Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 10186 1 пікір 23 Маусым, 2015 сағат 18:32

БИЫЛ ОРАЗА НЕГЕ 29 КҮН?

Рамазан айында алғаш Ораза тұтушылар, болмаса, бұрыннан сауалына жауап таба алмай жүрген жандар сұрақтарына Ғаламтордан, әсіресе, әлеуметтік желілерден жауап іздейді. Сондықтан, рақымы Рамазан айында ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы елордалық «Астана ақшамы» газетінің редакциясына келіп, оқырмандармен тікелей тілдесті. Ең көп қойылатын сауалдарды іріктеп, назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

– «Отыз күн ораза» деп жатушы еді, биылғы ораза не үшін 29 күн?

– Бисмилляхи Рахмани Рахим! Әлемдердің Раббысы жаратушымыз Алла Тағалаға сансыз мадақ. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) Алланың игілігі мен сәлемі болсын. Алла бұйырса, он сегізінші маусым күні ораза басталады. Жалпы мұсылман күнтізбесінде күн санау кештен басталады. Мысалы үшін күн батып, ай көрінгеннен кейін бірінші күн болып есептеледі. Он жетінші маусым күні кеште Рамазан айы кіреді. Сол күні Тарауық намазын оқумен Рамазан айын қарсы аламыз. Қысқасы, айдың тууымен оразаны бастаймыз. Биылғы оразаның 29 күн болатын себебі, келесі жаңа ай жиырма тоғыз күннен кейін көрінеді. Пайғамбарымыздың хадисінде «кім де кім жаңа туған айды көрсе, сол адам аузын бекітсін» дейді. Яғни, он жетісі күні кеште айды көрген адамның он сегізі күні аузы берік болсын деген сөз. Мұсылман күнтізбесі бойынша Рамазаннан кейінгі ай – Шәуал айы. Тағы да Пайғамбарымыздың хадисінде «Шәуал айының туған айын көрген адам аузын ашсын» деген. Сондықтан жаңа ай туғанда ауыз бекітіп, келесі жаңа ай туғанда ауыз ашамыз. «Егер ауа райының қолайсыздығына байланысты ай көрінбесе, онда оразаны отыз күнге толтырыңдар» деген де хадис бар. Қазір, Құдайға шүкір, технологияның дамыған уақыты, қандай жағдай болса да мезгілдік құбылыстарды нақты анықтай алады. Міне, 29 күн ораза – сондай нақты есеп.

Біржан Мұхаметжанұлы: Ассаламу әлейкум! Ораза тұтқан адам түкірігін жұтса, жуынса, ораза бұзыла ма? Жалпы ораза қандай жағдайда бұзылады?

– Түкірікті жұтса, ораза бұзылмайды. Бірақ оны жинап жұтуға болмайды. Қазақ «ауыздан шыққан түкірік, қайтіп жұтсаң мәкрух» демей ме. «Түкірігімді жұтып қоймайын» деп ойламай, күнделікті қалай жүресің, солай жүрсең, түкірік те жиналмайды. Ал енді оразаны бұзатын нәрселер – ішіп-жеу, ауызды толтырып құсу, жыныстық қатынасқа түсу. Таңнан кешке дейін осы нәрселерден тыйылу керек. Мына мәселені ұмытпауымыз шарт – кез келген себеппен нәпсінің ығына қарай жығылып, тұтқан оразаны бұзу дұрыс емес. Оразаның әрбір секунды қымбат.

Гауһар Пернеева: Денсаулығына байланысты ораза тұта алмағандар не істесе болады?

– Жалпы ауру себептерімен ораза ұстай алмаған адам «пидия садақасын берсін» дейді Құранда. Яғни, бір күнде бір адамға ауызашар беріп, тамағын тойдырып, осылай отыз күн бойы жалғастырып, оразаның сауабын иеленеді. Пидия садақасын өтеу үшін, әрине, өз қолыңмен тамақтандыру міндет емес. Қазір бір адам тойып тамақтануға қанша ақша жұмсайды, сонша ақшаны садақа қып берсе болады.

Алмас Сырғабай: Оразамен қатар отыз күн бойы оқылатын Тарауық намазы туралы айта кетсеңіз…

– Тарауық намазының үкімі Муәккәд сүннет дейді. Яғни, бекітілген, Пайғамбарымыз, сахабалар қатты ұстанған сүннет болып есептеледі. Сауабы үлкен сүннеттен бас тарту дұрыс емес, бірақ «кімде-кім Тарауық намазын оқымаса, оған күнә жазылады» деген үкім жоқ. Тарауық сөзінің мағынасы – демалыс деген сөз. Сондықтан кез келген адам Тарауық намазын оқыса сауап, оқымаса күнә жазылмайды.

Ұлмекен Ескендірова: Сізге хабарласып отырған себебім, үш бала тәрбиелеп отырған, жұмыссыз анамын. Жыл сайын ораза тұтамын. Балаларым да өте дарынды, қабілетінің арқасында Елбасы атындағы мектепте оқиды. Сол балаларым парактикасын Қызылордада өткізуі керек екен. Соған жолақы таппай, қиналып отырған жайым бар. Сіздер көмектесе аласыздар ма?

– Әрине, көмектесеміз. Сіз немесе балаларыңыз «Нұр Астана» мешітіне келіп, менің атыма өтініш жасап, қай кезде жолға шығатынын анықтап айтып берсеңіздер, билеттеріңізді алып беруге көмектесеміз.

Гүлнәр Өтешова: Ораза ұстауға әрбір адам дайын бола бермейді ғой, бірінші рет ораза ұстағысы келген адам басында, ортасында, соңында үш күн, үш күннен ұстаса бола ма?

– Сауалыңызға рахмет. Ораза ұстау – Рамазан айында парыз. Сондықтан бір ай оразаны толық ұстау керек. Басқа айларда, мысалы Шағбан, Ережеп айларының басында, ортасында, соңында бір күн, екі күн деп ұстауға болады.

Кенжекей ТОҚТАМҰРАТ

Bnews.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3601