Жұма, 19 Сәуір 2024
Әдебиет 5946 0 пікір 4 Желтоқсан, 2015 сағат 07:58

БІРЕУДЕН ЕКЕУ...

(Сықақ)

Иә, біреуден екеу көп екенін балабақшадағы бармақтайлар да біледі. Олардың қайсысына болсын екі алақаныңның біріндегі бір кәмпитті, екіншісіндегі екі кәмпитті көрсетіп: «Қайсысы көп?» деші, ол жып-жылы жымыңдап, екінші алақаныңды не көзімен, не иегімен нұсқап: «Анау!» деп күліп жіберсін.

Алайда бізге, жасамыстарға, осы оп-оңай «жұмбақтың» шешімін табу кейде қиын болады. Мысалы, иә, мысалсыз сөйлесең – мысың құриды, сондықтан, мысал етіп Маусымбектің  сондай қиындыққа неге тап болғанын айтып берейін. Ол – республика парламентіне біздің ауданнан сайланған депутат. Біз сайладық па, басқалар сайлады ма, әлде өзі сайланып алды ма, ол жағын мен жақсы білмеймін, ал менің жақсы білетінім – өзімнің дауыс беруге бармағаным. Соңғы жиырма жылдың алғашқы он жылында анау  сайлау  мен мынау сайлау дегендердің бірде-бірінде дауыс беруге қатыспап едік, әйелімді қоса айтып отырмын, онымыз  әлгі...  «әдеттің озығы бар, тозығы бар» деп жазылып жүргендей, озық әдет болып шықты: сайлау қашан өтетінін, сайлау участөгі дейтіннің қайда екенін, кімді қайда, не үшін сайлау керектігін бір-бірімізден тіпті сұрамайтын да болдық. Ауыз ерікті, құлақ бос, жүйке тыныш, рахат-ақ!

Шіркін-ай, қазақтан сөз қалған ба: «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деді-ау! Біздің әдетіміз  оң-солымыздағы, алды-артымыздағы алпыс шақты көршімізге түп-түгел жұғып, олар да әлектенбейтін болды. Қазекемнің тағы бір  сөзі бар ғой, «әркім көргенін істейді, білгенін айтады» деген, Тамызбай деген ежелден етікші көрші шалымыз, биыл ғой деймін,  бір күні есігінің алдында: «Әй, бүкіл аудан дауыс бермесе де, сайлануға тиістілер сайланады! Так што  бері кел, насыбай атайық!» деп  күлі-і-іп отыр.

Жә, ол езуін еркіне жіберіп отыра берсін, мен Маусымбегімді маңайлайын. Маусекең осыдан екі апта бұрын жора-жолдастарымен, иә, өзіндей депутаттармен бірге әлгі кезекті «кәникүл» дегендеріне шығып, аудан орталығында, ауданымыздың әкімі балдызы Тойханның үйінде тапжылмай он күн жатып, тойға бергісіз думан жасады. Қайтсін, шаршап келді ғой. Депутаттардың жұмысы біздің әкелеріміздің екі өгіз жеккен ағаш соқамен жер жыртқандарындай секілді екен. Гәзет оқитындар солай дейді. Халықтың еңбектеген сәбиінен еңкеңдеген кәрісіне дейін бәрінің кешегі, бүгінгі, ертеңгі хал-жағдайын қалай жақсарту керектігін ойлап, иә, егер шын болса, күніне он шақты қаулы қабылдайтын көрінеді, иә, қаулы қабылдаулары қапысыз деседі жұрт.  Әрбір қаулыны әуелі орыс тілінде жазып, сонсоң  мемлекеттік тіліміз – қазақ тіліне аударып, әрине, қателесіп кетпес үшін, содан кейін ғана ортаға қойып, әйда, қызу талқылайды екен. Ол дегенің, шырағым, қайдан жеңіл болсын, ағаш соқа  өртеніп-ақ кетер!

