Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 3599 0 пікір 4 Желтоқсан, 2015 сағат 03:00

КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДЕ МӘСЕЛЕ КӨП БОЛАТЫН


ОҚО футболдан олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің директоры, қалалық мәслихаттың №23 сайлау округінің шақырылым депутаты Ермек Дәрменовпен сұхбат.

– Ермек Аманжолұлы, сайлауалды тұғырнамаңызда қандай мәселе көтеріп едіңіз?

– Екі рет депутат болып сайландым. Төртінші және бесінші шақырылымда да жасаған бағдарламам бірдей болды. Тек кішкене өзгерістер енгізгенім болмаса. Ал жалпы айтар болсам, өзімнің сайлауалды тұғырнамамда «қандай мәселе көтеремін? Қай бағытта жұмыс істеймін?» деп біраз ойландым. 2007 жылы алғаш рет депутаттық сайлауға түскен кезімде көпқабатты тұрғын үйлерде мәселе көп болатын. Талдау жасау арқылы аулаларды, ойын алаңшаларын қалпына келтіру, әрбір үйдің подьезге кіре беріс есігін жөндеу және аулаға кіретін жолдарды жөндеу жұмыстарын бағдарламама енгіздім. Менің сайлау учаскеме 11,12,15 және 16 шағынауданның бір бөлігі кіреді. Онда тек көпқабатты үйлер орналасқандықтан, мәселе де шаш етектен еді. Мысалы, еріген қар мен жаңбыр суы үйдің жертөлелерін басып кететін. Соның cалдарынан маса қаптады, қолаңса иіс пайда болды. Кейбір үйлердегі жылу құбырлары істен шықты. Жертөлені тазалау үшін сорғылау жұмыстары жиі жүргізілетін. Бұдан тұрғындардың мезісі шыққан еді. Сосын, жазда балалар уақытын босқа өткізбесін деп, олардың уақытын тиімді пайдалануға қатысты бір пункт енгіздім. Естеріңізде болса, 2007 жылы жас балалар арасында арақ ішу, темекі шегу және токсикомания өршіп тұрған еді. Менің қарамағымдағы 11 шағынаудан криминогенді саналатын. Оның үстіне тұрмысы нашар отбасылар, жалғызілікті аналар қатары көп болатын.

– Берілген уәде орындалып жатыр ма? Осы күнге дейін қандай жұмыстар атқардыңыз?

– Мен уәдені үйіп-төгіп берген жоқпын. Халықпен кездесулерімде ашығын айттым. Сайлауалды бағдарламаммен таныстырып, сонда көтерілген мәселелерді бірлесе шешетінімізді айттым. Халыққа қатысты мәселені мейлінше ертерек бюджетке енгізуге ықпалымды тигізетінімді айттым. Депутат – банкир немесе әкім емес. «Сіз уәде бердіңіз ғой, орындамайсыз ба?», – деп келгендер болды. Жалпы, халықтың еркін білдіру – әр депутаттың мерейлі міндеті. Сайланған соң, халықтың арыз-шағымын жинап, сессияда балалар үшін ойын алаңшаларының қажеттігін көтердім. Сөйтіп, бес аулаға ойын алаңшасын салуды бастап кеттік. Содан бері біраз уақыт өтті. Оған қоса, менің бағдарламаммен Елбасының саясаты мен қаланың саясаты дөппе-дөп келді де, мен көтерген мәселелер дөңгеленіп шешімін таба бастады. Қазір әр аулаға 5-6 миллион теңге бөлінеді. Ойын алаңшаларына қатысты жұмыстың 98 пайызы орындалды. Өзіме қарасты шағынаудандарда ауларалық 13 футбол алаңшасы бар. Тренажерлар да қойдық. Ішкі орам жолдар жөндеу көрді, арық-атыздарға бордюрлар қойылды. Бұрынғыдай жертөлеге су кірмейтін болды. Аулаларға бейнекамералар, тәртіп сақшылары отыратын дүңгіршектер қойылды. Оның бірі №40 мектептің жанына орналасты. Сонымен қатар, осы мектеп орналасқан көшеге бағдаршам жақын тұрса да, жасанды жол кедергісін қоюды талап еттік. Көшенің арғы-бергі жағына балалар көп өтетіндіктен, жол көлік оқиғасы да жиі болатын. №43 мектепке бастайтын жол да апатты еді. Асфальт жол төселіп, мекептің айналасын қоршадық. Жалпы, білім ұяларымен байланысым тығыз.

