Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Алашорда 44557 4 пікір 4 Желтоқсан, 2015 сағат 09:31

ӘУЛИЕ БЕКЕТ - ПІР АТА

 “Ол – көзінің тірісінде қиянатқа жол бермес Әділдіктің, күпірлікке жол бермес Адалдықтың, қараулыққа жол бермес Шапағаттылықтың, қатыгездікке жол бермес Мейірімділіктің, арсыздыққа жол бермес Парасаттылықтың асқан үлгісін танытқан, елінің жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген азамат, жаудан елді арашалаған Батыр, дауда әділетті арашалаған Қази, озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған Пірәдар, Әлсізге Медет, Күштіге Айбар, Зарыққанға Жебеу, Тарыққанға Демеу, Асқанға Тосқан, Сасқанға Сая, Ұрпаққа Ұстаз, Ұлысқа Ұран, Ел Иесі, Жер Киесі”  

(Әбіш Кекілбаев, қоғам қайраткері, жазушы).

 Бекет атамыздың қадір-қасиеті жайлы Әбіш ағамыздың берген сипаттамасы осы. Қысқа да, нұсқа.

Жалпы ата жайлы БАҚ-тарда (Бұқаралық Ақпарат Құралдары) аз жазылып жүрген жоқ. Әлі жазылмағаны қаншама? Ата жайлы жазылғандардың бәрінің басты идеясы – ұлы ғұлама, ұстаз, көріпкел әулие, батыр, қасиетті Пір – Бекет Атаға бас ию, құрметтеу, оны ұлағаттау, және үлгі тұту. Ата жайлы жазылар шежіре – дастандар әлі алда. Ата жайлы жыр – таусылмайтын, мәңгі жыр. Осы шежіре-дастандар арқылы Атамызбен арамыздағы уақыт кезеңі алыстаған сайын Ата бізге жақындай түсері хақ. Ылайым да солай болғай!

Ертеде ғұмыр кешкен Түмен Балтабасұлы, Нұрым Шыршығұлұлы, Бала Ораз Өтебайұлы, Насихат Сүгірұлы сияқты жыр сүлейлері Бекет ата туралы жыр толғаған.

Қазақ елі тәуелсіздікке қолы жеткелі бері де Ата жайлы сүбелі-сүбелі еңбектер жарық көрді. Өлкеміздің елге белгілі абзал азаматтары Атаны тануға ұмтылып ел аузындағы аңыз-әңгімелерді, сонымен қатар қарапайым жұрт біле бермейтін тың ғылыми деректерді де жинақтап, көпшілікке ұсынып  келеді. Олар: 400-ге тарта естелік әңгімелерді жинақтап «Бекет Ата» деген атпен баспадан шығарған Мырзабекұлы Ислам қажы (1993), ғалым Қабиболла Сыдиықұлының зерттеу кітабы (1994), Маңдайлы Қосымбаеваның «Бекет Ата – 250. Ас шежіресі», Ғафу Қайырбековтың Ата туралы толғауы, Фариза Оңғарсынованың «Оғыланды», Рахмет Аяпбергенұлының «Бекет Ата» атты поэмалары, солармен қатар Есенғали Раушанов, Сабыр Адай, Мэлс Қосымбаев, Сайын Назарбеков, Әзірбайжан Қонарбаев, Сақып Керелбаев, Әбілқайыр Спан, Рахат Қосбармақ, Ғалым Әріп, Өмірзақ Озғанбай, Әбдірахман Базарбаев, Ырза Оңғарбай, Светқали Нұржан, С.Бөлекұлы, Л.Сисекенов, А.Ершуов,  Қ.Жұмашев, Р.Зейноллақызы, Ж.Абижановтар сияқты басқа да көптеген қаламгерлердің кітаптары, жырлары, мақалалары, ғалымдардың еңбектері баспадан шыға бастады. Батыс өңірінде Ата жайлы қалам тартпаған бірде-бір қаламгер жоқ десе де болады. Шәміл Әбілтайтегі «Бекет Ата» атты күй шығарды. Атаның ел алдындағы еңбегін бағалап, аруағын ұлықтағандарыңыз үшін баршаңызға мыңда-бір алғыс.

Мен тек жоғарыдағы Ата жайлы жазылған еңбектер мен ғылыми зерттеулердің қысқаша нақты тұжырымдарына тоқталамын:

 -   Бекет ата – соңғы үш ғасырдағы бүкіл Қазақ даласының, соның ішінде Арал-Каспий аралық аймағының ең ұлы, көрнекті тұлғасы.

-   Бекет Мырзағұлұлы 1750 жылы қазіргі Атырау облысы Жылыой ауданы аймағына қарайтын Ақкиізтоғай ауылынан 30 шақырым қашықтықта, Жем бойындағы Ақмешіт деген жерде дүниеге келген. Шығу тегі: Адай – Келімберді – Мұңал - Жаулы – Қосқұлақ – Жаналы. Жаналыдан бес бала: 1. Атағұл, 2. Өтеғұл, 3. Еділбай, 4. Жарылғап, 5. Мырзағұл. Бекет-атаның әкесі – Мырзағұл, анасы – Жәния. Олардың төрт ұлы: Алдаберген, Алдыоңғар, Меңдіғұл, Бекет және қызы Әпуаш болған. Бекет-атаның анасы қасиетті Назар қожаның қызы. Кәрі нағашысы Тама Есет Көкұлы (1667-1766) қалмаққа қарсы соғыстарда елге танылып, батыр атанған. «Пірдің соңы Бекет, ердің соңы Есет» дейтініміздегі әйгілі Есет батыр осы атамыз.

-  Бекет Ата текті ұрпақ. Ұрпақтары бүкіл әлемге патша болып тараған Адай Атаның қарашаңырағы «Мұңал ошақтан» өрбиді. Мұңалдан тараған арғы аталарының даналығы мен данышпандығын, қайтсем «Қарашаңырақ» атына лайық болам деп шыр-пыры шығып жанын салған жанкешті ерліктерін санамалап жазып шығу бір Алланың болмаса,  адам баласының қолынан келе қоймасы анық. Басқаларын былай қойғанда, ерлігін соңғы екі мың жылдықтың ең ұлы тұлғасы деп бүкіл әлем (ЮНЕСКО) мойындаған, арадан 800 жылдай уақыт өтсе де аты ауыздан түспей келе жатқан бір ғана Шыңғыс қағанның және оның ұрпақтарының өзі неге тұрады. 

-  Бекет атадан Жайлау, Байтелі, Тоғай, Байнияз, Қодар есімді бес ұл, Маңдайлы, Ақмаңдай деген екі қыз дүниеге келген. Бұл күнде Бекет – Ата ұрпақтары Атырау, Маңғыстау, Орал, Шымкент, Жамбыл, Алматы облыстарында, Қарақалпақстан, Түрікменістан аймақтарында өмір сүруде. Олардың ішінде көріпкел әулиелігі, зайырлығы, діни біліктілігі, емшілік қасиеттерімен ел құрметіне бөленіп, атағы шыққан Атаның ұрпақтары көп.

- Бекет ата жасынан білімге аса құштар болып өседі. Бекет-Ата Хиуаға аттанарда, әкесі оған әуелі Шопан атаға барып зиярат етуді тапсырыпты. Бекет Шопан атаға үш күн түнеп, түсінде Ата Хиуа шаһарындағы Бақыржан қажы деген ғұламадан дәріс алуды аян етіпті.

Содан Хиуа қаласындағы Шерғазыхан медересесінде Мұхаммадұлы Пақыржан (Фахраддин) Пірден 7 жыл дәріс алып, 21 жасында елге оралады. Елге оралғаннан кейін ислам дінін уағыздап, ұстаздық жұмыспен айналысады. Өмірінің соңына дейін шәкірт оқытып, ұстаздық еткен.

- Бекет ата ежелгі дәстүр бойынша көптеген елді мекендерде мешіттер мен медреселерге арнап ғимараттар салған сәулетші, бірнеше мешіт салған. Ел аузындағы әңгімелерде салынған мешіт саны – жетеу, нақты белгілісі – бесеу. Олардың төртеуі – тау-төбелерді үңгіп, қашап жасалған гимараттар.

Ата  мешіттері – Ақмешітте (Жем өзені бойында), Арал теңізі жағасындағы Баялыда, ескі Бейнеуде, Бозашы түбегінің Каспий жағалауындағы Тобықты деген жердің шығыс бетінде және Оғланды тауында  бар. Бұл мешіттер Адай халқының сол кезеңдердегі көшіп-қону маршруттарын және олардың орналасу аймағын білдіреді. Оның Ақмешіттегі мешіті 18 ғасырдың бірінші жартысындағы адайлардың мекендеу орталығы болса, Оғыландыдағы бас мешіт Үстірт пен Маңғыстаудың, яғни жергілікті халықтың тілімен айтар болсақ жоғарғы  Адай мен төменгі Адайлар мекенінің шектесер тұсында және бүкіл Арал-Каспий аралық аймағының орталығы болып табылады.

 -  Алла тағаладан Мұхаммед (ғ.а.с.) арқылы бірінші түскен Алақ сүресі «оқы» деген сөзден басталады:

«Жаратқан иенің атымен оқы! Адамды ол ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Сенің тәңірің – ең жомарт! Ол қаламмен жазу үйретті. Адамдарға білмегенін білдірді» (Құран Кәрім, Алақ сүресі. 1-5 аяттар).

