпкерінің прототипіне «Хан Федор» есімімен алған. Әлемдік тарихқа Кенесары есімі осылайша шыққан.  

Кенесарының адами қасиетін сөз еткенде оның соғыс өнерін жетік меңгергендігін жалаң қылыш, ырғай сапты найзаны орыстың винтовкасына, зеңбірегіне қарсы қойып 10 жыл бойы соғысқанын бағалай білу керек. Кенесарының тұсында Орынборға келген генерал губернаторлар Неплюеев, Перовский жауының әскери дарындылығына таң қалғандарын жасырмайды.  Обручев Кенесарының бәйбішесі Күнімжанды тұтқында отырғанда ерекше құрметтеп, еліне қайтарында күйеуі-ханның өзіне арнап соңғы шыққан жеңіл тапанша сыйлауы «мүмкін көңілі жібір» деген ниеттен туған еді. Бірақ хан Кене одан әрі қатайып «дүние мүлікке алдағысы келген екен» деп ойлап елімді, жерімді босатпай аттан түспейтінін мәлім етті.

Перовский: «...біз қазақтың жеріне басып кіріп отырмыз. Қалаған жерімізден бекініс саламыз. Жергілікті халықты тықсырып шөлейт, қыратты, сусыз жерлерге қуамыз. Ал Кенесары ешкімнің жеріне басып кірген жоқ, ол өз жерін қорғап жүр. Егер оның жақсы  қаруланған мылтықты, зеңбіректі 5000 әскері болса, Орта Азияны бағындырып Ресейді өзімен санастыратын еді» деп жазды Петербургкке, жолдастарына жолдаған хатында.

Капитан Фомаков 1844 жылы Кенесарының артынан қуа-қуа шаршап қуғынды тоқтату жөніндегі рапортында:

«...Кенесары ақылды, Абылай ханның қайсар ұрпағы, Сібірден өзіне қарсы шыққан жазалаушы отрядтарын сандалтып, сарсытып үмітінен айырды. Дала көшпенділерін әрбір жеңісімен даңққа бөледі, нағыз қолбасшы бола білді. Оған жылқы барымталаумен атағы шыққан батырлар, кедей жалшылар, еркіндікті аңсаған ар намысты азаматтар топ тобымен келіп қосылды,  – деп жазды.

Әскри тарихшы Н.Коншин: «...Ол қандай істе болса да аса жасампаз адам болды. Көсембіз деп жүрген Құдайменде Ғазин, Сыбанқұл Ханқожиндар қазақ арасындағы қысылтаяң даушардан жол тауып шыға алмайтын. Тек қана Кенесары Қасымовтан  парасатты, пайымды батырлықты таныдық. Барлық қазақтың бірігудегі армандаған  тайпа мен рудың арасындағы саясатын шеше білген» деп жазып қалдырды.


Маиер:  («Қазақ Отаны» деген күнделгінен) «Кенесарыға қарсы шыққан сұлтан төрелер Орынбор шекарасына қарай қашты. Жолы болғыш қолбасшының жеңісіне халқы қуанды. Орынбордың шекаралық батальоны зеңбіректің жалғыз оғымен (картечь) қуып тастадық десе де құйындай соққан Кенесары сарбаздары  қайта айналып жазалаушы отрядтарды жайпап өтетін. Жекелеген Наурызбайдың, Ағыбайдың басқа да батырлардың ерліктері тойланып аң аулап қызыққа бататын. Батырларын құрметтеуі ескі батырларды еске түсіріп, қан жүгіртіп жауынгерлігін арттыратын. Қолбасшының таланты ашылып, әскери тактикасы артып Ресей қазақ еліне отарлау саясатын жүргізгенмен күрделі саяси өзгерістер кіргізе алмады.

Тарихшы Смирнов: «...Жігерлі Кенесарыны жеңуге және оны өзіміз басып кірген даланы ұстап тұруға үлкен әскери күшті, мол шығынды қажет етеді...». «Біздің жағымызға шыққан сұлтан-төре жігіттеріне келсек, оларды еш қиыншылықсыз талқандап кетуге қаблеттері жететін еді...» - деп жазғанынан Кенесарыың 10 жыл бойы босқа соғыспағанын байқаймыз.

Саясаткер тарихшы Н.Середа (Вестник Хабарламасы 1870 ж.) «...Кенесарының  рухына берілген жігіттерге, Еуропа әскерлерінің кез келген қолбасшылары таң қалар еді. Кенесарыға  ру-руымен қосылып, жан тәнімен берілді. Оның бойында еріксіз, өзіне тартатын күш барын дала көшпенділері сезіп, сене білді...»