 

– Қазір қаланың тазалығына көп көңіл бөлініп жатыр. Аулаларға қойылған бейнекамералар арқылы бақылауға мүмкіндік туды. Шымкенттіктер WhatsApp нөмірі арқылы тазалыққа байланысты хабарлама жібере алады. Ал сіздің сайлау округіңізге қарасты аулалар таза ма?

– Қоқыс мәселесі әрқашанда өзекті. Ең қызығы, қоқыс жәшіктері тұратын алаңшалар ретке келтірілген кезде, тұрғындардың басым бөлігі қоқыс жәшігін өз ауласына жолатқысы келмейді. Ауланың сынын бұзады, қолаңса иіс шығатын болды деген сылтау көбейді. Тұрғындарға еуроконтейнерлердің төбесі жабық, қар мен жаңбыр су тимейтінін, иіс шықпайтынын айтып түсіндірдім. Ауланың тазалығы тұрғындардың өзіне байланысты екеніне көздері жетті. Үйден шыққан қоқысты ойын баласының қолына ұстатып жібереді көбі. Ал бала оны қоқысқа тастады ма? Міне, мәселе қайда жатыр? Тазалық тәрбиемен де ұштасып жатыр ғой.

– Сайлаушыларыңыз сізді таниды ма? Қарым-қатынас қаншалықты тығыз?

– Сайлаушыларыммен жиі байланыста боламын. Біразы көзтаныс болып қалған. Әсіресе, ардагерлер, үй комитеттерінің төрағалары. Қазір жас балалар да танитын болды. Әңгімеміздің басында айтып өттім ғой, балалар жазғы демалысты аулада немесе көшеде сенделіп өткізбеуі тиіс деп. Ер балаларға онсыз да көңіл бөлінген. Олар ауладағы спорт алаңшасында, стадионда доп тебеді, басқа да үйірмелермен қамтылған. Байқап қарасақ, қыздарға мән берілмеген екен. Содан олардың да бос уақытын тиімді етейік деген мақсатпен би үйірмесін аштық. Үйірмеде үйренген билерін ата-аналарына, көршілеріне көрсетіп, өзара жарысады. Мәселен, 11 шағынауданда осымен екі жыл қатарынан биден жарыс өткізіп келеміз. Ата-аналар риза болды. Жеңімпаздарды анықтап, тарту-таралғыларын үлестіріп бердік. Қыздар «келесі жылы да осындай жарыс өтсінші» деп қиылып қалды. Үй комитетінің төрағаларын жақсы танимын (күледі-автор). Әсіресе, қазір тығыз байланыстамыз, өйткені жылу маусымы басталғалы бері әдеттегідей қаламызда мәселе де арта түседі. Арнайы іздеп келетіндері бар, телефон арқылы хабарласатындары да көп. Жылына екі рет халықпен ресми түрде кездесемін. Ал бейресми кездесулерге уақыт белгілемеймін де, шектемеймін де. Әр аулаға барып, сондағы үй комитетінің төрағаларымен, қарттармен жүздесемін. Ата-әжелерді әркез туған күндерімен құттықтауға тырысамын.

– Шымкентте «қызыл сызық» мәселесі өзекті. Коммерциялық нысандар заңды бұзып, пайда тауып жатыр. Депутаттар осы тұрғыда біраз мәселе көтеріп жүр. Осыған қатысты не айтасыз?

