Жұма, 29 Наурыз 2024
Мәйекті 8263 0 пікір 3 Желтоқсан, 2015 сағат 09:14

ЖАҢА ЖЫЛ МАСКҮНЕМДЕРДІҢ МЕЙРАМЫ


Кеңес Одағында өскен біз үшін бірінші қаңтар  жаңа жыл мерекесі болып, санамызды улап тастады. Мұны жыл өткен сайын қатты сезініп келеміз. Әсіресе, ауылдарға ең көп тарайтын "Хабар", "Қазақстан" телеарналары құрбан айт, ораза, төл жаңа жылымыз наурыздан гөрі, қақаған қыстың ортасында тойланатын "жаңа жылды" төл мейрамына айналдырып алды.

Кеңес Одағы жойылса да, одан қалған жаман әдеттері жойылмай, қыр соңымыздан қалмай келеді. Оған кінәлі – қазіргі біздің теледидар, радио, газет-журналдардың бас редакторлары "кемелденген кеңес одағының" тәлім-тәрбиесі мен білімін алған журналистер мен жазушылар. Оның үстіне тәуелсіздік алғаннан кейінгі  журналистік білім алғандарға да білімді осылар беріп, еркін ойлы журналистер шығара алмауда. Бұларды оқытатын профессор-оқытушылар да кезінде тек ауылдағы малшы, қойшы, тракторшы немесе жұмысшылардың "ерен" еңбегі жайлы толғанып жазатын журналистерді дайындаған "қалпынан" әлі шыға алмай келеді. Өйткені, тәуелсіздік алғаннан кейінгі пайда болған жас журналистер, журналистік білімі жоқ, шаласауатты қазіргі «жұлдыздар» «ток шоу»,  «жаңа жыл», «валентин күні», т.б. ұлтымызға жат мейрамдарды насихаттап, елпілдеп басқа ұлттардың алдына түсіп кетеді. Біздің уланғанымыз аздай қазақ теледидарлары болашақ ұрпағымызды түкке тұрғысыз арзан қол мәдениетсымақтармен бастарын қатырып отыр. Жоғарғы  оқу орындарының оқытушылары әлі күнге дейін жаңа жыл мейрамының  не екенін ажырата алмай, оқытқан шала сауатты мамандары  "әлемдік жаңа жыл" деп көпіргенін қояр емес. Ағайындар, қаңтарды әлемнің бәрі жаңа жыл деп мойындамайды.

Парсы, араб және түркі жұртының жаңа жылы - Наурызда.

1,5 миллиард мұсылмандар ай күнтізбесін қолданады. Сондықтан да мұсылмандардың  жаңа жылы жыл сайын он бір күнге алға жылжиды. Мысалы, Иранда (бұрынғы Парсы елі) жаңа жылды  21 наурызда тойлайды. Жаңа жылдан бірнеше апта бұрын бидай немесе арпаны шағын ыдысқа егеді. Ол жаңа жылдың алдында өніп шығады, бұл көктемнің басталуы  және  жаңа өмір жылын бейнелейді.

3 миллиардқа жуық будда дініндегілердің жаңа жылдары – ақпан айында. Үндістер тұратын мекендеріне қарай Жаңа жылды әр түрлі қарсы алады. Солтүстік Индия тұрғындары  өздерін  қызғыш, қызыл, сиякөк, ақ түсті әшекейлермен безендіреді. Ал, Оңтүстік Индияда әйелдері арнаулы үлкен табаққа тәтті тағамдар, гүл шоқтары  мен шағын сыйлықтар салып, дайындалады. Жаңа жылдың алғашқы таңында балалар көздерін жұмып, өздерін аналары арнаулы сый табаққа апаруын күтеді. Батыс Индияда Жаңа жыл қазан айының соңында  тойланады. Жаңа жылда байлық құдайы –  Лакшми туралы  ойлайды. Қиыр Шығыс, Вьетнамда Жаңа жыл "Тэт" деп аталады. Оны 21 қаңтар мен 19 ақпан аралығында қарсы алады. Қытайлықтар да 17 қаңтар мен 19 ақпан аралығында жаңа ай туған кезде қарсы алады.