Қасиетті Құран Кәрімнің осы аятын және Ұлы аталарымыздың «Тал бесіктен тар лақатқа дейін оқы» деген сөзін қабыл алған Бекет Ата бүкіл өмірін оқумен және оқытумен өткізген. Ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Есенғали Раушанов: «Ата көзі тірісінде талай жерге құдық қаздырып, мешіттер, сағаналар салдырғаны анық. Сол ескерткіштердің ең үлкенін қайда салдырды? Меніңше, Ата ең үлкен ескерткішін ұрпақтардың жүрегіне орнатты: Атаны іздесек жүректерден іздейік!»-деген болатын.

 

- Бекет-Ата ғұмыр бойы исламның жүрегі саналатын сұпылық жолын ұстанып, Оғыланды мешітінде Қазақстанның батыс өңіріне ортақ, сұпылар оқып тәрбиеленетін, ең үлкен орталық ұйымдастырған. Бекет – Атаның білімділігін, ерекше қасиетін, ұйымдастырушылық қабілетін, қиыншылықтарға төзімділігін, көптің тілін тауып көңілден шығуын айрықша бағалаған сұпылар қауымы оны өздеріне Пір сайлаған, оған діни қоғамның арнайы Көк Асасы берілген (Пірлердің ішінде діни қоғамның Асасын алғандар сирек).

Түсініктеме: Пір – жақсылықты үйретуші бірінші ұстаз деген мағына береді. Пір менен бірді синоним десе де болады. Маңғыстаудың ежелгі қорымдарында Аса таяқ салынған құлпытастар өте көп. Оның санына жету мүмкін емес десе де болады.

 

-  Бекет атадан қалған киелі заттары: асатаяғы, тымағы, кітабы бар. Мұның бәрін ұстазы Бақыржан қажы Бекет атаға еншіге беріп кеткен екен делінеді. Әсіресе, көк түсті аса таяқтың төрт қасиетін ерекше көрсеткен:  «Шаршасаң көлік,  шөлдесең сусын,  қорықсаң қару,  тоңсаң панаң» деген.

 «Көк аса» аталуының да себебі болған, екі сөзден құралған, Көк-аспан, Аса-маңызды, қажетті деген ұғымды білдіреді. Яғни көктегі күштермен, аруақтармен байланыс үшін керектігін білдіреді.

 «Пір Атадан кейінгіге мұраға қалған екі аса таяқ бар, оның бірі өз кіндігінен тараған әулеттің Түрікменістанда тұратын Бердіхан атты азаматында, екіншісі – Шектібай атты шәкіртіне қалдырылған көк аса таяғының Ақтөбе облысындағы Тұрсынғали Нәкешов деген азаматта сақтаулы» (М.Қосымбай «Бекет Ата – 250. Ас шежіресі» Алматы-2001. 55 бет).

 

 

- Бекет ата өз ғұмырында тарихат жолын ұстанып, соны уағыздады. Бекет-Ата сұпылық ілімді уағыздаушы ұлы тұлғалардың бірі. Сұпылық жол жаулаушыларға, ислам дініндегі реакциялық күштерге қарсы бірден-бір халықтық қозғалыс идеологиясы болды. Бекет-Атаның мектебі сұпы шәкірттер дайындауға арналған. Оғыландыдағы жерасты мешітінің маңында 1780-1810 жылдар арасында жерленген адамдарға қойылған құлпытастарда «Бекет сұпының шәкірті», «Бекет сұпының баласы», немесе «жиені» деген жазулар бар. Бұл - қарапайым халықтың тасқа жазып қалдырған айғақтары.

 «Шын мұсылман деген – софы деген сөз. Исламнан софылықты бөліп алып қарау адамның кеудесінен жүрегін бөліп алып қараумен тең. «Барлық діннің тамыры бір, бірақ фурағасы (шариғаты) бөлек» деген. Софылық – пайғамбарлардан бері келе жатқан жүректің ілімі. Пайғамбарымыз айтыпты: «Ақырдың алдында менің дінім 73-ке бөлінеді, оның біреуі ғана хақиқат» деп. Қазір біз дәл сол кезеңге тап келіп тұрмыз. Көп ұзамай тұман айығады, күмән сейіледі. Дін қалпына, дүние орнына келеді. Діннің мақсаты – адамның жүрек көзін ашу» (Светқали Нұржан. Ақын, «Дарын» (1996), Қазақстан Жазушылар одағының Т.Айбергенов атындағы сыйлығының және әдебиет саласындағы Президенттік стипендияның иегері).

 

-   Бекет-Ата аса дарынды ғұлама, ұстаз.  Ол өз шәкірттеріне ислам дінін, математика, физика, астрономия, алхимия пәндерінен дәріс берумен қатар, халықтық медицинаның қыруар салаларын үйреткен.

 

- Бекет-Ата қазаққа Алланың берген сыйы. ХVIII ғасырдың басынан бастап Орыс патшалығының жаулаушылық әрекетінен барша қазақ баласының басына қаралы күндер туды. Аталарымыз орыстың зеңбірегі мен отты қаруына жалаң қылыш, найза және садақпен қарсы тұрып барынша жанталасып бақты. 300 жылға жуық созылған бұл қанды қырғыннан ондаған миллион ата-аналарымыз қырғынға ұшырап, тірі қалғандары тілінен, дінінен және ділінен айрылып, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кету қаупі төнді. Міне осы кезеңде Бекет-Ата дүниеге келді. Ол жайлы Сәттіғұл Жанғабылұлы атамыз:

       ...«Сондай қару-қайратпен

       Айладыр халқын аударып

       Маңғыстаудың қараойын

       Біздің Адай жерленді,

       Жерленгеннен бер қарай

       Раһат еді көргені,

       Зеңбірегі қардай бораған

       Патшаға да бұл Адай

      Дін қылышын сермеді,

       Ішімізден дүреген

       Әулие Бекет – пір шығып

      Уа, жарандар, көп еді

      Алланың бізге бергені  (Сәттіғұл Жанғабылұлы «Аманат» Алматы-1996. 126 б).

Еврейлік большевизм құрған Кеңес билігінің Қаз Адайларды қасақана қырғынға ұшыратуының басты себебі осы болатын. Оларды сөзбен, алдап-арбау,  үгіт-насихатпен жеңу мүмкін емес еді.

Міне осы сопылық ілімнің арқасында және оның сол замандағы  ұстазы, Әулие Бекет – Пір Атамыздың тікелей ықпалымен Адай ата ұрпақтары ұлт мүддесіне ешқашан сатқындық жасаған емес. Оған дәлел ретінде айтарым: Бірінші, 1870 жылғы Патшалық Ресейге, 1930 жылғы Кеңес өкіметіне қарсы көтеріліске қатыспаған, не оған қарсы болған бірде-бір Маңғыстаулық болмаған. Барлық халық түгел атқа қонған. Бұл ел түгелге дерлік қазақ халқы мен Орта Азия елдерін Ресей патшалығы жаулап алған сан ғасырлық бодан кезінде де оған бағынбады, айтқанына көнбеді, айдағанына жүрмеді. Осылайша бүкіл Қазақстан мен Орта Азия мойындаған Ресей бодандығына бас иместен Қазан төңкерісіне жетті. «Түздіктердің ең бір ержүрек тайпасы Адайлардың орыс бодандығына берілмеуі Орта Азия хандықтарын орыс отаршылдығынан бір жарым ғасыр бойы сақтап тұрды», - деп жазды Ф.Энгельс бұл туралы.

Тарих тағлымы: Ұлттық санасы уланған, ата тарихынан ажыраған, орыс пен арабтан басқа елде мәдениет, білім жоқ деп білетін кейбір жандардың сопылық ілімді (Қожа Ахмет Иасауиді, Пір Бекет атаны) жек көретін себебі осы.

 

-  Ел иесі, Жер киесі – Пір Бекет! Қасиетті Маңғыстаудың иесі де, киесі де ежелгі әулиелер болған. Сондықтан бұл өлке «360 әулиелі Киелі Маңғыстау» деп аталған.  Әулие Бекет Пір Ата сол ұлы әулиелердің жалғасы, яғни солардың қарашаңырағының иесі болып табылады.

 

-  «Пірдің соңы Бекет» - бұл бүкіл Маңғыстаудың «Астана» халқының тұжырымы. Сондықтан да, «Медине де Мұхаммед, Түркістан да Қожа Ахмет, Маңғыстау да Пір Бекет» деп жатамыз.  Бүкіл халықтың «Пір», яғни бірінші, ұлы ұстаз деп мойындауы өте сирек кездесетін құбылыс. «Бір» менен «Пір» синоним.

 

-  Қазіргі көптеген зерттеушілердің тұжырымы бойынша Бекет ата Маңғыстаудың «360 әулие» қатарына кірмейді. Ежелгі шежіре-дастандардың бәрінде бұл жер «360 әулиелі киелі Маңғыстау» деп аталған. Демек, ол әулиелер  Маңғыстауда Бекет атадан бұрын болып өткен. Ел аузы қазір олардың қатарына Бекет пен Саназар әулиелерді қосып 362 дейді. 

 

-  Атамыздың есіміне Ата деген ұғымның қосылуы сөз түсінген адамға аса ұлы құрмет. Тікелей мағынасы «қанға сіңген қағида бойынша» бүкіл халық болып Адам атаның есімін Бекет атамызға лақап (мақтау) есім ретінде еншілеп, сен Адам атаңа лайық ұлсың, ұрпаққа атасың деп отыр. Күнделікті тіршілікте жасы үлкен қариялардың барлығында ата деп құрметтегенімізбен, «о дүниелік» болғандардан Ата есімін иемденгендер Маңғыстауда аса көп емес. Олардың қатарына Ман ата, Шақпақ ата, Шопан ата, Қошқар ата, Масат ата, Дәуіт ата, Қосай ата, Есен ата, Сейсем ата, Исан ата, Қараман ата, Құсан ата, Табын ата, Тұрыш ата, Шағырық ата, Ұшқан ата, Түкті ата, Құсшы ата, Бейнеу ата, Дармен аталар жатады. Қалған әулие-қорымдарға «Ата» деген ұлы ұғым қосақталып айтылмайды.

