Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 4525 0 пікір 2 Желтоқсан, 2015 сағат 03:00

ОҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН СЕМИНАР БОЛЫП ӨТТІ

ОҚО білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Кентау қаласындағы Ә.Молдағұлова атындағы №19 политехникалық бағыттағы мектеп-лицей базасында 2015 жылы 19 қарашада ««Өзін-өзі тану» пәнінің  ерекшеліктері және «Өзін-өзі тану» кабинетін жабдықтау жолдары» тақырыбында өткізілген облыстық семинарға  «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығынан Адамның үйлесімді дамуы институтының аға ғылыми жетекшісі, «Өзін-өзі тану» оқулығының авторы Акимбаева Жазира Жайлаубекқызы, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ОҚО бойынша ПКБАИ басшысының орынбасары М.Ақтаев,  «Өзін-өзі тану» және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Ғ.Жүсіпова, бөлімнің бас маманы А.Биболова және 15 аудан, қала білім бөлімдерінің әдіскерлері, мұғалімдері, тәрбиешілері, барлығы 200-ге жуық адам қатысты.

Облыстық семинар «Өзін-өзі тану» пәні  мұғалімдері мен оқушылардың қатысуымен мектеп фойесінде ұйымдастырылған флешмобтан басталды. Семинарда «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімдерінің жаңа мазмұндағы курс барысында алған теориялық білімді қолданудағы кәсіби шығармашылық деңгейлерін арттыру, өзара тәжірибе алмасу, оқушыларды  рухани-адамгершілік құндылықтарға баулу, «Өзін-өзі тану» пәнінің құндылықтарын  өмірде дұрыс қолдана  білуге үйрету мақсатында 2-10-шы сыныптарда 10 сабақ өткізілді. Сабақтар қазақ, орыс, өзбек тілдерінде ата-аналардың қатысуымен жүргізілді. Балалар мен ата-аналардың жалпыадамзаттық құндылықтарды: ақиқат, риясыз сүйіспеншілік, дұрыс әрекет, ішкі тыныштық және қиянат жасамау қағидаларын өмірде бірлесе қалай қолданатыны «Аққулар ұйықтағанда» атты театр қойылымында, өлең, би, тақпақ айтуда керемет көрініс тапты. Оқушылардың өз ойын анық жеткізуі, азаматтық дүниетанымы, анаға-әкеге, отбасына, достарына, қоршаған ортаға деген құрметі, ізеті мен әдебі қонақтар мен қатысушыларды тәнті етті.

Семинар барысында Республикалық Олимпиаданың облыстық бірінші қорытынды кезеңінде жүлделі орындар алған 45 оқушы мен Алматы қаласында өткізілген Республикалық Олимпиаданың екінші қорытынды кезеңінде жүлделі 2-ші және 3-ші орын алған Кентау қаласының 5 оқушысы қонақтар тарапынан марапатталып, алғысқа бөленді.

Семинар барысында «Бөбек» ҰҒПББСО-дан келген Жазира Жайлаубекқызы  «Өзін-өзі тану» пәнінің  ерекшеліктері» жөнінде қатысушыларға кеңінен мағлұмат беріп, барлық қойылған сұрақтарға толыққанды  жауап берді.

Кентау қалалық білім бөлімінің әдіскері А.Мақұлбекова тәжірибе алмасу мақсатында қол жеткен жетістіктерге тоқталып өтті. 2014 жылы қалалық білім беру бөлімінің ықпалымен жергілікті бюджеттен «Өзін-өзі тану» кабинетіне 10млн.296мың 700 теңге бөлініп, 1.656.853теңгеге-дөңгелек үстел, 3.145.0 теңгеге-орындықтар, 1.293.666 теңгеге-жабық шкафтар, 685.944 теңгеге-ашық шкафтар, 138.339 теңгеге компьютердің столы, 253.000 теңгеге-интерактивті тақта, 119.370 теңгеге DVD, 804.471 теңгеге-телевизор, 2.200.000 теңгеге-компьютер алынып, қаладағы 23 мектептің «Өзін-өзі тану» кабинеттері толық жабдықталып, кабинеттерге ақы төленетінін, мұғалімдердің санаты сақталғанын, оқулықтармен толық жабдықталғанын атап айтты. Жергілікті «Икар» телеарнасынан «Өзін-өзі тану» пәнінің  сабақтары жұртшылыққа көрсетілетіні, мұғалімдер мен тәрбиешілердің облыстық, республикалық басылымдарда мақала, статьяларының жарыққа шығатыны слайд түрінде  көрсетілді.

Дөңгелек үстелде «Өзін–өзі тану» пәнінен стандарт талаптарының орындалуы, оқу үрдісінің материалдық–техникалық база мен оқу–әдістемелік қамтамасыз етілуі, кабинеттердің безендірілуі, оқушыларға рухани–адамгершілік білім беру әдістері туралы әңгімеленді. Соңғы жаңалықтар Облыстық білім басқармасының мамандары, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ОҚО бойынша ПКБАИ басшысы мен қатысушылар арасында қызу талқыланып, қатысушыларға  тапсырмалар мен бағыт-бағдарлар берілді.

Қонақтар мен қатысушылар Кентау қаласының өнерлі өрендерінің концерттік бағдарламасын қызыға тамашалады.

Семинар соңында ұсыныстар қабылданып, қатысушылар алған құнды  мағлұматтарына дән риза болды.

ОҚО Білім басқармасының «Өзін-өзі тану» және балалардың
құқықтарын қорғау бөлімінің
бас маманы  А.Биболова

0 пікір