Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Билік 5421 0 пікір 3 Желтоқсан, 2015 сағат 03:00

ТОҚЫРАУҒА ҰШЫРАҒАН ТОҚЫМА ӨНЕРКӘСІБІ АЯҒЫНАН ТҰРА БАСТАДЫ

Бір кездері тоқырауға ұшыраған тоқыма-тігін өнеркәсібі аяққа тұра бастаған секілді. Киім таңдауда өз елімізде тігілгендерін іздей бастадық. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту, әсіресе оңтүстік өңірде белсенді қолға алынуда. Оған алғышарттар да жоқ емес. Шымкентте мақта өңдеп, мата-жіп шығаратын кәсіпорындар жұмыс істеуде. Ал, Ақсукент елді мекеніндегі  «Алтын адам» тігін фабрикасының өнімдері бүгінде елімізге кеңінен танылып үлгерді. Фабриканың өнімдері туралы әр жақтан «тігісі жатық», «матасы жұмсақ», «сапасы шетелден келіп жатқан костюм-шалбардан кем емес» деген мақтау, жылы сөздерді ести бастадық. Жақында фабриканың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында Ақсукентке арнайы барған едік. Кәсiпорын басшысының орынбасары Балжан Халмұратова әңгімесін әріден бастады.

– Бір танысым Өзбекстаннан костюм-шалбар әкеліп сататын. Сол ой тастады. Зерттеп қарасам, базарлар мен сауда орталықтарында «түрік костюмі» деп сатылып жатқандардың барлығы Өзбекстаннан әкелінеді екен. Олардың

кәсіпорындарына бірнеше рет барып, осы істің қыр-сырына қаныға түстім. Наманган облысының  өзінде тек костюм тігетін 24 зауыт жұмыс істеп тұр. Оның 20-сының шығарып жатқан өнімі біздің Шымкентке келеді. Сосын басқа қалаларға таралады. Ойлана келе, өзімізде де осындай тігін фабрикасын ашып, отандық киім өндірісін қолға алмақ болып шештім, – дейді ол.

Нақты шешім қабылдаған кәсіпкер бизнес жобасын жасап іске кіріскен. «Даму» бағдарламасы бойынша 110 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, Түркиядан арнайы құрал-жабдықтар алдыртады.

– Қолымызға мемлекет бөлген қаржы тигенде доллар бағамы 150 теңгеден 180 теңгеге шарықтап кетті. Шегінерге жол жоқ. Бар ақшамызды осы іске құйдық. Соңғы үлгідегі қондырғылар мен техникаларды сатып алдық. Өкініштісі сол, классикалық үлгідегі киімдер тігетін тігіншілер тапшы. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін шетелден мамандар алдырып, қызметкерлерді оқытуға кірістік. Сөйтіп, 2013 жылдың наурыз айында тігін фабрикасы өз жұмысын бастады, – дейді  Балжан Оразалықызы.

Бүгінде 200-ге жуық адам еңбек ететін тігін фабрикасында күніне 500 костюм-шалбар тігіледі. Отандық костюмдерге лауазымды қызметтегілер де қызыға бастады. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов Сайрамға барған сапарында арнайы барып,  «Алтын адам» маркалы костюмін сатып алған болатын. Көп ұзамай Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің де гардеробы осы костюммен толықты. Бұдан бөлек инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев, ауылшаруашылығы министрі  Асылжан Мамытбеков, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов және ҚР Парламентiнiң бiрнеше депутаты бүгiнде осы фабриканың костюмдерiн киiп жүр. Дегенмен...

Көршi елден таситындар көп

Екі жылдан аса уақыт нарыққа шыққан «Алтын адамның» костюмдерін бүгінде еліміздің әр түкпірінен табуға болады. Өзге елдің тауарларымен бәсекеге түсуге де қауқарлы.

– Бізбен бәсекелес болатын тек Өзбекстанның кәсіпорындары ғана. Ол жақтан келіп жатқан өнімдердің бағасы айтарлықтай төмен. Өйткені, олардың жеңіл өнеркәсіп саласында салық аз. Сондай-ақ, ол жақтан таситын кәсіпкерлер шекарадан асырғанда құжатына «мата әкеліп жатырмыз» деп көрсетеді. Матаға салық төмен ғой. Ал шынтуайтына келгенде елімізге күніге он мың дана костюм кіріп жатыр. Осыны тиісті орындарға айтып, хат жазып жатырмыз. Саудагерлердің Өзбекстаннан костюм-шалбар әкелгеніне қарсы емеспін. Тек барлық әрекеттерін заңды түрде растаса екен. Сонда бағадан ұтылмас едік. Өзге елдің  тауарын әкеп, өзіміз шығарып жатырмыз деп сатып жатқандар да бар. Ал менің ар-ұятым жібермейді. Осы саланы дамытып, аяғынан тұрғызу үшін адал еңбек етемін – дейді Б.Халмұратова.

