Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Билік 4094 0 пікір 4 Желтоқсан, 2015 сағат 03:00

«ҚЫЗЫЛ СЫЗЫҚТАН» АСҚАН ҚҰРЫЛЫС ТОҚТАТЫЛАДЫ


Жыл өткен сайын Шымкент қаласының орталығында бой көтерген жеке тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандар көбейіп келеді.  Олардың арасында құрылыс нормаларын сақтамай, «қызыл сызықтан» асып кеткендер көп. Тіпті жолаушылар жүретін табанжолдарды иемденіп, жол қозғалысына кедергі келтіретін нысандар бар.

Құрылыс талаптары мен заң нормаларын сақтамаған азаматтарға шара көру мақсатында облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың тапсырмасы негізінде рейд жұмыстары ұйымдастырылуда. Қалалық ішкі істер қызметкерлерімен бірге облыстық сәулет құрылысы басқармасы «қызыл сызықтан» асып кеткен 282 нысанға анықтау жұмыстарын жүргізуде. Рейд жұмыстары кезінде бүгінге дейін заңсыз және мемлекеттік құрылыс нормаларын сақтамаған 196 құрылыс нысаны анықталған. Оның 106-на әкімшілік іс қозғалды. Ал заңсыз салынған үйлерді бұзу үшін 30 нысан бойынша іс сотқа жолданды. Бүгінге дейін 63 нысанға нұсқама беріліп, оның 20-сына тексеру жұмыстары жүргізілуде.

– «Қызыл сызық» дегенiмiз ғимарат пен күре жолдың ара қашықтығы. Ол тұста жүргiншiлер жолы, коммуникация жүйелерi немесе гүлзарлар болуы тиiс. Мiне, осы талапты сақтамайтындар көп. Заң бұзған нысан иелеріне ескерту қағаздарын бердік. Олардың тұрған жерi құрылыс ережелерiне мүлдем сай емес. Көшеге дейiн иiн тiрескен үйлермен жаяу жүргiншi әрең өтедi. Автопаркингтер жөнiнде сөз қозғаудың өзi артық, – дейді қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшының орынбасары Бауыржан Кенжеғұлов.

Рейд барысында Бәйдібек би көшесі бойындағы 14 нысанның заң талаптарын сақтамағаны белгілі болды. Кейбір тұрғындар рұқсатсыз мейрамхана салып алыпты. Мемлекеттік актісі жоқ. Жобасы архитектурадан бекітілмеген. «Қызыл сызықтан» асып кеткендер жетерлік. 4 нысанның иесі табылмағандықтан оны анықтау тиісті мекемелерге жолданды.

Бүгінге дейін Шымкент қаласы бойынша заң талаптарын бұзған 43 нысанға әкімшілік іс қозғалып, 12,1 млн теңге айыппұл салынған. 13 заңсыз құрылыс нысанын бұзу туралы іс сотқа жіберіліп, 3 нысанды бұзуға, 9 нысанға айыппұл салу туралы шешімдер шығарылды. Басқарма тарапынан 282 нысанның ішінен 11 нысанға әкімшілік іс қозғалып 3,9 млн теңге айыппұл салынды.

Abai.kz 

0 пікір