 

-  «Таскирай Мухаммад Бахир» қолжазбасында «Бекет-Ата» өмірінде қиындықтарды көп көрген, ол – адам таңғаларлық кереметтер көрсете алатын үлкен қасиет иесі, сұпылықтағы ең жоғарғы мәртебесі – «машайық» дәрежесіне жеткен жан» деп жазылған. «Машайық» - абыз, терең білімді, өте ақылды адам, періштелер аян беретін сұпы» деген мағынаны білдіреді. Пір болу үшін сұпыларға қойылатын ең үлкен басты талап - әуелі машайық дәрежесіне көтерілу. Атамыз өмір сүрген дәуірде Алланың ұлық жолында құлшылық жасаушыларға үлкен құрмет көрсетілген. Бекет Мырзағұлұлы «Ұлы сұпы» атағына ие болған»  (Базарбай Әбдірахманов «Бекет-Атаның сұпылық жолы» Алматы-2010 10-16 беттер).

              «Маңғыстау Машайықтың басқан жері (Ман атаның жүрген жері)

              Қасиет-кереметі тасқан жері.

              Жер жүзін желмаямен жеті айналып,

              Ауғанға Асан бидің асқан жері...

               ...Маңғыстау Машайықтың жатқан жері (Ман атаның моласы Маңғыстауда)

               Ашылған абыройын жапқан жері (Адамдардың алды мен артына жапырақ байлап, ең алғаш киім тігіп киген жері осы жер деп отыр).

Қаратау қақ ортасы қасиетті (Қар (ақ деген ұғым береді, мысалы ақша қар), қарамыз қара). Ақ (ақиқатпен) пен қараның екі арасын ажыратып тұр.

               Басына Отпан таудың шығып алып

               Адайым Ұран-отын жаққан жері!

               ...Маңғыстау – Машайықтың жатқан жері,

               Ағарып атқан таңның атқан жері» (Адамзат мәдениетінің басталған жері). (Түмен Балтабасұлының «Маңғыстау» дастанынан).

 

- Бекет-Атаның әулиелік дәрежесі құтыб болған. Оның әулиелігі жайлы, басқа әулиелердің оны мойындауы туралы ел арасында бірнеше аңыздар сақталған. Атамыздың Аллаға құлшылық жасап, оқыған дұғасы қабыл болып, оның сұпылық дәуірінде Алланың жәрдемімен ел ішінде алауыздық келеңсіздіктер, еларалық жаугершіліктер, табиғат апаттары, жер қуаңшылығы, малда індет, адамдарда елді күйзеліске ұшырататын тырыспа, шешек сияқты аурулар болмаған.

 

-  Теолог ғалымдардың айтуынша, Тұран топырағында Қожа Ахмет Иассауидің ізгілік жолын жалғастырушылар – Бұхарадағы Бахауеддин Нақшпанд пен Маңғыстаудағы Пір Бекет - әулиеліктің ең биік жетінші сатысы – Гаус дәрежесіне көтеріліпті. 

 

-     Бекет Ата дауда әділетті арашалаған Қази.

 «Көршілес отырған ел ішіндегі дау-дамайларды шешуде, халықты бейбіт өмір сүруге үгіттеуде Бекет-Атаның еңбегі ерекше. Көзтүрткі көрсеткісі келгендермен талай жерде «таңғажайып сайысқа» түсіп, өз жұртын зорлық-зомбылық пен шапқыншылықтан аман сақтап қалыпты. Солардың бірі Қараман Ата басындағы түрікпендер мен анттасу оқиғасы.

Қожаназар байдың Қошан деген кенже ұлы Антқа тігілгенде, Бекет тәңірге жалбарынып; «Уа, құдайым, біз айыпты десең, бізді ат, қара айыпты десең, қара атты ат!» дегенде, қара ат антқа керілген ала арқаннан аттай бере құлапты да, Қошанның астындағы ерінің алдыңғы басына шаншылған біз тұрған жері ұшып кетіпті. Аттан құлаған сәби Қошан бір аунап барып, қайта тұрады. Бұған көнбей дау шығарған қарсы жақ: «Басына келіп Ант ұстасып тұрған Қараман әулие тегіне тартып қазақтарға жақтасып кетті. Көне Ургеніштегі Шикабір (Шейх Күбір) әулиеге барып, қайта анттасамыз!» деп қиқулапты. Сонда Бекет: «Айтқандарыңыз болсын, ертең таң намазында сонда кездесейік» - деп қара киімді Қошанды алдына алып, қара сәйгүлікпен ұшуға қомданғанда, дауласқандар: «Бұлай құдіретін көрер көзге асырып тұрған жұртпен тайталасып болмас!» деп, мәмлеге келген екен. Жауласып жүрген екі ел осылай татуласыпты» (Базарбай Әбдірахманов «Бекет-Атаның сұпылық жолы» Алматы-2010. 16 бет).

 

-  Бекет ата халқымызың тәуелсіздігі жолында жауларға қарсы күреске белсене араласқан, жаудан елін қорғаған батыр. Бекет ата – ұран-тұлға. Оның есімі ХY111 ғасырға дейінгі адай ұраны «тегеленді» ауыстырды, яғни оның есімі – ел ұраны болды (Адайдың ұраны – Бекет).

Бекет-ата ел аузындағы деректерге қарағанда, Хиуа шапқыншылығының бір тұсында тайпаластары жауға «Иә, Бекет!» деп шауып, жеңіспен оралыпты. Бекет те өз тұсындағы еркек кіндіктің кез келгені сияқты ат жалынан тартып мінер жасқа жеткен соң-ақ жаугершіліктің соңына түссе керек. Ерлігімен көзге ілікпесе, жорықтастары оның атын айтып, ұрандап жауға шаппас еді. Демек, ерлігімен қоса, жаудың қапысын тапқыш сардарлық қасиетімен де танылған. Әйтпесе, ол кезде батырлығымен де, сардарлығымен де  көзге түскен сүлейлер аз емес еді. Олардың бәрі ұранға шыға берген жоқ. Бекет ақыл-ойының, сезімінің айрықша ұшқырлығымен, көріпкел көрегендігімен жұртты әу баста сол жорықта жүріп-ақ баурап алған. Аңыздарда қазақ қолы небір тығырыққа тіреліп, амал таппай аңтарылып, құдіретке жалбарынғанда, Бекетті алдарына ұстайды екен. Сонда аруақтардың көрсеткен аянын Бекет жорып, жорық барысында сол жоруы рас болып шығады екен. Сондықтан да көп ұзамай жұрт оны тек қана батыр емес, әлдебір санадан тысқары ықпалға ие әулие деп мойындай бастаған.

Есте жоқ ескі замандардан бері Атам қазақтың әрбір ру, тайпасы осындай ұлы тұлғаларын ұрпағыма үлгі болсын деп, ұранға шығарып отырған. Қазақтың ұраны Алаш. Демек, ең алғаш ұранға шыққан осы атамыз. Демек, Қазақ Алаштан емес, Алаш Қазақтан тараған. Демек, «Ұранға» шығу үшін, оны  ұранға шығаратын елі болуға тиіс.

 

- Бекет-Ата Адайлардың ежелгі атақонысы Маңғыстауды қайтарып алғанша жаугершілік қуған.  Бірақ кейіннен ол жолға онша құлшынбаған.

 

- Бекет-Ата 1813 жылы 63 жасында дүние салып, өзінің ең соңғы тұрағы Оғыландыдағы жерасты мешітінде жерленген. Қандай ұқсастық, Мұхаммед пайғамбар 63 жыл ғұмыр кешсе, Қожа Ахмет Яссауи 63 жылдан кейінгі 63 жылын жер асты қылуетте өткізген.

Мұхамбет (ғ.а.с-ға) 40  жасында пайғамбарлық келсе,  Бекет Ата 40 жасында сопы атанған.

 

-  Тағы бір таң қаларлық құбылыс Мұхамбет (ғ.а.с.) пайғамбардың оңаша қалып Аллаға мінәжат етуге баратын және Аллладан ең алғашқы пайғамбарлық қонатын «Қира» тауындағы үңгір осы Пір Бекет ата жатқан Оғыланды тауынан аумайды екен. Ол жөнінде өлкемізге белгілі қаламгер, журналист, ақын Ырза Оңғарбайдың зерттеу мақаласы кезінде таудың суреттерімен бірге Облыстық БАҚ-тарда жарияланған болатын.

-  Бекет Ата - Алла елшісі Мұхамбет (ғ.а.с.) пайғамбардың Хақ ілімін сақтаушы және оны таратушы.

 «Ұлы баба есімі өз тұсында Бұхара, Хорезм мекендерінде жарық көрген энциклопедиялық ғылыми кітаптарға енген. Мысалы, «Рисолайи хилфат суфихо» кітабының 11-бетінде: «Бекет ата – пайғамбарымыздың сүннетін көзінің қарашығындай сақтаушы және оны таратушы, мұсылман қауымының ішіндегі ең ұлысы, әзизі әрі қадірлісі. Алла тағалаға ең жақын және Алла тағаланың алдында ең құрметті, өз дәуірінің ұлы сопысы атанған адам», – деп тамаша суреттелген. Бекет ата – тарихта сирек кездесетін феномен тұлға» (Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ, философия және тарих ғылымдарының докторы).