Христиан дініндегі католик тармағының бір миллиардқа жуық адамдары жаңа жылды 25  желтоқсанда тойлайды.

Бүкіл Еуропа, Оңтүстік және Солтүстік Америка, Австралия, Африка құрлықтары (солтүстігінен басқа) Иссус Христостың дүниеге келген  25 желтоқсан туған күнін"Рождествоны" қарсы алып, жаңа  жыл деп тойлап  келеді. Биыл 25 желтоқсанда  Иссус Христос құдайы  2015 жасқа толды.

Сонда бірінші қаңтарды кімдер тойлайды?

Біздің заманымыздың төртінші ғасырында билік таласынан Христиан діні католик және православ болып екіге бөлінді. Славян тектес тайпалар: орыс, украин, белорус т.б. православ тармағын ұстанып қалды да, еуропалық елдер католик тармағын ұстанып, екеуара  жауласып, католиктердің  мейрамдарын православтар  мойындамай өз беттерінше мейрамдар шығарды. Православтар "рождествоны" еске алмас үшін  1700-інші жылы 1-інші Петр, жаңа жыл деп тойланып келе жатқан  25 желтоқсанды – бірінші қаңтарға ауыстырған жарлық шығарды. Кеңес Одағы орнағанша орыстар "рождество" мен "жаңа жылдың" ортасында жүрсе, дінсіздікке ұшыраған Кеңес Одағы 1936 жылы  1 қаңтарды  мемлекеттік мейрам ретінде орнықтырды. Қазіргі таңда "жаңа жылды"  Латвия, Литва, Эстония мүлдем тойламайды. Кеңес Одағынан қалған он екі мемлекеттен басқалар 1 қаңтарды тек жылдың ауысуы деп қабылдап, 31 желтоқсан мен 1 қаңтар жұмыс күндері болып саналады. Украина "Аяз атадан" бас тартып, Санта Клаус деп атады. Табиғат жаратылысына, ешқандай логикаға жатпайтын,  қыстың күні қырауда тойлайтын  тек орыстың ғана "жаңа жылы" қазаққа жамандықтан басқа әкелмей отыр. Өйткені сол 3-4 күннің ішінде миллиондаған шыршалар қырқылып эколгияға, табиғатқа  апат әкеледі.  Жүз мыңдаған  отбасы сол  күндері он мыңдаған теңгелерін арақ-шарапқа жұмсайды. Сол ақшаларға балаларына ондаған энцеклопедиялық кітаптар алып немесе жылы киімдер әперсе болады ғой. Он мыңдаған отбасыларында ұрыс-төбелестер болып, қаншама аналардың, балалардың көз-жасы төгіледі. Шарапқа мас болған жас қыздар абыройынан айырылып, сосын «алдап кетті» деп еркек атаулының атын кірлейді. Мас болып көлік апаты, пышақтап кету, өрт, бір ай бойы өшусіз жанатын жылтырақтар, электр энергиясы халық қазынасын шаш-етектен шығынға батырады. Христиандардың жаңа жылын арақ-шарапсыз қарсы алу мүмкін емес. Маскүнемдер мен араққұмарлар үшін таптырмас мейрам. Яғни мұсылман қазақ үшін харам даңғаза. Статистиканың  есептеуі бойынша, ең көп адам өлімі осы күндері болады екен. 

Керісінше арақ-шарапсыз, наурыз көже ағарғанмен тойланатын 22 наурыздағы жаңа жылда сай-дала көкмайса, гүлге толып, қозы-лақ көкалда аунақ салып, құстар қайта оралып, азан-қазан, базар болып, жаңа өмір басталады. Бұл жаңа өзгерістер жаңа жылдың келгенін білдіреді. Ал, 31 желтоқсанда уілдеген боран 1 қаңтарда соғып тұрады. Табиғат тылсымынан жаңа жылдың келгенін сезбейсің.

Қазақтардың болмашы тірліктерге есі кетіп, түкке тұрғысыз өзгенің мейрамдарын қашанға дейін тойлар екенбіз.

Тоғайбай Нұрмұратұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2271
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3584