Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 8805 0 пікір 25 Маусым, 2015 сағат 17:27

ҚАЗАҚТЫҢ АУЫЛДА ҚАЛҒАНЫ ДҰРЫС (?)


Кеңестік кезеңдегідей қазақты қайта ауылға баруға үндеу керек-ау? Бірақ, ол кездегі қажеттілік пен бұ кездегі қажеттіліктің айырмасы жер мен көктей болып тұр. Былай ғой. Ол кезде Мәскеу қазақтың технократты ұлтқа айналуына мүдделі емес еді.

Технократ дегеніміз не? Мысалмен түсіндірейін. Ауылда тұратын қазақ қалаға келді, сөйтті де зауытқа жұмысқа тұрды делік. Әуелгі бір-екі жыл ол қаратабан жұмысшы болады. Бірақ, уақыт өте білгір маманға айналады.

Ал оның балалары инженер, ғалым болуы мүмкін. Бұл дегенің не? Қойшының ұрпағы – зауыт-фабрика сала алатын деңгейге жетіп, компьютер құрастырып, машина жасай бастайды деген сөз. Мұндай сценарий Ресейгеұнаған жоқ. Содан ғой, білім қуып, қалаға келген қазақ жастарын қазақтың ақындарының аузымен қайтадан ауылға кетуге шақырды. Сенбесеңіз, совет уағында аты дүркіреген ақын-жазушылардың ең көп қалам тербеген тақырыптарына зер салыңызшы: «Ауылымды аңсадым» немесе «Ауыл кеші тамаша»...

Жә, түсіндік. Мәскеу біздің техника тілін білетін ұлтқа айналуымызға қарсы болыпты. Содан, ауылдан шықпауға үндепті. Ал қазір ше? Неге қалаға келген қазақты қайта ауылға қайтуға шақырмақсың?

Мәселеге сәл әріректен келейінші. Совет үкіметі енді құрылып жатқан кез. Сәкен Сейфуллин қазақты тездетіп қалалық ұлтқа айналдырмақ болды. Сөйтті де, жастарды Омбы, Павлодарға, Өскеменге оқуға, жұмысқа жібере бастады. Бірақ... қаракөздердің көп бөлігі қалың орыстың арасына сіңісіп кете алмады. Содан Сәкен кіл қазақтан тұратын қала соқпақшы болды.

Бұл идеясына Алашордашылар қарсы болды: Қала дегенің, далаға шашырай қонған қазақты бір жерге әкеп, үйіп қою. Олай етсең, дала қаңырап қалмай ма? Сөйтіп, жеріңнен айырылып қалмайсың ба,-деп райынан қайтуға үндепті. Сәкеңнің қала соққаны, яки болмаса соқпағаны туралы дерек жоқ. Маңыздысы ол емес.Алашордашылардың айтқан уәжіне екпін түсіре тағы бір оқыңызшы. Енді қазіргі заманға оралыңыз.

Қазір ауыл жұрты қалаға ұмтылып жатыр. Болмай қоймайтын құбылыс. Жақсы үрдіс деп жатыр білетіндер. Бірақ, осы көштің кесірінен ауылдар қаңырап қалып жатыр. Ал ауылдың бос қалуы даламыздың бос қалуы емес пе? Көз алдыңызға елестетіңізші. Жайылым алқаптары, егіс даласы... Әлгі жайлауға қорадағы 5-6 сиырын бақса да, анау жерді «занят» қылар еді ғой. Біреу ол маңға көз алартпас еді. Ал жердің иесі кетті дейік... Қытай осыны күтіп отыр. «Әне, жер бекерге жатыр. Бізге бер»,- деп, Үкіметіңді қыстайды.

Ақшамен қызықтырады. Жоғарғы жақтың көнбеске шарасы жоқ. Расымен, жер игерілмей жатыр. Ал мыналар ішкінарығыңды азықпен қамтимын, сыртқа шығарып сатсам, салығымды төлеймін деп құлқынды қытықтап қоймайды. Көнеді. Көнген бетте, сен тастап кеткен ауыл саған мәңгілікке өгей болады. Ол ауыл енді қытайдыкы немесе өзбек-қырғыздыкы. Алашордашылар айтқан, жерден айырылу деген осы...

Қалаға кеткені дұрыс (?)

Ауылдан кеткендер қалаға кеп, зауыт-фабрикаға жұмысқа тұрса, мақұл дер ем. Бірақ, олай емес қой. Келімсек қазақ көбінде бір дүкеннің «охраннигі», одан қалса, сатушы болып жұмысқа тұрады. Сондағы жалданып жүріп тапқан ақысы – 50-60 мың теңгенің ар жақ, бер жағы. Оның тең жартысын жалдамалы үйіне төлейді. Ішіп-жемі, киер киімі бар. Жалақы демекші, Жаңаарқада іс-сапармен жүргенімде, мыңғырған қойы бар бір шаруаменсөйлескенім бар. Сол айтады:

-         Қалаға кетіп бара жатқан бауырыма қолқа салдым. Айына 100 мың теңге берейін. Балаңның оқуын өз мойныма алайын. Үйің бар, астыңа мәшине салып беремін,-дедім. Көнбей қойды. Қалаға кетті. Енді күнін зорға көріп жүр. Бірақ, ауылға қайтқысы жоқ. Неге осы жұрт қалаға құмар екен?» 

