Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3731 0 пікір 27 Мамыр, 2010 сағат 07:55

Саяси сауатсыз сықақшы

Соңғы кездері Қарағанды аймағындағы үкіметшіл бұқаралық ақпарат құралдары таза шатыса бастаған сыңайлы. Тура мағынасында. Бұдан ілкіде «Жас Алаш» газеті облыстағы «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасындағы текетірес туралы талдап, талқылап жазған болатын. Кеншілер аймағында үкіметтің идеологиясын жүргізуге мүдделі жалғыз қазақ тілді басылым - облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің айналасындағы дау-дамай да телеарнадағы шудан кем емес екенін жұрт біле ме екен?!

Көптеген мақала-очерктерімен, жеке адамдар туралы әсіре көпіртіп мақтағыштығымен, науқандық дүниелерді сол баяғы жоспарлы шаруашылық заманындағы ұранмен «уралап» жазатын «Орталық Қазақстан» газеті әлі де кеңестік дәуірдің сарқыншағы іспетті. Сәуірдің 1-жұлдызында облыстық газеттің Күлкі күніне арнаған «Шаншар» әзіл-сықақ отауында мынадай әзіл хабарландыру жарияланды: «Астана қаласындағы пәтерімді сатамын немесе Ақтоғай ауданындағы тұтас бір ауылға айырбастаймын. Байланыс телефоны: 0-00-00-00».

Соңғы кездері Қарағанды аймағындағы үкіметшіл бұқаралық ақпарат құралдары таза шатыса бастаған сыңайлы. Тура мағынасында. Бұдан ілкіде «Жас Алаш» газеті облыстағы «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасындағы текетірес туралы талдап, талқылап жазған болатын. Кеншілер аймағында үкіметтің идеологиясын жүргізуге мүдделі жалғыз қазақ тілді басылым - облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің айналасындағы дау-дамай да телеарнадағы шудан кем емес екенін жұрт біле ме екен?!

Көптеген мақала-очерктерімен, жеке адамдар туралы әсіре көпіртіп мақтағыштығымен, науқандық дүниелерді сол баяғы жоспарлы шаруашылық заманындағы ұранмен «уралап» жазатын «Орталық Қазақстан» газеті әлі де кеңестік дәуірдің сарқыншағы іспетті. Сәуірдің 1-жұлдызында облыстық газеттің Күлкі күніне арнаған «Шаншар» әзіл-сықақ отауында мынадай әзіл хабарландыру жарияланды: «Астана қаласындағы пәтерімді сатамын немесе Ақтоғай ауданындағы тұтас бір ауылға айырбастаймын. Байланыс телефоны: 0-00-00-00».

Кеңестік кеңкелес «Күлкі күнін» әлі ұмыта алмай жүрген газеттің «әзілінің» түрі әлгіндей. Астанадағы пәтер шалғайдағы ауданның ауылынан, ауылдағы қыстан қысылып отырған қалың елден, мал-мүлік, қора-қопсыдан қымбат екен! Қымбат болғанда да, тіпті, құнсыз! Пәтер өтпей қалса ғана айырбастай салады. Онымен, үкіметтің сойылын соғып отырған газет не айтқысы келді екен?! Әлде, «Ауылды дамытайық!», «Жас мамандарды шалғай ауылдарға аттандырайық!» деп ұрандап отырған үкіметтің саясатын жүзеге асыруға жасалған қадам ба бұл?! Қалай десек те, «Шаншар» отауы шатпақтаған әзілсымақтан саяси сауатсыздықтың қолаңса иісі мүңкиді!

Оның сыртында, әзілкеш журналист Астанадағы пәтерге айырбастай салатын Ақтоғай ауданында ұлтқа қадірлі ештеңе жоқ тәрізді! Ақтоғай ауданының бір ауылында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов, бір ауылында Жақып Ақбаев, бір ауылында Әлімхан Ермеков, Әсет Найманбаев, Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Шашубай Қошқарбаев, Нарманбет Орманбетұлы, Сахи Романов, Мағауия Хамзин, Серік Ақсұңқарұлы дүниеге келген. Бұл тізімді ұзағынан жалғастыра беруге болады. Бірақ, осындай ұлт тұлғалары туған топырақ облыстық газет үшін түкке тұрмайды екен!!!

Аталмыш әзілсымақ жарық көре сала Ақтоғай ауданының ардагерлер кеңесі, ақсақалдар алқасы және өзге де қоғамдық ұйым өкілдері наразылық танытып, жергілікті жерден облыстық мәслихатқа сайланған депутат Айман Тұқбаеваға, облыс әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевқа шағым хат жолдаған. Жақында әлгі наразылыққа басу айту мақсатымен облыстық газеттің Бас редакторы, еңбек сіңірген қайраткер, облыстық мәслихаттың депутаты, тағы да өзге салақұлаш атақ-даңқы бар Мағауия Сембай өз газетіне екі ауыз жауап жазды. «Ақтоғай ауданының бірқатар азаматтары 1 сәуірдегі әзілді қабылдамаса, мына Мен - бас редактор - Мағауия Сланбекұлы Сембай Қаздауысты Қазыбек бабамыздың Едірей ауылы немесе мына Менің ауылым - Аққора деп оқуын 18.558 оқырманымнан сұраймын» дейді атақ-абыройы аспан тіреген редактор.