 

-   Бекет Ата өзінің Пірәдарлығымен «Озбырлықтан обал мен сауапты арашалаудың» асқан үлгісін көрсеткен. Сұпылық жолды ұстанушы Маңғыстау қазақтары арасында дінге жіктелу, жамағат арасында жария діни «айтыс-тартыстар» болмаған. Сұпылық жолды далалық салт-дәстүрмен, оның тұрмыс-тіршілігімен ұштастырып отырған. Оның дәлелі: құрбандыққа шалған малдың қанын маңдайға тигізу, шырақ жағу, бейіт басына түнеу, иіс шығару, шелпек пісіру, құлпытас қойып, кесене салу, ат шаптырып, ас беру, үйге жаңа түскен келіннің отқа май шыжғырып дұға етуі, әйел адамның құран шығарып қатым етуі - өзге мұсылман халықтарына жат нәрсе әрі олар үшін анайы көрінеді.

Бұндай өзгешеліктің сыры неде деген сұраққа талайлардың бас қатырып келе жатқаны анық. Жауап біреу-ақ. Ол біздегі діннің «дәстүрлі дін» екендігінде және Тарихатты (Ата-баба шежіресі мен тарихын) тани білулерінде.

      Тарих тағлымы:  Дәстүр өзгеріп отырады, діндерде солай.  Бүкіл елмен мойындалған жақсы дәстүр, тұрақталып салтқа айналады. Ислам дінін аталарымыздың Ата дін атайтын себебі осы. Қазақ болам деген адам Ата салттан ешқашан айнымауға тиіс.

 

-  Бүгінгі ұрпаққа сұпылық жолдан жеткен құндылықтардың бірі – Маңғыстаудың жерасты мешіттерінде сақталған зікірханалар. Зікір – Аллаға құлшылық етуші жеке адамның немесе топтың Жаратушымызды және оның ахиреттік пайғамбары Мұхаммедті (с.ғ.с.) еске алып, мадақтауы. Зікірге қатысушыларға байланысты зікір түрлері жеке және алқа болып екіге бөлінеді. Жеке зікір – негізінен құпия. Алқа зікір орындалу түріне қарай «Ара» және «жария» болып екіге бөлінеді. Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикметінде» мирас етілген «Ара» зікір салу сонау Закария пайғамбар заманынан қалған. Кезінде қазақ даласының символы болған «Алла һай» зікірін меншіктеп, әрбір қуанған қазақ баласы «алақай» деп жүгіріп қуанышын білдірсе, бүгінгі шаттанған бүлдіршіндер көңіл күйін басқаша білдіріп, ол сөздің шығу тегі ұмытылып жүр.

Зікір бағышталуына байланысты: Аллаға құлшылық және ем (ауырған адамды емдеуге Алладан шипа тілейтін) зікір болып екіге бөлінеді. Ем зікірді нобайына бақсылар жүргізген.

Артына рухани мол мұра қалдырған Қараш Ыбрайым ахун Құлбайұлы өзінің толғауларында зікір ғибадатын жиі-жиі ұлықтап отырады.

         «Осыларды үлгі еткен,

         Кереметті Пір де өткен.

         Жеті зікір тәмәмдап,

         Тарихат жолын үлгерткен,

         Шариғат жолын үйреткен,

         Шариғат пен тарихат,

         Ақиқатты бірге еткен –

         Мағрипатқа қол жеткен...

         ...Артындағы еліне

         Зікір, таспих, тең жеткен».   

         Қариялардың айтуынша «Ата зікірханасындағы соңғы алқа зікір – ел босып көшіп бара жатқан отызыншы жылдың күзінде болыпты. Екі жүзге тарта адам жиналып, етпісірім уақыт қоштасу зікірін айтып тарасқан» - делінеді.

        Тарих тағлымы: Кезінде қазақ даласының символы болған «Алла һай» зікірін меншіктеп, әрбір қуанған қазақ баласы «алақай» деп жүгіріп қуанышын білдірген. Қазақ баласының «алақай» деп қуанатындарының сыры осы.

Әулие Бекет Пір Атамыз Құдайға құлшылық етуді осылай уағыздаған.       

 

 - Сұпылық жолдың Маңғыстауда сақталған келесі жәдігері - «шілхана». Қазақта оданда басқа осы түбірден туындайтын «шілдехана» деген сөз бар. Бәрі де қасиетті «қырық күнге» байланысты. Ежелгі аталарымыздың ауыздарынан тастамаған «Хандардың қырық уәзірі» мен «Ғайып ерен Қырық Шілтен» әулиелерді еске алыңыз. Сұпылыққа бағыт алып, тақуалық жолға түскен адам шілге отырған, яғни қырық күн бойы шағын бөлмеде жеке отырып, күн тәртібімен түнгі сағат 2-3-тен бастап толық күн шыққанша Аллаға құлшылық еткен. Шілге отыру кезінде барынша Аллаға зікір айтып, ораза ұстап, жаратқанға бойсұнса, ол адамның жан жүрегі рухтанып, ақылға кенеледі. Шілге отыру тек қана ұстаздың басшылығымен мүриттің халіне қарай жүзеге асырылады. Ел аузында ең алғаш шілге отырғандар «Ғайып Ерен Қырық Шілтендер» деген әңгіме бар. Қырық Шілтендердің моласы да осы Маңғыстауда. Ақ Кетік пен Таушық елді мекендерінің орта жерінде.

 

- «Бекет-Атаның жер асты мешіті: жеті бөлмеден тұрады әрі өзіндік атқарылатын қызметтері болған. Олар: 1) Ата жатқан бөлме, 2) әйелдер бөлмесі, 3) түндікті бөлме, 4) дәліз, 5) намазхана, 6) зікірхана және 7) шілхана. Шілхана екінші қабатта орналасқан, бұрын кірер есік алдынан жоғары шығатын баспалдақ болған ол құлаған әрі оның ішіне адамдар жерленіп, есігі таспен қаланған. Барлық бөлмелердің ішкі пішіні киіз үйге ұқсайды, бірақ көлемдері әртүрлі. Түндікті бөлме ішінде тамақ дайындалып, негізгі шаруашылық орны болған. Қабырғаның Темірқазық жақтауында Құлмәмбетұлы Мұрын жерленген. Одан әрі қабырғада бармақ сияр он екі тесік және он екі қыр бар. Тесіктің ең біріншісі кірер есіктен қарағанда тура темірқазық бағытын көрсетіп, Мұрын марқұмның үстіңгі жағында орналасқан. Қалған тесіктер қырлардың бойына әртүрлі биікте орналасып, тораңғылдан жасалған шағын шілдіктермен (таяқша) белгі қойылатын болған. Әзірге тесіктер мен қырлардың не үшін қолданылатыны туралы толық мәлімет жоқ. Тек, Аяпберген сұпының айтуынша, «тарихат жолындағы мүриттерінің он екі мақамдарын белгілеп, құс қылып отырған» дейді» (86-88 бб). Базарбай бауырым! Осы Бекет-Ата жайлы деректердің басым көпшілігін сенің «Бекет-Атаның сұпылық жолы» атты еңбегіңнен алдым. Ата жайлы осыншама тың деректерді жинақтап, дүйім жұртқа жеткізгенің үшін сізге мыңда бір алғыс. Атаның аруағы желеп-жебеп жүргей!

 

-  Қожа Ахмет Ясауи мен Бекет Ата ілімінде қасиетті 7 мен 12 саны аса құрметтеледі. Бекет ата мешіті жеті бөлмеден тұрады. Алғашқы «аманатты» алған Қожа Ахмет Ясауидің жасы 12-де болған. Ұстаз «атқан жебесінің» түскен жеріне салдырған Шақпақ ата мешітінің сыртында да ұзын саны 12 ойық кездеседі. Ал Шопан-ата медресесінде 12 бөлменің орны бар. Осы қасиетті 12 саны Бекет өмір сүрген кезеңде де сұпылық тарихатының 12 мақамы іспетті сырттан ішке кіріп, мешіт қабырғасынан орын алып, 12 «қыр және тесікпен» бейнеленген.

Маңғыстаудың шежіре дерегі бойынша 7 саны Бұзау (Жеменей) атамыздың атын берсе, 12 саны «он екі ата Байұлы» атауын береді. Қазіргі бүкіл әлем елдері қолданатын сандық жүйені дүниеге әкелген Маңғыстаулық машайықтар болатын.

 

- Бекет-Ата ғибадатханасы жерасты мешітінің мұсылман әлемінде алатын орны ерекше. Ата ғибадатханасы – рухани, тарихи және сәулет ескерткіші, бұл маңыздылығы жағынан Мұхаммед (ғ.а.с.) пайғамбар және Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамыз жерленген жерлермен қатар саналатын әулиелі орын. Бұл жерге жыл бойы өз жан дүниесін ашуға адамдар лек-легімен ағылып келіп жатады. Олар әңгімелесу кезінде Бекет атаның атын ауызға алғанның өзінде пәле-жаланы аластайды, ал мешітіне кіріп құран оқудың сауабы өте зор екендігін сеніммен айтады. Міне, 250 жылға таяу уақыттан бері осы әулие орынға келіп, әулиенің рухына бас иіп, бірі ауруға шипа, бірі жанына жайлылық, істеріне сәттілік іздеп толассыз келіп жатқан зиярат етушілерді апаратын соқпақ жол дамыл көрген емес.