Ағыбай батыр шөл Арқаның ортасындағы Тайатқан, Шұнақ тауларынан төмен түсіп Керней, Кәрсондардың жері «Шалтас», «Бидайық» жайлауларында жаз жайлайтын. Сауын биелерден басқа, сойыс малдарын ғана әкеліп ел ортасына келгендей сезінетін. Тау Арқадан Алшынбай би ат ізін салса, Байсейіт би, Нұрлан мырза, Ақшатаудан Қара би, Қызыларайдан Жанғұты би жылда «Шалтасты» жайлайтынын біліп апталап жататын. Жақсы қартайған қарттардың айтар әңгімелері таусылмай қазақ тағдырын ойлап, орыстардың ендеп кірген беталысын байқап, Кенесары ханның 10 жыл босқа соғыспағанын тілге тиек ететін. Енді «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» екенін біліп қалаған жеріне келіп қонып, қара шекпенді мұжықтарына дейін мал өсіріп, үй салып отырықшыланып жатқанын жандары күйзеле әңгімелейтін.

Кернейдің бас ақыны Жуасбайды жылда жайлауға шыққанда арнайы үй тіккізіп  қонақ етіп қасынан қалдырмайды. Ақынның батырға айтары көп, батырдың ақынның құлағына құяры көп, келген қонақ қызықсыз, әңгіме жырсыз болмайды. Сауатты ақын Ағыбай батырдың жақсы сөздерін есте сақтағысы келгендіктен қағазға түсіріп қойып отыратын. 1885 жылы Санкт-Петербург Орман шаруашылығы институтының бірінші курс студенті Әлихан Бөкейханов сырттай есіміне қаныққан Ағыбайды көру үшін Жуасбай ақынды басшылыққа алып «Шалтас» жайлауына келіп сәлемдеседі. (Бұрындары осы Abai.kz порталында  «Ағыбай батырдың үш жауабы» деген мақала жариялағанмын. Қайталамайын.)

Бүгін Аағыбай батырдан Жуасбай ақын жазып алыпты деген тәбәрік сөздерді Жуасбайдың қызы Күләнданың қағаздарынан екшеп Кенесарының ауызына салып отырмыз

 

  1. 1.     Жеңіске жету аса ауыр, тар жол тайғақ кешу, бір сәтке де  жеңіске деген үмітіміз үзілмесін.
  2. Жеңілсек жеңілдік деп, қаша соғыссақ, қаштық деп мойымауымыз керек. Бұл соғыс талабы.
  3. Соғыстың алдын бағдарлап, артын болжап мақсатқа жету шеберлікті, шабуылды  ақыл оймен жасау жігерді жетілдіреді.
  4. Соғыс кезінде икемді болу аз, жауыңа қатал мейірімсіз бол өлсең сүйгің далада қалмасын десең жеңіске асық.
  5. Жеңеміз деп шапсақ жеңеміз, жеңілеміз десек желге ұшамыз.
  6. Жақсы сарбаз жауға ойланбай шабады, өмір үшін алысып, өлімді жеңеді.
  7. Соғыста аяқ астынан қабылданған шешім жеңеді, жаттығудағы үйренген әдіс айланы толық іске асыруға соғыс ғана мүмкіндік береді.
  8. Басында ойы болмаған даурықпа адамның тілі ұзын келеді.
  9. Бүгін жеңіске жете алмасаң, ертеңгі соғысқа дайындық екенін есіңде сақта.
  10. Мойындай білгенге жеңілістің өзі жеңіс, ертеңгі ерлігіміздің алғы шарты.
  11. Жауың бетіңді тырнаса-ұрып жық. Жауың саған қол жұмсаса-қолын сындыр. Жауың қолыңды сындырса-сен басын шап. Соғыстан жараланбай шығамын деп ойлама. Өмір барда өлім бар екенін ұмытпа.
  12. Өз атамекеніміз болып табылатын жерлерді (Қарақоға) маған сыйға тартқаны - қазақты қорлағаны.
  13. Біз орыс әскеріндей қатар тұрып қырылмайық, емен ағаштай иіліп, қайта тұрып, жауымызды жайратуға асығайық.
  14. Соғыс қиыншылықсыз болмайды, айналып өтіп, айласын тауып шыдай біліу керек. Ойланбай шапсаң орға жығыласың.
  15. Біздің күшіміз қылыштың жүзінде, найзаның ұшында, ата бабамыздың рухында.
  16. Тәуке хандай алтын тақта отырмадым деп армандамаймын.  Бар арманым Абылай ханның хандық жүйесін қайта орнату. (ол кезде қазақ ұғымында басқа жүйе жоқ) Сол үшін алтын ерден түспедім осы маған алтын тақ.  
  17. Қазақтың  ұлт азаттығы жолында барын салып, басын тікті - Мағжан
  18. Кенесары хан - консерватор. Отаршылыққа қарсы күресті. Исатай, Есет, Жанқожа батырлар жеке рулары үшін, шаруалар көтерілісін басқарды - Ә. Бөкейханов.

 (Бұл үзінділер Кенесарының 200-ден астам хаттары жеке бір томдық кітап болып басылып шыққан. Патша императорына, Орынбор генерал губернаторларына жазған сол хаттарынан теріп алынды.)

Садық СМАҒҰЛОВ

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616