«Қазыбек бидің немесе Менің ауылым деп оқыңыздар» дегенде Мағауия мырзаның не айтқысы келді екен?! Өзін әйгілі бабамызбен қатар қойғысы келгені-ау шамасы. Газеттің шекесіндегі «Сөздің атасы - бірлік, анасы - шындық» деп Қаздауысты Қазыбек бидің айтқан ұранды ұстанымына осы газет әлгі әзіл арқылы тікелей қарсы шығып отыр! Есебі, өзі отырған бұтағына балта шапқан Қожанасырдың әулекілігі тәрізді. Оған қоса, бір ауылды, тіпті өз ауылын болса да, әзілдеп те, сатып жіберуге кім құқық берген екен?! Ақылды әзіл «Астанадағы пәтерімді сатамын, болмаса, есігіне құлып салып, ауылыма кетіп қаламын» деп келуі керек еді ғой.

Ал, әлгі күлдібадам жауаптан оқырманды менсінбеудің ызғары сезіледі. «Облыстық газет бір Ақтоғай немесе сондай аудан мен қала шеңберіндегі шенеуніктердің өткізетін аудандық деңгейдегі шараларын, мәжілістерін жариялауға міндетті емес» деп бір шалқаяды. Бұны мемлекеттің саясатына ашықтан-ашық кедергі келтіру деп ұқпасқа шара жоқ. Бажайлап іздеп отырсаңыз, кейде облыстық газеттен бір аулада, бір үйде болған оқиғасымақтар да жарияланып жататынына ел куә.

«...жалпы редакция журналистері Ақтоғай ауданын назарда ұстайды. Әгәрәки, жағымды жаңалықтарыңыз бен жасампаз істеріңіз болса?...

Болмаса өкпелемеңіздер...»

Әлбетте, өкпелеп қайтеміз - тек облыстық газеттің беті бұрынғы кеңестік басшылар мен қосшылар, одан қалды 40, 50, 60, 70-ке толып жатқан тойшылардан босап, елдік мәселелерді көбірек жазса, қуана оқыр едік. Оның сыртында, Бас редактордың жазықсыз жауабында «Ақтоғай ауданында небары 700 оқырманымыз ғана бар» делінеді. Өзге аудандарда мыңның маңында болса да, есеп түсінетін адам әр аудандағы халық санымен салыстыра есептеп, пайызға шаққандағы баламасын табар еді. Ақтоғай ауданы - облыстағы тұрғындар саны ең аз аудан. Соған шаққанда, оқырман саны жағынан Ақтоғай ауданы ең алда тұрғанын атақты редактор біле ме екен, білмей ме екен?!

Ал, газет көпке топырақ шашқанын ойламай, қолынан келіп, қонышынан басып жатқанда, ақтоғайлықтар сайлаған депутат А.Тұқбаева ауылдағы ағайынға барып, әңгімелеспек болды. Алты ай қыстан ашынып, ашығып шыққан ауыл жұртшылығы газет басшылары өзі келгенін қалап отыр. Болмаса, іс сотқа бармақ. Не ауыл ақсақалдары ереуілге шықпақ. Оның үстіне, газет құрылтайшысы облыс әкімінің идеология саласына жауапты орынбасары Арман Қырықбаев мырза да үнсіз...

Сонымен, үкіметтің идеологиясын, саясатын мүлтіксіз атқаруға мүдделі «Аға газет» Айды аспанға шығарып, ауылдағы ағайыннан Астанадағы пәтер қымбат деп қарап отыр! Үкіметтің саясатын ұстаған жергілікті билік «Астананы дәріпте» деп Күлкі күніне тапсырма берген тәрізді. Күлкі емес, жеркеніш, ашу шақырған, жұттан жұтап отырған жұртты жылауға мәжбүр еткен олақ, ожар әзілсымақ елді ала тайдай бүлдіруге бастайтын сыңайлы. Астананы асқақтатқансып отырып, ауылдағы елді құлдан төмен санайтын тәрізді, реті келсе құлдыққа сатып жібергісі де келетін тәрізді!

«Жаман айтпай жақсы жоқ» - ел басына күн туса, Отанын сатып жіберетін опасыздықтың да иісі шығады осы тұстан...

 

Мүсіркеп ӘЛІМЖАНҰЛЫ,

журналист,

Қарағанды облысы.

 

0 пікір