 «Бекет Ата – ерекше жаратылыс. Ол – рухты тәрбиелеуші» (Валерия Прохорова, дін танушы, ғалым).

 

-  Алғашқы адамдардың жер асты үңгірлерде тұрғаны баршамызға белгілі. Бекет-Ата мешіттерінің жер астынан салынуында да ұлағатты ишара бар. Бұл Маңғыстаудың «ілкі төр» екендігінің символы. Ата ұстанған «тарихат» жолы қыр-сыры көп ұлы жол. Түсінгенді тәнті етеді, түсінбеген жанға мәңгі жұмбақ болып қала береді.

 

- Бекет-Ата және оның сұпылық жолы жайлы бізге жеткен естелік-әңгіме, жыр-дастандардың бәрінде де «Тарихат» жолын ұстанған сұпылардың Ата-баба тарихын өте жоғары деңгейде білгендіктері айтылады. Олардың қалдырған тарихи деректері мен алдағы болатын жағдайларды болжаулары адам таң қаларлық құбылыс. Олардың қай-қайсысы да Адам Ата жаралғалы бергі жетпіс мың жылғы тарихты мүдіріссіз жатқа соғатын еді дейді көне көз қариялар. Демек, адам баласы кемелдікке тек қана «тарихатты» мойындағанда жете алады.

Адамзаттың  шежіре-тарихын білген жандар, адамзатты  алда не күтіп тұрғанын айқын болжай алады.

 

-   Бекет атаны халыққа әулие деп мойындатқан тағы бір елден ерек қасиеті Атамыздың кез-келген аурудың емін таба білуі. Бұл қасиет Маңғыстаулық барлық әулиелерге тән болған.

 

-   2008 жылдың шілде айынан бастап 2009 жылдың наурыз айы аралығында «31 арна» Медиа-холдингі «Қазақстанның 7 кереметі» қоғамдық жобасын ұйымдастырды. Дауыс беру қорытындысы бойынша Оғыланды тауындағы Бекет-Ата мешіті бірінші орынға ие болды. Бір «қызығы», содан кейін Қожа Ахмет Иассауи мен Пір Бекет ата ұстанған сопылық жолға да, олар қолданған зікірге де кейбір «топтардың» тарапынан жағымсыз  «шабуылдардың» белең алып кеткені ащы да болса шындық болып тұр.

- Сұпылық жол жайлы барлық аңыздар Қожа Ахмет Ясауи дәуіріндегі сұпылық (аманат) жол «садақ жебесімен» сипатталған. Ұстаз атқан жебенің ізімен бәрі Маңғыстауға келіп мешіт-медреселерін салған. «Бекет-Ата да ұстазы лақтырған Аса таяқтың ізімен Маңғыстаудағы Шопан атаға келеді». Аңыздың түбі шындық. Садақ пен жебе Маңғыстаудың жергілікті халқы Қаз Адайлардың рулық таңбасы. Осы «қарудың» авторы да осылар. Кей аңыздарда жебе орнына «Аса таяқты да» қолданады. Бұл бүкіл әлем халықтарын өздерінің асқан ұлы мәдениеті және адами қасиеттерімен «аузын аштырып, көздерін жұмдырған» Ас атанған халықтың осы елдің ұлы ата-бабалары екендігін және оның символы Аса таяқтың да авторы осылар деген сөз. Қожа Ахмет Ясауи мен Бекет-Ата ұстанған Сұпылық жолдың «Тарихат» атанатыны осы. Бұл жол қазақ атанған халықтың сөзі мен өзі тірі тұрғанда өлмейтін мәңгі жол. Бұл жолдың мағынасын түсінген жанды «еш бір жан» зорлық пен алдап-арбауға көндіре алмайды. Ішкі-сыртқы жауларымыздың және білместікпен солардың ықпалында жүргендердің «сопылық» жолды жек көретін себебі осы.

 

-  Атаның өзі көзінің тірісінде «Маған келетін кісі ең әуелі жолдан Шопан атаға соғып, тәуап етсін» деген өсиет қалдырған. Мағынасы Шопан Ата бәріміздің  атамыз, сондықтан бірінші Атама, содан кейін маған келіңдер дегені. Бұл өсиет бұлжытпай орындалуда. Қой мен Қойшының пірі атанған Шопан Ата қорымы мен  мешіті Өзен – Оғыланды жолының  50-ші км-де орналасқан.

 

 -  Ата  осындай өсиетті Оғланды Ата жайлы да айтқан. Оғланды да Бекет атаның және Маңғыстау халқының арғы атасы. Маңғыстауда сонау ежелгі рулық заманнан бастап, күні бүгінге дейін ұрпақтары Аталарының қасына жерленеді. Мұндағы әулие-қорымдардың барлығы дерлік рулық қауымдар. Бекет атамыз Ата сыйлауды, әке сыйлауды осылай насихаттаған.

 

     -     Бекет Ата жиі қолданған өнегелі өсиеттер:

           «Тек қана бір Аллаға сыйыныңдар»;

           «Алладан медет тілеңдер!»;

           «Аллаға зікір салыңдар!»;

          «Ата-аналарыңды сыйлаңдар!»;

          «Жақындарыңды сыйлаңдар, жат жанынан түңілсін»;

          «Біреуге қиянат, не озбырлық жасап тұрып менің атымды атамаңдар!»;

          «Қарқараға жандарың келгенше менің атымды ауызға алмаңдар, өте қиын жағдайда ғана жәрдем сұраңдар!»;

          «Бейнетіңе сабырлық қыл, ал рахатыңа шүкірлік қыл!»;

          «Жақсыны өзің үшін, ал жаманды ел үшін сыйла!»;

          «Тек жүрсең, тоқ жүресің»;

          «Ниетің жолдасың болсын!»;

          «Елді, жерді (ата жұртты), діл мен дінді, салт-дәстүрді көздеріңнің қарашығындай қорғаңдар!»;

 «Білім алыңдар. Білекті бірді, білімді мыңды жығар» т.т. Атаның өзі бұл өсиеттерді бұлжытпай орындап, ұрпақтарына үлгі бола білді.

 

-     Әулие Бекет Пір Атаның өмірден өтер алдында халқына айтқан соңғы өсиеті:  «Басыма ит сарытып басындырма. Жаттың (жаудың) табаны таптамасын». Әулиенің өсиеті бұлжытпай орындалыпты. Қазір атаның басына баратын жалғыз аяқ соқпақ қана бар. Ол соқпақтан басқа еш жерден пенде баласы маңайлап бара алмайды.

 

- «Көптеген аңыздарда Бекет-Атаның Аққу болып ұшатыны айтылады. Ежелгі тарих оқулығы бойынша Грекияда «Сва» атты Құдай мүсінінің болғаны белгілі. «Сва» ағылшын, скандинав тілдеріндегі Аққу сөзінің түбірі. Аққу ежелгі гректердің сәндік, әсемдік, көркемдік «Афродит» Құдайының баламасы. Гректердің Афродитке сиынуы оларға Кіші Азиядан барғанын археолог ғалымдар мәлімдеген. Аққуға теңеу – діндегі ең жоғарғы, мәртебелі мадақ» (Базарбай Әбдірахманов. «Бекет-Атаның сұпылық жолы», Алматы 2010. 74 бет). 

Аққу қазақтың лақап аты. Аталарымыздың «Аққу менен Қаз егіз, Адай менен Таз егіз» дейтіндерінің сыры осы.

 «...Мен Атом энергиясымен бекер айналысыппын. Мен сопылықтың Кратовый нара теориясымен шұғылдануым керек еді. Оны меңгергендер бір құрлықтан екінші құрлыққа, бір планетадан екінші планетаға көзді ашып жұмғанша бара алады. Құрлықтың әр жерінде бір мезгілде көрінуге болады. Өмірдегі өкінішім осы.» (академик А.Д.Сахаров).

 «Сопылардың көпшілігі “жетілген адамдар”. Ал “жетілген адам” бір мезгілде бірнеше өлшемде өмір сүреді, сондықтан қатарынан бірнеше ғылымды игере алады, адам таңғаларлық кереметтер көрсетеді.» (Сирадж Ад Дин,  XVІІ ғасырда өмір сүрген Кашмир ғалымы).

 

- Бекет Ата меңгерген Сопылық ілім барлық ғылымдардың ең биік шыңы. Сопылықтың сусындар қайнар бұлағы Ислам шариаты. Ол – бүкіл болмыстың неден тұратынын түсіндіріп бере алатын, қандай қоғам болса да оның тұрақтылығын сақтай отырып, сол қоғамға нәрлі рухани қорек ұсынатын, адалдық пен рухани тазалықты бәрінен жоғары қойып, адам жүрегінде ұялаған жарамсыз көріністерден құтылу шараларын үйрететін, жүректегі ізгі сипаттарды сақтаудың әрі көбейтудің жолдарын көрсететін, “кемел адам” дәрежесіне жету заңдарын түсіндіретін ілім. Мұнда адам баласының Аллатағала ықтияр еткен барлық рухани мүмкіншіліктері толық зерттеледі. Адам баласына «Бақытты ғұмыр кешу» деген ұғымның мәні мен мағынасын, оған жету жолдарын ашып көрсетеді. Бұндай ғылым жер бетінде жоқ.