Қай қаулыны болсын, оны да бәрін білетіндерден естіп жүрміз, қызу талқыламау мүмкін емес екен. Өр-ылдидан жиналған, біріне бірі ұқсамайтын ері бар, әйелі бар, оқу өтіп кеткендері мен оқу жетпей қалғандары бар, академиктері  мен әләулайлары  бар  дегендей, көптен кім  шықпайды, оның үстіне өздерінің ұзын саны екі жүз бен үш жүздің арасы болса, кез келген  мәселені  сөз қылғандарында бірден тіл табысу қайда?!. Бірақ осы жолғы дөңкиген, алакөз жаңа төрағалары мәмілесудің жолын тез тауыпты. Ол Алматыда бес жыл, Мәскеуде төрт жыл, Вашингтонда үш жыл, Египетте төрт жыл, Қытайда жеті жыл оқып, өйткені, қытайдың жазуы тым қиын деседі, көріп жүрміз ғой, сынадан сарай салғандай, обшым, ол  оқуға әдеттеніп алған ғой, сол төрағалары таққа отырғаннан төрт күннен кейін: «Құрметті мырзалар мен ханымдар, тойыст, депутаттар! Барлығымыз мектепте оқыдық, класс жетекшімізді сыйлай біліп, оған бағынып, тіртіпті болып өстік. Ызнашит, мен – сендердің класс жетекшілеріңмін, сендер – менің класс оқушыларымсыңдар. Олай болса, сендер мені сыйлай біліңдер, тәртіп сақтаңдар! Мен сөз бергенде – сөйлеңдер, мен сөз бермегенде – сөйлемеңдер! Мен  проблеманы қостап қол көтергенде – сендер де көтеріңдер, ал мен көтермегенде – сендер де көтермеңдер. Дұрыс па? – деп көзәйнегінің үстінен қараған кезде залдағылар бірауыздан: «Дұрыс! Дұрыс!» депті. Мектеп көргендік, оқушы болғандық қой! Оның үстіне жұмыстары жеңілдеді – ойланып омалмайтын болды. Күніне он шақты емес, отыз шақты қаулы қабылдай салуға  да болады!

Әрине,  Маусымбек мұнда он күн бойы бүк түсіп алып жатпады. Бір мезет көшеге шығып, таза ауамен дем алып  та жүрді. Көшеге шыққан сайын, иә, сайлауда өзіне дауыс бергендердің кейбіреулерімен ойда жоқта кездесіп қалатын болды. Олардың бірі  аудан орталығындағы аурухананың жабылып қалғанын айтса, бірі жалғыз моншаны жөндеу басталғалы екі жыл болғанын, биыл да бітер түрі жоғын  айтты. Енді бірі аудан орталығынан жеті шақырым жердегі ауылы ауызсусыз отырғалы бес ай болғанын, ал келесісі ауданның бұрынғы әкімінің атасы атындағы жетіжылдық мектептің шатырын жел жұлып әкеткелі жарты жыл болғанын, одан кейінгі бірі Астанада, Алматыда шығатын пәленбай бет гәзеттерге бастықтардың биыл да еріксіз жаздырып, онсыз да уақтылы ала алмайтын зейнетақыларын жырымдағандарына күйінсе, көпшілігі ауылдарды жұмыссыздық жайлап, қымбатшылық қыспаққа алғанын түйіле айтып, бәрі де: «Ай, Маусымбек! Парламентке депутат болып тіркелгеніңдегі кеште, салтанатты жиналыста,  саған  осының бәрін оңдауды аманат етіп айтып едік қой, есіңде ме?» дегендерінде Маусекең: «Есімде, көке, есімде!», «Есімде, ата, есімде!», «Ұқтым, апатай, ұқтым!» деп, бәріне: «Мен бұл мәселені алдағы мәжілісіміздің күнтәртібіне қойып кеткенмін, көп кешікпей талқылаймыз, бәрін реттейміз!» деп  құшақ-құшақ уәде үлестіріп құтылды...

Құрметті депутаттардың құрамы туралы алғашқы ресми ақпарат ашық мәлімдегендей, халық сенген өкілдердің сексен пайызы –  қаланың кадрлары. Міне, гәзеттердің жазуынша, солардың қырық пайызы шет елдердің курорттарына қалжырап жетіп, ес жиып, ойнап-күліп емделіпті. Әрине, күш-қуаты артып, жұмысқа құштарлығы күшейіп келіпті. Ал өзімізде қалған жартысының бірінші жартысы республика курорттарында аунап-қунап, екінші жартысы ауылдағы әке-шешелеріне, туыс-тумаларына бас көрсетіп қайтқан...

Кәникүлдері бітіп, депутаттар парламент ғимаратына қайтадан жиналды.

Шұрқырап табысқан депутат мырзалар мен ханымдардың мәжіліс әредіктеріндегі әңгімелері әрқилы болады екен, мысалы, бірде: АҚШ президенті Обаманың бір жиында сағыз шайнағанынан басталып, Астанада масаны құртудың ғылыми тәсілі табылғанымен  аяқталса, бірде Африкада 84 жастағы шалдың 25 жастағы  қызға үйленгенінен басталып, Қытайда аюдың «панда» деп аталатын түрін үйде өсіру  қолға алынғанымен аяқталыпты. Білгенге дауа жоқ қой,  депутаттарымыз бірде Австралия деген елде қойдың көптігі соншама, халқының жан басына шаққанда біржарым мыңнан айналатынын айтысса, енді бір жолы дүние жүзі мұхиттарындағы ең үлкен киттің ұзындығы пәлен метр, салмағы түглен тонна деп таласып қалып,  цифры аз біреуі  цифры көп біреуінің жағасына жармасыпты. Әнеки, шындық үшін жанпида!