Кәсіпкер өз ісін дамыту мақсатында тігіншілікті арнайы оқымаса да, тірлікке ебі бар қыз-жігіттерді жанына жинап, автоматтандырылған жүйені оқытып, үйретіпті.

– Өзбекстанның тігін фабрикасында еңбек ететіндердің 90 пайызы ер адамдар. Ал бізде керісінше. Жігіттер бұл қызметті қол көрмейді. Оқу орындарында осы салада білім алып жүрген де қыздар. Олар ертең тұрмысқа шығады, балалы болады, содан кейін көпшілігі үлкен тігін фабрикаларына аяқ баспайды. Түркиядан арнайы шақырылған білікті тігіншіден тәлім алып қалсын деп, он шақты жігітті жұмысқа қабылдадық. Компьютерді жетік меңгерсе болды. Соңғы үлгідегі техникалар болғасын, оған тек нұсқау беріп отыру керек. Ол қисық тікпейді. Қиыс қырықпайды, – дейді кәсіпкер.

Қолдауды қажет етедi

MG 7172Жақында бірнеше сайтта Елбасы Н.Назарбаевтың отандық костюмдi киiп түскен суреттерi жарияланды. Ақпараттарда Шымкенттен шыққан костюм екені де айтылды.

– Біз астаналық дизайнер Айжани Нұрланованың үлгiсiмен бірнеше костюм тігіп, елордаға жібергеніміз рас. Елбасы: «Бұл қазақстандық жеңіл өнеркәсіп зауытының өнімі»,–  деді. Сондықтан, еншілемеймін, отандық өнім ортақ қуанышымыз, ортақ табысымыз, – дейді Б.Халмұратова.

Тігін фабрикасынан шығатын костюмнің мата мен жібі Түркиядан жеткізіледі екен. Ал түйме шымкенттік «KazPlast» компаниясының өнімі. Зауыт қызметкерлері бүгінгі күнге дейін тұтынушылар арасында сапасының мінін теріп, шағым айтып келгендердің болмағанын айтады. Тігін фабрикасына жапсарлас орналасқан фирмалық дүкенінде бір күнде 20-30 костюм-шалбар сатылады екен. Енді кәсіпорын еліміздің басқа өңірлерінде де сауда дүңгіршектерін ашуды жоспарлап отыр. Бірақ қаржы қолбайлау.

– Бір облыс орталығынан дүкен ашу үшін миллиондаған қаржы керек екен. Ал оған біздердің мүмкіндігіміз жоқ. Бір-екі жыл аяқтан тұрып алғанша сауда орнын тегін берсе ашуға дайынбыз. Жақында Қарағанды облысының әкімі сауда орнымен келісіп беруге уәде берді. Отандық өнімді қолдау сөз жүзінде емес, нақты істермен көрсетілсе екен деген тілегіміз бар. Биыл біз оқушыларға арнап мектеп формаларын тіктік. Біздің өнімге қолдау көрсетіңіздер деп білім ордаларының басшылары мен ұстаздарға шықсақ, олар әкімшілік тараптан немесе білім бөлімінен ұсыныс хат алып келу қажеттігін айтады. Міне, осындай қағазбастылық кедергілер әлі де бар, – дейді Б.Халмұратова.

Тігін фабрикасының тұтынушыларға тағы бір жағымды жаңалығы бар. Олар қыз-келіншектерге де арнап костюм тігуді қолға алды.

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, ел тұрғындары жылына шетелден 2 млрд долларға киім-кешек сатып алады екен. Қытай, Түркия, Қырғызстан секілді мемлекеттерден тоқыма-тігін өндірісі алпауыттарының өнімдері ағылғанда, еліміздің жеңіл өнеркәсібін дамыту оңай болмасы анық. Дегенмен, қиындыққа қарамай, өз ісін ашып, отандық киім өндірісіне үлес қосу жолында еңбек етіп келе жатқан кәсіпкерлеріміз баршылық және олар қолдауды қажет етеді.

Әйгерім Бегімбет

Abai.kz

0 пікір