Сопылық жол ұстанған қариялардың айтуынша, мұсылман пендесі мен саясат бір-біріне араласпауы керек. Сопылар биліктен аулақ, саясаттан сырт жүруді дұрыс санайды. Бірақ мемлекет басшысына адал болып, риясыз бағынады және Аллаға еш алаңсыз сыйынып, кемелденуі үшін өзі өмір сүрген елінде тыныштық болуына аянбай ат салысады. Сопылық ұйымдар мемлекет басшысына бағынып, болған өзгерістерді «адам пендесінің пейіліне қарай Алланың берген сыйы» деп түсініп, елге тек қана діни, тәрбилік мағынадағы уағыз-насихат айтып отырған.

Маңғыстауда сұпылық жолдың бірнеше тарихаттарын ұстанған сұпылар өмір сүрген. Ұстанған негізгі тарихат, қазақ даласының сұпылық жолы – Иасауи тарихаты болған. Халық арасында Иасауи атауы анықтап айтылмай, ол дәстүрлі діни ислам сұпылық жолы немесе Бекет атаның сұпылық жолы болып қалыптасқан.

         “Шариғат базарында сайрандағам,

         Мағрипат бақшасында жайраңдағам,

         Тариқат сарайында тайраңдағам,

         Хақиқат есігін мен аштым міне”, – деп жазған Қожа Ахмет Ясауи бабамыз өзінің 34-ші хикметінде: “Тариқат жібереді жерге тығып, бұл жолға қаламасаң түспең достар”, – дейді. Себебі сопылық жолды ұстану әр мұсылманның еркіндегі, өз ықтиярымен ғана атқарылатын іс. Ол – адамның өзіне қосымша міндеттемелер алуы арқылы өзін-өзі жетілдіру тәсілі, дін ғұламалары әлі күнге дейін біржақты бағасын бере алмай келе жатқан мұсылмандардың белгілі бір бөлігінің тірлік ету дағдысы мен өмір сүру салтына айналған құпия ілім, бастауы бар, өз заманының ұлылары ғана ұстанған, өте қасиетті, аса қадірлі, тым жіңішке жол.

Әулие Бекет Пір Ата осы жолды жүріп өткен.

- Бекет әулие. «Әулие – Алланың досы, Алланың нұсқауындағы адам. «Ислам» энциклопедиясында «Әулие» - діни наным бойынша тірілердің тағдырына ықпал жасай алатын, қасиетті, киелі адамдар» деп анықтама берілген. Ол туралы Құран Кәрімнің «Жүніс» сүресінде «Алланың сүйікті достарына (құлдарына) қорқыныш та, өкініш те жоқ» (10.62) делінген. «Алланың сүйікті достары» - әулиелер.

Әулие таза қазақ сөзі. «Ауыл (әуіл) иесі (ие)» деген екі біріккен сөзден тұрады. Осы «Әу» түбірінен туындайтын тағы біз сөз «әулет». Күні бүгінде де, бір атаның ұрпақтарын «пәленше, түгеншенің әулеті» деп жатамыз. Себебі, Әулие әулеттің басы, әулет Әулиенің ұрпағы. Шындығында да, әр адамның өз әкесі, өзіне «Әулие». Бірақ әулие дәрежесі кез-келген жанға беріле бермейді. Ол үшін Сұпылық жолдағы адамзаттың даму жолдарының төрт сатысынан: «шариғат», «тарихат», «ақиқат» пен «мағрипат» сатысынан өтуің керек. Осы сатылардан өткендер, яғни Ата-бабаларының тарихынан (жақсысынан да, жағымсызынан да) хабардар жандар, олар жіберген кемшіліктерді қайталамайды, тек қана жақсысын жалғастырады. Өткен тарихты білген жан, алдын да болжай алады. Оларды біздің аталарымыз «көріпкел уәли» деп те атаған.

Қазақта мынадай мақал бар: «Әулие, Құдай емес, Құдайдан былай да емес». О, баста Алла Тағала адамды әулие болу үшін, өзіне дос-халифа, яғни жердегі орынбасары болуы үшін жаратқан еді (35:29). Осы айтылып отырған әулиелердің барлығы да осы өмірдің өзінде сол мақсатқа жеткен, Алланың үмітін ақтап, жердегі орынбасарлық дәрежеге ие болған жандар.

Маңғыстаудың «360 әулиелі киелі Маңғыстау» делінетінінің сыры осы.

 

-  Бекет Ата бұлағынан 150 метр қашықтықта Атаның киік, арқар сауған жерлері бар, қазір ол жерге ескерткіш белгі ретінде лақты киіктің мүсінін жасап қойған. Әншейінде шаңыңды көргеннен қашатын киік пен арқар ыдысын алып дұғасын оқып отырған Бекет-Атаға саудыруға ыңыранып өзі келетін көрінеді.

Ел аузы бұл жердегі арқарларды Бекет атанікі деседі. Оларға тиісуге болмайды. Арқарды атпақ болғандардың өздері жараланып, не мертігіп қалады. Бұған сену-сенбеу әркімнің өз шаруасы. Бірақ, «халық айтса, қалып айтпайды» деген мақалды да біле жүргендеріңіз абзал.  Оғыландыға зиярат етіп ағылған жұрт, егер арқарды көріп қалса, тілегіміз қабыл болады деп қуанысады.

Ата мешіті маңындағы киік, арқарлар күні бүгінде де иманы бар адамдардан қашпайды. Оларды 3-4 метр қашықтыққа дейінгі жақын аралықтан көріп, олармен бірге суретке де түсе аласың.

- Ата мешітіндегі намазханада михраб (Меккені (құбыланы) меңзейтін қуыс) орналасқан. Ернегі үш бедерлі қырмен жиектелген. Ол ұстаз-имамның сұпылық деңгейін көрсетеді, ал үңгілген бағыты Меккенің топографиялық бағытымен дәлме-дәл. Бекет-Ата сұпылықтың ең жоғарғы сатысына жетіп, ұшатын қасиетке ие болғаны туралы дәлелді аңыздар жетіп-артылады.

- Маңғыстау мен Үстірттегі Бекет Атаға байланысты жердің бәрінде де биік тау шатқалы, оның баурайында балдай бұлақ, көк құрақ, маңыраған арқар, таутеке. Маңғыстау мен Үстірттің өзге өңірлеріндегі архарлар мен таутекелерді әлдеқашан аулап бітірсе де, Атаға байланысты өңірдегілерге ешкім тиіспейді. Олар – Елдіктің шебі. Елдіктің төрі. Адами қасиеттің ең биік шыңы. Оларды жауға алдырған жұрт Ел болып тұра алмайды. Намыс пен Иман ұяларын қастер тұта білмеген жан иесі қатарға кіріп, адам санатына еніп, қалтырамай жер басып жүре алмаса керекті!

Бұл жағдай ежелгі Маңғыстаулықтардың Алланың жаратқан барлық тіршілік иелерімен біртұтас болып бірігіп, ғұмыр кешкендерінің айдай айғағы болмақ. Сұпылық ілімнің «Аллатағала жаратқан барлық тіршілік иелеріне қиянат жасауға болмайды» деген басты қағидасының 360 әулиелі киелі Маңғыстауда бұлжытпай сақталғанын көрсетеді. Сол ежелгі Маңғыстаулықтардың бүгінгі ұрпақтарыда соны жалғастыруда.

 

-  Атаның аян беруі. Ата аруағының өзінен медет тілеген ұрпақтарына жәрдемдесіп,  желеп-жебеп  жүруі. Атаның шапағатын сезінген жанның есебі жоқ. Бұл енді бүгінгі ғылыми тілде «фантастика» делінгенімен, бұны ешкім де жоққа шығара алмайды. Оны жоққа шығарам деу кейбіреулердің «өткен ата-бабаларының тарихынан хабарсыз, айналасында болып жатқан дүниеден мақрұм қалып, ас ішіп, аяқ босатқаннан басқаға шамасы (ақылы иен білімі) жетпей, сана-сезімінің жетілмегендіктерін» ғана  білдіреді.

 

      Тарих тағлымы: Маңғыстау халқының «Медине де Мұхаммед, Түркістан да Қожа Ахмет, Маңғыстау да Пір Бекет», 362 әулие! Желей көр, жебей көр! Сүрінсек, қолдап демей көр!» - дейтіндері осыдан. «Өлі жебемей, тірі байымайды». Өмірден өткен ұлы Аталарыңның аруағын сыйламай ұмытқаның, өз Атаңды ұмытқаның, Атаңды ұмытқаның Әкеңді ұмытқаның, Әкеңді ұмытқаның өзіңді ұмытқаның, Өзіңді ұмытқаның ұрпағыңды ұмытқаның. Дүние кезек, ары қарай мәңгүртке айналып, Дарвин айтқандай маймылға бала болып шыға келесің.

Ұлы Жаратушы – Аллаға иман келтіріп, еліне, жеріне қалтқысыз қызмет жасап, ұрпағына үлгі болған тұлғалардың аты ауызға алынып отыруы тиіс. Қарапайым қағида «ұрпағы Аталарын іздемесе, үнемі ауызға алып, дұғасын жолдап отырмаса Оларда іздемейді» делінеді ұлы даламыздың дана қарияларының сөзінде. Ежелгі шежірелерде айтылатын «Жоғалған рухтар» делінетін ұғым осылай дүниеге келсе болса керек.

            «О, менің Маңғыстауым, Маңғыстауым!

            Мақтанып мақтанарым, алға ұстарым

            Өзіңде бар махаббат, бар құштарым,

            Жыр болып құйылады алғыстарым…

            Сен десем нөсерлеп жыр ағылады,

            Сен десем жаныма шам жағылады.

            Ауызға алсақ сені жатады ғой,

            Нұр шашып Бекет Ата аруағы» (Темірхан Медетбек, ақын).