– Сол кездегі әкімдердің атын атап, жамандамай-ақ қояйық. «Қызыл сызықтан» асқан коммерциялық нысандар өз уақытында заңдастырылып қойған. Олардың бір-екеуі сотта жеңді де. Өйткені, қолдарында мемлекеттік актісі бар, барлығы заңды. Бірақ, «қызыл сызықпен» күрес нәтижесіз деп айта алмаймын. Мәселен, «Имран» сауда үйінің алдындағы жазғы дәмхананы, Қонаев даңғылы бойында орналасқан «Имранның» бірнеше дүңгіршектерін алып тастадық. «Акация» дүкені маңында жаяу жүргіншілер жолына салынған дүкен болатын. Оны да реттедік. «Шәмші» аллеясында да дүңгіршектер көп орналасқан еді, оларды да алып тастадық. Ал «Кең бабаға» келер болсақ, жұмыс жалғасуда. Олар мемлекеттік актілерін заңдастырып алған. Салық төлеп жатыр.

– Өзіңізді белсенді депутат санайсыз ба?

– Мен үндемей қалған депутатпын деп айта алмаймын. Сессияда мәселе көтеруге тырысамын. Белсенділіктің реті осы екен деп бей-берекет сөйлей беруге де болмас. Әр нәрсенің өз жөні бар. Әсіресе, қаланың бюджеті талқыланып жатқан кезде ақшаның қайда жұмсалып жатқанын білуіміз қажет. Маңызды мәселеге көбірек назар аудару керек болады. Мысалы, 2012 жылы стадиондар туралы мәселе көтердім. Ол кезде мектеп стадиондарының топырағы шығып жататын. Балалар шаңның арасында ойнап жүретін. Ал оның денсаулыққа қаншалықты кері әсері барын айтпаса да түсінесіз. Жасанды газон төсейік деген ұсыныс айттым, әріптестерім қолдады. Қазір мектептердің 80 пайызында спорт алаңшалары салынған және жасанды газон төселген.

– Қалалық мәслихаттың кезекті шақырылым депутаты болып сайландыңыз делік, сол кезде қандай мәселе көтерер едіңіз?

– Тағы да депутаттық мандат бұйырып жатса, біріншіден, жылу жүйелерін реттеуге қатысты мәселе қозғар едім. Қазандықтан шыққан жылу пәтерге келгенше суып қалады. Өйткені, Шымкентте жылу жүйелері жердің үстімен өткен. Құбырлар қапталған жылу сақтайтын материалдар көп жерлерде жұлынып тасталған. Салдарынан көпқабатты үйлерге келетін жылу сапасыз. Екіншіден, мәдени іс-шаралардың маңыздылығына, мәніне көңіл бөлер едім. Әрбір шараның тәрбиелік мәні болуы керек. Үшіншіден, балалар арасындағы суицид мәселесін көтеремін. Қазіргі таңда бұл жағдай тек қағаз түрінде ғана жүзеге асып жатыр. Мектептегі психологтарға тапсырма береміз. Болды. Ол қандай жұмыс істеп жатыр? Балалармен, ата-аналармен қалай сөйлеседі? Онда шаруамыз жоқ. Әйтеуір, қағаз жүзінде керемет. Суицид жайы туралы екі жылдан бері мәселе көтеріп келемін. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депуаты Ұласбек Сәдібековке де айтқанмын. Мектептердегі әлеуметтік теңсіздік балалардың бөлінуіне әкелсе, ал оның салдары суицидке жетелейтіні дәлелденген. Сондықтан, осыған қатысты роликтер мен фильмдерді көптеп шығарып, мектептерде көрсету қажет. Бұл науқандық емес, күнделікті жүргізілетін жұмыс. Жалпы, жоғарыда аталған мәселелер бойынша пікір-ұсыныстарымды білдіріп жүрмін. Қаламыздың өсіп-өркендеуіне жанашырлықпен қарайтын азаматтардың бірімін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан  Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2277
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594