Біздің депутаттар – ауылдан Астанаға дейін – жалпы халықаралық мәселелерді сөз етіп дағдыланған ғой, мәжілісте де, оның әредігінде де сол дәстүрлерінен жаңылмай жүр. Дұрыс. Халықаралық үлкен мәселелерді қызу айтыспайынша  республика, облыс деңгейіндегі кіші мәселелерге мән беру ыңғайсыз. Оны Маусымбек те, басқа депутаттар да «беске» біледі. Білген соң мәжілістерінің күнтәртіптерінде кіші мәселелердің болуын керек етпейді. Мысалы, төрағаның хабарлауынша, осы айда өткізілер мәжіліс күнтәртібінде қырық мәселе тұр. Маусымбек солармен танысты да, әдетінше, ойлануға кірісті: «Біздің аудан орталығындағы аурухананың жабылып қалғанын қырық бірінші мәселе  етіп күнтәртібіне ұсынайын...  ұсынайын ба, әлде... маған сайлаушыларым тапсырған аманат қой...  бірақ... әлде төраға ренжіп жүре ме...  жаңа адам...  келіспей... да, «келісіп пішкен тон келте болмайды» деген... иә, қоя тұрайын, сайлаушыларым да шыдай тұрар».

Басқа депутаттар Маусымбектен кем бе екен?!.  Олар да алды-артын ойлай алады. Өйтпесе, депутат болғаны неткені! Мәселен, Мырышхан ауылының ауызсуға зарығып отырғанына жеті ай болғанын айта дабыл қағуға міндетті екенін білді де...  «жоқ, ауызсуды қаладан тасып ішіп отырған ауыл жалғыз біздікі емес, олай болса, ол мәселені әуелі басқалар көтерсін, мен қосыла салам ғой» деп іштей шешім шығарып алды.

Ал Тегісқұл ше? Ол ауылындағы мектептің құлағалы тұрғанын естіді. Е, неге құламасын, өзі бірінші сыныптап бастап оқып бітірген мектебі. Одан бері бір емес, бес мектеп құлайтын уақыт болды. Барып көруге Тегісқұлда мұрша жоқ, депутаттық жұмыс онысыз да қауырт. Яғни, мектепті күрделі жөндеуден өткізу мәселесін қашан өзі келесі каникулдарында барып, асықпай көріп қайтқанынша қозғау дұрыс болмайды.

Анауғали бұлардың екеуінен де арырақ ойлады. Өзін сайлаған поселкеде электр жүйесі құрып кеткелі екі жыл. Себебі белгісіз. Соны маңызды мәселе етіп мықтап көтеруге Анауғали міндетті болғалы бір жыл, бірақ көтермей жүр. Себебі белгілі. Дүние жүзінде бар мемлекеттердің бәрі экономикалық дағдарысқа ұшырап жатқанда бір поселкенің жоғын жоқтау ұят емес пе? Әрине, ұят! Есі бар парламент қиыншылықты кезеңде мұндай ұсақ-түйекпен  шұғылданбауға тиіс.

Ал әлгі... жә, осы үшеуі жетер. Бір парламетке мүше бола тұра пікірлері бірыңғай болуын білмесе, несі депутат, солай емес пе?! Президенттің, премьер-министрдің, министрлердің  айтуынша, біздің мәңгі ел әлемдегі шылқа бай он  елдің ортасынан не биыл, не келесі жылы ойып тұрып орын алады. Ендеше, пәлен ауылда ауызсу мен монша жоқ, жарық пен жылу жоқ, аурухана мен телефон жоқ, оның есесіне жұмыссыздық бар, айлық жалақы тым аз, зейнетақымызды уақытында бермейді дегендей көди-сөдиді көбейтпеу керек, біздің мәңгі елді тыпыршып тосып отырған анау он елден ұят болады!

Иә, көди-сөдиді, мәселен, депутат емес Маусымбек айтса, е, мейлі, ал депутат Маусымбек айтса, ол енді жараспайды-ақ!

Яғни бізде Маусымбек екеу. Сайлаушыларына  уәде үлестіріп кеткен    Маусымбек бар да, парламенттің залында «әдеп сақтап» жүрген Маусымбек бар. Ол ғана ма, Мырышхан да, Анауғали да, Тегісқұл да. басқалар да екі-екіден.  Олай болса,  біреуден екеу көп емей немене?!

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ. 

(03. ХI1. 2015 ж.)  

Abai.kz 

 

 

 

0 пікір