 

           «Біз-дағы пендеміз ғой бұлт кешкен,

           Сауыңда қауіп-қатер шығыпты естен:

           Құлдилап сондай құздан құларымда,

           Арман не, “Иә, Бекет!” деп тұрып кетсем!» (Ғафу Қайырбеков).

 

-    Соңғы кездері Ата атына БАҚ-тарда кейбір жетесіздердің тарапынан сирек болса да  әртүрлі жағымсыз пікірлер айтылып жүрген жайы бар. Маңғыстауда ешкім Атаны Аллаға теңеп жүрген жоқ. Біз Атаны Алланы, Оның елшісі Мұхамбет (ғ.а.с.) пайғамбарды қалай сүюдің үлгісін көрсеткені үшін, пірлердің пірі ұлы ғұлама Құл Қожа Ахмет Иассауидің Тарихат жолы – Ар (Хал) ілімін жалғастыруда сопылық дәрежеге көтеріліп,  ұстаз болғаны үшін, ұрпағына үлгі болғаны үшін  сүйеміз. Сол үшінде Ата аруағына басымызды иеміз. Ұлы аталарымыз Әулие Бекет - Пір Атаны Аллаға деген ғажап махаббаттың үлгісін көрсеткені үшін Ұлық тұтты, ұрпағыма үлгі болсын деп, есімін өздеріне ҰРАН етті.

          «...Бекеттің естіп зыбанын,

          Байқады халық шамасын,

          Көп болып қамдап тұрағын.

          Мекен етіп, жай қылды –

          Ана Оғыландының бұлағын.

          Қара тасты қақ жарып,

          Ішіне  жағып шырағын;

          Ертелі-кеш еңіреп,

          Зікір айтып зарланып,

          Алланың іздеп ажарын;

          Жылаған екен еңкілдеп,

          Сәлделері селкілдеп,

          Бір Алла, сенде еркім деп, –

          Алдына қойып Құранын» (Сүгір Бегендікұлы – қазақтың ең соңғы жырауларының бірі. 1974 жылы 84 жасында өмірден өткен).

           «Әуелі Алла,

           Сонан соң Бекет әулием,

           Аруағыңа бас идім!» (Фариза Оңғарсынова).

 

     -  Бүткіл әлемнің діни ғұламаларының  бір ауыздан тоқтаған «Ислам дінінің теориясы Араб елінде, тәжрибесі Қазақ жерінде» делінетін тұжырымдарын мойындатқандар:

        «Түркістанда түмен бап,

        Сайрамда бар сансыз бап,

        Отырарда отыз бап,

        Баптардың бабын сұрасаң,

        Ең үлкені Арыстан бап», Пірлердің Пірі Құл Қожа Ахмет Иассауи және Әулие Бекет Пір Ата болып табылады.

-   Қазақ халқы осы «тарихат» жолымен ең бірінші болып Мұса пайғамбарға үмбет болып, мұсылман болды. Ұлы Жаратушы – Алланы таныды. Атам Қазақтың «Тұсау кесер» деген салты солардан қалды. Бізден басқа ешбір елде мұндай салт жоқ. Мұса мен тұсаудың түбірлес болатыны осыдан. Еске ұстайық. Атам Қазақта «Сөз түбірі» (өз түбі, сөздің атасы) ешқашан жаңылысып көрген емес. Жаңылысатын тек қана адамдардың санасы, яғни ақылы мен білім деңгейлері ғана.

Осы сара жолмен қазақ халқы ешқандай зорлықсыз, өз еріктерімен  Мұхамбет (ғ.а.с.) пайғамбарға да үмбет болды.

-  «Ердің соңы – Есет, Пірдің соңы - Бекет», «Қазақ қорықса Бекет дейді, Бекет те айтқандарын екі етпейді», - деген қанатты сөздің өзінен ата тұлғасын анық аңғаруға болса керек.

-   Барлық Маңғыстаулық әулиелер, соның ішінде Әулие Бекет - Пір Атада «тарихат» жолын ұстанушылар екеніне назар аударсақ, 360 әулие атауының да өткен тарихқа қатысты екені дауға жатпаса керек. Себебі, адам баласын «әулие» дәрежесіне жеткізетін төрт сатысының (шариғат, тарихат, ақиқат пен мағрипаттың) екінші сатысы осы тарихат. Мағынасына қысқаша шолу жасар болсақ, бірінші шариғатты (мұсылмандықты) мойындауың, екінші ата-бабамыздың рулық шежіресі мен  тарихын білуің шарт. Осы екі сатыдан өткеннен кейін Алланың ақ жолы «Ақиқатқа» жетесің, яғни  Әділеттің не екенін түсінетін боласың. Сосын соңғы саты ғылым мен білімге де кең жол ашылады.  Әулие атанғандардың барлығы да осы төрт сатыдан өткендер. Өйтпеген де ше? Олардың адам жанын зерттейтін «Хал ілімі (Ар ілімі деп те аталады)» мен Адам ата ұрпақтарының шежіресін сонау Адам атадан бастап тарататынын Маңғыстаулық ақын-жыраулардың барлық шығармаларынан табамыз. Шындығында да «ғылым мен білімнің» төресі, бүгінгілер айтып та, жазып та жүргендей «ракета» жасау емес, Адам жанының мүмкіншіліктерін зерттеп, шынайы махаббат пен шын бақыттың мәні мен мағынасын сезіндіру ғой.  

Көрсетілген үш сатыдан, яғни шариғат, тарихат және ақиқаттан өтіп барып жасалған ғылым халыққа қызмет жасайды, олардың аты ел аузынан ешқашан түспейді. Аттары әспеттеліп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мыңдаған жылдарға кетеді.  Мысалы, Шопан атаны алайық. Даланың жабайы аңын ең алғашында ұстап, қолға үйретіп, оны қойға айналдырған атамыздың аты Шопан. Тегі Тобыш. Сан ғасырлардан бері Шопан ата қорымы мен мешітінің басында тек қана осы ата ұрпақтарының шырақшы болып келе жатқаны осыны білдіреді.  Шопан мен Тобыштың түбірлес болатыны да осыдан. Сондықтанда бүкіл қазақ баласы Шопан атаны қойдың, қойшының пірі (ұстазы) деп ардақ тұтады. Сонымен қатар, Шопан атамыздың атын дәріптеп, ұмытпау үшін қой бағатын бүкіл малшы, қойшыны да шопан деп  атай береді. Авторлық құқық сақталып отыр. Демек, Шопан атамыздың аты Қазақ пен оның ана тілі тірі тұрғанда өлмейді.   Үш сатыдан өтпей барып жасалған ғылым халыққа қарсы қызмет жасайды. Олардың есімдерін ешкімнің білгісі де келмейді және оларға қарғыс айтылады (Мысалы, ядролық, химиялық, бактерологиялық, нейтрондық  қаруларды ойлап тапқан азғынға қандай құрмет болуы мүмкін). Онысын өздері де сезеді.

        «1. М. Калашников – орыс инженері, АКМ автоматының авторы.

        2. С.Коэн – америкалық инженер, нейтрон бомбасының авторы.

        3. Сахаров – орыс ғалымы, сутегі бомбасының авторы.

        Сутегі бомбасын жасаған, белгілі академик Сахаров екені белгілі. Ол жасаған «бомба» мыңдаған адамның жанын қиып, мыңдаған адамды ауруға ұшыратты.

Ал, нейтрон бомбасын жасаған С.Коэн болса чех журналисіне берген сұхбатында өзінің жасаған нейтрон бомбасы жайлы, сүйсіне көңіл толған кейіпте, «мен адамзатқа пайдалы, үлкен жақсылық жасадым, ол нейтрон бомбасы. Бұл бомба адамзаттың қолымен жасалған бірде-бір дүниені қиратпайды. Бұл бомбадан кейін қала сол күйінде бүлінбей аман қалады» деген. Бұл ғалым, сол қала тұрғындарының түп-түгел қырылатыны жайлы, тіпті есіне де алмаған. Ал дүниенің аман қалатынына қуанғанда қойған. Бұл «ғалымның» еңбегін қалай бағалаймыз. Коэннің өлер алдында не дегені белгісіз, ал бірақ академик Сахаровтың өлер алдында «мен қателескен екенмін, не үшін ғалым болдым, не үшін осы бомбаны жасадым, адамзаттың алдында, Жаратушының алдында не деп жауап беремін» деп қиналғанын, көптеген Бұқаралық Ақпарат Құралдары оқырмандарға жариялады.

Ғылым адам игілігіне жасалуы керек (М.Көрпелиев «Үйлесімділік Әліппесі» Алматы-2011. 41 бет).

Қосарымыз: «Коэн - еврейлік текті білдіретін фамилия. Лондоннан (Англия) Америкаға қашып барған эмигрант. Тамақ рагінен қайтыс болған.

Коэны, кохены (ивр. כֹּהֵן‎‎) — иудаизм дініндегі еврей діни қызметкері Ааронның ұрпақтары» (Википедия – ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет). Кохен (Кохан) бұл баяғы Библияның Жаңа Өсиетіндегі (Евангелие) Зебедей (Жебедей) ұлы Қоханның ұрпақтары.

Михаил Калашников та өлер алдында Ұлы Жаратушының алдында сан миллиондаған адамдардың өзі жасаған АКМ-інен (оқпен атылатын Калашников автоматты қаруы) қаза тапқанына жаны қиналып, өкініш білдіргенін, оның Шіркеуге барып өз істеген ісіне өкінгені жайлы  көптеген баспасөздер жарыса жазды.

