Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Қоғам 7866 0 пікір 2 Желтоқсан, 2015 сағат 12:18

ТҮРКИЯ-РЕСЕЙ ТАУАР СОҒЫСЫ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰТПАҒЫ НЕ?

Жақында қазақстандық сарапшылар Ресей мен Түркия арасындағы ұшақ апатынан кейін өрбіген  экономикалық жанжалдардың Қазақстанға әсері жайлы пікірлерін білдірген. Бұл туралы Азаттық сайты жазады.


Ресей президенті Владимир Путин Су-24 ұшағын Түркия қарулы күштері атып құлатқаннан кейін, 28 қарашада Түркияға қарсы арнайы экономикалық шара қолдану туралы жарлық шығарған еді. Ол жарлықта түркиялық кейбір тауарларды Ресейге кіргізбеу не шектеу, екі ел арасында 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап визасыз тәртіпті жою және чартерлік рейстерге тыйым салу жайы да айтылған.

Сарапшылар «Екі елмен де тығыз қарым-қатынасы бар Қазақстан бұл жанжалдан экономикалық тұрғыда ұта ма, ұтыла ма?» деген сауалға жауап іздеп көрген.

Мысалы, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының маманы Вячеслав Додонов бұл жанжалдан Қазақстанға келіп кетер пайда жоқ екенін айтады. Додоновтың пікірінше, еліміздегі ішкі нарықты қамтамасыз ете алмай отырған жеңіл өнеркәсіп өкілдері Ресей нарығында Түркияның орнын басуы мүмкін емес.

«Қателеспесем, Түркияның Ресейге экспорты жылына 3 миллиард доллар болған. Онда өнімдердің түрі көп. Негізінен жеңіл және тамақ өнеркәсібі өнімдері. Біздің ішкі нарықты қамтамасыз ете алмай отырған жеңіл өнеркәсібіміз Ресейде Түркияның орнын басуы мүмкін емес. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне келгенде, жоғарыдағы болжам іске асуы мүмкін. Сондай-ақ, Ресейдің Түркияға жіберетін негізгі тауары – газ және мұнай өнімдері. Енді өзіңіз қараңызшы, Қазақстанның Түркияға тікелей баратын құбыры да жоқ», – дейді Вячеслав Додонов.

Ал қазақстандық тағы бір экономист-сарапшы Петр Свойк Ресей санкцияларынан кейін Түркия тауарлары үшін Қазақстан транзиттік аймаққ айналып, шекарадағы текетірес күшейе түсуі ықтимал екендігін айтады.

Свойктің пікірінше де,  Ресей мен Түркия арасындағы кикілжіңнен туындаған экономикалық даудан Қазақстанның ұтуы екіталай. Сарапшы оның себебін Қазақстан экономикасының шикізат экспортына негізделгенінен көреді.

«Мұндай әрекеттер болады. Бірақ бұл Қырымды аннексиялап алған соң Батыстың санкциясына іліккен Ресейдің Еуропа тауарларына эмбарго салғандағысындай болады. Ресейдің бақылау мекемелері тексеруді күшейтеді. Ауқымды кесірі болмайды. Кедендік шекара болмағанмен тауарлар тексеріледі. Бұл тексеріс күшейе түседі», – дейді Петр Своик. Бұл туралы nur.kz сайты жазған.

Ал экономист Мақсат Сералының пікір керісінше, Ресей нарығына кіргізілмеген тауарлар Орталық Азияға жетуі мүмкін деген болжам жасаған.

«Ол тауар Түркияға қайтып бармайды. Сондықтан оларды Орталық Азия мемлекеттеріне өткізе бастайды. Бұл аймақта киім арзандауы мүмкін. Бірақ ол ажиотаж болатындай емес, қысқа мерзімге сәл ғана арзандауы ықтимал», – дейді Мақсат Сералы.

Ал Ресей Федерациясы премьер-министрі Дмитрий Медведев  ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге өз үндеуін жариялаған. Онда Түркияға салынған экономикалық санкцияларға сәйкес, Астана мен Бішкек Түркиядан әкелінетін автотранспорттарға шектеу қоы тиіс делінген (http://catv24.com/index.php?newsid=537).

«ЕАЭО аясында біз өз әріптестерімізден, Түркиядан тасымалданатын автотранспорттық тауар түрлеріне шектеу қоюды немесе Астан мен Бішкек арқылы транзиттік тауарларды Ресей территориясына жеткізуді азайтуды талап етеміз»,-дейді РФ премьер-министрі.

Өз кезегінде Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Ресей Федерациясы қарулы күштері мен азаматтары үшін Босфор мен Қара теңіз аумағына  кіруге тыйым салған (http://agrimpasa.com/srochnaya-novost-erdogan-oficialno-zayavil-chto-turciya-zakryvaet-dlya-rossii-bosfor-i-dardanelly.html).

Түйін: Түркия мен Ресей текетіресі Қазақстанның сыртқа саясатына да сын болғалы тұрғаны рас. Ресей – саяси әрі экономикалық одақтасымыз, ал түріктер – қандастарымыз. Қазақ дипломатиясына таразының басын тең ұстау оңай болмайды. Сарапшылар Ресей мен Түркия арасындағы шиеленіс бірінші кезекте экономикалық қатынастарға әсер етеді деген пікір айтуда. Жылына 30 миллиард долларды  құрайтын өзара сауда мен 2 миллиард доллардан  астам өзара жинақталған инвестициялар тағдыры таразыда тұр. Түркия - Ресейдің сауда көлемі бойынша бесінші орында тұрған серіктесі еді. Десе де, қазір серіктестердің арасына сызат түскен.  Сарапшылар пікірінше, Түркия-Ресей экономикалық соғысынан Қазақстанға келіп-кетер пайда жоқ. Әлбетте, таразы басын «ұстамдылық» баса ма, әлде, «мүдденің» салмағы тарта ма, оған уақыт төреші.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

 

0 пікір