Осы сұрақ, мені әлі күнге мазалайды. Қазақ неге қалаға кетіп жатыр?

-         Кеткені дұрыс!

Өзін интеллигент санайтын бір ағайым осылай деді. Иә, кеткені дұрыс. Мейлі, ауыл көп төлесін. Бірақ, қазақауылда қалып қойса, тоқырап қалады. Мұнда – кәсіби яки әлеуметтік өсу жоқ. Балалары дұрыс білім ала алмайды. Ал қалаға барса, 60 мың теңге алар. Бірақ, ол мұнан да көбірек табу үшін тыраштанатын болады. Қиналса да, балаларын дұрыс мектепке береді. Үйірмелерге жібереді. Театрларға барып, рухани байи түседі. Ал ауылда осындай мүмкіндіктер бар ма? Жоқ қой, жоқ!

- Ал, ауылдағы жұмысты кім істейді? Малды кім бағады? Егін кім салады? Осылай деп сұрап ем, өзіме дүрсе қоя берді.

- Саған салса, қазақты ауылдан шығармау. Қазақтың баласы оқымай, ауылда қой бағып отыру керек пе? Жоқ. Үйдегі барлық бала жоғары оқу орнын тәмамдау керек. Ал қойшы, егінші – өмірде жолы болмағандардың шаруасы.

Осыған дейінгі сөздерін мақұлдап отырғанмын. Бірақ, бүкіл баланы оқыту дегенге келісе алмадым.

Үйдегі барлық баланың оқығаны дұрыс па?

Жоқ! Менің жеке пайымым осы! Отбасы дегенің тура мектептегі сынып секілді емес пе? Мәселен, тұңғышың – болмысынан талантты. Математиканы шемішкедей шағады. Физика-химияның есептерін еш қиналмай шешеді. Ол кіл бестікке оқиды. Ол үздік. Ал енді бір ұлың болады. Тума талант емес шығар. Бірақ, елгезек. Айтқанды жаттап алады. Ол екпінді (ударник). Соңғы бала болады. Бір айтқанды бірнеше рет қайталамасаң, ұғуы қиын. Сабағынашар. Кіл үштікке оқиды. Жә, стоп! Енді үздіктен бастап үштікке оқитын балаларға бір қарап шығыңызшы! Енді осындай деңгей-дәрежесі әртүрлі баланың барлығы ЖОО-нын оқуы керек пе? Жоқ!

Үздікті оқыт! Ол парыз! Ал енді кіл үштікке оқыған баланы университетке жібергеннен не ұтасың? Ештеме! Ал мейлі, тыраштанып, оқуға түсірдің. Әр сессия сайын мұғалімдерінің аузын ақшамен ұрып, универді де тәмамдады дейік. Сосын көке-жәкені ортаға саласың. Егер дөкей болсаң, боқмұрныңды бір министрлікке тұрғызарсың. Одан кейін не болады? Ол өзінің қызметін түсінбейді. Оның бар шаруасы – адамдардың шаруасына кедергі келтіру.

Ал қандай жол ұсынасың деймісің? Әлгі кіл үштікке оқыған баланың неге ыңғайы барын қара. Қызығатын дүниесі бар шығар? Мәселен, көлік жөндеуді ұнатар.. Олай болса, техникумға түсір. Жақсы білім алуын қадағала. Сосын СТО немесе автокөліктің асай-мүсейлерін сататын дүкен ашып бер. Бәлкім, қой-сиыр бағып, ірі фермер болғысы келетін шығар? Олай болса, алдына 100 шақты ірі-қараны айдат та, ауылға жібер.

Жә, тақырыптан ауып кетіппіз. Бір нәрсе анық. Қазір ауылда аштан өлмейсің! Тоқсаныншы жылдар емес. Ауылда шаруашылығын ұқсатқанға, ұқсатамын дегенге билік берешекке ақша беруде. Ол аз болғандай, сенің шаруа қожалығыңның ет-сүтін, егінін ептеп сатып алып, көмектесіп те жатыр. Қысқасы, жалқау болмасаң, ауылда шалқып өмір сүруге толық мүмкіндік бар. Тек, қимылдай беру керек.

Білім, денсаулықты сақтау саласында мәселе бар дейсіз бе? Үкімет қазір бұл олқылықты түземекке ниеттеніп жатыр. «Дипломмен ауылға» деп аталатын бағдарлама арқылы жас мамандарды ауылға тартуда. Бұл ойға алғаны жүзеге асса, Бейімбет айтқандай: «гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз»...

Бірақ... әу баста қойған сұрағым, әлі де жауапсыз қалып барады. Ауылда неше түрлі мүмкіндіктер барын елеместен, ескерместен, неге жұрт біткен қалаға ағылуда

 

Нұрбек БЕКБАУ.

jaqsy.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610