Біздің аталарымыз осы төрт сатыдан өтіп, оларды толық меңгерген жандарды «әулие» деп атаған. Әулиелер әулетіне ешқашан қиянат жасамаған. Манқыстаудағы осындай әулиелердің саны 360. Олардың ешқайсысы жоғарыда көрсетілгендей сорақылықтарды (ұрпақтарына зиянды дүниелерді)  жасамаған.

Өлікке жан беріп, аспанда құс болып ұшып, қара суды теріс ағызу, қажет кезінде жауын жауғызып, дауыл тұрғызу сияқты не түрлі кереметтер қолдарынан келетін әулиелердің ойында да, сөздік қорында да ондай түсінік (қиянат жасау) болмаған.

Әулие Бекет – Пір атамызды осы төрт сатының төртеуінен де өткен деп батыл айта аламыз. Атамыз шыққан бұл ілімнің (Ар ілімінің)  шыңына сол заманнан бері әлі ешкім шыға алған жоқ.

          «Әулие Бекет пірімнің    

          Оғыландыда ошағы –

          Жалыны шалқып шақырған.

          Шариғаттың жолында

          Баспаған қадам ғапылдан. (Ата діннен ауытқымай, тазасын ұстанған деп отыр).

          Тарихаттың жолында

          Саһардан саба сапырған. (Тарихты, яғни Ата шежіресін толық меңгерген).

          Мүриті қойдай маңырап,

          Соңынан еріп қапылған.

          Ертелі-кеш еңіреп,

          Зікір айтып аһ ұрған. (Аталарымыз зікір салған. Түркістандағы пірлердің пірі Қожа Ахмет Иассауи мешітінде арнайы зікір салатын «Әздер» тобы болған).

          Дәріс айтқан ұстазы –

          Хиуада Бақыржан. (Шәкірті мен ұстазына құрмет бірдей көрсетіледі. Біз шәкірті арқылы ұстазының бейнесін айқын көре аламыз).

          Үйренген үлгі жолы бар

          Құл Қожа Ахмет тақсырдан,

          Алласы қалап әуелде,

          Уәлилерге бас қылған. (Пірлердің Пірі, яғни бас ұстаз деген мағынада).

          Миғражда нұрын көрген соң,

          Хақ Расуллі паш қылған.

          Арыстан баптай досына

          Аманат-құрма тапсырған...

          Солардың үлгі жолымен

          Бекетім шықты дін түзеп,

          Көкірек көзін аштырған... (Ақтан Керейұлы. Әйгілі Сүгір жыраудың ұстазы, «Адайдың бес жүйрігінің» бірі, атақты Абдолла хазірет Жаналыұлының шәкірті).

 

-   «Пайғамбарымыздың «Ақырдың алдында менің дінім 73-ке бөлінеді, оның біреуі ғана хақиқат» делінетін жолы осы жол болса керек. Осы жол Маңғыстауды «360 әулиелі киелі өлкеге» айналдырды және Бекет атаны Ар ілімінің ең биік шыңына шығарып, атамызды «Әулие Бекет – Пір Ата» атандырды.

Соңғы үш ғасырда Бекет Ата шыққан білім шыңына жан баласы жете алған жоқ.

Ал, біз сияқты қарапайым пенделерге осы дүниелерді түсіне білудің өзі бір ғанибет болмақ. Атам Қазақтың «Би бол, би бола алмасаң, би түсетін үй бол» дейтін өсиетінің сырына терең бойлағанымыз абзал.

-    Әулие Бекет Пір Атамыздың (арадан екі жарым ғасырға жуық уақыт өтсе де)  атын аңызға айналдырып, есімін ел аузынан түсірмей қойған не құдірет дейтін болсақ, ол Бекет атамыздың   Алланың Хақ (Хақиқат) жолын таңдап, осы жолды, яғни Ар ілімін ұрпаққа уағыздауы. Бұл жол тек тек қана Ұлы Жаратушы - Аллаға деген Иманнан, Әділдіктен, Адалдықтан, Шапағаттылықтан, Мейрімділіктен және Парасаттылықтан тұрады.  Адам баласының кемелдікке тек қана осы жолмен жете алатындығына Бекет атамыздың ғұмыры толықтай куәлік ете алады десек, шындықтың аулынан алшақ кете қоймаспыз.      

 

-     Атам Қазақтың бүкіл әлемде теңдесі жоқ «Малым жанымның садағасы, Жаным арымның садағасы» делінетін ең ұлы қағидасын ұрпақ санасына сіңіріп,  Ар ілімінің ең биік «шыңына» шыға білген, тарихаттың сопылық жолын ұстанған Маңғыстаулық 360 әулиелер болатын. Әулие Бекет – Пір Атаны сол әулиелердің «асыл тұяғы» десек артық айтқандығымыз болмайды.

Өздеріңіз көріп отырғандай, Тарихат жолын ұстанғандарда пирамиданың «шыңына» Ар (ар-иман, атамекен, отбасы) қойылған. Ал Біз қазір сол пирамиданың «ұшындағы» Арды «малмен» ауыстырдық.

Еліміздің бар байлығын тонап, шетелге асырып жүргендігіміздің себебі осы. Мұның соңы жақсылыққа апармайды.

Қазіргі дүние қуалап жүргендердің және солардың сойылын соғатындардың бұл ілімнен   зәрелері ұшып қашатын себебі де осы. 

Қарапайым халықтың жүрегінен Бекет Ата сұпылық жолының өшпестей орын алатынының сыры  да осы.

        Тарих тағлымы: Ұлы Жаратушы – Алланың қалауымен басында Әулиелердің, сол Әулиелер арқылы бүкіл қазақтың жүрегінде жанған бұл оттың өшуіне жол беруге болмайды. 

 

 

Атаның аты 360 әулиелі киелі Маңғыстаудың бірден-бір иесі, Адам Атаның қарашаңырағының иелері Қаз Адайлар үшін аса қастерлі. Бұл жердің жергілікті халқы (келіндері түгіл, жасы үлкен ер-азаматтары да) Атаның атын тікелей атамайды. «Ата айтыпты», «Атаға барамын», немесе «Атадан келемін»  дейді. Соңғы кезде Атамыздың атын не болса соған телитін ауру таптық. Атамыздың есімін мешіттен басқа еш жерге қоймаған дұрыс. Атамыздың өзі де барлық саналы ғұмырында бірнеше жерден мешіт салып осыны уағыздап кеткен.

 

Тағы бір аса ескеретін жағдай,  Атаның басына жұрттың бәрі барып жатыр ғой, менде барып көріп келе қояйыншы деген «туристік» пиғылда баруға  болмайды. Неге деген сұрақтың жауабын, өздеріңе қалдырдым.

 

            Тарих тағлымы: Бекет-Ата және оның сұпылық жолы жайлы бізге жеткен естелік-әңгіме, жыр-дастандардың бәрінде де «Тарихат» жолын ұстанған сұпылардың Ата-баба тарихын өте жоғары деңгейде білгендіктері айтылады. Олардың қалдырған тарихи деректері мен алдағы болатын жағдайларды болжаулары және кез келген аурудың емін таба білулері адам таң қаларлық құбылыс. Олардың қай-қайсысы да Адам Ата жаралғалы бергі жетпіс мың жылғы шежіре-тарихты мүдіріссіз жатқа соғатын еді дейді көне көз қариялар. Демек, адам баласы кемелдікке «шариғат» пен «тарихатты», «ақиқат» пен «мағрипатты» қатар ұстанғанда ғана жете алады.

 

Сөзімнің соңында айтарым, Әулие Бекет - Пір Ата Алланың ақиқатын іздеп, Құдайға құлшылық етудің ғажап үлгісін көрсеткендіктен (Әбіш ағамыз айтқандай), Өзінің асқақ жұртының ақар – шақар шың басындай тәкаппар жүрегінен мәңгілік жәннат тапқан, Әлсізге Медет, Күштіге Айбар, Зарыққанға Жебеу, Торыққанға Демеу, Асқанға Тосқан, Сасқанға Сая, Ауырғанға Дауа, Ұрпаққа Ұстаз, Ұлысқа Ұран, Ел иесі Жер киесі Пір атаға қанша тағзым қылсаң да артық емес. Ол көзінің тірісінде Ұлы Жаратушы – Алланың Хақ жолы: қиянатқа жол бермес Әділдіктің, күпірлікке жол бермес Адалдықтың, қараулыққа жол бермес Шапағаттылықтың, қатыгездікке жол бермес Мейрімділіктің, арсыздыққа жол бермес Парасаттың асқан үлгісін танытып, үлкен – кішіні, алыс - жақынды, дос пен дұшпанды түгел мойындатқан адам.

Әулие Бекет -  Пір Атаның және  одан да бұрынғы Маңғыстаулық 360 әулиелердің жүріп өткен тарихи жолын саралағанымда, менің көз жеткізген ақиқатым осылай болды. 300 жылға жуық орыс бодандығынан тәлім-тәрбие алғандар мен ислам дінін арабтың меншігі деп білетіндердің бұл ақиқатқа да қарсы шығатынын болжау анау айтқандай қиын емес. Оларға сол сопылардың мына сөзімен күні бұрын жауабын бере кетейін. «Ақиқат айтылған жерде шайтан шыңғырады». Таңдау өздеріңізде. Ақиқат жолындағыларды Пір Бекет Ата аруағы желеп-жебеп жүргей!

ҰЛЫ ЖАРАТУШЫ - АЛЛА ОСЫ ЖОЛДАРДЫ ОҚЫҒАН БӘРІҢІЗГЕ ИМАН БЕРГЕЙ!                                       

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстаудан

Abai.kz

 

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3528